• Басты
  • Алматыдағы эпиджағдай: Тұрақтандыру қорында 8 млн дәрі-дәрмек бар, 3 көпсалалы клиника салынбақ

Алматыдағы эпиджағдай: Тұрақтандыру қорында 8 млн дәрі-дәрмек бар, 3 көпсалалы клиника салынбақ

7 Желтоқсан, 2020 13:44

Бүгін елордадағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәжілісінде Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев шаһардың 10 айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы мен мемлекет басшысының коронавирус пандемиясына қарсы шараларды еңсеру бойынша қойылған міндеттерді жүзеге асыру барысы жөнінде баян етті. Сонымен қоса, қала әкімі шаһардағы эпиджағдайға тоқталып, қаланы дамыту бағытындағы жоспарларымен бөлісті. Толығырақ Strategy2050.kz тілшісінің материалында.

Алматыдағы эпиджағдай

Қала басшысының мәліметінше, бюджеттің шығыс бөлігі қайта қаралған, өйткені конференциялар, дөңгелек үстелдер, салтанатты, мәдени, имиджді сияқты бұқаралық шаралар барынша азайды. Нәтижесінде, бюджет 30,8 млрд теңгеге оңтайландырылып, үнемделген қаржы эпидемияға қарсы күреске жұмсалған.

Қазіргі таңда пандемияның жаңа толқынына қуаттылығы 7011 төсек-орын болатын 23 ковидтік стационар дайындалған, және оның ішінде 250 жансақтау бөлімі барын айта кеткен жөн. Оның дерегінше, барлық клиника үш эшелонға бөлінген. Бұлардан өзге, санаторийлерде, пансионаттарда және қонақ үйлерде 1000-ға жуық карантин шараларына арналған орын резервте тұр.

Сонымен қоса Бақытжан Сағынтаев Алматыда пандемия кезінде үш жаңа инфекциялық стационар салынғанын еске салды. Оның екеуі - модульдік клиника және РВ-90 госпиталі. Ал, жеке инвестиция есебінен екі клиника жөндеуден өткен. Таяудағы бес жылда Самұрық-Қазына» АҚ қатысуымен үш көпсалалы клиника салуды жоспарланған.

«Клиникалардың материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында өткен жылы медицина ұйымдарын медициналық жабдықтармен модернизациялаудың үш жылдық бағдарламасы қабылданды. Осыған орай, биыл 74 стационар мен емханаға 4197 бірлік жабдық сатып алынды, оның ішінде 48 УЗИ аппараты, 31 рентген, 236 ӨЖЖ, 4 КТ және МРТ аппараттары бар. Жедел жәрдемнің 35 жаңа көлігі сатып алынды. 16 желтоқсанға дейін тағы 50 жаңа көлік келеді. Ал, 2021 жылдың басында тағы 50 жаңа көлік аламыз», - деді ол.

Дәрі-дәрмекті тұрақтандыру қорына 10 млрд теңге бөлінді

Бұған дейін дәрі-дәрмек препараттарының Тұрақтандыру қоры құрылған болатын. Оған 10 млрд теңге бөлінген, атап айтқанда, 5 млрд теңге - ауруханалар мен емханаларды дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етуге, ал 5 млрд теңге – дәріханаларға жұмсалған. Дәрі-дәрмектердің 68 атауы бойынша 8 млн азаймайтын қоры құрылып, сонымен қатар екі айға жеткілікті ЖҚЗ қоры бар. Бұдан өзге қуаты 982 мың бірлікті құрайтын медициналық маска өндірісі ретке қойылған.

Оның айтуынша, Алматы әкімдігі іске асыратын дағдарысқа қарсы шаралар кешені жұмыс орындары мен азаматтардың табыс көзін сақтауға, ШОБ қолдауға, өндірістегі жаңа тапсырыстарды ынталандыруға бағытталған. 1 желтоқсандағы жағдай бойынша, 77,6 мың жаңа жұмыс орны, оның ішінде 36,9 мың тұрақты жұмыс орны құрылған. Ал кәсіпкерлік субъектілері 29,8 мың жұмыс орнын ашқан.

Шаһар басшысының мәліметінше, 2020 жылы барлығы 2 млн 396 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген.

-        «Нұрлы Жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 5 206 пәтер пайдалануға беріледі

-        «7-20-25» жеңілдікпен ипотекалық кредит беру бағдарламасы арқылы 5 605 пәтер (76,5 млрд теңге) немесе республика бойынша әрбір 5-ші өтінім мақұлданған

-        «Шаңырақ» жеңілдетілген кредит беру бағдарламасы қолға алынған

-        «Алматы Жастары» жеңілдікпен ипотекалық кредит беру жөніндегі қалалық бағдарлама бойынша 1 мың жас отбасы бастапқы және екінші нарықта пәтер ала алады

ШОБ-ты қолдау

Қала әкімінің сөзінше, осы жылдың басында шағын және орта бизнесті қолдау мен дамытудың «Almaty Business-2025» өңірлік бағдарламасы іске қосылған. Осы бағдарлама аясында өткен жылдың соңында «Almaty Finance» және «Алматы» микроқаржы ұйымы» құрылған институттары жұмыс істеп жатыр. Олар қолданыстағы бизнесті және стартап жобаларды жеңілдетілген несиемен қаржыландырады. Бұл мақсаттарға 12,2 млрд теңге бөлінді. Бүгінде 8,3 млрд теңгеге 84 жоба қаржыландырылған.

Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету

Бақытжан Сағынтаевтың мәліметінше, Тұрақтандыру қорын толықтыруға жергілікті бюджеттен 7 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген. 44,6 мың тонна әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 16 түрін желілік маркеттерге жеткізілген. Жылдың басынан бері Алматыда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 19 түрінің 7-еуі бойынша баға индексі 100%-дан төмен болған. 

Халықтың осал топтарын қолдау шаралары

Сонымен қоса, оның сөзінше, халықтың осал топтарын қолдау үшін арнайы шаралар пакеті қабылданған.

««Іскер Ана» бағдарламасы іске асырылуда, онда аудандық «Бақытты отбасы» орталықтарының базасында «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында кәсіпкерлік негіздеріне оқытады. Көп балалы отбасылардан 888 адам 555 мың теңгеге дейін гранттар алды. Сонымен қатар, 406 млн теңге сомасына 203 көпбалалы ана 5 млн теңгеге дейінгі гранттар алды. Бүгінгі таңда көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың мектеп жасындағы балалары компьютерлік техникамен толық қамтамасыз етілді», - деді қала әкімі.

Барлық жаңалықтар