• Басты
  • Қарағанды облысында мұғалімдер вакцина ала бастады

Қарағанды облысында мұғалімдер вакцина ала бастады

3 Наурыз, 2021 17:44

Бүгіннен бастап Қарағанды облысында коронавирусқа қарсы екпені мұғалімдер ала бастады, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.


Қарағанды облысының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметі бойынша 6200 мұғалім вакцина ектіруге келісім берген. Осы санаттағы адамдарды вакцинациялау үшін облыста 114 екпе егу бөлмелері ұйымдастырылды.

Нұркен Әбдіров атындағы орта мектептің директоры Гүлшат Бағрамованың айтуынша, әр мұғалім вакцинаның маңыздылығын түсінеді.

«Бүгін коронавирусқа қарсы вакцинаны алдым. Бұл екпенің маңыздылығын түсінем. 1 наурыздан бастап балалар сабаққа қосылды. 1-5 сынып оқушылары мен 9-11 сынып оқушылары комбинациялық түрде оқып жатыр. Олармен тікелей жұмыс жасайтын – ересек адамдар. Балалардың денсаулығы мен қауіпсіздігі әр мұғалімнің жауапкершілігінде деп ойлаймын. Дәл қазіргі сәтте өзімді жақсы сезініп тұрмын. Ешқандай өзгеріс байқамадым. Шілде айында вирус жұқтырып ауырдым. Екінші қайтара ауырғым келмейді. Сондықтан екпені салдырдым», - деп бөлісті мектеп директоры.

 Қарағанды облысының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бибігүл Райханованың айтуынша, Қарағанды, Жезқазған, Балқаш, Абай, Шахтинск, Теміртау қалаларында мектеп мұғалімдері мен медицина қызметкерлерін егу бүгін басталды.

«Қарағанды қаласында 4 орталық аштық. Вакцинациялау науқанында 30 000 мұғалім екпе салдырады. Қазір бізге 7000 вакцина жетті. Вакцина салу кезеңі басталғаннан бері 1442 дәрігер екпе салдырды. 15 наурыздан кейін тағы екпе препаттары келсе, қалған дәрігерлерге де екпе салынады. 15 наурыздан кейін тағы да 20 000 вакцина келеді деп күтіліп отыр», - деді облыстың Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы.

Вакцина салудан бұрын әр азаматтың дене қызуы мен қан қысымы өлшеніп алынады. Ал вакцинадан кейін дәрігерлердің бақылауында болады.

photo5332380169647797282.jpg

photo5332791674759393799.jpg

photo5332380169647797281.jpg

Нұр-Сұлтан қаласында медицина қызметкерлерін вакцинациялау жалғасуда. 1 наурыздан бастап ерікті түрде мұғалімдер мен күш құрылымдарының қызметкерлері екпе қабылдауды бастады. Бүгінгі таңда 1-ші компонентпен 2241 адам, 2-ші компонентімен – Нұр-Сұлтан қаласының 824 тұрғыны қамтылған.

3 наурыздағы мәлімет бойынша, 19 304 адам короновирус инфекциясынан (13 303 КВИ+ және 6 001 КВИ-) емделуде, олардың ішінде 4 340 пациент стационарда, 14 964 науқас амбулаториялық деңгейде ем қабылдауда. 43 адамның жағдайы ауыр; 42 пациенттің жағдайы өте ауыр; 47 науқас ӨЖЖ аппаратында жатыр.


Барлық жаңалықтар