• Басты
  • Алматыда карантин шараларының сақталуын бақылау күшейтілмек

Алматыда карантин шараларының сақталуын бақылау күшейтілмек

10 Наурыз, 2021 10:39

Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров қаланың Бас мемлекеттік санитар дәрігері, қаланың Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Жандарбек Бекшинмен бірге қоғамдық денсаулық сақтау, кәсіпкерлік және инвестициялар, қалалық мобильділік, туризм басқармалары мен қала аудандары әкімдіктерінің басшыларының қатысуымен онлайн кеңес өткізді. Кеңеске Полиция департаментінің, Алматы қалалық көліктегі мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау бөлімшесінің, Алматы қаласыеың Халықаралық әуежайының өкілдері, «Атамекен» Кәсіпкерлер Палатасы қатысты, деп хабарлады Strategy2050.kz.

Басты мақсат – мониторингтік топтардың қызметіне жүргізілген талдауды және қаладағы эпидемиологиялық жағдайдың күрделенуін ескере отырып, қалада карантиндік шаралардың сақталуын бақылау бойынша ағымдағы жұмыс мәселелерін талқылау.
 
Ержан Бабақұмаров карантин шараларын бұзу фактілерін жедел анықтау және жолын кесу саласындағы кемшіліктерге назар аударды. Алатау, Бостандық, Жетісу, Медеу аудандарының басшылығы тыңдалды. Бостандық және Медеу ауданында жұқтырудың өсуі аясында мониторингтік топтардың санын арттыру тапсырылды.
 
"1 наурыздан бастап мониторингтік топтар 800-ге жуық нысанды тексерді, олардың 67-сінде карантиндік шаралардың бұзылғаны анықталды. Анықталған бұзушылықтар фактісі бойынша 8,2 млн теңгеден астам сомаға заңды және жеке тұлғаларға 100-ден астам әкімшілік хаттама толтырылды. Карантиндік шараларды жүйелі түрде бұзғаны үшін 9 материал сотқа берілді («Мята» лаунж бары, «Мята» бары, «Поем» караоке-клубы, «Лейла» дәмханасы, ТОПАЗ ЖК Лото клубы, «Avangard» ойын клубы, «Bacha» бары, «Baqsarai» мейрамханасы (банкет залы), Зияева ЖК)", делінген хабарламада.

Алматы қаласы Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің деректеріне сәйкес, R коэффициенті (жұқтырудың репрезентативтілігі) - 1-ден жоғары және соңғы 7 күнде сырқаттанушылық көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 47,5 құрады. Жаңа жағдайлардың 23%-ы сауда орталықтары мен сауда үйлеріне, 22%-ы қоғамдық көліктерге тиесілі.
 
Алматы қаласының Халықаралық әуежайы аумағында санитарлық нормалардың сақталуын бақылауға ерекше назар аударылды. 6 наурызда халықаралық рейстермен келген 517 адамда ПТР өткені туралы анықтама болмаған; 8 наурыздан 9 наурызға қараған түні анықтамасыз 200-ден астам жолаушы келді.
 
Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров жұмысты күшейту бойынша, әсіресе «өрескел» құқық бұзушыларға қатысты бірқатар нақты тапсырмалар берді.
 
Пандемия кезеңінде кәсіпкерлік субъектілері келушілер мен персоналдың қауіпсіздігі үшін эпидемиологиялық талаптардың сақталуын қамтамасыз етуі қажет — бұл термометрия, әлеуметтік қашықтық және маскалық режим, жеке қорғаныш құралдарының (бетперделер, қолғаптар) жаңарып отыруы, санитайзерлердің және дезинфекциялау құралдары қорының болуы, ғимараттарда желдету жүйесінің болуы және олардың ауасын алмастырып, желдету. Жоғарыда аталған талаптардың бұзылуы ұйым қызметкерлері арасында сырқаттанушылыққа және кәсіпорындардың жұмысын тоқтатуға әкеп соғады.
 
Алматы әкімдігі қала тұрғындары мен қонақтарын жауапкершілік танытуға - бетперде режимін, 1,5-2 метр әлеуметтік қашықтықты қатаң сақтауға және COVID-19 жұқтыру қаупі жоғары болғандықтан қызметіне тыйым салынған адамдар көп жиналатын орындар мен мекемелерге барудан мүмкіндігінше бас тартуға шақырады.

Барлық жаңалықтар