Алматыда мүмкіндігі шектеулі адамдарға қандай көмек көрсетіледі

31 Тамыз, 2021 16:07

Бүгін Алматы өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз мәжілісінде Алматы қалалық Әлеуметтік әл-ауқат басқармасының басшысы Назира Тоғызбаева халықтың осал топтарын әлеуметтік қолдау және өз кәсібін ашу үшін мемлекеттен берілетін көмек туралы айтып берді. Оның дерегінше, Алматыда биыл мемлекеттік бағдарлама аясында өз кәсібін ашу үшін 757 адам 583 мың теңге көлемінде грант алған.Сондай-ақ, 132 мың адам әлеуметтік көмек алған. Толығырақ Strategy2050.kz тілшісінің материалынан оқи аласыз.

«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында әлеуметтік қолдау

Алматы қалалық Әлеуметтік әл-ауқат басқармасының басшысы Назира Тоғызбаеваның мәліметінше, 2021 жылы Алматы қаласының халықтың осал топтарын әлеуметтік қолдауға 30 миллиардтан астам теңге бөлінген. Қазіргі таңда оның 14 миллиард теңгесі жұмсалған. Сондай-ақ, жыл басынан бері 132 мың тұрғын әлеуметтік қолдау алған.

Оның сөзінше, ол көмек «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында көрсетіледі, яғни аз қамтылған азаматтарға, мүгедектерге қолдау көрсетіліледі.

«Әлеуметтік жобалар іске асырылуда және еңбек қатынастары саласында мемлекеттік бақылау жүргізілуде. «Еңбек» бағдарламасы аясында жыл соңына дейін 13,8 млрд бөлінді. Бұл қаражат 24 мыңнан астам адамға жетуге көмектеседі», - деді Назира Тоғызбаева.

Оның дерегінше, биылғы жылдың 7 айында жұмыспен қамту орталығына 27 мың адам жүгінген. Оның ішінде, 19 700 адам жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету бойынша белсенді шараларға тартылған.

«17 900 адам жұмысқа орналастырылды. Тұрақты жұмыспен қамтылғандардың ішінде мегаполистің 8 700 тұрғыны бар, тағы 9 200 адам уақытша жұмыспен қамтылды, 1 100 адам қазір әлеуметтік жұмыс орындарында жұмыс істейді», - деді басқарма басшысы.

Сонымен қатар, 1 500 үміткер жастар практикасына жіберілген.Оның мәлімдеуінше, алдағы уақытта білім беру ұйымдарының тағы 800 түлегін жұмысқа орналастыру жоспарланып отыр.Сондай-ақ, 6 600 адам қоғамдық жұмыстарға жіберілген.

Қысқа мерзімді курстар арқылы қала тұрғындарын мамандандыру

Назира Тоғызбаева жиында қысқа мерзімді курстар біліктілігін жоғалтқан немесе мамандығын өзгерткісі келетіндерге арналғандығын атап өтті. Оның дерегінше, Алматының 34 оқу орнында 41 мамандық бойынша 1 мыңнан астам адам оқиды. Сондай-ақ, еңбек нарығында жас түлектердің бәсекеге қабілеттілік деңгейі төмендігін жеткізді.

«Қалада жастарға қажетті жұмыс дағдыларын алуға және жұмысқа бейімделуге көмектесуге бағытталған бірінші жұмыс жобасы іске қосылды. Жоба аясында жұмысқа орналасу жоспарланған 212 адамның 116-сы жұмыспен қамтылған», - деді басқарма басшысы.

«Enbek.kz» электронды еңбек биржасы порталы

Оның мәлімдеуінше, қала тұрғындары мен өтініш берушілер жұмысқа орналасу үшін Алматы қаласының жұмыспен қамту орталығымен байланыса алады. Сондай-ақ, enbek.kz электронды еңбек биржасы порталындағы бос орындар тізімімен таныса алады.

Басқарма басшысының дерегінше, осы жылы 757 алматылық 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде грантқа ие болған екен. Сондай-ақ, өз бизнесін жүзеге асыруға 583 мың теңге алған.

«Кәсіпкер болғысы келетіндер негізінен тігін, аспаздық, маникюр, шаштараз және басқа да қызметтер бойынша жеке істерін аша алады», - деді Назира Тоғызбаева.

АӘК алушылары кімдер

Әлеуметтік әл-ауқат басқармасының басшысы Назира Тоғызбаеваның мәлімдеуінше, Алматыда 2021 жылдың 7 айында 55 мың адам әлеуметтік төлемнің 17 түрімен қамтылған. Соның ішінде қолдаудың бір түрі – атаулы әлеуметтік көмек екенін атап өтті. Оның сөзінше, атаулы әлеуметтік көмек отбасының әр мүшесіне шаққандағы табыс ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ынан (27 112 теңге) аспайтын отбасыларға төленеді.

Ол АӘК-тің негізгі алушылары – балалы отбасылар, жалақысы төмен жұмыс істейтін азаматтар, зейнеткерлерге, мүгедектерге және басқа да мұқтаж жандарға қарайтын отбасылар екенін жеткізді. АӘК міндеті – жұмысқа орналасу және қиын өмірлік жағдайдан шығу. Сондықтан олар жұмыспен қамту орталығына жіберіледі, бұл олардың материалдық жағдайын жақсартуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Басқарма басшысының дерегінше, 2021 жылдың 7 айында АӘК Алматы қаласының 22,7 мың аз қамтылған азаматтарына 1,1 млрд теңге көлемінде көмек көрсетілген. Мәселен, 2020 жылдан бастап 1 жастан 6 жасқа дейінгі балалары бар АӘК алушыларға гигиеналық құралдар, тұрмыстық химия мен балалар тағамдары кіретін кепілдендірілген әлеуметтік пакет беріледі екен. Сондай-ақ, жоба «Magnum» сауда желілері арқылы жүзеге асатынын айтып өтті.

«Келісімшарт сомасы 8 656 баланы қамтамасыз ету үшін 607 млн теңгені құрайды. Бүгінде 5,5 мың бала қамтамасыз етілді», - деді ол.

Назира Тоғызбаеваның мәлімедеуінше, АӘК алушыларына сондай-ақ, теледидар мен газ жабдығы беріледі. Оған қоса, 27 мың адамға 1,8 млрд теңгеге әлеуметтік төлемнің басқа түрлері ұсынылады екен.

Оның сайтуынша, әлеуметтік әл-ауқат басқармасы аз қамтылған отбасыларға, көпбалалы отбасыларға, жалғызбасты зейнеткерлерге, мүгедек балалары бар отбасыларға қайырымдылық көмек көрсету үшін демеушілермен, меценаттармен және жұртшылықпен белсенді жұмыс жасайды.

«Жыл басынан бері 127 867 отбасы қайырымдылық көмекпен қамтылды, оларға киім, аяқ киім, тұрмыстық техника, ыстық тамақ, мүгедек арбалары, спорт клубтарына жазылу және тағы басқалар берілді», - деді Назира Тоғызбаева.

Жиында басқарма басшысы мұқтаж жандарға көмек көрсеткені үшін алматылық кәсіпорындар мен ұйымдарға алғысын білдірді. Олардың ішінде: «Алматы SOS» қоғамдық қоры, «Еріктілер лигасы», «ProPlastik» ЖШС, «Лига добра» ЖҰ, «Истоки Добра» ҚҚ, «Халық» ҚҚ, «Turkuaz» ЖШС, «Tema Retail» ЖШС бар.

Басқарма басшысының мәліметінше, Алматыда қазіргі таңда 53,7 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі адам тұрады. Оның сөзінше, оңалтудың жеке бағдарламасы бойынша олардың барлығы оңалту мен әлеуметтік қызметтерге техникалық құралдармен ақысыз қамтамасыз етілген.

«Бұл мақсаттарға 5,6 млрд теңге қарастырылған. 17 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі жандар қозғалыс құрылғылары – сурдо және тифло-техникалармен қамтамасыз етілген», - деді Назира Тоғызбаева.

Оның сөзінше, биыл әлеуметтік қызметтер порталы енгізілгенін атап өтіп, мүгедектер республика бойынша жеткізушілерден қажетті тауарлар мен қызметтер түрін өз бетінше таңдай алады. Сондай-ақ, мүгедектердің тілектеріне сәйкес, қымбат тұратын тауарларды таңдағанда қосымша төлем жасау функциясы бар техникалық құралдардың белгіленген құнын өтеу механизмі қарастырылған.

«Жыл басынан бері 16 800 мүгедекке оңалту, қозғалыс құралдары, тифло-сурдо ехникалық құралдар мен гигиеналық құралдар берілді. 5 мың мүгедек оңалту қызметімен қамтылды. Олар ымдау тілі мамандарымен, жеке көмекшілермен қамтамасыз етілген, сонымен қатар курорттық емделуге жіберілді»,-деді басқарма басшысы.

«Инватакси» көлігінің ақысыз қызметі

Сонымен қатар оның айтуынша, қозғалуы қиын мүгедектер мен мүгедек балаларға «Инватакси» көлігінің ақысыз қызметі ұсынылады. Бұл қызметті ай сайын 1 500 мүгедек пен 357 мүмкіндігі шектеулі бала пайдаланады. Сондай-ақ, Алматыда «Оңай» жүйесі орнатылған 39 «Инватакси» автокөлігі бар.

Назира Тоғызбаева қалада мүгедектердің әлеуметтік инфрақұрылымға қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша, оның ішінде нысандарды сертификаттау мен бейімдеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтып өтті. Оның дерегінше, 2021 жылы 180 объект сертификатталып, 150 объект бейімделген. Сонымен қатар, ол «TenQogam» әлеуметтік қолдау орталығы туралы айтып өтті. Бұл орталық мамандары құқықтық, психологиялық қызмет көрсетеді және әлеуметтік, педагогикалық және тәрбиелік мәселелерді шешуге көмектесіп тренингтер мен вебинарлар өткізеді екен.

«Тәуелсіз өмір мектебі» жобасы

Оның айтуынша, Мүгедектікке байланысты қорқыныш пен белгісіздікті жоюға бағытталған «Тәуелсіз өмір мектебі» жобасын іске асыру жалғасуда. Олар өзін-өзі бағалауды арттыруға және қажетті дағдыларды қалыптастыруға көмектеседі.

Оның дерегінше, биыл ерекше қажеттіліктері бар 80 азамат 6 жаттықтырушымен бір апталық курстан өткен. Курстар аяқталғаннан кейін кеңсе базасында 21 күндік шеберлік сабақтары жалғасуда.

«Жан Сая» дағдарыс орталығы

«Мектептің ерекшелігі, мұндағы жаттықтырушылар – түрлі проблемаларды жеңген мүмкіндігі шектеулі жандар. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен алматылық әйелдер «Жан Сая» дағдарыс орталығына хабарласа алады»,-деді басқарма басшысы.

Оның сөзінше, «Жан Сая» дағдарыс орталығы қалада 2017 жылдан бері жұмыс жасап келе жатыр. Биыл оған 75 әйел мен 157 бала өтініш берген. «Жан Сая» отбасылық зорлық-зомбылық құрбандары үшін арнайы жасалған. Мәселен, мұнда зардап шеккендерге баспана, құқықтық, психологиялық және әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Орталық балаларға арналған түрлі іс-шаралар өткізеді және «150» сенім телефоны бар.

Сонымен қатар, Алматыда тұрақты тұратын жері жоқ адамдар үшін құрылған «Пана» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді. Жыл басынан бері 466 өтініш берушіге көмек көрсетілді, олардың барлығы уақытша тұрғын үймен қамтамасыз етілді.

Басқарма басшысың айтуынша, орталық мамандары құжаттарды қалпына келтіруге көмектеседі. Мәселен, «Панаға» ешқандай құжаты жоқ 67 жастағы ер азамат жүгінген. 1974 жылғы төлқұжатын жоғалтып алған.

«Мамандардың көмегінің арқасында ол жеке куәлік алуға, сондай-ақ қарттық бойынша зейнетақы тағайындауға мүмкіндік алған.Қазіргі уақытта «Шаңырақ» арнайы қызметтер орталығына ауыстырылды»,-деді басқарма басшысы.

«Қамқор» әлеуметтік үйі

Cондай-ақ, ол Алматыда жалғызбасты зейнеткерлер, мүгедектер, жалғызбасты ерлі-зайыптылар және зейнеткерлік жастағы ерлі-зайыптылар үшін еліміздегі ерекше «Қамқор» әлеуметтік үйі жұмыс жасайтынын атап өтті. Оның мәліметінше, мұнда 50 адам тұрып жатыр.

«Бұл үй көпқабатты, айналасы қоршалған. Туыстарының қарауынсыз қалған аға буын қала тұрғындар пәтерлерін мемлекет меншігіне өткізіп, осы үйге көше алады», - деді Әлеуметтік әл-ауқат басқармасының басшысы.

Әлеуметтік әл-ауқат басқармасының басшысы қарттарды қолдау үшін Алматыда белсенді қартаюға арналған тағы 9 орталық бар екенін қосты. Оларға күніне 1000-нан астам адам келеді. Мұнда оларға белсенді және салауатты өмір салты таныстырылады. Зейнеткерлер йога терапиялық сабақтарына, скандинавиялық жаяу жүру және жаттығу терапиясына қатысады.

«Бақытты отбасы» орталықтары

Оның сөзінше, бұл үйде тұратын зейнеткерлер қызметкерлердің тұрақты бақылауында. Сонымен қатар, Алматының «Бақытты отбасы» орталықтарына күн сайын 700-ден астам тұрғын келеді. Көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға арнайы құрылған «Бақытты отбасының» 9 орталығы бар екен.

Тоғызбаеваның мәліметінше, Алматыда 24 426 көп балалы отбасы тұратынды.Соның ішінде, орталықтарға 4 000 адам тіркелген. 30 500 адам ақпараттық-консультациялық және ресурстық қолдау алған. 3 200 өтініш берушіге әдістемелік және құқықтық көмек көрсетілген. 3 000 тұрғын базалық тренингтерден өткен және 4 000 алматылық оқу курстарын аяқтаған

Оның сөзінше, «Бақытты отбасы» орталықтарымен қатар Алатау ауданының аз қамтылған отбасыларына арналған дәстүрлі қолөнерді дамыту орталығы жұмыс істейді. Оның мақсаты – атадан балаға дәстүрлерді, әдет-ғұрыптарды, қолөнерді мұра етіп қалдыру болып табылады.

Дәстүрлі қолөнерді дамыту орталығы

«Орталықта көп балалы аналар мамандық ала алады, қазірдің өзінде 575 әйел киім дизайны, кірпік ұзарту, маникюр, құрақ көрпе тігу, тігін және массаж курстарынан өтіп жатыр», - деді басқарма басшысы.

Оның айтуынша, бұл дәстүрлі қолөнер орталығына 1 200 бала келеді. Оларға домбырада ойнауды, актерлікті, биді, қолөнерді үйретеді, балалар орыс және ағылшын, вокал және хореография курстарынан өтеді. Көпбалалы отбасылардың ата-аналары жеке өсуге, көшбасшылыққа және тәрбиеге арналған тренингтерде оқытылады.

Сондай-ақ ол «Бастау бизнес» бағдарламасы бойынша аналарға кәсіпкерлік негіздерін үйретуге бағытталған «Іскер Аnа» жобасы, сонымен қатар, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша қысқа мерзімді курстар жүзеге асырылып жатырғанын атап өтті. Ол жобаларда мамандар көпбалалы әйелдерге жеке кәсіп ашуға және оны жүргізуге көмектеседі. Ол үшін гранттар, оқу курстары және басқа да көмек ұсынылады.

«Болашақта кәсіп ашқан соң, кәсіппен айналысатын аналарға қолдау көрсетіледі. Бүгінде Комиссия 757 әйелге грантты мақұлдады», - деді Әлеуметтік әл-ауқат басқарма басшысы.
Барлық жаңалықтар