• Басты
  • Алматы облысының әлеуметтік-экономикалық даму ахуалы қандай
13 Қараша, 2019 11:35

Алматы облысының әлеуметтік-экономикалық даму ахуалы қандай

Алматы облысының аудандары белсенді даму үстінде. Жеке аудандардың дамуы жалпы облыстың қарқынды дамуына ықпал етеді. Мәселен, Көксу ауданында 2100 гектарға қант қызылшасы себілген, қазіргі кезде соның 1800 гектары толығымен жиналды. Орташа өнімділігі 370-380 центнерден айналуда, деп хабарлады Strategy2050.kz.
Алматы облысының әлеуметтік-экономикалық даму ахуалы қандай

Көксу ауданындағы «Айдын» сияқты жекелеген шаруа қожалықтарында бұл көрсеткіш тіпті 700 центнерге дейін жеткен. Көксу ауданындағы «Айдын» шаруа қожалығының алқабында болды. Мұнда облыс бойынша қант қызылшасының агротехнологиясы жөніндегі сарапшы, ауыл шаруашылығы ғылымының кандидаты Әбілқайыр Бексұлтанов қант қызылшасының жаңа тұқымдарының мүмкіндіктері, өнімділігінің генетикалық потенциалы және оны қолданудағы жетістіктер туралы қысқаша баяндап берді. Мәселен, Франция, Германия, Даниядан әкелінген тұқымдардың өнімінің қанттылығы 17 %-ке дейін жеткен.

«Айдын» шаруа қожалығының жетекшісі Айдын Дүйсенбиновтің айтуынша, қазір қожалықтың соңғы алқабының өнімі жиналып жатыр. Облыс әкімдігінің қолдауымен алынған заманауи комбайндар қызылшаны трактор тіркемесіне масақ қалдырмай, топырақсыз, тассыз, бірден таза күйінде тиейді. Бұл жұмыс тиімділігін бұрынғыдан да арттыра түсуде.

Көксу қант зауыты директоры Алтынбек Абатов мұнда Ескелді, Қаратал, Кербұлақ, Көксу аудандары мен Талдықорған, Қапшағай қаласының қызылша өсірушілері өз өнімдерін жеткізіп жатқанын айтты.

Қазір зауыт алаңында 206 мың тоннадай өнім жинақталған. Кәсіпорын тәулігіне 2 мың тонна шикізат өңдеуде. Бүгінге дейін 10,8 мың тонна қант шығарып үлгерген. Бұған дейін зауыт мазутты қолданып келсе, ауданға табиғи газ келгелі отынның осы түрін пайдалануға көшкен. Біріншіден, көгілдір отынның мазутқа қарағанда жылу шығару қуаттылығы жоғары болса, екіншіден, төлемі де арзан, соған сәйкес шығын азайып, өндірістің тиімділігі артқан.

Сондай-ақ, Балпық би ауылында «Нұрлы жер» бағдарламасымен салынып жатқан 50 пәтерлік жалгерлік үйдің құрылысымен де танысты. Құны 456,9 млн. теңге болатын көпқабатты үйді «Стройсервис ИНК» ЖШС салуда. Баспана биылғы жылдың желтоқсан айында пайдалануға берілмек. Әзірге тиісті құрылыс жұмыстарының 87 % аяқталған. Аудан әкімі Алмас Әділдің айтуынша, кезектегі көп балалы отбасыларға осы пәтерлерден үй берілетін болады.

Облыс әкімі Амандық Баталов та аудандағы қант қызылшасының өнімі қандай болатыны туралы айтып берді.

«Биылғы жылы облыс бойынша 14 мың гектарға қант қызылшасын септік. Содан шамамен 500-520 мың тонна қант қызылшасын аламыз, одан 50-52 мың тонна қант шығарамыз деп жоспарлап отырмыз. Қызылша алқаптарындағы жиын-терін жұмыстары 10-15 күнде аяқталады. Көксу, Ақсу қант зауыттарын модернизациядан өткіздік. Ресейден, Қытайдан, Чехиядан, басқа да елдерден құрал-жабдықтар жеткізіліп, орнатылды. Жалпы қызылша өңдегенде одан 80 % жом, яғни сығынды шығады. Ол - мал семірту үшін таптырмайтын азық. Сондықтан шыққан жомды мал бордақылау алаңдарының жұмысына тиімді пайдалану үшін, осы екі зауытқа жомды кептіріп, арнайы қаптайтын құрал әкеліп орнатып жатырмыз. Қапталған күйінде оны екі жыл сақталауға болады. Жалпы қант зауыттары негізінде тек маусымдық кезеңде ғана 3-4 ай жұмыс істейді. Ал біз маусымаралық кезеңде де бос тұрмас үшін Бразилиядан шикізат әкеліп, қамыс қантын шығаруына мүмкіндік жасамақпыз. Осылайша Алматы облысы жылына 300 мың тонна қант өндіруге қол жеткізе алады. Республикадағы қанттың 480 мың тонналық өндірістік және тұрмыстық қажеттілігінің басым бөлігін жауып отырсақ, бұл үлкен жетістік болар еді, - деп А. Баталов алдағы жоспарлары жайлы да айтып өтті.

Сонымен бірге еңбек өнімділігін арттыруға қатысты да талаптың зор екенін тілге тиек етті:

«Алғашында біз шаруа қожалықтарын қант қызылшасын өсіруге жаппай тартып, барлығын бірдей ынталандырдық. Қызылша өсірушілерге жыл сайын субсидия беріледі, жанар-жағармай жеңілдікпен беріледі, соңғы жылдары тек қана қант қызылшасын өсіруге бағытталған 120 заманауи техника сатып алынды, Франция, Германия, Даниядан тұқым сатып алып бердік. Осындай мүмкіндіктерге қарамастан кейбір қожалықтар әлі күнге қызылшаның шығымын гектарына 200 центнерден асыра алмай отыр. Қант қызылшасы тынбай еңбектенуді, үздіксіз баптауды қажет ететін еңбек. Сондықтан ендігі жерде кімнің еңбек өнімділігі жоғары, кім жақсы жұмыс істейді, соларға қолдау көрсетіледі. Яғни табиғи сұрыптау жасауымыз керек», - деді А. Баталов.

Сондай-ақ, Алматы облысының Өңірлік даму орталығы алаңында облыс әкімдігі өкілдері Малайзияның шағын және орта бизнесінің халықаралық сауда ассоциациясы (СМИТА) делегациясымен кездесті.

Қазақстандық тараптан ҚР-ның Малайзиядағы елшісінің кеңесшісі Серік Әміров, Алматы облысының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Руслан Қожасбаев, «Жетісу» ӘКК» ӨДИ» АҚ басқарма төрағасы Талғат Малыбаев, төрағаның бірінші орынбасары Ерғазы Орымбасаров және Алматы облысының өңірлік даму орталығы директорының орынбасары Шыңғыс Мақашев қатысты.

Малайзиялық делегаттарды СМИТА бас директоры Меган Су бастап келді. Делегация құрамында инженерлік, биотехнологиялық, өндірістік және азық-түліктік компаниялардың топ-менеджерлері бар.

Кездесу алдында Алматы облысының жетістіктері туралы «We are Zhetysu» және «Күнді қарсы алған Жетісу» атты роликтер көрсетілді.

Облыс әкімдігінің ақпаратынша, алдымен облыстық кәсіпкерлік және ИИД басқармасының басшысы Руслан Қожасбаев сөз алып, келген қонақтарға жылы лебізін білдірді. Алматы облысының инвестициялық тартымдылығы туралы баяндап, оның табиғи-климаттық, логистикалық жағдайы кәсіпкерлікті дамытуға қандай мүмкіндіктер беретіні жайында айтып берді.

«Жетісу» ӘКК» ӨДИ» АҚ басқарма төрағасы Талғат Малыбаев ӘКК жұмысының негізгі бағыттарына тоқталып, алдағы жоспарларымен бөлісті:

«Біздің корпорация ауыл шаруашылығы, жер қойнауын пайдалану, туризм, жол бойындағы сервис, жасыл энергетика салалары мен индустриалды аймақтарға қолдау көрсетеді. Біз мемлекет пен бизнестің арасында дәнекерміз. Алматы облысында 6 индустриалды аймақ бар, оның Талғар мен Іле аудандарындағы екеуінде ірі инвестжобалар көп. Сондықтан біз жобаларыңызды жүзеге асыруға алаң ұсынуға, іске асыру процесінде қолдау көрсетуге дайынбыз», - деді ол.

Әңгіме барысында малайзиялықтарға жобаларды жүзеге асыру шарттары мен мемлекеттік қолдау шаралары жайлы түсіндірілді.

қаснт 1.jpg

Өз кезегінде СМИТА бас директоры Меган Су облыс әкімдігіне жылы қабылдауы үшін ризашылығын білдірді.

« Енді біз Алматы облысын Малайзиядағы өзге бизнесмендерге де таныстыратын боламыз. Біздің ұйымымыз шағын және орта бизнеспен ынтымақтастықта жұмыс істейді, сауда миссиясының ұйымында, халықаралық конференциялар мен семинарларда оқыту, сараптама мен қолдау қызметтерін көрсете отырып, олардың әлемдік аренаға шығуына ықпал етеді. Сіздермен өзара әріптестік байланысымызды дамытамыз деп сенемін», - деді ол.

Осы кездесуде малайзиялық өкілдер өңірде жасыл энергетика, ауыл шаруашылығы, құс өсіру салаларында жобаларын жүзеге асыруға қызығушылық білдіретіндерін айтты.

Екі жақты кездесудің қорытындысында СМИТА мен «Жетісу» ӘКК» ӨДИ» АҚ арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Келісім аясында тараптар инвестиция тартумен, іскерлік байланысты дамытумен айналыспақ.

 

   Аягөз Құрмаш

ҰСЫНЫЛАДЫ
Барлық жаңалықтар
дерекнама 2050

ШОБ ЖІӨ көлемінің 50 пайызынан артығын өндіреді

Еңбек өнімділігі 126 мың долларға дейін көтеріледі 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамту

Қазақстан өз нарығын жаңа экологиялық стандарттарға сай келетін жанар-жағармаймен толықтай қамтамасыз етеді

Жалпы экспорт ішінде шикізат емес экспорттың көлемі екі есеге, 2040 жылы үш есеге артады

Әліпбиімізді латын қарпіне көшіру ісі басталады

Қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін меңгеруі тиіс

15 пайыз егістік алқаптарына суды үнемдеу технологиялары енгізіледі

Халықты ағын сумен қамту мәселесі шешіледі

Адам басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 60 мың долларға көтеріледі

ҚР тұрғындарының үлесі халықтың 70 пайызын құрайды