Өңірлер

Маңғыстау облысы Қазақстандағы ең алғашқы «ақылды үйге» қосылды

Маңғыстау облысы әкімі Ералы Тоғжанов пен «Қазақтелеком» АҚ Басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев Маңғыстау облысында «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру бойынша «Жол картасына» қол қойды. Сондай-ақ, Маңғыстау облысы әкімдігі мен «Қазақтелеком» АҚ тұрғын үйлердің қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз етуге арналған инновациялық өнім – «Ақылды үйді» ұсынды.
Астана қаласы12 Шілде , 15:39

Қол қойылған құжаттың негізгі бағыттарының бірі ауылдық елді мекендерде халықтың  ғаламдық интернет желісіне жоғары жылдамдықта қатынауы арқылы ел экономикасының барлық саласын цифрландыру қызметтері сервистерінің бірыңғай деңгейін қамтамасыз ететін  инфокоммуникациялық инфрақұрылымды жаңғыртуға қатысу және серіктес болу болып табылады.

Бүгінгі күнде облыстың 61 ауылының 34-і талшықты-оптикаға қосылған. Жол картасына сәйкес 2018-2019 жылдар аралығында 16 ауылға,  оның ішінде  МЖС жобасы бойынша 6 ауылға ТОБЖ салу жоспарланып отыр. Сонымен бірге осы ауылдық елді мекендерде  LTE 800 технологиясы бойынша 4G жаңа буынының сымсыз қатынау желісін салу жоспарланды. Талшықты-оптикалық желіні кеңейту барлық ауыл тұрғындарын цифрлық қызметтермен, КЖҚ және ұтқыр байланыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, сондай-ақ мемлекеттік мекемелерді бірыңғай корпоративтік желіге біріктіріп, «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының мақсатты көрсеткіштерін орындауға мүмкіндік береді.

 «Бірлескен іс-шаралармен шешілетін өзекті міндеттердің бірі облыстың барлық білім беру және денсаулық сақтау нысандарының интернет желісіне жоғары жылдамдықта қатынауын қамтамасыз ету болып табылады.  Бүгінгі күнде мектептердің тек қана  55%-ы мен медициналық мекемелердің 8%-ы 10 Мбит/с астам жылдамдықпен жұмыс істейтін жоғары жылдамдықтағы интернетті пайдаланады. 2018 жылдың соңына дейін Маңғыстау облысының барлық 134 мектебі мен 111 медициналық мекемесін жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету жоспарлануда.  Бұл өз кезегінде білім беру және денсаулық сақтау саласында цифрландыру жобаларын жүзеге асыруды жеделдетуге мүмкіндік береді»- деді   Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов.

Сонымен қатар Маңғыстауда  «Smart Sity» пилоттық жобасы жүзеге асырылады. Бұл бағытта «Қазақтелеком» АҚ ағымдағы жылы Ақтау қаласы мен Жаңаөзен қаласында 250 үйге  1650 бейнекамера орнатып, көп қабатты тұрғын үй секторының 62 мыңнан астам тұрғынын «Бұлтты бейнебақылау» қызметіне қатынауын қамтамасыз етеді.

 «Бүгінгі күнде өңірде жүзеге асырылатын маңызды жобалардың бірі  - Бейнеу және Қарақияқ аудандарын цифрлы қызметтермен қамтамасыз ететін «Цифрлы аудандар» жобасы болып табылады. Біздің тарапымыздан  бұл жобаны жүзеге асыру үшін интернет желісіне кеңжолақты қатынау қызметтерінің деңгейін 100 үйге шаққанда республикалық орташа деңгей 29%-дан 60%-ға дейін қамтамасыз етуге күш салуға бағытталатын болады»- деді «Қазақтелеком» АҚ Басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев.

Сондай-ақ, іске қосылған «Ақылды қала»  өнімі  нақты уақыт режимінде үйде болып жатқан жағдайларды бақылауға, оқыс жағдайлар туралы жедел ақпарат алуға мүмкіндік береді.

Ақтау қаласының 15-ықшамауданындағы  № 35 үй «Қазақтелеком» АҚ қосқан күзет және өрт қауіпсіздігінің зияткерлік тетіктері бар Қазақстандағы ең алғашқы «Ақылды үй»  болды.

«Ақылды үйдің» сымсыз бейнекамера, қозғалыс,  есіктің ашылу тетіктері қосылған өзінің бақылаушысы бар.  Детекторлар қозғалысты, есік немесе терезенің ашылғандығын, бір нәрсенің жанып жатқандығын лезде бағдарлайды, ал бейнекамера оқиғаны тіркеп, суретті есеп жібереді.

Туындаған қиындық туралы үй иесіне смартфонға орнатылған ұтқыр қосымша арқылы жедел хабар беріледі. Атап өту керек, пәтер иелерінің жабдықты сатып алуының қажеті жоқ, өтінім бойынша «Қазақтелеком» АҚ жабдықты өздері әкеліп, орнатады, құрастыру уақыты 40 минуттан аспайды.

«Ақылды үй» пәтердің кешенді қорғалуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Тұрғындар енді қаскүнемдердің үйге кіруі немесе үй иесінің болмаған кезінде болатын апат туралы алаңдамайтын болады. Жүйе ұялы телефонға хабарлама жіберіп, кез келген қиындық туралы лезде ескертеді,  пәтерде нақты не болып жатқандығын және көмек шақырудың қаншалықты қажет екендігін ұтқыр қосымша арқылы кіріп, көре алады. 

Облыс әкімдігінің мәліметінше,   35-үйдің тұрғындары қазақстандықтар арасында кеңінен қолданылатын «Бұлтты бейнебақылау» қызметіне қосыла алады. «Бұлтты бейнебақылау» қызметі біздің абоненттерге өз үйінің жанында және подъезде болып жатқан оқиғаларды нақты уақыт режимінде ұялы құрылғысы немесе дербес компьютерінің көмегімен бақылауға мүмкіндік береді.

Жобаның ерекшелігі: суреттің сапасы өте жоғары, кірген адамның бет-бейнесін дәл айыруға болады және архивтегі бейнежазбаларға оңай қол жеткізеді, жазбалар 7 күнге дейін сақталады. Подъезге бірыңғай бейнебақылау желісіне қосылған екі бейнекамера орнатылады, олар подъездерге кіре беріс пен олардың алдындағы аула алаңдарын түсіреді.  

Бұл бағыттағы жоба аясында «Қазақтелеком» АҚ ағымдағы жылы Ақтау қаласы мен Жаңаөзен қаласында 250 үйге  1650 бейнекамера орнатып, көп қабатты тұрғын үй секторының 62 мыңнан астам тұрғынын «Бұлтты бейнебақылау» қызметіне қатынауын қамтамасыз етеді.

Кездесу барысында «Қазақтелеком» АҚ-ның тағы бір жаңа өнімі – «Ақылды ТКШ» қызметі таныстырылды, пәтерлер мен үйлерге күн сайын тұтынылған судың, газдың, электр энергиясының немесе жылудың саны туралы ресурстық компанияға хабарлар беріп отыратын  ақылды құралдар орнатылады.

«Ақылды ТКШ» ресурстардың нақты қанша пайдаланылғандығы, түрлі авариялық жағдайлар немесе ұрлық кезіндегі шығынның қанша екендігі туралы өзекті ақпаратты алуға мүмкіндік береді. Бұл өнім ресурстық компаниялардың «күрделі» орындарды анықтауына және оларды жөндеу жұмыстарын жоспарлау мүмкіндігімен қалпына келтіруіне ықпал етеді.

Аягөз Құрмаш 




Яндекс.Метрика