• Басты
  • Алматы облысының полицейі үздік атанды

Алматы облысының полицейі үздік атанды

3 Желтоқсан, 2019 16:49

Нұр-Сұлтан қаласында еліміздің Тұңғыш Президенті Н. Назарбаевтың жүлдесі үшін өткен қоянқолтық ұрысынан V халықаралық «Елбасы кубогында» Жетісу жерінің намысын қорғаған Алматы облысы ПД Ескелді ауданы полициясының криминалисі полиция лейтенанты Сейтмұрат Әнел қола медальді еншіледі, деп хабарлады Алматы облысы ПД баспасөз қызметі.

Аталған жарысқа алыс-жақын 8 мемлекеттен және еліміздің барлық аумағынан 450 жуық спортшы қатысқан. Оның ішінде қоянқолтық ұрысынан әлем чемпиондары, Азия және Еуропа чемпионаттарының жеңімпаздары болған. 

«70 кг салмақ дәрежесінде өнер көрсеттім. Жарыс жоғары деңгейде өтті. Қарсыластарым өте жақсы дайындықпен келгенін көрсетті. Былтыр осы жарыста алтыннан алқа тағып едім, биыл қоланы қанағат тұттым. Өз кемшіліктерімді білемін, келесі халықаралық және әлемдік ареналарда еліміздің көк байрағын желбіретемін деп сенемін»,- спортты серік еткен тәртіп сақшысы. 

Сейтмұрат Әнел биыл қаңтарда Санкт-Петербург қаласында қоянқолтық ұрысынан өткен әлем чемпионатында да қола жүлдегер атанған еді. Жастайынан спортты сүйіп өскен қыз дүбірлі додаларда топ жару үшін дайындығын одан әрі шыңдауды жалғастырмақшы. Қазірдің өзінде ол қоянқолтық ұрысынан спорт шебері болса, бокстан спорт шеберіне үміткер атанған. 

Ведомство таратқан ақпаратқа сәйкес, полицейлер күнделікті дене жаттығуларын жасап, қызмет барысында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және қылмыскерлермен күресте қажетті әдіс-тәсілдерді шыңдайды. Ол үшін Департамент базасында барлық жағдайлар жасалған. Биыл тамыз айында өткен құқық қорғау қызметкерлері арасындағы самбо күресінен ел чемпионатында Алматы облысының полицейлері жалпыкомандалық есепте топ жарып, ел чемпиондары атанды.

Барлық жаңалықтар