Алматыда дәстүрлі форматта білім беруді ұйымдастыру қалай жүргізілуде

25 Тамыз, 2021 13:31

«Алматы мектептері постковидтік кезеңде: Білім сапасы, балалардың денсаулығы және отбасының рөлі» атты онлайн-форум барысында мегаполис әкімі Бақытжан Сағынтаев жаңа оқу жылында білім беруді ұйымдастыру шаралы туралы айтып берді. Оның мәліметінше, биылғы оқу жылының басында 4150 орынды 9 жаңа корпус пайдалануға беріледі. Толығырақ Strategy2050.kz тілшісінің материалында.

Дәстүрлі режимде білім беруді ұйымдастыру

Бақытжан Сағынтаев мектептерде эпидемиологиялық ахуалдың тұрақты мониторингі жұмыс жасайтынын айтып өтті. Сондай-ақ, мегаполис мектептерінде офлайн режимде білім беру қалай ұйымдастырылатынын жеткізді.

Оның дерегінше, жаңа оқу жылында қаланың 287 мектебі 300 мыңға жуық оқушыға есік ашатыды. Бірінші сыныпқа 30 мыңнан астам бала барады екен. Сондай-ақ, ол жаңа оқу жылы қарсаңындағы маңызды міндеттер балаларды оқыту мен тәрбиелеу үшін қауіпсіз және жайлы жағдайлар жасау, балалар мен қызметкерлердің денсаулығын қорғауды қамтамасыз ету, оқыту-тәрбиелеу процессін сапалы ұйымдастыру, оның ішінде балалардың білімдерін жетілдіру және психологиялық қолдау көрсету екенін атап өтті.

Санитарлық -эпидемиологиялық бақылау жұмыстары

Сонымен бірге, білім басқармасына санитарлық -эпидемиологиялық бақылау департаментімен және қоғамдық денсаулық басқармасымен бірге мектептерде 1 қыркүйектен бастап санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін тұрақты мониторинг жүргізуді тапсырды. Оның мәлідеуінше, күнделікті профилактикалық іс-шаралардың жүргізілуіне және мектептердің қажетті дезинфекциялық және басқа қорғаныс құралдарымен жабдықталуына бақылау орнатылатынын атап өтті.

«Мектептерде науқас балалар анықталған жағдайда оларды кейін қашықтан оқытуға ауыстыру үшін алгоритм әрекеттері әзірленді. Білім басқармасына ата-аналар қауымдастығымен сапалы кері байланыс орнату, оның ішінде ата-аналарға кеңес беру үшін барлық білім беру ұйымдарында «сенім телефондары» мен call- орталықтардың жұмыстарын жандандыру тапсырылды»,- деді Бақытжан Сағынтаев.

Білім беру саласы қызметкерлерін вакциналау

Сондай-ақ, ол оқытудың дәстүрлі форматына оралудың маңызды шарттарының бірі білім беру саласы қызметкерлерін вакциналау екенін жеткізді. Оның сөзінше, қазіргі таңда медициналық қарсы көрсеткіштері барларды қоспағанда, мемлекеттік білім беру ұйымдарында жұмыс істейтін 33 мыңнан астам қызметкер 100% екпе алған.

«1 қыркүйекке дейін жеке білім беру ұйымдарының қызметкерлерін вакциналау аяқталады, қазірдің өзінде 10 мыңнан астам адам немесе 95%-ы екпе салдырды»,- деді ол.

Профилактикалық шаралар

Жаңа оқу жылы қарсаңында мектептерде және оған жақын аумақтарда қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша профилактикалық шаралар күшейтілген. Қала әкімінің мәлімдеуінше, қазіргі таңда барлық білім беру ұйымдары ішкі және сыртқы бейнебақылау жүйелерімен қамтамасыз етілген, соның ішінде 239 ұйымда яғни,33 балабақша, 187 мектеп, 15 интернат, 4 колледж, полиция департаментінің жедел басқару орталығына қосылғанын атап өтті.

Жаңа мектептердің құрылысы

Қала әкімі жаңа мектептердің құрылысына тоқталып өтті.Оның айтуынша, карантиндік шектеулерге қарамастан оқушы орындарының тапшылығын азайту және қалалық білім беру мекемелерінің желісін одан әрі кеңейту мақсатында өткен жылдан бастап бірнеше жобаны іске асырылған.

Оның мәліметінше, қазіргі таңда қалада 12 600 орынды 8 мемлекеттік мектептің, сондай-ақ қолданыстағы мектептер жанынан салынып жатқан 8263 орынды 17 жаңа корпустың құрылысы жүріп жатыр.

«Биылғы оқу жылының басында 4150 орынды 9 жаңа корпус пайдалануға беріледі, 4113 орынды тағы 8 жаңа корпус жыл соңына дейін жұмысын бастайды. Сонымен қатар, оқу жылының басында қалада 2120 орынды 8 жеке меншік мектеп ашу жоспарлануда»,- деді қала әкімі.

Оның дерегінше, жақын арада 3500 орынды 4 мемлекеттік мектеп, 4400 орындық 11 жаңа корпустарды салу жоспарлануда. Сонымен қатар, жеке инвесторлармен бірге 4 мектептің жобалық қуатын ұлғайтылып, реновациялау және 6 мың орынды 5 жеке ұйым ашу жоспарланып отырғанын жеткізді.

«Жоспарға сәйкес сейсмикалық нығайту және бірнеше мектеп ғимараттарын күрделі жөндеу жұмыстары да жалғасуда. Сондықтан оқу үдерісіне кедергі келтірмеу үшін оқушыларды уақытша көшіру ұйымдастырылды»,- деді ол.

Жөндеу жұмыстарын бақылау

Бақытжан Сағынтаев жиын барасында жайлы қалалық орта басқармасы мен білім басқармасына ағымдағы құрылыс пен жөндеу жұмыстарының барысына тиісті бақылауды және олардың уақытылы және сапалы аяқталуын қамтамасыз етуді тапсырды. Оның сөзінше, Алматы тұрғындары үшін жеке меншік балабақшалар қолжетімді болуда.

Балаларды сапалы тәрбиемен қамтамасыз ету

Сондай-ақ, ол балаларды мектепке дейінгі сапалы тәрбиемен қамтамасыз ету шаралары туралы айтып өтті.Сонымен бірге, мектепке дейінгі салаға жеке секторды тартудың жақсы үрдіс екенін жеткізді.Оның айтуынша, жеке инвесторлар арасында жүргізілген белсенді түсіндіру жұмыстарының, сондай-ақ қала әкімдігінің айтарлықтай қолдауының арқасында мүмкіндік туады. Мәселен, осы жылдың басынан бері қалада 72 жекеменшік балабақша жұмыс жасауда. Қазіргі таңда 4 мыңнан астам бала тәрбиеленуде. Сондай-ақ, олардың 42-і жазғы кезеңде ашылған.

«Қазіргі кезде қалада барлығы 860 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді, оның 22%-ы немесе 189-ы мемлекеттік меншікте. Бүгінде 1 жастан 6 жасқа дейінгі 69 490 бала мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылған, оның ішінде 3 жастан 6 жасқа дейінгілер - 63 920 бала»,- деді қала әкімі.

Қала әкімінің дереігінше, биылғы жылы мемлекеттік білім беру тапсырысы өткен жылмен салыстырғанда 10244 орынға ұлғайтылып орналақан. Оның ішінде ағымдағы жылы ашылған 4378 орынды 67 жаңа жеке балабақша да бар екен.

Сондай-ақ, балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамтуды ұлғайту және балабақшалардағы кезекті азайту мақсатында өткен жылдан бастап мемлекеттік тапсырыс бойынша жұмыс істейтін жаңадан ашылған жекеменшік балабақшалардың тамақтану құнын жергілікті бюджет қаржысы есебінен субсидиялау механизмі белсенді түрде енгізілген. Үкіметтің қолдауымен әкімдіктің бұл бастамасы жеке мектепке дейінгі ұйымдарда тәрбиеленетіндердің ата-аналарын қолдауға, жеке ұйымдардың қолжетімділігін арттыруға, сондай-ақ мемлекеттік және жекеменшік балабақшаларға бару құнын теңестіруге бағытталған.

«Биылғы жылы жергілікті бюджеттен азық-түлік шығындарын өтеуге 343 миллион теңгеден астам қаржы қарастырылған.Жаңа балабақшаларды салу жалғасуда. Бүгінде Бостандық және Наурызбай аудандарында 360 орынды 3 мемлекеттік балабақшаның құрылысы аяқталды және Түрксіб ауданында 280 орынды балабақшаның құрылысы жалғасуда»,- деді Сағынтаев.

Оның мәліметінше, жақын арада 1920 орынды тағы 10 мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымның құрылысы жоспарлануда. Сонымен қатар, ол Әуезов ауданында ұзақ мерзімді жалға беруден қайтарылған әрі күрделі жөнделіп, сейсмикалық күшейтілген 315 орынды мемлекеттік балабақша балаларды қабылдауға толық дайын екенін атап өтті.

«Нақтылы шаралар аясында қайтарылған 640 орынды бұрынғы мемлекеттік балабақшалардың 2 корпусына қайта жаңарту жұмыстары жүргізілетін болады. Бұдан бөлек, әкімдік Алмалы, Әуезов және Жетісу аудандарында әрқайсысы 320 орынға есептелген тағы 4 балабақшаны сатып алады»,- деді Бақытжан Сағынтаев.

Кәсіптік білім беру мекемелерін дамыту шаралары

Қала әкімінің мәліметінше, жаңа оқу жылында 82 колледждің 68 мыңнан астам студенттері дәстүрлі білім беру форматына оралған. Сондай-ақ, ТжКБ ұйымдарында мектептердікіне ұқсас санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің профилактикалық шаралары қабылданған.

«Барлық колледждер, студенттер тұратын жатақханалар Ashyq жобасына қосылған. Биыл «Жас Маман» жобасы аясында ТжКБ ұйымдарды заманауи құрылғылармен материалдық-техникалық жабдықтау жалғасатын болады»,- деді Сағынтаев.

Оның сөзінше, өткен оқу жылында 8 колледж заманауи қондырғылармен жабдықталған болса, биыл тағы 10 колледж қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ, өткен жылғы жұмыс тәжірибесіне сәйке жаңа зертханалар, шеберханалар ұйымдастырылатынын атап өтті.

«Студентер практикадан өтіп, алған білімдерін іс жүзінде пайдаланатын болады», - деді қала әкімі.

Сонымен қатар, ол білім басқармасына мектептерде кәсіптік бағдар беру жұмысын жақсартуды, бұл мәселені шешуге жұмыс беруші кәсіпорындарды кеңінен тартуды, колледждердегі құзыреттілік орталықтарының жұмыстарын жандандыруды тапсырды.

Балаларды қосымша біліммен қамту

Бақытжан Сағынтаев қосымша білім беру ұйымдары балаларды дәстүрлі форматта оқытуды 15 қыркүйектен басаталтынын айтып өтті. Оның сөзінше, балаларды қосымша біліммен қамтуды ұлғайту үшін қолданыстағы мектептен тыс ұйымдар модернизацияланып жатыр.

«Өткен жыл №5 балалар музыкалық мектебінің ескі нысаны сүріліп, оның орнына жаңа заманауи ғимарат салынды. Биыл тағы 3 оқушылар үйлерін жаңарту жұмыстары басталды. Қазір жобалық сметалық құжаттарды дайындау кезеңі жүріп жатыр», - деді ол.

Оның мәлімдеуінше, биылдан бастап Алатау мен Наурызбай аудандарында 2 заманауи көпсалалы инновациялық шығармашылық орталықтардың құрылысы басталады екен.

Оның мәліметінше, мемлекеттік тапсырыс аясында 5 мың орын бөлінеді. Соның ішінде музыкалық бағытқа 600 орын және 4 мыңнан астам орын туристік-өлкетану, экологиялық -биологиялық, ғылыми -техникалық, көркемдік және басқа да бағыттар бойынша болатынын айтып өтті.

«Қосымша білім беру тек білім беру желісі арқылы ғана емес, бұл іске мәдениет және спорт басқармалары да белсенді түрде қатысуда. 8750 орынға мемлекеттік шығармашылық және спорттық тапсырыстарды орналастыруға жергілікті бюджеттен де қаржы бөлінді», - деді қала әкімі.

Сондай-ақ, МЖӘ аясында 2 спорт алаңын қайта жаңарту аяқталып 8 алаңда жұмыс жалғасып жатырғанын айтып өтті. Оның дерегінше, жергілікті бюджет есебінен тағы 33 спорт алаңы жаңартуға 1 млрдқа жуық теңге бөлінген. Аталған қабылданған шаралар   мектептен тыс ақысыз біліммен балаларды кеңінен қамтуға мүмкіндік береді.

Барлық жаңалықтар