• Басты
  • Антикор: Жыл басынан бері жемқорлық бойынша 500-ге жуық адам сотталған

Антикор: Жыл басынан бері жемқорлық бойынша 500-ге жуық адам сотталған

23 Шілде, 2021 11:38

Бүгін ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі алаңында өткен брифингте агенттіктің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Данияр Бекайдаров жемқорлық әрекеттері, жемқорлыққа қарсы әрекеттер үшін шығарылған сот шешімдері туралы айтты, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қызметі

Агенттіктің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Данияр Бекайдаровтың айтуынша, сыбайлас жемқорлықты жою мақсатында бірнеше заңнамаға өзгертулер енгізілген. Қазіргі таңда үздік әлемдік тәжірибелер зерттеліп, оларды енгізу мақсатында бастаулар орын алуда. Сонымен қатар, халықаралық ұйымдармен байланыстар орнатылып ынтымақтастық негізінде дертпен күрес бүкіл салаларды қамти отырып жүргізілуде.

«Еліміздің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаты үш басты бағытта жүргізіледі. Оларды біз ұштастыра отырып іске асырамыз.Еліміздің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаты ағарту, алдын-алу, жазалау бағыттарында жүргізіледі», - деді Данияр Бекайдаров.

Оның айтуынша, бұл ретте құқыққа қарсы әрекеттер үшін жазаның бұлтартпастығы заңдылықтың маңызды қағидаты ғана емес, әлеуметтік әділдікті қамтамасыз етудің көрсеткіші екенін жеткізді.

«Қойылған міндеттерге сүйене отырып, біздің қызметіміздің басты бағыты азаматтардың конситутциялық құқықтарын қоғам мен мемлекеттің заңды мүдделерін тиімді қорғауды қамтамасыз ету, сенім деңгейін арттыру. Еліміздің барлық жұмысын бағалаудың негізгі көрсеткіші бұл қоғамның сенімі», - деді Данияр Бекайдаров.

Сондай-ақ, ол мемлекет басшысының нұсауларын орындай отырып, сыбайлас жемқорлық үшін жазаның бұлтартпастығын қамтамасыз ету баршаның алдындағы тендігі, қағидаты бойыншы жүзеге асатынын айтып өтті.

Жыл басынан бері 874 сотқа дейінгі тергеу тіркелген

Оның дерегінше, жыл басынан бері сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 874 сотқа дейінгі тергеуді тіркеген. Олардың ішінде 694 іс сотқа жөнелтілген. Соның ішінде, көрсетілген қылмыстық істер бойынша 101 лауазымды тұлға ұсталған болса, 93 тұлғаға қатысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы белгіленген. Ал қазіргі таңда 25 тұлға үй қамағына алынған.

Оның айтуынша, биыл сыбайлас жемқорлық қылмыстары бойынша 486 тұлға сотталған. Оның 116-сы пара алғаны үшін болса, ал 211 адам пара бергені үшін жауапкершілікке тартылған.

«12 адам делдалдық, 69 адам алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылса, 33 адам ұрлау, 32 – лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану, 9 адам билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдаланғаны үшін жаза арқалады», - деді Данияр Бекайдаров.

Сонымен қатар, 141 адам бас бостандығынан айырылса, 47 адам шартты мерзім түрінде бас бостандығы шектелген. Қалған 8 адамның жазасын өтеу кейінге қалдырылған.

Алматы облысында судья 9 жылға сотталды

Жиында Данияр Бекайдаров Алматы облысында Ұйғыр аудандық сотының судьясы Сүлейменовке қатысты соталды тергеу аяқталғанын жеткізі. Оның дерегінше, Сүлейменов өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айырыла отырып, 9 жылға бас бостандығынан айырылатынын жеткізді.

Оның мәлімдеуінше, Сүлейменов орман шаруашылығының директоры Юлдашовтан өзі шығарған ақтау үкімін күшінде қалдырғаны үшін облыстық судьяларға беремін деп 12 миллион теңге сомасында ақша алды деп күдікке ілінген.

«Дегенмен облыстық сот Юлдашовқа айыптау үкімін шығарды. 2021 жылдың 22 шілдесінде Талдықорған қалалық сотымен Сүлейменов 9 жылға бас бостандығынан айырылып, өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айырылды», - деді Данияр Бекайдаров.

Сонымен қатар, аталған үкім бойынша Юлдашов пара беруге оқталғаны үшін және Имиров пара беруге қатысқаны үшін 8 және 7 жылға бас бостандығынан айырылған.

Барлық жаңалықтар