• Басты
  • Алматылықтарды дәрі-дәрмекпен қамтуға қанша қаражат бөлінді

Алматылықтарды дәрі-дәрмекпен қамтуға қанша қаражат бөлінді

27 Тамыз, 2020 16:39

Алматы қаласының тұрғындарын дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін 10 млрд теңге қаражат бөлінді. Бұл жөнінде Алматы қаласы кәсіпкерлік және инвестициялар Басқарма басшысының орынбасары Қарлығаш Әбдіжаббарова оңтүстік астананы дәрілік заттармен қамтамасыз ету және маусымдық сырқаттанушылықты ескере отырып резерв қалыптастыру туралы өткен баспасөз мәжілісінде айтты, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

Басқарма басшысының орынбасарының айтуынша, Алматы қаласының халқын дәрі-дәрмектермен және медициналық бұйымдармен үздіксіз қамтамасыз ету мәселесі басым бағыт болып отыр. Бұл мәселе әкімдіктің тұрақты бақылауында. Қазіргі таңда жұмыс екі бағыт бойынша жүзеге асуда:

1.    Дәріханалардың бөлшек сауда желілерін қамтамасыз ету

2.    Қаланың медициналық ұйымдарын жабдықтау

«Коронавирус өршіген және нарықта дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдардың кейбір түрлеріне сұраныс жоғары болып тұрған кезде қала әкімдігі қала дәріханаларының бөлшек сауда желілеріне дәрі-дәрмектің үздіксіз жеткізілуін шешу үшін, сонымен қатар дәрі-дәрмектермен, жеке қорғаныс құралдарымен, тамақтану, медициналық техникаларды жөндеу мәселесін шеші үшін Жедел штаб құрылды. Қазіргі таңда штаб жұмыс істеп жатыр», - деді Қарлығаш Әбдіжаббарова.

Оның сөзіне сенсек, әкімдік, жеткізушілер мен дәріханалар арасында келісімге қол қойылып, бірқатар дәріхананың тізімі анықталған. Оларға әлеуметтік маңызы бар дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың 69 атауы жеткізілетін болады. Дәріханалардың саны 105-тен 374-ке жеткізілген. Бұл оның пайымынша, дәрі-дәрмектерді жеткізуді, олардың бағасы мен сатылуын реттеуге мүмкіндік бермек. деді брифингте Алматы қаласы кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы басшысының орынбасары Қарлығаш Әбдіжаббарова.

Дәріханаларда қалған дәрілер мен күнделікті дәрінің сатылуына күн сайын мониторинг жасалып отырады. Бұл 22 атау бойынша жүзеге асырылады, олардың қатарында ыстықты түсіретін дәрілер, антибиотиктер, антикоагулянттар мен бір реттік медициналық маскалар бар.

 

Жедел желі жұмыс істейді

Бұдан бөлек ол қала дәріханаларында дәрі-дәрмектің бар екендігін хабарлау, қала тұрғындарының дәрі туралы өтініштерін қабылдау, дәрілерді жеткізу туралы дәріханалардың сұранымдары жөнінде қала тұрғындарына  ақпарат беру мақсатында Жедел желі жұмыс істейді. Азаматтардың 8-775-882-5602, 8-775-882-5672 нөмірлеріне сағат 9.00-18.00 аралығында хбарласуға мүмкіндігі бар.

«Биыл 13 шілдеден бастап  жедел желі қызметін пайдалану арқылы 4971 адам қажетті дәрілік заттарын тапты. Егер шілденің бірінші жартысында 1,1 мың өтініш болса, 26 тамызда 12 қоңырау мен 5 жазбаша өтініш келіп түсті. Яғни дәрі-дәрмектерге сұраныстың бірнеше есе төмендеуі байқалып отыр. Бұл жақсы көрсеткіш», - деді Қарлығаш Әбдіжаббарова.

Бұдан бөлек басқарма басшысының орынбасары Алматы қаласында әлеуметтік маңызы бар дәрі-дәрмектер қорын 2021 жылдың ақпанына дейін жететіндей етіп қамтылатынын атап өтті. Қазір қоймаларда 5,9 миллион бума дәрі-дәрмек қоры бар. Серіктес дәріханаларда - 69 препарат пен медициналық бұйымның 1 млн астам орамасы бар. Аса үлкен сұранысқа ие дәрілік заттар бойынша тапшылық жоқ.

 

Әлеуметтік маңызы бар дәрі-дәрмектер қоры құрылды

Сондай-ақ ол Алматы қаласы әкімдігі күзгі-қысқы маусымда халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін, яғни қала деңгейіндегі аурудың таралуын болдырмау мақсатында әлеуметтік маңызы бар дәрі-дәрмектер қорын құрды.

Осы мақсатта жергілікті бюджеттен 10 миллиард теңге көлемінде қаражат бөлінді, бұл 2021 жылдың ақпанына дейін өнімнің 69 түрінен қажеттісін қалыптастыруға мүмкіндік бермек.

«Бұл қордың басты міндеті - жеке дәріхана желілері мен стационарлық емдеу мекемелерін әлеуметтік маңызы бар дәрі-дәрмектермен үздіксіз қамтамасыз ету», - деді Қарлығаш Әбдіжаббарова.

Қарлығаш Әбдіжаббарованың айтуынша, тұрақтандыру қоры аясында стационарлық емдеу мекемелерін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге 5 миллиард теңге қарастырылған, оның 2,9 миллиард теңгесі инфекциялық және диспансерлік ауруханаларға дәрі-дәрмек сатып алуға, 893 миллион теңгесі емханалар желісін қамтуға жұмсалады. Бұл Міндетті сақтандыру қорының белгілеген тарифі.

Қалған 1,2 миллиард теңге медициналық қызметкерлерге арналған жеке қорғаныс құралдары мен басқа да қажетті стационарлық дәрі-дәрмектердің қоры қалыптастыруға жұмсалады. Бұл қордағы дәрі-дәрмек «СК-Фармация» ЖШС-ның дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ете алмаған жағдайда жұқпалы ауруларға арналған ауруханаларға және стационарлық ауруханаларға тез арада жеткізу үшін қолданылатын болады. Қахіргі таңда Қарлығаш Әбдіжаббарованың айтуынша, қажетті дәрі-дәрмектердің, жеке қорғану құралдарының тізбесі мен көлемі анықталған.

Фото: ашық дереккөз

Барлық жаңалықтар