- Басты
- Жаңалықтар
- Қарағандыдағы "желтоқсанның" жанды тарихы
Қарағандыдағы "желтоқсанның" жанды тарихы
1986 жылы желтоқсанда Кеңес үкіметінің шешіміне қарсы шыққан қазақ жастары Алматыда алаңға шықты. Алайда Алматыдан бастау алған жастар қозғалысының еліміздің басқа да аймақтарында, атап айтсақ Қарағанды, Жезқазған, Семей, қалаларында, Ақмола облысы секілді аймақтарда жалғасын тауып, жалпы бұқаралық сипат алғандығын көпшілік біле бермейді. Сол кездері Алматыдан басқа жерлерде де бас көтерген қазақ жастары оқудан шығарылып, қызметтен босатылып, сотталып жатқан еді. Желтоқсан оқиғасының 33 жылдығына орай Қарағанды қаласындағы толқуларға қатысып, желтоқсандағы небір сұмдықтарды көзімен көрген, 1986 жылы Қарағанды университетінің 1-курс студенті, бүгінде ақын, Филология ғылымдарының докторы, профессор Қойлыбай Асановпен сұхбаттасуды жөн санадық.

Профессор Қойлыбай Асанов та желтоқсандағы толқулар тек Алматы қаласымен шектелмегендігін айтады. Оның айтуынша, Алматыдан бастау алып, Қазақстанның түкпір-түкпірінде Кеңес үкіметінің өктемдігіне қарсы шығып, азаттыққа ұмтылған қазақ жастарының қозғалысына ұласты.
"Біраз жылға дейін "Алматыдағы желтоқсан оқиғасы" деп айтылып келді. Алайда қозғалыстар, толқулар тек Алматыда болған жоқ, Алматымен шектелмеді. Алматы қайнар көзі болатын болса, бұл жалпы ұлттық сипат алған қозғалыс болды. Ол кезде Жезқазған, Семей, Өскемен, Қарағанды қалалаларында, Ақмола облысында, Торғайда жастар алаңға шықты. Бірақ бұл көп жағдайда айтылмай келеді. 16-17 күндері Алматы қаласында, ал 18-19-ы күндері Қарағанды қаласында өтті. Қарағанды мемлекеттік университеті, медицина институты, техникалық университеті жастарының көбісі алаңға шықты. Облыстық комитет ғимаратының алдына жиналдық. Сол кезде милициялардың барлығы университеттен шыққаннан соңымыздан жүріп отырды. Барсақ бірнеше қоршау салып тастаған. Соны бұзып-жарып, сол жердегі 500-дей студентке қосылмақшы болғанда, көптеген жастарды ұстап әкетті, қамады, ұрып-соқты. Қыздарды ұстап, шашынан сүйреп машинаға отырғызғандарын өз көзіммен көрдім", - деп еске алады Қойлыбай Асанов.
Оның айтуынша, осы сәттен бастап ол Кеңес үкіметі МҚК-нің (КГБ) тізіміне алынған. Бір ай бойына таңнан кешке дейін тергеуге алып, қазақ жастарына жасамаған түрлі қылмысты таңып жіберуге әрекет жасайтын дейді ол. Сондай-ақ "Ол кездері қазіргідей интернет, ұялы телефон жоқтың қасы, Алматыдағы толқу туралы қайдан естідіңіздер, қалайша бір уақытта алаңға жиналдыңыздар?" деген сауалымызға былай деп жауап берді.
"Университетте жүргенде күбір-күбір әңгіме айтыла бастады. Қазіргідей интернеттің заманы емес. "Известия", "Правда" газеттеріне бірнеше жолдан тұратын ақпарат шықты. Онда "Алматыда маскүнем, нашақор жастар бұзақылық жасап жатыр" деп жазылған. Шынын айтқанда, мен секілді жастар көп нәрсені түсінбедік. Бізде тек "Қазақстанды қазақ басқаруы керек" деген ұстаным болды. Ресейдің Ульяновск облысынан келген Колбиннің басшылыққа келуіне қарсы болдық. Тарихта қалу үшін, не ел айтып жүрсін дегендей ой болмады. Бәрі стихиялы түрде өтіп жатты. Тіпті топтағы екі бала сотталып кетті. Кейін "Қарағанды жастары" газетінде жұмыс істеп жүргенде Қарағанды аяқ киім фабрикасында жұмыс істеген жастардың көбісі, кенші, шахтер жастар алаңға шыққан. Бізден 3 жылға, 5 жылға сотталып кеткен жастар болды. Теміртаудың арғы жағында "Көксу" деген әйелдер колониясы да болды. Ол кездері оқудан, жұмыстан шығу деген көп болды ғой", - деп еске алды.
Қойлыбай Асановтың айтуынша, Қарағандыда болған толқулардың Алматыда болған қозғалыстан аса бір айырмашылығы жоқ. Себебі қаруланған әскерлер мұнда да жастарды қатаң бақылауға алып, дубинкамен ұрып-соғып, қыздарды шашынан сүйреп, темір торға қамап, бірнеше жылға соттаған. Алайда осынау қиын-қыстау заманда өзіне көмек көрсеткен қазақ милициясының жақсылығын былай деп еске алады.
"Жастарды жазықсыз ұрып-соғу да көп болды. Менің өзім де соққы алдым. Қатты ұрып, еріксіз машинаға отырғызды. Ондағы бір қазақ милиция "Бауырым, қарсыласпа, айтқанын істей бер" деді. Көптеген жастарды ұрып-соғып жатты, оны өз көзіммен көрдім. Мені бір қазақ жігіт тергеді. Көзілдірік киген, қара торы жігіт ағасы екен, әлі күнге көз алдымда. Мен оған жақында ғана әскерден келгендігімді, 1-курс студенті екенімді айтып, көмек сұрадым. Соңында ол кісі менің ісімді жауып, жәрдем беретінін айтты. Бірақ бұдан былай тыныш жүру керектігін ескертті. Сол кісінің көмегі тиді. Біз бес-алты сағат тергеуде болатынбыз. Миыңды айналдырып түрлі сұрақтар қояды. Біздің Қазақстан компартиясына ешқандай қарсылығымыз жоқ. Алайда Ресейден басшы келуіне қарсы болдық. Олар ұлтқа қарсы, шовинистік көзқарасты бізге таңғылары келді. Алайда дұрыс жауаптан, ұстанымымыздан жаңыла қоймадық", - дейді профессор.
Сонымен қатар тарихшылардың айтуынша, желтоқсан оқиғасы әлі де саяси бағасын алған жоқ. Ал Қойлыбай Асанов болса, бұл ешқандай да "оқиға" емес, бұл - "қазақ жастарының ұлт-азаттық көтерілісі" деген атпен тарихта қалуы тиіс деп санайды.
"Көпшілік бұны "Желтоқсан оқиғасы" деп атап кетті ғой. Бұл "оқиға" емес, бұл Қазақстандағы студент жастардың, жұмысшы жастардың ұлт-азаттық көтерілісі. Әлі де саяси баға берілген жоқ, алайда болашақта Желтоқсан көтерілісіне нақты тарихи баға беріледі. Бұған дейін де жазылмады емес, жазылды, айтылып келе жатыр. Желтоқсан оқиғасына қатысты арнайы комиссия құрылды. Аз болса да, біраз шаруа жасалды. Мәселен, Қайрат Рысқұлбековке "Халық қаһарманы" атағы берілді. Желтоқсан оқиғасынан жапа шеккендерге өздерінің жағдайына қарай бірқатар көмек берілді", - деп атап өтті ол.
"Желтоқсанның бар шындығы ашылды ма?" деген сұрағымызға Қойлыбай Асанов былай деді: Мысалы, ХХ ғасырдың басындағы Алашорда зиялыларының істеген істері бірнеше жыл жабық жатты. Бірақ уақыты келгенде ашылды. Желтоқсандағы шындықтың әлі күнге ашылмай келе жатқанының саяси мәні бар деп ойлаймын. Сол кезде билік басында жүрген, биліктің сөзін сөйлеген азаматтар әлі де болса ортамызда бар. Сол себепті де көптеген құпиялар әлі күнге ашылмады. Уақыт төреші дейді ғой, болашақта бәрі де айқындалып, жарыққа шығады".
Сондай-ақ профессор Кеңес үкіметінің құрамында бірнеше республика бола тұра, тұңғыш рет тоталитарлық жүйеге қарсы шыққан қазақ жастары екендігін мақтанышпен атап өтті.
"Жалпы өмірде кездейсоқтық деген болмайды. Біздің Тәуелсіздік күніміздің 1986 жылғы 16 желтоқсандағы ұлт-азаттық көтерлісімен сәйкес келуі мені таң қалдырады. Жарты әлемді алып жатқан империяда бірнеше республика болды, алайда Кеңес үкіметіне алғаш рет қарсы шыққан біздің қазақ жастары. Балтық жағалауындағы елдердің көтерілуі, олардың бөлініп шығуына, тәуелсіздік жолындағы күрестерінің барлығы бізден кейін болды. Біздің қазақ жастарының бас көтеруі септігін тигізді деп ойлаймын", - деді ол.
Осыдан бес-алты жылға дейін желтоқсан оқиғасы кеңінен насихатталатын. Алайда соңғы жылдары желтоқсанның жаңғырығы бәсеңдеп қалған сияқты. Бұл сауалды Қойлыбай Асановқа да қойып көрдік. Ол былай деп жауап берді: "Азаттық алған күннен бастап бертінге дейін желтоқсан туралы көптеп жазыла бастады. Алайда осы төрт-бес жылдан бері желтоқсанның жаңғырығы бәсеңдеп қалды. "Айта айта Алтайды, Жамал апай қартайды" демекші, желтоқсанды айтамыз, бірақ содан шығып жатқан нәтиже жоқ. Сол себеп болуы мүмкін. Сондай-ақ, Тәуелсіздік күні - ұлы мерекеміз, мүмкін соның тасасында қалып кетуі де мүмкін. Меніңше, екеуін сабақтастырып, қатар атап өту керек. Қалай десек те, желтоқсан оқиғасы уақыт өткен сайын тарихқа айналып бара жатыр".
Биыл Желтоқсан оқиғасына - 33 жыл. Қозғалысқа қатысқандардың көпшілігі тәуелсіздік алғаннан кейін ақталды..
Назерке Сүйіндік
-
Ұлттық валюта күні: Теңгенің айналымға ену тарихы мен жеткен жетістіктері
-
Алтын Орда тарихы неге зерттелмеді
-
Ауыт Мұқибек: Жер дауына қойылған нүкте – қазақ тарихына алтын әріппен жазылған шешім
-
Елордада «Ұлық Ұлыс – Алтын Орда мемлекеті тарихы» кітабының тұсауы кесілді
-
Қарағандыдағы геохимиялық зертхана 40 мың геологиялық сынамаға зерттеу жүргізді
-
Тәуелсіздік күні: Қарағандыдағы "желтоқсанның" жанды тарихы
-
Strategy2050.kz бас редакторы «Үркер 2020» жеңімпазы атанды
-
Б. Сапарбаев: Біз қасиетті Әулиеата жерінің бай тарихын құрмет тұтуымыз керек
-
Каспий теңізінде заңсыз балық аулаған 4 әзербайжандық азамат ұсталды
-
Назарбаев бүгінгі әлем тарихындағы кемеңгер тұлға - А.Мұсақожаева
-
Домбыра – қазақтың жаны, рухы, тарихы, салт-дәстүрі, бүкіл бітім-болмысы – Н.Назарбаев
-
Қарағандыдағы қоғамдық көліктерде электронды билеттеу жүйесі мамырда іске қосылады
-
ИИДМБ: Қарағандыдағы жаңа зауыт жылына 50 мыңға дейін көлікті өңдеуге мүмкіндік береді
-
Әзербайжандықтар Нұрсұлтан Назарбаевты халықтың адамы деп есептейді (ВИДЕО)
-
В. Лоссерталес Қазақстанды ХКБ тарихындағы ең табысты мамандандырылған көрмені өткізуімен құттықтады

