• Басты
  • Антикор: Жыл басталған екі ай ішінде 48 лауазымды тұлға сыбайлас жемқорлық әрекеті үшін ұсталды

Антикор: Жыл басталған екі ай ішінде 48 лауазымды тұлға сыбайлас жемқорлық әрекеті үшін ұсталды

26 Ақпан, 2021 16:36

Бүгін ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі алаңында өткен брифингте агенттіктің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Данияр Бекайдаров мен агенттіктің аға офицері Динара Құлымбетова саяси басшылардың жемқорлық әрекеттері, жемқорлыққа қарсы әрекеттер үшін шығарылған сот шешімдері туралы айтты, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

7 шенеунік пен 10 әкімнің ісі

Агенттіктің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Данияр Бекайдаровтың айтуынша, бағыныштылардың сыбайлас жемқорлығы үшін басшылардың жауапкершілігі туралы Заңнамалық норма енгізілген сәттен бастап 7 шенеунік қызметінен босатылды. 10 әкім түрлі тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Айтпақшы, бұл норма 2019 жылғы 10 желтоқсанда қабылданған болатын.

Тергеуші соңғы уақытта орын алған агенттік қараған істерден мысал келтірді.

«Өз орынбасарына (Сабыровқа) қатысты сот үкімін күтпей Ақмола облысы Аршалы ауданының әкімі (Мұханбеджанов) отставкаға кетті. Ағымдағы жылдың 12 ақпанында әкімнің отставкасы қабылданды», - деді ол.

Бағыныштылардың сыбайлас жемқорлығы және алдын алу жұмысының әлсіздігі үшін 54 мекеме басшысы, оның ішінде 48 – әкімшілік қызметшілер жауапқа тартылған.

«Олардың сегізі – атқаратын лауазымдарынан босатылды, төртеуі – жұмыстан шығарылды, біреуі – қызметінен төмендетілді, төртеуі – қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескертілді, он бес мемлекеттік қызметкерге қатаң сөгіс жарияланды. 6 квазимемлекеттік сектордың топ-менеджерлерінен біреуі жұмыстан шығарылды, үшеуіне қатаң сөгіс жарияланды, біреуіне сөгіс, тағы біреуіне ескерту жасалды», - деп есеп берді спикер.

13 мемлекеттік қызметкер өз лауазымдарынан айырылды.

Жалпы қазіргі уақытта 71 басқарушы мониторингте, оның ішінде 15 саяси мемлекеттік қызметші, 47 әкімшілік және 9 квазимемлекеттік сектор субъектілерінің топ-менеджерлері бар.

Бағыныштылардың сыбайлайлас жемқорлығы үшін басшылардың жауапкершілігі және бағыныштылардың сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауының алдын алу жөніндегі лауазымдық міндеттерін орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны туралы бірінші сыбайлас жемқорлыққа қарсы пакет аясында қабылданған жаңа алдын алу институттары толыққанды жұмыс істей бастады.

Саяси басшылардың отставкаға кетуі

Антикор әшкерелеген сыбайлас жемқорлық істері бойынша шыққан сот үкімдеріне тоқталған Бекайдаров елдегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат жемқорлыққа қарсы ағарту, алдын алу және жазалауды ұтымды ұштастыра отырып жүзеге асатынын айта кетті.

Бұл ретте құқыққа қарсы әрекеттер үшін жазаның бұлтартпастығы заңдылықтың маңызды қағидаты ғана емес, сонымен қатар, әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етудің көрсеткіші болып табылады.

«Қойылған міндеттерге сүйене отырып, біздің қызметіміздің басты бағыты азаматтардың конституциялық құқықтарын, қоғам мен мемлекеттің заңды мүдделерін тиімді қорғауды қамтамасыз ету. Сонымен қатар осы арқылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке деген сенім деңгейін арттыру. Мемлекеттік және үкіметтік бағдарламаларды іске асыру шеңберінде салынып жатқан әрбір объект біздің жедел бақылауымызда», - деді ол.

Мемлекет басшысының нұсқауларын орындай отырып, сыбайлас жемқорлық үшін жазаның бұлтартпастығын қамтамасыз ету баршаның заң алдындағы теңдігі қағидаты бойынша жүзеге асырылады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің ерекше бақылауында сыбайлас жемқорлықтың жүйелі фактілері мен ауқымды ұрлықтардың жолын кесу, бюджет қаражаты мен Ұлттық қор қаражатының мақсатты жұмсалуы мәселелері тұр.

Данияр Бекайдаров атаған жемқорлық фактісіне жататын мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғалары тарапынан бизнес ісіне заңсыз араласу фактілері туралы да айтты.

«Лауазымды тұлғалардың заңсыз бизнеске араласып, кедергі келтіруінің жолын кесу сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің негізгі басымдықтарының бірі. Кәсіпкерлікті сыбайлас жемқорлыққа қол сұғушылықтан қорғау бірлескен келісімдер жасасудан бастап ақпарат алмасуға дейінгі арнайы әрекеттер арқылы жүргізіледі», - деді ол.

Залалды өтеу мәселелері неғұрлым өзекті, өйткені олар мемлекет пен азаматтардың бұзылған құқықтарын, әсіресе дағдарыс жағдайында қалпына келтірумен тікелей байланысты.

Келтірілген залалды барынша толық өтеу үшін ұрланған қаражатты қайтару, оның ішінде шетелде заңсыз активтерді белгілеу және оны мемлекет кірісіне тәркілеу арқылы қайтару бойынша барлық қажетті шаралар қолданылады.

«Біздің барлық жұмысымызды бағалаудың негізгі көрсеткіші-қоғамның сенімі», - деп қосты ол.

Мәселен, 2020 жылы антикор әшкерелеген сыбайлас жемқорлық әрекеті үшін 1000-нан астам адам сотталған:

Пара алғандар - 334 адам;

Пара берген – 256 адам;

Алаяқтық – 146 адам;

Ұрлық – 98 адам;

Лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдаланғаны үшін – 120 адам;

Парақорлыққа делдал болған – 26 адам

Бас бостандығынан айыруға – 269 адам, бас бостандығын шектеуге – 142 адам, еселік айыппұлдарға – 575 адам, қалғандары шартты мерзімге не үкімнің орындалуын кейінге қалдыруға сотталды.

Жер бергені үшін пара алған әкім орынбасарының ісі 

Тергеуші соңғы кезде орын алған бірнеше мысалдан келтірді.

«Мысалы, 23.02.2021 жылы Аршалы аудандық сотының үкімімен кәсіпкерлерден 2 жер учаскесі бойынша жер пайдалану құқығын беру туралы жер комиссиясының оң шешімін шығару үшін бұрын келісілген 800 мың теңгеден 400 мың теңге сомасында пара алған әкімнің орынбасары мен тағы бір лауазымды тұлға сотталды. Олар: Аршалы ауданы әкімінің орынбасары Р.К.Сабыров (ҚК 366-бабы 3-бөлігі 2-тармағы бойынша) 28 млн. теңге мөлшерінде айыппұл салынды; «Аршалы ауданының Сәулет және қала құрылысы бөлімі» ММ басшысы С.Ж.Оспанов (ҚК 366-бабы 3-бөлігі 2-тармағы бойынша) 28 млн. теңге мөлшерінде айыппұл салынды», - деді ол.

22 ақпанда Семей гарнизоны Әскери сотының үкімімен ҚР ҚМ ӘБ 4-ші реактивті дивизионының командирі майор Р.Массалимов сотталды. Ол орташа қауіпсіздік мекемесінде жазасын өтеумен 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. ҚР ҚМ ӘБ 4-ші реактивті дивизионының жүргізуші-бөлімшесінің командирі Ә.Сағымбаев қауіпсіздігі барынша төмен мекемеде жазасын өтеумен 2 жылға және 6 айға бас бостандығынан айырылды. Олар әскери қызметшілерді ҚР ІІМ Шығыс өңірлік ӘТБ лауазымды тұлғаларына есірткі заттарын қолданғанын анықтау үшін медициналық куәландырудан өтпеу туралы мәселені оң шешкені үшін пара беруге итермелеген деген күдікке ілінді.

Сотталғандарды мезгілінен бұрын босатып, пара алған полицейдің ісі

25 ақпанда жылы Павлодар қаласында сыбайлас жемқорлық әрекетке қатысты сот үкімі шықты. Тағы мемлекеттік қызметкерлер сотталды. № 2 сотының үкімі шықты.

Павлодар облысы Полиция департаментінің «Павлодар қ. әкімшілік қамауға алынған адамдарға арналған арнайы қабылдау-бөлу орны» ММ бастығы С.Қ.Айтпаев ұсталды. Оған сондай-ақ 3,5 млн. теңге мөлшерінде айыппұл салынды. Осы мекеменің полицейі Д.М.Масақбаев 3 млн теңге мөлшерінде айыппұл салынды. Олар жазасын өтеушіні белгіленген мерзімінен бұрын заңсыз босату үшін пара алған деген күдікке ілінген.

11 ақпанда Өскемен қаласының № 2 сотының Өскемен қалаы ППБ ПБ қызметінің инспекторлары Р.А. Лукин және А.С. Саханов 7 жыл және 6 айға бас бостандығынан айырылды. Осы қызметтің инспекторы Т.Ш.Кенжебаев жазасын орташа қауіпсіз түзеу мекемесінде өтеумен, өмір бойы мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда лауазымдарды атқару құқығынан айырумен 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Олар жол қозғалысы ережелерін бұзған жағдайда әкімшілік жауапкершілікке тартпағаны үшін көлік құралдарының жүргізушілерінен бір топ адамдармен алдын ала сөз байласу арқылы пара алу және алаяқтық күдігіне ілінді.

15 ақпанда Алматы қаласы Әуезов аудандық сотының үкімімен Алматы қаласының ПД Алмалы аудандық ПБ жанындағы Полиция бөлімі Арнайы басқармасының тергеушілері полиция полковнигі А.Ш.Үмбеталиев және полиция аға лейтенанты Ж.Б.Сазанов 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Ал азамат С.А.Медетов 2 жылға бас бостандығынан айырылды.

«Тергеушілер азамат С.А.Медетов арқылы бір топ адаммен алдын ала сөз байласып, қылмыстық істі тоқтатқаны және күдіктіге қатысты «күзетпен ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасын қолданбағаны үшін 500 мың теңге мөлшерінде ақша алған. Бұл әрекет сыбайлас жемқорлық қылмысы деп танылып, азамат ұсталды», - деді Данияр Бекайдаров.

24 ақпанда Алматы облысының Панфилов аудандық сотының үкімімен Алматы облысы бойынша МКД «Нұр Жолы» кеден бекетінің бас маманы Б.Зияден жүк автокөлік құралдарының кедендік тіркеуден кедергісіз өтуі үшін сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардың өкілдері-жүк автомашиналарының жүргізушілерінен жүйелі негізде пара алды деген күдікпен ұсталды.

Бюджет қаржысын негізсіз карточкасына аударған бухгалтердің ісі

17 ақпанла Мақат аудандық соты «Мақат ауданының мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімі» ММ бухгалтері А.Х.Биғалиева өзінің шотына негізсіз 2 млн 695 мың теңге бюджет қаражатын аударғаны үшін ұсталды. Бухгалтер үш жылға белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айырылды. Сонымен қатар 500 сағатқа қоғамдық жұмыстарға тартылды.

17 ақпанда Меркі аудандық сотының үкімімен «Меркі ауданы әкімдігінің білім бөлімі» ҚММ бас маманы Д.К.Үсенқұлов «Үміт» балалар үйінен бұрын анасы қиын материалдық жағдайға байланысты тастап кеткен кәмелетке толмаған 2 қызды шығаруда оң шешім қабылдағаны үшін 10 000 теңге мөлшерінде пара алды деген күдікке ілінді.

Жыл басынан бергі сыбайлас жемқорлық қылмыстарының саны

Ағымдағы жылдың қаңтар айында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мемлекеттік органдарға қылмыстық құқық бұзушылық және басқа да заң бұзушылықтар жасауға ықпал еткен мән-жайларды жою бойынша 67 ұсыныс енгізді.

«Қарау нәтижелері бойынша әртүрлі тәртіптік жауапкершілікке 19 адам тартылды, олардың ішінде 3 – жұмыстан шығарылды, 1 – қызметінен босатылды, 2 – қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескертілді, 1 –лауазымы төмендетілді, 2 – қатаң сөгіс жарияланды», - деді ол.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің басшылығы мен қызметкерлері еңбек ұжымдарымен 20 кездесу өткізді, онда 25 ұсыныс қаралды.

Жыл басынан бері Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет сотқа дейінгі 411 тергеуді тіркеді. 48 лауазымды тұлға ұсталды, 46 адамға қатысты «күзетпен ұстау» бұлтартпау шарасы қолданылды.


Барлық жаңалықтар