• Басты
  • Қарағандылық шаруалар ет экспортының әлеуетін арттырады
2 Қазан, 2019 14:32

Қарағандылық шаруалар ет экспортының әлеуетін арттырады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы халыққа Жолдауында тиімді шағын және орта бизнес – қала мен ауылды дамытудың берік негізі екенін айтты. Ауыл шаруашылық өнімдерін, соның ішінде ет экспортын ұлғайту жөнінде межелі міндеттер бар. Ол үшін ең алдымен елдегі етті бағыттағы малдың саны мен сапасын арттыру қажет. Бұл бағытта атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар бар.Толығырақ Strategy2050.kz тілішісі әзірлеген материалдан оқи аласыздар.

 

Қарағандылық шаруалар ет экспортының әлеуетін арттырады | Strategy2050.kz

Мысалы, елімізде етті мал шаруашылығын дамытуға арналған «Сыбаға» бағдарламасы cәтті жұмыс істеп келеді. Оның мақсаты – мемлекет және қаржы институттары тарапынан шаруаларға кешенді түрде қолдау шаралары арқылы саланың экспорттық әлеуетін арттыру, еңбек өнімділігін көтеру.

 Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры бұл бағдарлама бойынша етті бағыттағы асыл тұқымды ірі қара мал басын көбейтуге несие береді. Осы тетік арқылы малдың саны мен сапасын және ет экспортының әлеуетін арттыруға мүмкіндік мол. Ол үшін шаруаларға барынша жеңілдіктер де қарастырылған.

Республикадағы малға жайлы, жайылымдық жері мол Қарағанды облысында «Сыбаға» бағдарламасы арқылы несие алып, асыл тұқымды ірі қараның санын арттырып отырған шаруашылықтар баршылық. Солардың бірі Абай ауданына қарасты Дубовский ауылдық округінің Алабас қыстағындағы «Ержанова К.Р.» шаруа қожалығының басшысы Алтай Әбішев 2018-жылы Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан «Сыбаға» бағдарламасы бойынша несие алып, оған асыл тұқымды ірі қара мен мал азығын сатып алған.

Алтай Әбішев.jpg

 «Былтыр Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының Қарағандыдағы филиалынан «Сыбаға» бағдарламасы арқылы 70 млн теңге несие алдым. Бұл қаржыға Ресейден «Ангус» тұқымды 104 бас ірі қара сатып алып келгенбіз және қаржымыз мал азығына да жетті. Жалпы, малымыздың реті жақсы. Біздің арқаның климатына аса бейімдеудің қажеті жоқ. Суыққа төзімді, тез салмақ жинайды. Ең бастысы уақытында ветеринарлық іс-шараларын жүргізіп, бақылап отырса болғаны. Қазіргі уақытта он адамды жұмыспен қамтып отырмын. Алдағы уақытта асыл тұқымды мал санын көбейтіп, шаруашылығымызды кеңейте түсуді жоспарлап отырмыз. Еліміздің ет экспортына үлес қоссақ дейміз», - деді ол.

Сондай-ақ, ол Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры әсіресе сапалы мал басын арттыруға үлкен қолдау көрсетіп отырғанын жеткізді. 

«Асыл тұқымды мал санын көбейту арқылы сапалы ет өндіруге жол ашылады. Біздің де ұстанымымыз осы. Мал азығын дайындайтын техникаларымыз бен құрал-жабдықтарымыз да жеткілікті. Шөпті өзіміз шауып аламыз. Жемді сатып алып, түрлі рациондарын қосып дайындайтын арнайы құрылғыларымыз бар. Жалпы, жұмыс істеймін деген адамға бүгінгі күні барлық жағдай жасалған. Тек еңбек ету керек», - дейді шаруашылық басшысы Алтай Әбішев.

 Ал, Шет ауданының Бұғылы-Тағылы тауының етегінде орналасқан Дәрия ауылындағы «Салауат» шаруа қожалығының басшысы Жақсылық Сопыжанов 2018-жылы Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының Қарағанды облысындағы филиалынан «Сыбаға» бағдарламасы арқылы несие рәсімдеп, оған асыл тұқымды сиырлар мен мал азығын дайындайтын техникалар сатып алған.

Мемлекет беретін субсидиядан да үлесін алып, үлкен іске білек сыбана кіріскен. Жұмысын жолға қойған шаруа атакәсіптің арқасында ауқатты тұрады. Тіпті мал бағудың заманауи әдістерін қолданатын шаруа жайылымдық жерін де тиімді игеріп отыр. Ол үшін арнайы «электронды жайылым» қондырғысын орнатып қойған.

«2018 жылы Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 40 млн теңге несие рәсімдеп, оған Ресейден «Герефорд» тұқымды 69 бас сиыр сатып алып келдім. Қордың біз сияқты шаруаларға көрсетіп отырған қолдауы үлкен. Несие шарттары көңілімізден шығады. Екі жыл жеңілдік мерзімі бар. Бұл бізге үлкен жеңілдік. Өйткені, малымызды төлдетіп, шаруашылығымыздың әлеуетін көтеріп алғанша несие төлемейміз. Бүгінгі таңда бес адамды тұрықты жұмыспен қамтып отырмын. Мал азығын дайындайтын техникаларымыз бар. Жайылымдық жеріміз малға жайлы. Алдағы уақытта Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан тағы несие алып, мал әкелу жоспарымда бар. Ал, мал бағудың тиімді тәсілдерін де қолдана білу керек. Осы арқылы жайылымдық жерді үнемдеуге болады. Мысалы мен «Электронды жайылым» қондырғысын сатып алдым», - деді ол.

Оның айтуынша, қазір оның қызығын көріп отыр.

«Түсіндіре кететін болсам, малдың жайылымын қоршап қоямыз. Ол үшін көп дүние керек те емес. Әр жерден қада қағып, тоқ жүретін электронды сымын тартып тастаймыз. Одан мал шыға алмайды. Басында 50 гектар жерді қоршағанбыз. Қазір 200 гектарға жеткіздік. Бағасы да қымбат емес. Іштен сыртқа мал шыға алмайды, тіпті сыртынан ит-құс та кіре алмайды», - дейді Жақсылық Сопыжанов.

Қарағанды облысы Шет ауданының Ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Бағлан Арыстанбеков мал саны жылдағыға қарағанда 28 процентке өскенін айтты. Мұндай өсімге Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры тарапынан берілетін несие шарттарының жеңілдігі мен проценттік үстемесінің төмендігі айтарлықтай сеп болып отыр дейді.

Бағлан Арыстанбеков.JPG

 «Ауданның жоспары бойынша шетелден 1 300 бас ірі қара әкелуіміз керек болатын. Бүгінгі таңда 27 шаруа қожалығы асыл тұқымды мал әкеліп үлгерді, жыл соңына дейін тағы 7-8 қожалық қорасын малға толтырмақ. Малдың бәрі қазір біздің жерге бейімделуден өтіп жатыр. Жалпы, ауданда мал саны 28 процентке өсті. Аудан бойынша 5 600-ден астам еркек тайыншаларды бордақылау алаңдарына тапсыру жоспарланған болса, бүгінгі таңда 2 мыңнан астамы тапсырылды. Экспортқа 220 тонна ет шығарамыз. Шаруаларға берілетін субсидия мәселесі толық шешілген деп айта аламын. Субсидия қаржысы түсе қалса алуға дайын қожалықтар кезекте тұр. Осы тұста айта кетейін, көптеген кәсіпкер азаматтардың агросекторға ерекше мән беріп жатқанын байқауға болады. Жаңадан шаруа қожалықтарын ашатындардың саны жыл сайын артып келеді. Жер бар. Жер алудың өз тәртібі тағы бар», - деді ол.

Б.Арыстанбековтың айтуынша, арнайы конкурс болады, соған азаматтар қатысып, өзіне керек ыңғайлы жерлерін ала алады.

« Жер алып, мал шаруашылығымен айналысуға ниетті азаматтардың көбеюіне мүмкіндік беріп отырған Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорына ризамыз. Мұны айтпасақ болмас. Шаруашылықпен айналысамын деген азаматтарға үлкен қолдау көрсетіп отыр. Несие шарттары ыңғайлы, пайыздық үстемесі төмен, шаруалардың аяқтан тұрып кетулеріне мүмкіндік ретінде екі жылға дейінгі жеңілдік мерзімі қарастырылған. Осыдан-ақ, Үкімет ауыл шаруашылығына айрықша мән беріп отырғанын аңғаруға болады. Ауданымызда мал шаруашылығына қатысты барлық бағдарлама іске асырылып жатыр. Лизинг арқылы техникаларын жаңартуларына да жағдай жасалып отыр», - дейді Б.Арыстанбеков.

 Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының Қарағанды филиалының директоры Асқарбек Мақсұмхан «Сыбаға» бағдарламасымен несие алып жатқан шаруаларға жасалып жатқан жағдайлар мен жеңілдіктер туралы айтып берді.

Асқарбек Мақсұмхан (2).jpg

 «Биыл Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының Қарағанды облысындағы филиалы 7,5 млрд теңгеге жуық қаржылай қолдау көрсетіліп отыр. «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 50 шаруашылықтың 3 500 бас мал сатып алулары үшін 2,5 млрд теңге қаржы бөлінді. Бүгінгі таңда ірі қара сатып алу үшін 44 шаруашылықтан 2800 басқа өтінім қабылданды. Оның ішінде 26 шаруашылық қаржыландырылып, 1 710 бас асыл тұқымды ірі қара сатып алынды», - деді ол.

А.Мақсұмханның айтуынша, қалған шаруашылықтар бойынша жұмыстар жүргізілуде.

 «Олар жыл соңына дейін қораларына малдарын кіргізеді. Бағдарламаға тоқталар болсам, Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры «Сыбаға» бағдарламасы арқылы шаруаларға 70 миллион теңгеге дейінгі несиені 15 жылға 14 процентпен береді. Оның 10 процентін Үкімет субсидиялайды. 2,5 жылға дейінгі жеңілдік мерзімі бар. Кепілдікке мүлік қою мәселесі де жеңілдеді. Жалпы, кез-келген шаруашылықпен айналысамын деген азаматтарға барынша қолдау көрсетуге әзірміз. Өздеріңіз білесіздер, мемлекет ауыл шаруашылығына айрықша көңіл болып отыр. Соның нәтижесінде кәсіпкерлердің, шаруалардың саны да артып келеді. Ішкі нарықты қамтамасыз етіп қана қоймай, өнімімдерімізді экспортқа шығаратын мүмкіндіктер де көбейіп келеді. Осы механизмдер арқылы ауыл халқының тұрмысы жақсара түсетініне көз жеткізуге болады»,- дейді А.Мақсұмхан.

Айта кету керек, «Сыбаға» бағдарламасы арқылы несте аламын деушілерге қойылатын талаптар да бар. 

1.     Алған несиеге мал, техника және мал азығы сатып алынуы тиіс.

2.     Ең бастысы шаруаның несие тарихы жақсы болуы керек және бюджеттің, қаржы институттары мен салық органдарының алдында мерзімі өткен берешегі болмауы тиіс.

3.     Мал ұстайтын қора-жайы, талапқа сай жайылымдық жері болуы керек. Сонымен қатар, еркек тайыншаларды өткізетін бордақылау алаңдарымен келісімшарты болуы қажет.

4.     Егер, кепілдік жетіспеген жағдайда сатып алынатын мүлікті кепілдікке қою мүмкіндігі қарастырылған.

 

   Аягөз Құрмаш 

ҰСЫНЫЛАДЫ
Барлық жаңалықтар
дерекнама 2050

ШОБ ЖІӨ көлемінің 50 пайызынан артығын өндіреді

Еңбек өнімділігі 126 мың долларға дейін көтеріледі 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамту

Қазақстан өз нарығын жаңа экологиялық стандарттарға сай келетін жанар-жағармаймен толықтай қамтамасыз етеді

Жалпы экспорт ішінде шикізат емес экспорттың көлемі екі есеге, 2040 жылы үш есеге артады

Әліпбиімізді латын қарпіне көшіру ісі басталады

Қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін меңгеруі тиіс

15 пайыз егістік алқаптарына суды үнемдеу технологиялары енгізіледі

Халықты ағын сумен қамту мәселесі шешіледі

Адам басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 60 мың долларға көтеріледі

ҚР тұрғындарының үлесі халықтың 70 пайызын құрайды