• Басты
  • Қандастарға шаруашылық үшін жер телімдері беріледі

Қандастарға шаруашылық үшін жер телімдері беріледі

27 Қазан, 2020 19:00

Бүгін «Отандастар қоры» КЕАҚ жанындағы қоғамдық комиссияның отырысы өтті. «Отандастар қорына» алғаш мүше болған белгілі журналист, ақын Қазыбек Иса, Әкім Ысқақ, Алмас Ахметбек, ҚР Парламенті Сенатының депутаты, журналист Нұртөре Жүсіп осы отырысқа қатысты. Сонымен қатар, Парламенті Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы, бірнеше министрліктер өкілдері, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы Гүлжаһан Бимендина, Ақмола облысы әкімінің орынбасары Малғаждар Тәткеев қатысты. Жиында талқыланған оралмандардың елдегі жай-күйі, оларға берілген үй мен жер телімдері туралы Strategy2050.kz тілшісі баяндайды.

 


Қазақстан тәуелсіздік алған 1991 жлдан бері елге 1057288 қандас көшіп келген. С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің профессоры, экономика ғылымдарының кандидаты Қайрат Бодауханның айтуынша, көші-қон саясатының 2017-2021 жылдарға арналған жоспарына сәйкес, шетелдегі этникалық қазақтардың Қазақстанға келу өсімі алдағы уақытта байқалады.

2012 жылдан бастап жалпы Қазақстаннан көшіп кетушілер саны елге келушілер санынан едәуір асып кеткен. Бодауханның дерегінше, өткен жылы 45 225 адам Қазақстаннан көшіп кеткен. Биыл Қазақстанның 7 облысына 1378 этникалық қазаққа көшіп келу үшін өңірлік квота берілді.

«Халықтың көші-қоны туралы» ҚР Заңына сәйкес жергілікті әкімдіктер Халықтың көші-қоны мәселелерімен айналысатын уәкілетті органға оралмандарды көшіріп әкелудің өңірлік квоталарын беру туралы ұсыныстар бере алады. Өңірлер есебі бойынша айтар болсам, Шығыс Қазақстан облысында – 150, Павлодар облысында – 500, Ақмола облысында – 258, Солтүстік Қазақстан облысында – 120 және Қостанай облысында – 350 квота бөлінген. Ал, Атырау және Батыс Қазақстан облыстары мүлдем өтінім бермеген. Қазіргі таңда квота отбасы санына емес, адам санына қарай беріледі, - деді ол.

Ақмола облысындағы қандастарға салынған «Нұрлы көш» үйлерін заңдастыру туралы Ақмола әкімінің орынбасары Малғаждар Тәткеев сөз сөйледі. Осы бағдарлама аясында Ақмола облысының «Красный Яр» ауылында 2009 жылы республикалық трансферт есебінен 138 екіпәтерлі тұрғын үй салынды. Бұған мемлекеттік бюджеттен 1,5 млрд теңге бөлінді.

Құрылыстың тапсырыс берушісі – «Сарыарқа» ЖШС еншілес кәсіпорны. Үйлердің құрылысына арнайы мемлекеттік сараптама жасалынды, тексеру ұйымдастырылды. Құрылысқа бекітілген жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес мердігер ұйым – «Көкшетау өндіріс» құрылыс компаниясы жүзеге асырды. Облыстық бюджеттен 20 млн теңге бөлініп, электрлік жабдықтар алынып, сыртқы инженерлік желілер тартылған. 2012 жылы облыстық бюджет есебінен 193 млн теңге бөлініп, 138 екіпәтерлі тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмыстары жасалды, -деді ол.

Онымен қатар, әкім орынбасарының айтуынша, 2016 жылы бюджеттен 38 млн теңге бөлініп, 40 екіпәтерлі тұрғынүйді жылытуға жұмсалды.

Ал 2018 жылы – 10 млн теңге спорттық алаң орнатуға, 2019 жылы – «Нұрлы көш» шағынауданында ұзындығы 1,8 шақырым автобус маршруты бойынша 24 млн теңгеге асфальт-бетон жабындысымен жолға жөндеу жүргізілді. Облыс бюджетінен барлығы 281 млн теңге жұмсалды. Қазіргі уақытта 137 тұрғын үй ішінде 35 үйге күрделі жөндеу және 102 үйге орташа жөндеу қажет. Бірақ үйлерге әлі техникалық тексеру жүргізілген жоқ, - деді М. Тәткеев.

Оның айтуынша, екіпәтерлі үйге қоныс тепкен тұрғындар «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ депозиттік кредиттеу бағдарламасының талаптарын орындамай отыр. 

Бүгінге дейін тек екі пәтердің ғана төлемі ғана төленген. Қалған 215 бағдарламаға қатысушы салымшы ретінде ақша салудан жалтарып отыр. Олар пәтер құнынан 50% депозитте жинауы қажет болды. Одан кейін оларға пәтерді 4,5% ставка бойынша сатып алу мүмкіндігі берілген болатын. 2011 жылы тұрғын үйлер «Есіл» ӘКК балансынан Көкшетау қаласының әкімдігі балансына берілді. Берілген пәтерлер жалға беретін тұрғын үйлер болып саналды. Жалға алу құны 2013 жылы бекітілді және әлі күнге дейін бір шаршы метрі 88 теңге деңгейінде сақталуда. Яғни, пәтер үшін төлемнің орташа сомасы – айына 6 866 теңге. Бірақ қатысушылар жалға берілген үйдің құнын төлемеген. Үйлерді жалға беруге байланысты, оларда меншік құқығы жоқ, сондықтан тұрғындар жылжымайтын мүлікті күтіп ұстауға қаржылық жүктеме алғысы келмейді, - деді ол.

«Нұрлы көш» шағынауданында 1057 адам тұрып жатыр. Барлығы ҚР азаматтары. Оның ішінде жұмыс істейтіндер – 475, жұмыссыздар – 12, сәби күтімі бойынша демалыста – 64, зейнеткерлер – 39, мектеп жасында дейінгі балалар – 191, мектеп жасындағы балалар – 220, студенттер – 50, мүгедектер – 6. Құны өтелмеген үйлердің мәселесін шешу үшін меншік иелеріне экономикалық жағынан тиімді етіп үйді беру ұсынылды. Осы үйлердің сапасы туралы ҚР Парламенті Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы сын пікірін ашық айтты. Тәткеевтің баяндамасын бөлген ол, бұл үйлер арзан құрылыс материаоларынан салынғанын айтты.

Сіз айтып тұрғаан «Красный Ярда» былтыр болды. Шынымен де, жол салыныпты, электр энергиясы тартылған. Бірақ үйлердің сапасы сын көтермейді. Мемлекет бөлген 56 мың долларға сапалы үй тұрғызуға болар еді. Көзбен көргенімді айтайын, бұл үйлердің қабырғалары гипсокартоннан салынған, төбесі өте жұқа, іргетас жоқ. Ондағы тұрғындардың айтуынша, қыстыгүні туыстардың үйлерін жағалап кетуге мәжбүр. Өйткені қыста бұл үйлерде тұру мүмкін емес. Айына арендаға 6 мың теңгеден астам ақша төлеу керек екен, аренда құнын төлеу үшін жағдай жасалуы керек қой. Мен болсам, бір тиын да төлемес едім. Солтүстікте 7-8 ай қыс болады. Олар бұл үйде тұрмайды, өйткені төбеінен су ағады, адам тұру мүмкін еместей қара суық. Сонда қандастар не үшін ақы төлеу керек? Онда мал емес, адам тұрып жатыр ғой, біздің бауырларымыз. Ондай үйлерге мал да қамауға болмайды. Бұл мәселені былтыр Премьер-Министрге жеткіздім. Биыл тағы бардым. Шешіледі, облыс әкімімен сөйлесеміз деді. Меніңше, бұл мәселені шешудің бір-ақ жолы бар – жерді өз меншігіне берсе, өздері-ақ үй салып алуға дайын, - деді Мұрат Бақтиярұлы.

Жер демекші, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы Гүлжаһан Бимендина шетелден оралған қандастарға шаруа немесе фермер қожалығын жүргізу үшін уақытша жер телімдері берілетінін осы отырыста мәлімдеді.

Бимендинаның айтуынша, қандастарға шаруа немесе фермер қожалығын жүргізу үшін 10 жылға жалға беріледі. Олардың шаруа немесе фермер қожалығын немесе ауыл шаруашылығы өндірісіне байланысты өзге де қызметті жүргізу үшін арнайы жер қорынан учаске алуға бірінші кезекте құқығы бар. Бұл ҚР Жер туралы кодекстің 46-бабында қарастырылған. Уақытша берілетін бұл жер учаскелері арнайы жер қорынан, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерден, иммиграциялық жер қорынан және бос жерлерден жүзеге асырылады.

Аталған талаптарды қандастар Қазақстан Республикасының азаматтығын алғанша пайдалана алады. Сонымен бірге, Қазақстан Республикасы жер балансының деректеріне сәйкес 2019 жылғы 1 қарашада 95,7 мың га бос жер тіркелген, оның ішінде ауыл шаруашылығы алқаптары 78,3 мың гектар (егістік – 51,7 га, жайылым – 74,1 мың га, шабындық – 2,1 мың га, тыңайған жерлер – 2 мың га). Ал арнайы жер қоры 37,5 мың гектарды құрайды. Барлық ақпарат жер комитетінің сайтында және жергілікті атқарушы органдардың сайтында көрсетілген, - деді Гүлжаһан Бимендина.

Қоғамдық комиссияның қорытындысы бойынша шетелдегі отандастарды және Қазақстанға ерікті түрде қоныс аударған қандастарды қолдау шаралары бойынша ұсыныстар берілді.

Барлық жаңалықтар