• Басты
  • Алматы мектептері жаңа оқу жылын қалай бастады
2 Қыркүйек, 2020 14:56

Алматы мектептері жаңа оқу жылын қалай бастады

Алматы қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Мектептерде оқу процесін ұйымдастыру, білім беру платформаларымен және контентпен жұмыс істеу туралы» онлайн конференцияда Алматы қаласындағы мектептердің жаңа оқу жылын қалай бастағаны туралы айтылды. Алматыдағы мектептер жаңа оқу жылын қалай бастады, мұғалімдердің қашықтан білім беруге дайындығы, онлайн платформалар мен Алматының интернет тартпайтын жерлері туралы Strategy2050.kz тілшісі әзірлеген материалдан біле аласыздар.


Алматы мектептері жаңа оқу жылын қалай бастады

Алматы қаласы білім Басқармасы Жалпы орта білім беру бөлімінің басшысы Ақмарал Айтуарованың мәліметінше жаңа оқу жылында Алматы қаласында 207 мемлекеттік және 63 жеке меншік мектепте 290 000-нан аса оқушы білім алуды бастады. Оның ішінде 30 000 – ға жуық 1-сыныпқа барды. Елдегі эпидемиологиялық ахуалды ескере отырып, 206 мемлекеттік мектеп қашықтан оқу режимінде жаңа оқу жылын бастапты.

Шалғайда орналасқан Сұлусай №197 мектептегі 60 оқушы дәстүрлі оқу форматында мектепке барды. Қазіргі таңда Алматы қаласы бас санитар дәрігерінің Қаулысына сәйкес 1-2 сынып оқушылары үшін кезекші сыныптар ұйымдастырылды. Ата-аналар өз қалаулары бойынша балаларды кезекші сыныпқа әкеле алады. Ата-аналар балаларды мектептің сыртқы есігіне дейін алып келеді және сабақ аяқталған соң мектептің сыртқы есігінен күтіп алады, - деді А. Айтуарова.

Алматыдағы барлық мектеп дезинфекция құралдарымен жабдықталды. Ол: тепловизер, дезинфекциялық кілемше, санитайзер, ылғалды, дезинфекциялық жинақты қамтамасыз етуге арналған құралдар. Кезекші сыныптардың жұмыс істеу тәртібі инструкцияға сәйкес қатаң түрде сақталған. Ең бастысы сыныптағы бала саны 15-тен аспауы керек. Үзілістер әр сыныпта әр түрлі уақытта. Әр сабақтан соң бөлмелерді желдету, кварцтау жұмыстары жүргізіледі.

Қашықтан оқытуды оң тәжірибелерін қолдана отырып, жаңа оқу жылына сапалы дайындалу үшін сапалы шаралар жүргізілді. Тамыз айында 15 443 мұғалім kundelik.kz bilimland.kz Microsoft.Teams сияқты білім беру платформаларын оқу процессінде қолдану туралы арнайы оқудан өтті. 19 тамызда бірыңғай педагогикалық кеңес, 20 тамызда бірыңғай ата-аналар жиналысы, 21 тамызда бірыңғай сынып сағаттары, 14-20 тамыз аралыңында «Тамыз» конференциясы, 25 тамызда білім диагностикасы туралы бірыңғай сабақтар, 27 тамызда Алматы қаласы әкімінің қатысуымен білім қызметкерлерінің форумы өтті. Ал, 1 қыркүйекте қала бойынша барлық білім беру мекемелерінде Білім күні аталып өтті, - деп баяндады білім басқармасының өкілі.

Қалалық ғылыми әдістемелік орталығы Білім және Ғылым министрлігінің бұйрығымен бекітілген әдістемелік ұсынымдарды басшылыққа ала отырып қала ішінде қашықтан оқыту әдістемелік құралы дайындалып, қала мектептеріне жіберілді. Осы ережеге сәйкес әр мектеп өз ережелерін бекітті. Алматы қаласындағы білім беру мекемелерінде қашықтан оқыту технологиясын қолдана отырып, оқу процессін әдістемелік және цифрлық қолдау бойынша іс-шаралар жасауға нұсқаулықтар дайындалды. Әр мұғалімнің уақытын үнемдеу мақсатында қаланың 53 үздік мұғалімімен телесабақтар түсіріліп жатыр. Дәл қазір қала бойынша оқушыларға арнап 400 видеосабақ түсірілді. 1 мен 11 сыныптар үшін ол бейнасабақтар Алматы телеарнасынан көрсетілетін болады.

Кеше ғана Президент Қазақстан халқына Жолдауында: балаларымыз қай жерде болса да, сапалы білім алу керек деп көрсетті. Сондықтан ең бастысы білім саласы мамандарының алдында тұрған басты мақсат – қандай кезең болса да, білім беру сапасын түсіріп алмау, - деді спикер.

Алматы қаласы білім басқармасы өкілдерінің айтуынша, қала бойынша 75 мың бала мен 2 мың мұғалім компьютерлік техникамен қамтылды. Мектептерді қаржыландыру есебінен 9 мың ноутбук, жергілікті бюджет есебінен 11 мың ноутбук, үкіметтің резевтік қоры есебінен 30 мың дана компьютер сатып алу арқылы шешілген. Одан бөлек 22 мың планшет пен мектептегі бар компьютерлер оқушыларға таратылып берілді.

 Алматы қаласының цифрландыру басқармасының және аудан әкімдіктерінің мәліметіне сәйкес, қалада интернеті нашар 46 жер бар болып шықты. Соған байланысты интернет тартпайтын 22 мыңнан астам балаға SIM-карталар берілетін болады. Осындай мұғалімдер де мектепке келіп, санитарлық талаптарды сақтай отырып, онлайн сабақтарды жүргізуге мүмкіндік берілген, – деді  бөлім басшысы.

Алматының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин қалада 6-10 жастағы балалар арасында 117 созылмалы пневмония жағдайы тіркелгенін айтқан болатын. Сыныптарды ашу эпидемиологиялық ахуалға тікелей байланысты. Сондықтан Алматы мектептерінің басым бөлігі қашықтан оқыту арқылы жаңа оқу жылын бастады. Алматы қалалық білім басқармасының мәліметінше, қалада арнайы білім беретін 8 мектеп-интернатта 2,5 мыңнан астам бала оқиды. Ол жерде 1-4 сынып оқушыларына кезекші сыныптар ашуға рұқсат берілген.

Фото: ашық дереккөз

Барлық жаңалықтар