• Басты
  • «Antikor Live»: Жыл басынан бері 28 лауазымды тұлға жемқорлықпен ұсталды – тергеуші

«Antikor Live»: Жыл басынан бері 28 лауазымды тұлға жемқорлықпен ұсталды – тергеуші

5 Ақпан, 2021 18:28

Бүгін «Antikor Live» жобасында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Данияр Бегайдаров Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметпен аяқталған істер бойынша сот үкімдері туралы айтты, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.


Президент тапсыратын стратегиялық міндеттерді іске асыру барлық мемлекеттік органға жүктелген. ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі де осы бағытты жұмыс атқарады.

Бегайдаров алғы сөзінде мемлекет басшысының бағдарламаларды іске асыруға бюджет қаражатының дұрыс бөлінуіне, таратылуына және түсуін бақылауға ерекше көңіл бөлетінін атап өтті.

«Кейбір жекелеген теріс пиғылды лауазымды адамдар көрсеткен сенімді жеке пайда табу мақсатында мемлекеттің, қоғамның мүдделеріне қайшы пайдалана отырып, жемқорлыққа жол беруде. Мұндай іс-әрекет нәтижелері ұлттық қауіпсіздік, ұлттың өмірі мен денсаулығына, жеке, заңды тұлғалардың және мемлекеттің заңды мүдделеріне қауіп төндіреді, орасан зор экономикалық зиян келтіреді және дамуды тежейді», - деді ол.

Бегайдаров өткен екі аптада анықталып, Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде тіркелген кейбір қылмыстық құқық бұзушылық фактілерді тізіп шықты.

«2020 жылы 1000-нан астам адам сотталды, 334 адам пара алғаны, 256 адам пара бергені, 146 адам алаяқтық, 98 адам ұрлық, 120 адам лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдаланғаны, 26 адам парақорлыққа делдал болғаны үшін және т. б. сотталды. Бас бостандығынан айыруға – 269 адам, бас бостандығын шектеуге – 142 адам, еселік айыппұлдарға – 575 адам, қалғандары шартты мерзімге не үкімнің орындалуын кейінге қалдыруға сотталды», - деді ол.

Қосымша жазалау шаралары 1 268 адамға қатысты қолданылған: 963 адам – белгілі бір лауазымды атқару немесе қызметпен айналысу құқығынан айырылды, 279 адам – арнаулы, әскери немесе құрмет атағынан, сыныптық шенінен, дипломатиялық дәрежесінен, біліктілік сыныбынан және мемлекеттік наградаларынан айырылды, 26 адам – мүлкі тәркіленіп сотталған.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Мемлекеттік материалдық резервтер комитетінің (МММР), «Резерв» РМК филиалдарының лауазымды тұлғаларына және азық-түлік жеткізушілеріне қатысты (22 тұлға) 6,5 млрд теңге сомасында аса ірі мөлшерде сеніп тапсырылған мүлікті ысырап ету фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеуді аяқтады.

А.ж. 1 ақпанда Алматы қ. Алмалы ауданы сотының үкімімен 21 адам бас бостандығынан айыру және біреуіне бас бостандығына шектеу қою жазаларына сотталды:

«ММРК бұрынғы төрағасы Иманалиев 8 жылға бас бостандығынан айырылып, Президентке мемлекеттік наградаларынан – «Құрмет» ордені, «Қазақстан Конституциясына 10 жыл», «Астанаға 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл», «Қазақстан Конституциясына 20 жыл» медальдарынан айыру туралы ұсыныс енгізілді», - деді ол.

Бұдан бөлек:

ММРК Мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы Мақашев 8 жылға бас бостандығынан айырылды;

«Резерв» – «Высота» РМК филиалының директоры Жақанов пен бөлім бастығы Родин, сондай-ақ «Резерв» – «Сигнал» РМК филиалының директоры Ғалиев 8 жылға бас бостандығынан айырылды;

Олар өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айырылды.

«Резерв» – «Высота» РМК филиалы директорының орынбасары Құсайыновқа 2 жылға бас бостандығына шектеу қойылды;

Азық-түлік өнімдерін жеткізушілер Адамов, Дроздецкая, Тартуманов, Рашитов, А.Сабазов А., О.Сабазов, Абдукаримов, Бақаев, Ғабдуллин, Садай, Исаев, Б.Қожанов, Д.Қожанов, Қанатхан, Мұстафинов, Оспанов 8 жылға бас бостандығынан айырылды.

Тергеушінің мәліметінше, Шымкент қаласы Әл-Фараби аудандық сотының үкімімен Шымкент қаласы Сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Ж.Байымбетов орташа қауіпсіз қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде жазасын өтеумен қылмыстық жолмен алынған қаражатқа сатып алынған мүлкі тәркіленіп, 10 жылға бас бостандығынан айырылған.

«Осы үкіммен «ИнвестСтройПроект ЛТД» ЖШС директоры А.Айтбаев орташа қауіпсіз қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде жазасын өтеумен материалдық жауапкершілікке байланысты қызметпен айналысу құқығынан 10 жылға айыра отырып, 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Олар Шымкент қаласының 49500 га (1:500 масштабта) топографиялық түсірілімі бойынша жұмыстарды мемлекеттік сатып алу кезінде 498 млн.теңге сомасында бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінді», - деді ол.

Маңғыстау облысында да сыбайлас жемқорлық фактілері бойынша сот үкімдері шыққан.

«Қаңтар айында Маңғыстау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен Ақтау қ. Полиция басқармасының Жедел-криминалдық бөлімшесінің жедел уәкілі Д.Айбеков 12 жылға бас бостандығынан айырды. Ол ұйымдасқан қылмыстық топта өзінің қызметтік жағдайын пайдалана отырып, қылмыстық топ басшысынан жезөкшелікпен айналысу және жеңгетайлық үшін притондарды ұйымдастыру мен қызметін қамтамасыз етуде жалпы қамқорлығы 3 млн. теңге мөлшерінде ақша қаражатын алды деген күдікке ілінген», - деді ол.

Осыған ұқсас жағдай Алматы қаласында да орын алған. Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен М.Н.Сүлеймен алаяқтық жасауға оқталғаны және аса ірі мөлшерде пара беруге итермелегені үшін 10 жылға бас бостандығынан айырылды.

«Ол жер учаскесінен ауыртпалықты алып тастау және 11 қабатты тұрғын үйді пайдалануға беру мәселелерін оң шешу сылтауымен бұрын келісілген 90 000 АҚШ долларынан аса ірі мөлшерде 46 500 АҚШ доллары сомасында пара беруге итермелегені және алаяқтық жасауға оқталу жолымен пара алды деген күдікке ілінді», - деді ол.

Ақпан айының басында Қызылорда облысы Шиелі аудандық сотының үкімімен «Шиелі ауданының білім бөлімі» МҚМ сектор меңгерушісі А.Байхожина 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.

«Ол жалпы сомасы 122 млн. теңге болатын Шиелі ауданының мектептеріне көмір жеткізу жөніндегі мемлекеттік сатып алу шарты бойынша бөлімнің лауазымды тұлғаларына бұрын келісілген 6 млн.теңгеден (5% мөлшерінде) 3 млн. теңге пара беруге итермеледі және алдау жолымен алды деп күдіктелген», - деді тергеуші.

Жамбыл аудандық сотының үкімімен ҚР АШМ АӨК МИК Жамбыл облыстық аумақтық инспекциясының инспекторы Ж.Р.Мырзақұловқа параның алпыс еселік сомасы - 1 080 000 теңге көлемінде айыппұл салынды.

«Ол «Айша бибі» шекаралық бақылау бөлімшесі арқылы жүк көліктерінің кедергісіз өтуі үшін жеке кәсіпкерден пара алды деген күдікке ілінді», - деді Бегайдаров.

2020 жылдың 12 айында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мемлекеттік органдарға қылмыстық құқық бұзушылық және басқа да заң бұзушылықтар жасауға ықпал еткен мән-жайларды жою бойынша 1 685 ұсыныс енгізді.

Қарау нәтижелері бойынша 1 168 адам әр түрлі тәртіптік жауапкершілікке тартылды, олардың 131-і жұмыстан шығарылды, 119-ы лауазымынан босатылды, 110-ы қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескертілді, 21-і лауазымынан төмендетілді, 348-не қатаң сөгіс жарияланды.

Жыл басынан бері Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет сотқа дейінгі 250 тергеуді тіркеді. 28 лауазымды тұлға ұсталды, 22 адамға қатысты «күзетпен ұстау» бұлтартпау шарасы қолданылды.

Барлық жаңалықтар