• Басты
  • Антикор басшысына тікелей өтініш жолдау мүмкін бе

Антикор басшысына тікелей өтініш жолдау мүмкін бе

26 Наурыз, 2021 16:41

Бүгін ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз алаңында өткен брифингте агенттікке екі ай ішінде келген өтініштердің қаралуы мен орындалуына есеп берілді, сонымен қатар сыйбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне жүгіну тәсілдері айтылды, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.


Антикор басшысына өтініш жолдау мүмкін

Спикерлер айтқандай, Антикорға жүгінудің бірнеше тәсілі бар. Азаматтарға Агенттіктің тікелей мекенжайы бойынша, электрондық үкімет порталы, блог платформа арқылы хабарласуға болады. Тіпті Агенттік Төрағасы Шпекбаевтың жеке поштасына хат жазуға болады. Оның электронды мекенжайы: alik.shpekbaуev@gmail.com. 1424 Call-орталығына жүгінуге болады.

Сондай-ақ электрондық өтініштің кейбір артықшылықтарын атап өту қажет:

1) үйден шықпай-ақ өтініш беру, яғни уақыт пен қаржы шығындарын қысқарту;

2) өтінішті жедел жеткізу және оған жауап алу;

3) олардың өтуін ашық түрде бақылау рәсімі.

Жыл басынан бері түскен өтінштер есебі

2021 жыл басталған екі айдың ішінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке 1 676 өтініш келіп түсті, бұл өткен жылдың ұқсас кезеңіндегі (1 542) көрсеткішпен салыстырғанда, 8%-ға көп. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде Агенттік келіп түскен өтініштердің бірін қалдырмай қарайды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметте азаматтардың сенімі қызметтің тиімділігін бағалаудың басты критерийі болып табылады.

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің құжат айналымы басқармасының басшысы Нұрлан Садыбековтың айтуынша, жыл сайын агенттікке өтініш білдеретін азаматтардың саны артуда.

«Мысалы, 2017 жылы 20 352 өтініш, 2018 жылы 22 097 өтініш, 2019 жылы – 26 866 өтініш келіп түсті. Әрбір өтініш мұқият қаралады, содан кейін Агенттіктің әлеуетін пайдалана отырып, белгіленген проблемаларды шешу бойынша жан-жақты шаралар қабылданады», - деді ол.

Орталық аппаратқа келіп түскен өтініштердің үлесі 30%-ды (немесе
8 969 өтініш) құрайды.

«Өтініштер санының өсуі халықтың құқықтық сауаттылығының арттырумен, сондай-ақ азаматтармен кері байланыстың тұрақты түрде жетілдірілуімен байланысты деп санаймыз», - деді ол.

Айта кету керек, Антикор қызметкерлері БАҚ-та жиі сөйлеп, жобалық кеңселердің жұмысы және басқа да алаңдарды пайдалану арқылы халықпен кері байланыс құрып жүр.

Қаралған өтініштердің жалпы санының 23%-ы қанағаттандырылды.

2019 жылдың қыркүйегінен бастап азаматтарды жеке қабылдаудың жаңа кезеңділігі енгізілді, оған сәйкес Агенттік Төрағасы азаматтарды апта сайынғы негізде, ал оның орынбасарлары мен Агенттіктің құрылымдық және аумақтық бөлімшелерінің басшылары күн сайын қабылдайды.

COVID-19 пандемиясы жағдайында карантиндік шектеулердің енгізілуіне байланысты, 2020 жылғы наурыз айынан бастап Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметте азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдау шектелген.

Бұл ретте Агенттік басшылығы пандемия жағдайында қауіпсіздікті сақтау мақсатында, азаматтарды қабылдауды бейне-конференция байланысы арқылы жүзеге асырады. Шалғай жерлерде тұратын азаматтар қашықтан қосылады.

«2021 жылдың 2 айы ішінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің аумақтық департаменттерінде 258 қабылдау өткізіліп, 374 азамат 312 мәселе бойынша қабылданды», - деді ол.

Агенттіктің басшы құрамы 2021 жылдың 2 айы ішінде азаматтарға
19 жеке қабылдау өткізді, 26 мәселе бойынша 26 азамат қабылданды.

Азаматтардың өтініштерін қарау жөніндегі жұмыстың тиімділігі апта сайынғы аппараттық мәжілістерде, сондай-ақ тоқсан сайын - алқаларда азаматтардың жүйелі мәселелерін кешенді түрде шешу тұрғысынан шаралар қабылдай отырып қарастырылады.

Орталықта және жергілікті жерлерде бейінді бөлімшелердің басшылары әлеуметтік желілерде белсенді жұмыс атқаруда, азаматтардың сұраныстарына уақтылы жауап береді, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты түсіндіреді.

Өңірлер бойынша қаралған өтініштер есебі

Нұрлан Садыбеков айтқан мәліметке сенсек, ең көп өтініш Алматы облысы департаментіне түседі.

Мәселен, Алматы облысы екі айда 34 мәселе бойынша 52 азамат, Нұр-Сұлтан қаласында 32 мәселе бойынша 36 азамат, Шымкент қаласында 26 мәселе бойынша 31 азаматтың өтініштері қаралған.

Өтініштерді қабылдаудың дәстүрлі нысандарымен қатар, халықпен өзара іс-қимыл Агенттіктің «Call-орталығының» жұмысы шеңберінде жолға қойылды.

Осы жылдың басынан бері 1 424 Call-орталыққа 812 өтініш келіп түсті.

Өтініштерді қарау бойынша қызмет Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің барлық әлеуетін (оның ішінде құқық қорғау блогын, алдын алу тетіктерін және жобалық кеңселердің мүмкіндіктерін) пайдалана отырып, нәтижелілікке және азаматтарға көмек көрсетуге бағытталған.

Осылайша билік өкілдерінің халық үшін ашық диалогы мен қолжетімділігі мақсатында, Агенттіктің 16 аумақтық департаментінде сервистік «Аntikor ortalyqtary» ашылды.

«Бұл орталықтарда халыққа консультациялар беру, өтініштерді қабылдау және қарау, сондай-ақ қабылданған шешімдер туралы өтініш берушілерге түсіндіру қызметтерін көрсету үшін барлық жағдайлар жасалған», - деді ол.

Осылайша Агенттік құқық қорғау органы бола отырып, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес мемлекеттік басқарудың сервистік моделінің негізін қалайды.

Агенттік басшылығы «Ашық диалог» порталында 6 интернет-конференция өткізді, олардың барысында 6 мәселе қаралды. Интернет-конференцияның деректерін жалпы 648 портал пайдаланушысы қарады.

Антикор және қоғаммен байланыс

Агенттіктің жобалық кеңселері шеңберінде қоғаммен өзара іс-қимыл жүзеге асырылады.

«Мәселен, «Protecting business and investments» жобасы шеңберінде инвестициялардың жалпы сомасы, шамамен, 960 млрд. теңгені құрайтын сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеумен 166 келісімге қол қойылды. Аталған жобада бірқатар нәтижелерге қол жеткізілді», - деді Садыбеков.

«Adal kоmek» волонтерлік жобасы шеңберінде онлайн-форматта азаматтарға олардың құқықтық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетін арттыруға бағытталған білікті құқықтық көмек көрсетіледі. Оның жұмысына тәжірибелі адвокаттар, жетекші заңгерлер қатысады. Осы жоба шеңберінде 2020 жылы 39 мыңнан астам азамат құқықтық көмек алды. Тікелей эфирлер 7 000, жалпы қамту 4,1 млн. адам. 2 айдың ішінде 2 400 тікелей эфир өткізіліп, 6 мың азамат құқықтық көмек алды.

Антикорға келіп түскен алғыс хаттар

Мәселелерін шешуде көмек көрсеткені үшін, ағымдағы жыл ішінде азаматтардан 12 алғыс хат келіп түсті.

«Мәселен, сотқа дейінгі тергеудің объективтілігін, толықтығын және заңдылығын қамтамасыз еткені үшін азаматша Д. Нұржанова Ақмола облысы бойынша департаментінің Тергеу басқармасының басшысы Е. Махамбетов пен Агенттіктің 1-департаменті басшысының орынбасары Д. Ақуанға алғыс хат жолдады», - деді ол.

Сондай-ақ, ұлының Ақтөбе облысындағы колледжде оқуына ақы төлегені үшін негізсіз ұсталған ақша қаражатын қайтаруға қатысты мәселені оң шешкені үшін, К. Қыстаубайдан алғыс хат келіп түсті.

Сонымен қатар, «Сити Корп» ЖШС директоры Д. Кабдушевтен инвестициялық жоба шеңберінде жер учаскесін өтеусіз беруге көмектескені үшін алғыс хат келді.

Сонымен қатар, А. Черепушкин азамат көрсетілмеген қызметтер үшін ақшаны қайтару туралы, оның мәселелерін шешуге байланысты Агенттікке қайта өтініш жіберді.


Барлық жаңалықтар