• Басты
  • Алматы облысында волонтерлар форумы өтті
14 Қаңтар, 2020 14:45

Алматы облысында волонтерлар форумы өтті

Волонтерлар жылы шеңберінде Талдықорғанда облыс еріктілерінің бірінші форумы өтті. Шақырылған спикерлер волонтерлік қызметтегі өз тәжірибелерімен бөлісті. 
Алматы облысында волонтерлар форумы өтті

Олардың арасында «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы, Паралимпиадалық ойындардың қатысушысы, Қазақстанның жастар арасындағы волейбол құрамасының капитаны Серік Есматов, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Сәкен Майғазиев, Республикалық волонтерлық қозғалысының төрайымы Камила Зейналова және басқалар да бар. Форумға қатысушыларды облыс әкімі Амандық Баталов құттықтады, деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Өз сөзінде Амандық Баталов көпшілікті Волонтерлар жылының ашылуымен құттықтады:

“Өткен жылды Елбасы Жастар жылы деп жариялап, соның арқасында облыс жастары көптеген мүмкіндіктерге ие болды, бірнеше жақсы жобаларға қатысты. Жастарға белсенділіктері үшін алғысымды білдіремін. Биылғы жылды Мемлекет басшысы Волонтерлар жылы деп жариялау туралы шешім қабылдады. Бүгінде біздің өңірде 19 волонтерлық ұйым жұмыс істейді, оларда 1043 ерікті бар. Сіздер жақсы істердің басы-қасында жүрдіңіздер, әр істі үлкен жүрекпен, ізгі ниетпен атқардыңыздар. Қиын сәттерде қарап отырған жоқсыздар, өткен жылдың желтоқсан айының соңында орын алған ұшақ апаты кезінде жолаушыларды құтқару ісіне белсене араласып, үлкен көмек көрсеттіңіздер. Әлеуметтік қолдау шараларына да белсене қатысып келесіздер. Биылғы жылы да алда маңызды міндеттер көп. Біз жастармен бірлесіп сол ауқымды істерді абыроймен орындаймыз деп сенемін. Бүгінгі мінбені пайдаланып, барлық еріктілерге мейірімге толы жүрек пен қайтарымсыз жақсылық жасай алатын адал пейілдері үшін шын жүректен алғысымды білдіремін. Еріктілер қозғалыстарының ауқымы кеңейе берсін, еріктілер қатары арта берсін. Волонтерлар жылының ашылуымен баршаңызды құттықтап, алдағы істеріңізге сәттілік тілеймін”, - деді А. Баталов. 

Алматы облысына жұмыс сапарымен келген Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары да Жетісу жастарына сөз арнады. Мәжіліс депутаттары Зағипа Балиева, Марат Бопазов, Ерсұлтан Бектұрғанов, Омархан Өксікбаев, сенатор Нұрлан Қылышбаев жиналған көпшілікті Волонтерлар жылының басталуымен құттықтап, жетісулық жас буын өкілдерін еріктілер қозғалысында белсенді болуға шақырды. 

Сол сияқты «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы, Паралимпиадалық ойындардың қатысушысы, Қазақстанның жастар арасындағы волейбол құрамасының капитаны Серік Есматов сөз алып, біраз жылдан бері өзі игі істер марафонын бастағанын атап өтті. Марафон іске асырылып келе жатқан 6 жыл ішінде 286 адамға көмек көрсетілген. Спикер кез келген азаматтың жақсылық жасай алатынын, ең бастысы адамның өзіне деген сенімділігі, қолда бар игіліктің қадірін білуі екендігіне тоқталды. 

Сондай-ақ Республикалық волонтерлық қозғалысының төрайымы Камила Зейналова, «Жетісу еріктілері» өңірлік еріктілер қозғалысының төрайымы Жазель Дакубаева да өз тәжірибелері жайлы қысқаша айтып берді. Өз кезегінде «Көшбасшы - 2018» жастар сыйлығының «Үздік ерікті» номинациясы бойынша иегері Ержан Дәулетбаев жастарды әлеуметтік желілерге көп уақытын сарп етпеуге, одан да ізгі істермен айналысуға шақырды.

Форум соңында ҚР еңбек сіңірген қайраткері, көпшіліктің сүйікті әншісі Сәкен Майғазиев, белгілі әнші, Жастар сыйлығының лауреаты Мадина Сәдуақасова және танымал «RenZo» тобы өнер көрсетті.

ҰСЫНЫЛАДЫ
Барлық жаңалықтар
дерекнама 2050

ШОБ ЖІӨ көлемінің 50 пайызынан артығын өндіреді

Еңбек өнімділігі 126 мың долларға дейін көтеріледі 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамту

Қазақстан өз нарығын жаңа экологиялық стандарттарға сай келетін жанар-жағармаймен толықтай қамтамасыз етеді

Жалпы экспорт ішінде шикізат емес экспорттың көлемі екі есеге, 2040 жылы үш есеге артады

Әліпбиімізді латын қарпіне көшіру ісі басталады

Қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін меңгеруі тиіс

15 пайыз егістік алқаптарына суды үнемдеу технологиялары енгізіледі

Халықты ағын сумен қамту мәселесі шешіледі

Адам басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 60 мың долларға көтеріледі

ҚР тұрғындарының үлесі халықтың 70 пайызын құрайды