• Басты
  • Арқа төріндегі Арайлы астана жылнамасы

Арқа төріндегі Арайлы астана жылнамасы

6 Шілде, 2021 09:00

6 шілде – Астана күні. Бұл мемлекеттік мереке жыл сайын тәуелсіз Қазақстанның еңселі елордасы – Нұр-Сұлтан қаласының құрылған күніне орай аталып өтеді. Ел астанасының Алатау баурайынан Арқа төсіне ауысуы тарихи шешім деуге болады. Өйткені қиын-қыстау кезеңде елдің бас қаласын ауыстыру қауіпті және шығыны мол сәтсіз қадам болады деп саналды. Алайда кездескен қиындықтарға қарамастан қысқа уақытта елдің орталығында ғажайып қала бой көтерді.

Елорда – қысқа уақытта салынған айбынды мегаполис, тәуелсіздіктің символы. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осыдан жиырма жыл бұрын Арқа төсінде осындай ғажайып қала саламыз дегенде көпшілік сене қоймағанын жақсы білеміз. Бірақ мұның өміршең шешім болғанын уақыт дәлелдеп отыр. Бүгінде қалаға салынған инвестиция өзін-өзі ақтап, Бас шаһарымыз дотациялық қаладан республикалық бюджеттің донорына, барша Қазақстан халқының ортақ мақтанышына, ел дамуының локомотивіне айналды.

Нұр-Сұлтан қаласы астана статусын ресми алғаннан кейін бір жыл өткесін ЮНЕСКО-ның «Бейбітшілік қаласы» атағын алса, бүгінде әлемнің ең үздік отыз қаласының қатарына қосылуға барлық мүмкіндігі бар. Бүгінде Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері және оның әлемдік деңгейде Орталық Азияның көшбасшы-мемлекеті ретінде мойындалуы ел астанасының қарқынды дамуымен тығыз байланысты. Осы жылдар ішінде Елорда негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша тұрақты дамудың үлгісін көрсетіп келеді.

Елорда осы уақыт ішінде түрлі өркениеттер мен діндерді бір араға жинаған, татулық пен келісімнің ордасына айналды. Кез келген қоғамның дамуы мен өсіп-өркендеуі – ең әуелі ішкі татулық, әлеуметтік түйткілдердің дер кезінде шешілуі және ақпараттық саясаттың дұрыс жүргізілуіне тікелей байланысты.

Нұр-Сұлтан уақыт өткен сайын жаңарып, ішкі және сыртқы көші-қон үдерістері есебінен тұрғындарының саны жедел ұлғайып келе жатқан жас шаһар. Бұл қосымша жұмыстар мен қажырлы еңбекті талап етеді. Еліміздің бас қаласы әр салада үздік көрсеткіш пен игі істердің жаршысы, тұрақтылық пен дамудың көшбасшысы болуы тиіс. Қазір дүние жүзінде идеологиялық тартыс, өркениеттер тайталасы жүріп жатыр. Осынау мылтықсыз майданда білімді, рухы мықты халқы бар елдің ғана мерейі үстем болмақ.

Елбасы Н.Ә. Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында ұлттық бірегейлікті сақтау, төл құндылықтарымызды заманға сай қайта жаңғырту, сананың ашықтығына ерекше тоқталып өткені белгілі. Біздің қазіргі міндетіміз Елбасы белгілеген осынау маңызды міндетті еңселі Елордамызда іске асыру болып отыр. Оның ішінде, Елбасының «Бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 69-қадамына сәйкес Астана қаласын дамытудың 2016-2020 жылдарға бағдарламасына түзетулер енгізілді. Осы бойынша қаланың алдағы үш жылда атқаруы тиіс негізгі міндеттері есепке алына отырып, 20 нақты қадам жоспары әзірленді. Бұл жоба екі негізгі мәселені шешуді көздейді. Бірінші – өмір сүру сапасын жақсарту. Бұл білім беру, денсаулық сақтау, қоғамдық көлік, экология, қауіпсіздік, тұрғын-үй жағдайы, азық-түлік және өзге де салалар бойынша көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартуға жол ашса, екінші – халықтың табысын ұлғайту. Яғни, жаңа экономикалық стратегия, инвесторларды тарту, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту арқылы халықтың тұрмысын жақсарту деген сөз.

Бүгінгі мақаламызда еңселі Елорданың құрылған сәттен бастап бүгінге дейінгі ең маңызды оқиғаларға толы хронологиялық сәтіне көз жүгіртпекпіз.

1997 жылы 10 желтоқсанда Ақмола қаласы ел астанасы ретінде жарияланды.

1998 жылы 6 мамырда Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасының астанасы – Ақмола қаласын қазақстан Республикасының астанасы – Астана қаласы деп қайта атау туралы» № 3941 Жарлығымен Ақмола қаласы Астана қаласы болып қайта аталды.



1998 жылғы 10 маусымда бас қаламызды халықаралық деңгейде таныту (презентация) шарасы ұйымдастырылды.

1999 жылы Астана қаласы ЮНЕСКО-ның шешімімен «Бейбітішілік қаласы» атағын иеленді. Бұл мәртебе қысқа уақытта әлеуметтік-экономикалық және этникааралық қатынастар саласында маңызды жетістіктерге жеткен қалаларға берілетінін айта кеткен жөн.

2000 жылдан бастап Бас қаламыз Астаналар мен ірі қалалардың халықаралық қауымдастығына мүшелікке қабылданды. Аталған ұйым аясында бас қаламыз әлемнің алдыңғы қатарлы қалаларымен тығыз қарым-қатынас орнатып, екіжақты мәдени-экономикалық байланысты дамытып келеді.

2003 жылы 23-24 қыркүйек күндері астанада Әлемдік дәстүрлі діндер мен дін лидерлерінің бірінші съезі ұйымдастырылды. Бұл кейіннен дәстүрлі түрде өтетіні әлемдік маңызды басқосулардың біріне айналды. Көптеген христиандық, ислам, буддизм, ситоизм, иудаизм сияқты ірі дін көшбасшылары мен саясаткерлер елорда төріне келіп, әлемдік қауымдастыққа бейбітшіл үнмен бас қосты. Тіпті бұрын-соңғы бір-біріне қас жау саналып келген әр түрлі діннің лидерлері бір үстел басына жиналып, өзекті мәселелер бойынша бір ауыздан үнқатысты. Бұл да болса Қазақстанның бейбітшілік бастамасын танытып, еліміздің әлемдегі оң имиджін қалыптастыруға ықпал етті.

Бұл шараларға әр жылдары Шимон Перес, Мохаммед Махатхир, Жан Кретьен, Әл-Азхар Жоғары имамы Мұхаммад Саид Тантауи, Дүниежүзілік Ислам лигасының бас хатшысы Абдалла ат-Түрки, Дүниежүзілік ислам мәзхабтарын жақындастыру ассамблеясының бас хатшысы Аятолла Шейх Мохсен Араки, католиктер шіркеуінің кардиналдары Йозеф Томко мен Жан-Луи Торан, Константинополь Православ шіркеуінің Патриархы Варфоломей І, Израильдің бас раввиндері Йона Мецгер, Шломо Амар және Ицхак Йосеф, «Джинджя Хонче» Жапон синтоистік храмдары қауымдастығының президенті Цуне­киё Танака, Дүниежүзілік Лютеран федерациясының президенті Муниб Юнан, Дүниежүзілік буддистер қауымдастығының бас хатшысы Фаллоп Тайиари, Индология мен дінаралық диалогты зерттеу институтының төрағасы Сомайя Самир Шантила, ЮНЕСКО-ның Бас директорлары Коичиро Мацуура мен Ирина Бокова, ЕҚЫҰ-ның Бас хатшылары Марк Перрен де Бришамбо мен Ламберто Заньер сынды саясаткерлер мен дін лидерлері қатысты.

 2007 жылдан бастап дәстүрлі түрде Астана экономикалық форумын ұйымдастыру жұмыстары басталды. Нобель сыйлығының иегерлері, әлемнің ең танымал экономисттері мен саясаткерлері Елордамыздың төріне жиналып, экономикада орын орын алған өзекті проблемаларды, оларды шешудің жолдарын талқылап, маңызды қарарлар қабылдауда.

2009 жылы Қазақ елі монументі ашылса, 2010 жылы Хан Шатыр ойын-сауық орталығы ашылды. Жалпы, Нұр-Сұлтан қаласы Бейбітшілік және келісім сарайы, Тәуелсіздік сарайы, Ұлттық музей, «Атамекен» Қазақстан картасы этномемориалдық кешені, Бәйтерек, «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры, Әзірет Сұлтан мешіті, Ұлттық мұрағат, «Астана арена, «Барыс арена»  сынды бірегей туындылар қоныс тепкен мекен. Бұл ғимараттардың көпшілігі шет мемлекеттерден, халықаралық ұйымдардан тартылған инвестицияның әлеуетін пайдалана отырып салынғанын айта кету керек. Бүгінгі мақаламызда олардың әрқайсысының салынған уақыты мен оның ерекшелігі туралы жеке-жеке тоқталмай-ақ қойғанды жөн көрдік.

2011 жылы 1-2 желтоқсанда Елордада Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) кезекті саммиті өтті. Саммитке Еуропа мемлекеттерінің басшылары, халықаралық ұйымдардың өкілдері, әлемдік БАҚ ұйымдары т.б. қатысты.

2011 жылы Бас қаламыз – Астана мен Алматы шаһарында қысқы VII Азия ойындары өткізілді. 17-ден астам елдің спортшылары қатысқан ірі спорт додасында спорттың 11 түрінен сайыс өтіп, 59-дан астам медаль сарапқа салынды. Елордада мәнерлеп сырғанау, хоккей, конькиде жүгіру, шорт-трек сынды спорт түрлерінен сайыстар өтті. Бұл шараға әлемнің көптеген елдерінен спортшылардан бөлек БАҚ өкілдері, жанкүйерлер келгенін айта кеткен жөн.

2012 жылы 22 желтоқсанда Көрмелердің халықаралық бюросына мүше 161 мемлекеттің өкілдерінің дауыс беруімен Елорда ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін ұйымдастыру мәртебесін жеңіп алды.

Көрме 2017 жылы Нұр-Сұлтан қаласында өтіп, еліміздің өзге өңірлері мен шетелден келген қонақтардың саны екі миллионнан асса, оның 15 пайыздайы шет мемлекеттерден келді. Шараға 115 мемлекет пен 22 халықаралық ұйымның өкілдері қатысып, өз павильондарын жалпы көпшілікке ұсынған болатын. Мұндай ірі көлемдегі іс-шара елімізде бұрын-соңды болған емес.

2019 жылы Астана қаласының атауы Нұр-Сұлтан қаласы болып қайта өзгерді.

Бүгінде бас қаламыз әлемнің танымал 33 мемлекетінің 48-ден астам қалалары мен өңірлерімен достық және бауырластық қарым-қатынас орнатқан астана саналады. Қаланың ауқымы уақыт өткен сайын ұлғайып, халық саны да, құрылыс көемі де, экономикасы да өркендеп келе жатыр. 1997 жылы тұрғын саны 200 мыңнан сәл ғана асатын қаланың халқы бүгінде 1 миллион 200 мыңға жуықтайды. Яғни, жиырма бес жылға жуық уақыт ішінде Елорда тұрғындарының саны 6 есеге дейін өскен.

Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласында 1113 көше мен даңғыл болса, оның 90 пайызынан астамы, яғни басым көпшілігі ұлттық сипатта, танымал тұлғалар мен еліміздің тарихи жер-су аттарымен тығыз байланыстырыла қойылған. Сондай-ақ, Елордада тіркелген және қызмет етуші шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны уақыт өткен сайын артып келеді. Мысалы өткен жылдың өзінде Нұр-Сұлтан қаласында тіркелген осындай кәсіпкерлік ұйымдарының саны 167 мыңнан асқан. Мемлекет тарапынан бизнеске жасалып жатқан қолдау жалғаса берсе алдағы жақын жылдары олардың саны 200 мыңнан асады деп болжауға да әбден болады.

Бүгінгі мақаламызда Елорданың даму тарихына қатысты бірқатар хронологиялық даталарға тоқталып өттік. Өйткені Нұр-Сұлтан қаласының экономикалық-мәдени саладағы даму ерекшеліктерінің өзі жеке мақаланы, дербес еңбекті талап етеді. Сондықтан әр жылдарда өткен республикалық, әлемдік деңгейдегі іс-шаралар, түрлі ғимараттар мен нысандардың ашылуы жайлы жазатын болсақ мақаланың ауқымы да кеңейетін болғандықтан олардың кейбіріне ғана қысқаша тоқталып өттік.

Барлық жаңалықтар