• Басты
  • Ана мен баланы қорғау – мемлекет дамуының кепілі

Ана мен баланы қорғау – мемлекет дамуының кепілі

7 Мамыр, 2021 19:39

Ана мен баланы қорғау кез келген мемлекеттің ішкі саясатының басым бағыты ретінде қарастырылады. Сонымен қоса ана мен баланы қорғау – мемлекеттердің халықаралық ынтымақтастығының да өзекті саласы. Мемлекеттік саясаттың осы бағытының мән-маңызы және осы мәселеге халықаралық қауымдастықтың ерекше назары халықтың репродуктивті деңгейі, мемлекеттің еңбек, зияткерлік әлеуеті, жас ұрпақтың физикалық, рухани және адамгершілік дамуы әйелдер мен балалардың денсаулығы, әлеуметтік жағдайымен тікелей байланысты екендігін көрсетеді.

Ана мен баланы қорғау саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың тиімділігі құқықтық база мен іске асыру механизмдеріне келіп тіреледі. Бүгінгі таңда осы саланы тиімді реттеуге мүмкіндік беретін нормативтік-құқықтық база қалыптасқан. Тарихқа шегініс жасайтын болсақ, ана мен баланы қорғау саласындағы құқықтық база БҰҰ құрылғанға дейін де қалыптаса бастады. Ал, Біріккен Ұлттар Ұйымының құрылуымен бұл мәселе айтарлықтай кең, жаһандық мән берілді. 1948 жылғы қабылданған Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясында «Ана мен бала ерекше қамқорлық пен көмек алуға құқылы» делінген. Халықаралық Еңбек Ұйымының Бас конференциясы 1952 жылы ананы қорғау туралы Конвенцияны қабылдады. Ал 1959 жылы Бала құқықтары жөніндегі арнайы декларация қабылданды. 

1966 жылы экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы халықаралық пактіде физикалық және психикалық денсаулықтың ең жоғары деңгейіне қол жеткізу құқығы танылды. 1981 жылы шыққан «Әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық нысандарын жою туралы» Конвенция қатысушы мемлекеттердің аналарға тиісті медициналық көмек көрсетуін міндеттейді. 1989 жылғы Бала құқықтары туралы Конвенция балалардың денсаулығына кепілдік береді. Мемлекеттер ананы қорғау саласында тиісті қызмет көрсетуге міндеттеледі. Ал, 1990 жылғы Біріккен Ұлттар Ұйымының Балалар жөніндегі дүниежүзілік саммитінде мемлекеттер өздерінің бірлескен мәлімдемелерінде «...әр баланың жарқын болашағына жағдай жасап, әйелдердің құқығы мен балалардың әл-ауқаты арасындағы байланысты мойындайтынын» жариялады. 1993 жылы өткен Біріккен Ұлттар Ұйымының Адам құқықтары жөніндегі комитетінің жиынында ана өлімінің жоғары көрсеткіштері өзекті проблема ретінде айтылды.

1996 жылы БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі комитеті әйел зорлық-зомбылық салдарынан жүкті болып, түсік жасағаны үшін қылмыстық жазаға тартылған жағдайда, оның адамгершілікке жатпайтын және ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттен бас тарту құқығының бұзылуы талқыланды. БҰҰ даму жөніндегі халықаралық конференциясы және Әйелдер жөніндегі төртінші дүниежүзілік конференциясы әйелдердің жүктілік пен босану кезіндегі тиісті медициналық көмек құқығын бекітті. 2000 жылы БҰҰ экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар жөніндегі комитеті «балалар мен аналардың денсаулығын сақтау, жыныстық және репродуктивті денсаулық сақтауды жақсарту» шаралары қажет деп мәлімдеді. Бұл жерде жыныстық және репродуктивті денсаулық жалпы денсаулық құқығының ажырамас элементі ретінде айтылды.

2003 жылы БҰҰ Бала құқықтары жөніндегі комитеті жасөспірім қыздар ерте жүктіліктің салдары туралы ақпарат ала алады және олардың қажеттілігі мен құқығына қарай медициналық қызмет алады деп мәлімдеді. Бұл бағытта АИТВ/ЖИТС жұқтыру, оның алдын-алу мәселелері де қарастырылған. Сонымен қоса БҰҰ заңсыз түсік түсіру салдарынан шұғыл медициналық көмекке жүгінетін әйелдердің қудалануы, жыныстық, отбасылық зорлық-зомбылық мәселелерін тұрақты түрде көтеріп, халықаралық қауымдастықпен талқылап келеді. БҰҰ халықаралық беделді ұйым ретінде осы нормаларды ортаға салып, оны ратификациялаған және қабылдамаған да мемлекеттер бар.

Соңғы отыз жылдағы әлеуметтік-экономикалық прогреске қарамастан, әлемнің әр түкпіріндегі кейбір елді-мекендерде шешім таппаған проблемалар да баршылық. Мәселен, қарапайым медициналық қызмет, алғашқы жедел жәрдем мен дәрі-дәрмек, отбасылық консультация жетіспейді. Осындай алшақтықтың және күнделікті тұрмыстың денсаулыққа қауіп төндіретін себептерінен статистика бойынша күн сайын бес жасқа дейінгі 14 мың бала көз жұмады екен. Емдеуге болады деген босану кезеңіндегі ауырлықтар, пневмония, диарея, малярия және тағы басқа аурулардан да көз жұмып жатқан нәрестелердің қарасы аз емес.

Оңтүстік Африкадағы 10 баланың 4-уінде дұрыс тамақтанбауы және инфекцияларды жұқтыруына байланысты дамуында проблемаларды бар екені анықталған. Күніне 830 әйел жүктілік пен босанудың алдын-алуға болатын себептерінен қайтыс болады. Зерттеулер жүргізілген кейбір аймақтардың клиникаларының жартысында таза су, ал 84 пайызында қарапайым қол жуатын мүмкіншілік жоқ екен. 

Әрбір жүкті әйел баласының сау, жүктіліктің қалыпты болғанын қалайды. Бірақ, дүниежүзіндегі статистика бойынша күн сайын 1500-ге жуық әйел мен жасөспірім қыз жүктілік пен босанудың проблемаларынан қайтыс болады. Жыл сайын 10 миллионға жуық әйел жүктілік кезінде қиыншылықтарға душар болып, соның салдарынан түрлі инфекциямен ауыратын және мүгедектігі бар балаларды тастап кетіп жатады.

Жыл сайын шамамен 3 миллион нәресте өлі күйінде туылады екен, ал 3,7 миллион нәресте (2004 жылғы деректер бойынша) туылғаннан кейін немесе бір айлығында қайтыс болады. Ана денсаулығының нашарлығы, оның ішінде жүктілікке дейін немесе жүктілік кезінде дұрыс емделмей қалған аурулардың болуы жаңа туған нәрестенің өліміне, олардың уақытынан ерте туылуына немесе дене салмағының аз болуына әсер ететін факторлар болып саналады. Бұл болашақта бала денсаулығының басқа да проблемаларына апаруы мүмкін.

Ана мен оның баласы үшін бала туудағы қауіптерді келесідей жағдайларда: 1) әйел жүктілікке дейін дені сау және жақсы тамақтанатын болса; 2) ол әр жүктілік кезеңінде білікті медицина қызметкеріне кемінде төрт рет қаралып отыратын болса 3) оның босануына білікті акушер-маман, дәрігер, медбике көмектессе 4) асқынулар болған жағдайда анасы мен баласы мамандандырылған көмекке бара алса 5) босанғаннан кейін ана мен бала алғашқы 24 сағатта, бірінші аптада және алты аптада тиісті маманға қарала алса төмендетуге болады.

Үкімет әр әйелдің жүктілігі, оның ішінде босануға дейінгі және босанудан кейінгі күтімін қамтамасыз етуге; әйелдің босануына білікті акушерлерді дайындап; олардың денсаулығында проблемалар туындаған жағдайда арнайы күтім мен кеңес беруге; әйелді жұмыс орнында әлеуметтік тұрғыда қорғауға жауапты. Үкіметтердің көпшілігі әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық нысандарын жою туралы конвенцияны ратификациялады. Кейбір елдер ананы қорғау туралы халықаралық келісімдерді ратификациялап, оларды қорғау туралы тиісті заңдар да қабылдады. Әйелдердің құқығын қорғауға арналған халықаралық келісімдерге жүкті әйелдер мен аналарға медициналық қызмет көрсету, жұмыс орнында қорғау туралы заңды міндеттемелер кіреді.

Көптеген әйелдер, соның ішінде отбасын құру алдындағы жастар кедейлік, орталықтан қашықта тұру, ақпараттың жетіспеушілігі, тиісті қызметтердің көрсетілмеуі немесе қалыптасқан қоғамдық әдет-ғұрып салдарынан сапалы медициналық көмек ала алмай жатады. Үкіметтер мен жергілікті атқарушы органдар үкіметтік емес және қоғамдық ұйымдардың қолдауымен әйелдердің сапалы медициналық көмек алуын және жаңа туған нәрестелерінің медициналық көмек алу құқығын қамтамасыз етуге жауапты болып саналады. 

Былтыр басталған Covid-19 пандемиясы да қоғамның басқа санатындағы адамдар сияқты ана мен баланың денсаулығы, білім алуы мен әлеуметтік, қауіпсіздік мәселелерін алға шығарды. Pew Research Center-дің өткен жылдың қазан айында жүргізген сауалнамасына сәйкес көп уақыт үйден жұмыс істеген ата-аналардың ішінде бала күтімінің міндеттері әкелерге қарағанда аналарға жүктелген(36% және 16%). Үйден жұмыс істеп, 12 жасқа дейінгі балаларына қарайтын аналар әкелерге қарағанда жиі кездеседі (57% - дан 47% - ға дейін), коронавирустың өршуі кезеңіндегі бала күтімі көптеген әйелдерге ауыртпашылықты арттырған. Бұл зерттеуге сәйкес пандемияға дейін де отбасы мен жұмыстың шаруаларын қатар алып жүретін әйелдер әдетте бірқатар қиыншылықтарға тап болады екен. 2019 жылдың жазында жүргізілген сауалнамада жұмыс істейтін аналар (50%) жұмыс істейтін әкелерге қарағанда (39%) мансаптық өсуі қиын деп жауап берген. Сондай-ақ, жұмыс істейтін аналар әкелерге қарағанда жұмыс уақытын қысқартуға, сұрануға мәжбүр болғанын айтады. Пандемия проблемалары үй міндеттері мен ерлі-зайыптылар арасындағы міндеттерді бөлу мәселелерін көтерді, әсіресе көптеген мектептер мен күндізгі емдеу орталықтары жабық болған уақытта бұл жиі кездесті.

COVID-19 пандемиясы кезеңінде мектептер мен орталықтар жабылып, көптеген жұмыс істейтін ата-аналар үйде мұғалім мен тәрбиешінің қызметін қатар атқаруға мәжбүр болды. АҚШ ЖОО ғалымдарының зерттеуінше 2,5 миллион әйел жұмысынан айрылып, балалардың білімі мен отбасы мәселесі өзекті бола түскен. Олардың талдауы көрсеткендей, бала күтімі мен мектеп сабақтарына көмектесу үшін жауапты аналардың пайызы 2020 жылдың мамыр-қазан айларында 33%-дан 45%-ға дейін өскен. Қатаң карантин шектеулері алынған соң мектеп оқушыларының психикалық денсаулығы, қатарластарымен қарым-қатынасы, оқудағы олқылықтармен жұмыс істеу қажет болады.


18-75 жастағы әйелдер арасында психологиялық және экономикалық зорлық-зомбылықтың таралуы 

Жалпы алғанда әлемнің алдыңғы қатарлы мемлекеттерінде, Орталық Азия аумағында және Қазақстанда да ана мен баланы қорғау саласында реформалар кезең-кезеңімен іске асырылып келеді. 2020 жылғы қыркүйектегі Жолдауында ҚР Президенті Қ.Тоқаев отбасылық-демографиялық ахуал алаңдаушылық тудырып отырғанын айтты. Отбасылардың бала сүйе алмауы, ажырасу санының артып кетуі, толық емес отбасы, некесіз бала туу, балалардың қауіпсіздігі мен құқығын қорғау мәселесі әлі де өзекті. Президент бала­ларға қатысты жыныстық әре­кеті үшін қылмыстық жазаны қатаң қылуды тапсырды. Сонымен қоса әлеуметтік саясаттың жаңа парадигмасы керек екенін алға қойды. 2020 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша елімізде 37,5 мың адам 14,7 млрд теңге сомасында жүктілік пен босануға байланысты табысынан айырылған жағдайда төлем алды. Мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналар мен қамқоршыларға берілетін жәрдемақы мөлшері 2020 жылы 43 657 теңгені құрады. 2020 жылы «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған көпбалалы аналарға жәрдемақы төлеуге 47,5 млрд теңге бөлінді. 2020 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша республикалық бюджеттен декрет демалысындағы жұмыс істейтін әйелдердің міндетті зейнетақы жарналарын субсидиялауға 434,4 млн теңге аударылған. Елімізде гендерлік стратегия, жүктілік пен босану, еңбек демалысына әлеуметтік қолдау, медициналық-әлеуметтік, құқықтық және әлеуметтік-психологиялық қызмет, тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес, отбасын қолдау және дағдарыс орталықтары, «Мерейлі отбасы» сияқты бағдарламалар іске асырылуда.
Ана мен баланы қорғаудың заңнамалық негіздері көптеген мемлекеттердің Конституцияларында, арнайы қабылданған Еңбек кодексі, Отбасы кодекстерінде, сондай-ақ бірқатар заңдарда, атап айтқанда, «Денсаулық сақтау туралы», «Бала құқықтарының кепілдіктері туралы» Заңдарда және өзге де заңнамалық актілерде көрсетілген. Ана мен баланың құқығын қорғау, әлеуметтік және денсаулық жағдайын жасау туралы түрлі қорлар, кеңестер мен қозғалыстар, қоғамдық ұйымдар жұмыс істейді. Соңғы уақытта қабылданып жатқан шаралардың нәтижесінде көптеген елдерде  өмір сүрудің орташа жасы өсіп, аналар мен балалар арасындағы өлім-жітім көрсеткіштері төмендеп, Covid-19 есептемегенде санитарлық-эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтылығы, аурулардың алдын алу және тиімді емдеу шараларымен қамтамасыз етіліп келді. Денсаулық сақтау жүйесін реформалау шеңберінде аналар мен балалардың денсаулығын қорғаудың ұлттық моделдері қалыптасты, оның жоғары тиімділігін түрлі елдердің сарапшылары атап өтуде. Осылайша, Ана мен бала құқықтарын қорғау жөніндегі кешенді іс-шаралар ел тұрақтылығының негізін қалайды, отбасылық дәстүрді сақтауға бағытталған шаралар жалпы қоғамның дамуына оң әсер етеді.

Барлық жаңалықтар