Алтын Орда тарихы неге зерттелмеді

6 Мамыр, 2021 14:01

Үш ғасырға жуық Еуразия құрлығының басым бөлігінде өмір сүрген, қазақ тарихымен тығыз байланысты Алтын Орда империясы туралы Кеңес үкіметі тұсында айтуға тыйым салынды. Соның салдарынан құнды тарихи деректер жоғалды. Алтын Орданың зерттелуі туралы тарихшы, философия ғылымдарының PhD докторы Жақсылық Сәбитов Strategy2050.kz тілшісіне берген сұхбатында айтып берді.


Жақсылық Мұратұлы, 750 жылдық тарихы бар «Алтын орданы» зерттеу қашан басталды?

Алтын Орданы зерттеу ХІХ ғасырда басталды. Алғашқылардың бірі болып ғалым Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов зерттеген. Шоқан Уәлихановтың Алтын Орда тарихын жазудағы үлесі зор. Ол ресейлік ғалымдардың қателерін ашық айта алған. Оның көптеген тезистері қазіргі уақытта өте өзекті. Мәселен, тарихта Ақ орданы мемлекет деп жазған. Алайда, Шоқан Уәлиханов оның мемлекет емес, резиденция екенін жазған. Бұл факт қазір дәлелденді. Шоқан Уәлиханов қазақстан шыққан ең алғашқы Алтын Орданы зерттеген ғалым. ХХ ғасырдың басында М.Тынышбаев, Чернышев сияқты ғалымдар зерттеді. Әсіресе, қазақ хандығы туралы жазатын кезде олар Алтын Орданың тарихынан бастаған.

Біз сол «Алтын Орданың» тікелей ұрпағы болып табыламыз ба?

Ресейлік және қазақстандық ғалымдар қазақтар Алтын орданың тікелей ұрпағы деп санаған. Бұл тіпті қызу талқыға түспейтін тақырып болған. Алайда, 1944 жылы идеологиялық бетбұрыстар басталды. Сол кезден бастап Алтын Орда жайлы зерттеулер шығаруға тыйым салынған. Алтын Ордаға қатысты тың деректер Кеңес Үкімет тұсында жоғалды.

Не себепті Кеңес билігі Алтын Орда туралы айтуға тыйым салды?

Оған дейін 1927 жылдар Қаныш Сәтбаев бұл тақырып туралы зерттеулерін жарыққа шығарып, «Ер Едіге» туралы кітап шығарды. Ол 20 жасында әлі ғалым болмай тұрып осы кітапты шығарған еді. Сәтбаев Едіге әңгімесінің бір шеті Алтайды, бір шеті Қырымды мекендейтін түркі нәсілдестердің барлығында айтылатындығын ескертіп, бұл кітаптың 1842 жылы Шыңғыс Уәлиханов пен баласы Шоқанның қыпшақ Арыстанбай мен Жұмағұлдың аузынан хатқа түсіріліп, 1905 жылы Санкт Петербургте П.М. Мелиоранскийдің кітап етіп шығартқан нұсқасын Қаржас Қопабай дейтін ақсақалдың айтуындағы жырмен салыстырып, бірсыпыра қазақшаланған түрі екендігін айтқан. 30-жылдары бұл тақырып халық аузында көп айтылды. 1944 жылы Әлкей Марғұлан «Едіге» монографиясын шығарды. Бірақ осы жылдары идеологиялық түсініктер өзгеріп, Кеңес билігі Алтын Орданы зерттеуге, оны қуатты ірі мемлекет болған деп жазып-айтуға қарсылық білдірді. Кеңес билігі Алтын Орданы патшалық Ресейдің жауы деп таныған. Алтын Орданың қаһарман батыры Едіге туралы айтуға тыйым салынды. Едігені зерттеуге тыйым салынып, оның бейнесі «Қазақ халқының ата-бабаларының есімдері тізбегінен» сызып тасталды. Ал Алтын орда «қазақтардың ата-бабаларының (қыпшақтар) жерін жаулап алған жат мемлекет» деп жазылды.

Әлкей Марғұланның монографиясы осы күнге жетті ме?

Жоқ, Әлкей Марғұланға қысым көрсетіліп, ол өзінің осы тақырыптағы монографиясының көзін құртуға мәжбүр болды. Қазір Марғұланның кітабының түпнұсқасы сақталмаған. Сөйтіп, Әлкей Марғұлан Алтын Орда және қазақ ауыз әдебиетін зерттеуден қауіпсіздеу археология саласына кетіп құтылды. Әлкей Марғұлан қудалануға дейін-ақ Едіге туралы: «Едіге — Алтын Орда дәуіріндегі ең ерекше тұлғалардың бірі. Едіге бүкіл өмірін Отанына арнаған. Сондықтан оның есімі қанша ғасыр өтсе де, ұмытылмай келеді», — деп жазған болатын. Осы оқиғадан кейін жарты ғасыр бойы қазақтар Алтын орда туралы зерттей алмады.

Ал Кеңес үкіметі ыдырағаннан кейін зерттеулер басталды ма?

Одан кейін Алтын Орданың қайта зерттелуіне үлкен үлес қосқан тарихшы Вениамин Петрович Юдин еді. Ол қазақ хандығы туралы жазбалардың түпнұсқаларын орыс тіліне аударған. Өзінің пікірін білдіріп, қосымша деректермен толықтырған. Кезінде Шоқан Уәлиханов жазып кеткен очерктерді толықтырды деп айтуға болады. Кеңес үкіметі құлдыраған соң да біршама зерттеулер болды. Алайда, қызығушылық қатты болды деп айта алмаймын. Бұл тақырыпта диссертация қорғағандар Алтын Орданы қазақ тарихынан емес, дүние жүзі тарихының тақырыбы етіп алған. 2013 жылдан бастап Алтын Орда туралы жиі айтыла бастады. Тіпті саяси трибунадағы шенеуніктер бұл тақырыптың маңызды екенін, зерттелу керектігін айтып жүр. Алтын Орданың тарихы қазақ экономикасының бастауы деп түсіндіров. Өткен жылы Алтын Орданың 750 жылдығы атап өтілді. Алдағы уақытта бұл тақрыпты зерттейтін тарихшы ғалымдар қатары көбейеді деп сенемін.

Тәуелсіздік алғаннан кейін Алтын Орда қалай зерттеліп жатыр?

Тәуелсіздік алған жылдары көптеген жұмыстар атқарылды. Алтын Орданы ақтауға 2013-2014 жылдары Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев пен Мұрат Мұханбетқазыұлы Тәжин «Қазақ хандығы Алтын Орданың заңды мұрагерлерінің бірі» деген бекем тезисті айтуы нүкте қойды. Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2019 жылғы Жолдауы «Қазақстанның ұлттық тарихының» жаңа парадигмасын қалыптастыруға тың серпін бере отырып, осы тақырыптың өзектілігін арттыра түсті.Аудармалар жасалды. 80-жылдары жазылған кітаптар тәуелсіздік алғаннан кейін баспадан шығарыла бастады. Соңғы он жылда біздің Алтын Орда туралы біліміміз толығып жатыр. 2010 жылдан бастап бұл тақырыпты ғылыми тұрғыда зерттеп жатқандар көбейді. Алдағы уақытта Алтын ордаға қатысты жаңа тарихи деректер шығып қалуы мүмкін.

Әңгімелескеніңізге рақмет, Жақсылық Мұратұлы!


Барлық жаңалықтар