• Басты
  • Алматы "Doing Business" рейтингі бойынша өңірлер арасында бірінші орынды иеленді
29 Қараша, 2019 13:30

Алматы "Doing Business" рейтингі бойынша өңірлер арасында бірінші орынды иеленді

Алматы қаласы "Doing Business" рейтингі бойынша өңірлер арасында бірінші орында тұр. Бұл туралы Алматы қаласының биылғы он айдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларына арналған баспасөз конференциясында шаһар басшысы Бақытжан Сағынтаев айтты, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

Алматы "Doing Business" рейтингі бойынша өңірлер арасында бірінші орынды иеленді

"Елбасы мен мемлекет басшысының оңтүстік астанаға деген ерекше ықыласын біз әрдайым сезінеміз. Сондықтан да болашаққа нық сеніммен қараймыз. Қала қарқынды дамып келеді. Биылғы жылдың он айының нәтижесі бойынша экономиканың барлық салаларында байқалып отыр. Базалық көрсеткіштерге тоқталып өтсем, өнеркәсіп көлемі – 5,1 пайызға, инвестиция – 3,1 пайызға, бөлшек сауда – 11,8 пайызға, көтерме сауда айналымы – 1,3 пайызға, құрылыс – 3,2 пайызға артты. Ал тұрғын үйді пайдалануға беру көлемі – 8,8 пайызға өсті", - деді қала басшысы.

Сондай-ақ Алматы қаласының әкімінің сөзіне сүйенсек, мемлекеттік бюджетке түсетін салық түсімдері 11,8 пайызға артқан. Соның ішінде 2018 жылмен салыстырғанда республикалық бюджет – 13,7 пайызға, жергілікті бюджет – 5,5 пайызға өскен.

"Алты негізгі саланың, атап айтсам, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс, сауда, көлік, байланыс салаларының даму динамикасынан тұратын  қысқа мерзімді экономикалық индикатор он айдың қорытындысы бойынша 104,9 пайызды құрап отыр. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Сайлауалды бағдарламасы мен алматылықтардың өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі тапсырмалары жүйелі түрде іске асырылуда", - деді ол.  

Сондай-ақ қала әкімі Бақытжан Сағынтаев биылғы жылдың он айында қалада бойынша жүзеге асқан жобаларға тоқталып, жетістіктері туралы жөнінде сөз қозғады. 

"Алматы қаласы тұрғындарының табысында өсім бар. Үшінші тоқсанда атаулы орташа айлық жалақы 220 мың теңгеден асты. Номинал бойынша – 12,3 пайызға көбейсе, қала тұрғындарының табысы нақты 6,7 пайызға өсті деп айтуға толық негіз бар. Сонымен қатар еңбек нарығын кеңейді. Жыл басынан бері 40,4 мың жаңа жұмыс орны құрылды. "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы аясында биыл 19 мың адам тұрақты жұмыс орындарына, ал 6 мың адам уақытша жұмысқа орналастырылды. NEET санатындағы жұмыс істемейтін азаматтар мен жастар үшін біз базарларда, вокзалдарда, жәрмеңкелерде 12 мобильді жұмыспен қамту орталығын аштық", - деді Бақытжан Сағынтаев.

Сонымен қатар қала әкімінің сөзіне сүйенсек,, тұрмысы төмен көп балалы отбасыларға жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыруға 200 еселенген айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде гранттар бөлінген. Нәтижесінде жұмыссыздық деңгейі біршама қысқарды. Бұл көрсеткіш 2014 жылы – 5,5 пайызға, ал 2018 жылы – 5,2 пайызды құраса, қазіргі таңда бұл көрсеткіш 5,1 пайызға тең деді ол.

Бұдан басқа оңтүстік астананың әкімі халықтың өмір сапасын жақсарту мақсатында бірқатар жобалар қолға алынғанын атап өтті. Қалалық инфрақұрылымды жаңғырту үшін өзекті мәселелердің тізбесі жасалған.
 
"Тұрғындарды ауыз сумен 100 пайыз қамтамасыз ету маңызды деп санаймын. 23 шағын аудандағы 105 мың тұрғынды сумен және кәріз жүйесімен қамтамасыз ету бойынша барлық жұмыстарды 2023 жылы аяқтауды жоспарлап отырмыз. Біз қала бюджетін бұрын жарық жоқ көшелерге жарық орантуға қайта бағыттадық. Бүгінгі күні осындай 208 көшеге сыртқы жарықты орнату жұмыстары аяқталды. Келесі жылы тағы 1176 көшеге жарық беріледі.  Бұл жұмыс та 100 пайыз орындалатын болады. Жылдың басынан 672 аулаға абаттандыру жұмыстары жүргізілді.  Абаттандырылған аулалардың үлесі 55 пайызға жетеді", - деді Сағынтаев.   

Сонымен қатар Сағынтаевтың айтуынша, 2020 жылдан бастап "Менің аулам" атты ауқымды бағдарламаның жұмысы басталмақ. Сондай-ақ алдағы 2 жылда аулаларды абаттандыру 100 пайызға аяқтайталатынын атап өтті.  

Қала әкімінің сөзіне сүйенсек, қысқа мерзімді міндет ретінде жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесін 75 пайызға жеткізу жоспарланып отыр.
 
"231 көшедегі 54 шақырым жолдың құрылысы аяқталды. 134,8 шақырымдық 147 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. 2020 жылы шеткі аймақтарда қосымша тағы 120 шақырым жол салуды бастаймыз. Сонымен қатар алматылықтардың аманатын орындай отырып, қоғамдық көлік санын арттырудамыз. Коммерциялық құрылымдар 172 автобус сатып алды. Әкімдіктің қаражаты есебінен газбен жұмыс істейтін тағы 260 автобус сатып алынды. Жаңартылған автобус паркінің үлесі 90 пайызға жетті. Қаланың барлық троллейбус желісін жаңғырту жұмыстары басталды. Басты бағыт – қоғамдық көліктің экологиялық таза түріне көшу. 10 электр автобусы маршрутқа шықты", - деді Сағынтаев. 
   
Бұдан бөлек қала басшысы әлеуметтік инфрақұрылымды «"қадамдық қолжетімділік" қағидаты бойынша дамыту көзделгенін атап өтті. Оның айтуынша, 29 қазандағы жұмыс сапары барысында Президент Тоқаев мектептер мен балабақшаларда орын тапшылығын айтып, нақты тапсырмалар берген.

"Қазір қала мектептеріндегі орын тапшылығы 30 мыңға жетеді. Балабақшалардағы орын тапшылығы – 20 мыңнан асады. Бұл мәселені шешу үшін мемлекеттік-жекешелік әріптестік қағидаты бойынша мектептер салу бағдарламасы әзірленді. Алдағы 2 жылда 12900 орынға 8 мектеп салынатын болады. 2020 жылдың басында 790 орындық 5 балабақша, оқу жылының басында 1800 орындық 2 мектеп, мектептердің жанынан 2017 орындық 5 жапсаржай  пайдалануға беріледі.  Сонымен қатар, мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру арқылы жеке бизнес те  белсенді қатысуда. 2020-2022 жылдары жеке инвестициялар есебінен 2240 орындық 4 мектеп, 8000 орындық 300 балабақша ашу жоспарланып отыр", - деді қала әкімі.

Осылайша, оның айтуы бойынша, 2 ауысыммен оқитын мектептердегі орын тапшылығы 30 мың орынға, балабақшалардағы кезек 10 мың орынға азайтылмақ.

Сондай-ақ Бақытжан сағынтаев Алматы қаласындағы медициналық қызметтің сапасын жақсарту үшін қаланың барлық медициналық мекемелеріне аудит жүргізілгенін атып өтті.
 
"Медициналық ұйымдарда 30 мыңнан астам медициналық жабдықтар бар, олардың 10 мыңы ескірген. Осыған байланысты әрбір медициналық ұйым мен аудан бойынша жабдықтарды жаңартудың 3-жылдық жоспары дайындалды. Медициналық жабдықтарды сатып алуға 60 млрд. теңгеден астам қаражат жұмсалатын болады. 2020 жылы 20 млрд теңгеге  медициналық техника сатып алынады. Сондай-ақ, "қадамдық қолжетімділік" қағидатына сәйкес 35 дәрігерлік амбулаториямен қамтамасыз етудің 3 жылдық жоспары әзірленді. Бүгінгі күнге 7-уі ашылды. Жылдың соңына дейін 3-уі ашылатын болады. Қараша айында Жедел медициналық көмек қызметінің жаңа станциясы іске қосылды. Осының арқасында дәрігерлік бригадалардың қала шетіне жету уақыты, бұрын 25 минут болса, қазір 11-13 минутқа дейін қысқарды", - деді қала басшысы.
 
Сонымен қатар оның айтуынша, жедел жәрдем желісіне 38 жаңа көлік берілген. Ал келер жылы тағы 75 санитарлық автокөлік сатып алынбақ. Осылайша, 2020 жылы бұл қызметтің жабдықталуы 100 пайызға дейін жететін болады деді ол.

Бұдан басқа ол қаладағы қоғамдық қауіпсіздікті нығйтып, оңтүстік астана тұрғындарының қауіпсіздігін арттыру мақсатында қабылданған шараларға тоқталды. 

"Біз полицияның материалдық-техникалық жабдықталуын жақсартудамыз, ол қазірдің өзінде ең жоғарғы көрсеткіш болып табылады – 87 пайыз. Жақын арада қала полициясына тағы 85 жаңа автокөлік берілмек. Ашықтықты қамтамасыз ету үшін біз қаланың барлық аудандарында полицияның 13 фронт-кеңсесін ашып жатырмыз. Мұнда келушілерге қолайлы жағдай жасалған, «бірыңғай терезе»  қағидаты бойынша  қызмет көрсетіледі. Президенттің тапсырмасы бойынша бейнемониторинг жүйесі енгізілуде. Қала көшелеріне жақын арада "Сергек" бейнетіркеу жүйесінің 707 бекеті орнатылатн болы. Атап айтсам, 2019 жылдың соңына дейін – 400, ал 2020 жылы –307", - деді ол.

Сонымен қатар оның айтуынша, алматылықтар үшін қауіпсіздікті нығайту бойынша шұғыл шаралар қабылданған.

"Қаланың қылмыс көп жасалатын аудандарында 32 жаңа модульдік және мобильдік полиция бекеттері жұмыс істейді. Жаяу патрульдеуді күшейтіп, маршруттарды қайта қарастырдық, аулаларды патрульдеуге басымдық берілді. Барлығы 550 патрульдеу бағыты әзірленді. Қабылданып жатқан шаралар қылмыстың санын 10,2%-ға азайтуға және қылмыстың ашылуын 26 пайыздан 30%-ға дейін арттыруға мүмкіндік берді", - деді Бақытжан Сағынтаев.

Сондай-ақ қала басшысының сөзіне сүйенсек, шаһарда кәсіпкерлік саласы да қарқынды даму үстінде. Шағын және орта кәсіпкерлік алматылықтардың үштен екісін жұмыспен қамтып оты. Шағын бизнестің корпоративтік табыс салығы жергілікті бюджетке берілгеннен кейін қала экономикасындағы шағын және орта бизнестің маңыздылығы арта түскен. Сондықтан қала әкімдігі азаматтарды кәсіпкерлік қызметке кеңінен тарту мәселесіне айырықша көңіл  бөліп отыр деді ол.

 "Алматы Бизнес 2025" кәсіпкерлікті дамытудың өңірлік жаңа бағдарламасы әзірленді. "Qoldaý" кәсіпкерлік орталығы құрылды. Қаланың 5 ауданында оның филиалдары жұмыс істейді. Мұнда бизнесмендер "бір терезе" қағидаты бойынша 525 мемлекеттік қызмет түрін ала алады. Бұл  қызметтерді алу мерзімін біршама қысқартып, олардың қолжетімділігін арттырады. Бизнес үшін қаржы ресурстарының қолжетімділігін арттыру мақсатында "Алматы" әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы базасында Almaty Finance компаниясы және "Almaty" микроқаржы ұйымы құрылды. 2019 жылдың өзінде жалпы капиталдандырылуы  3 млрд теңгені құрады", - деді қала әкімі.

Сонымен қатар оның айтуынша, шағын және орта бизнес жобаларын екінші деңгейдегі банктер арқылы қаржыландыру үшін "Даму" қорымен бірге тепе-теңдік негізде қосымша 2 млрд теңге бөлінген. Сондай-ақ ол келесі жылы тек осы бағыттың шеңберінде тағы 10 млрд теңге бөлу жоспарланғанын айтып өтті.
 
"Жыл басынан бері мемлекеттік бағдарламалар аясында 554 шағын және орта бизнес жобалары қаржыландырылды, 4,4 млрд. теңге мөлшерінде субсидия төленді. Жалпы, шағын және орта бизнесті қаржылық қолдау көлемін биылғы 4,5 млрд теңгеден келесі жылы 30 млрд теңгеге дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз. Ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер, сондай-ақ тұрмысы төмен санаттағы азаматтар үшін әртүрлі форматтағы оқу курстары өткізілуде.  Қыркүйек айынан бастап мотивациялық курстарды ұйымдастырдық, жылдың соңына дейін 75 мың, ал 2020 жылы – 200 мың адам қамтылатын болады", - деді ол.
  
Сондай-ақ оның айтуы бойынша, қалада "Бастау Бизнес", "Жас Кәсіпкер", "Isker Ana"  қалалық оқу бағдарламалары белсенді іске асырылуда. 

"Қазірдің өзінде 2000-нан астам көп балалы аналар оқу курсынан өтті. Өз ісін ашу үшін 155 адамға грант, 77 адамға  құрал-жабдықтар берілді. Осылайша, 230-дан астам көп балалы аналар өз істерін бастады. Жылдың соңына дейін көп балалы аналарға 1000-нан астам грант және 150-ге жуық шағын несиені жылына 2 пайыздық жеңілдікпен беруді жоспарлап отырмыз. Бұл жұмыс алғашқы нәтижелерін де бере бастады. Жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 10 айда 8,9 пайызға артып, 190 мыңнан асты", - деді ол.

Бұдан басқа ол қалаға инвестиция тарту мәселесіне тоқталды. Алматының бизнес жүргізу үшін еліміздегі ең қолайлы қала болып табылатынын атап өтіп, Doing business субұлттық рейтингінде Алматы қаласы өңірлердің арасында бірінші орынды иеленгенін айтты.

"Биыл қыркүйек айында Fitch агенттігі қаламызға Қазақстанның егеменді рейтингі деңгейінде – ВВВ несиелік рейтингін берді. Бұл дегеніміз қалада инвестиция үшін тәуекел деңгейінің төмен екенін білдіреді және ұзақ мерзімді қаржыландыруды тартуға мүмкіндік береді. Ірі инвесторларды тарту үшін "Алматы" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының қызметі қайта құрылып, оның құрамында Almaty Invest құрылымы пайда болды. Бүгінде сүйемелдеу үшін 7,5 млрд. АҚШ долларына 58 инвестициялық жоба белгіленді", - деді ол.

Бұдан басқа ол стратегиялық жоспар бойынша 2019 жылы қабылданған  Алматы экономикасында басталған құрылымдық маневр туралы айтып берді.

Бүгінгі күні қала экономикасындағы жетекші сала көтерме және бөлшек сауда – шамамен 30 пайыз (2019 жылдың 6 айы бойынша), содан кейін жылжымайтын мүлікпен жасалатын операциялар (9,9 пайыз) және қаржылық операциялар (9 пайыз). Өнеркәсіп, құрылыс, әлеуметтік экономика мен  жаңа индустрияның үлесі көп емес.  Мұндай жағдай қаланың жылдам дамуына мүмкіндік бермейтіні анық. Сондықтан да біз жаңа технологиялық үлгідегі  тауарлар мен қызметтердің пайдасын көру үшін  құрылымдық реформаларды қолға аламыз. Бұл жайында мен жақында Алматыдағы  инвестициялық форумда айтып өткен болатынмын", - деді Бақытжан Сағынтаев. 

Қала әкімінің айтуынша, құрылымдық маневрдің басты мақсаты – қала мен әрбір алматылықтың әл-ауқатын арттыру үшін берік экономикалық база құру. Алда қаланың өмір сүру сапасы мен бизнесті жүргізу шарттары бойынша әлемнің ең үздік 100 қаласының қатарына кіруі жөніндегі міндет тұрғанын айтып өтті.

"Басты мақсатқа арналған "жол картасы"  –  бұл біздің орта мерзімді және стратегиялық жоспарларымыз. Біз әзірлеген үш маңызды құжат жайында айтып отырмын. Бірінші құжат 2020-2024 жылдарға арналған "Жаңа Алматы" кешенді жоспары. Ол мегаполистің  шеткі аймақтарының инфрақұрылымдық проблемаларын  шешетін болады. Жоспар еліміздің мегаполистері үшін Мемлекет басшысы Тоқаев айқындап берген "шеті жоқ қала" және "қадамдық қолжетімділіктің әлеуметтік инфрақұрылымы" қағидаттарына сәйкес  жасалды", - деді ол. 

Оның айтуынша, жоспарды орындау қала тұрғындарының мектептерге, ауруханаларға, балабақшаларға, көшелер мен аулаларды жарықтандыруға, сумен қамтамасыз етуге байланысты негізгі қажеттіліктерін шешуге мүмкіндік бермек. Бұл, оның сөзіне сүйенсек, алдағы бес жылда 800 млрд теңгеден астам қаражатты инфрақұрылымға инвестициялауды көздейтін теңдесі жоқ ауқымды жоспар.

"Біздің екінші құжатымыз Алматы агломерациясын дамытудың өңіраралық жоспары немесе біз оны  «Үлкен Алматы»  деп те атаймыз. Біз оны Алматы облысының әкімдігімен бірлесіп әзірледік. Қазір Үлкен Алматыда, яғни қала маңындағы аудандарды қосқанда 3 млн адам тұрады. Біздің есептеуімізше, 2030 жылға қарай бұл көрсеткіш 5 миллионға жетеді. Алматының күндізгі тұрғындары қазірдің өзінде  қала маңынан қатынайтындармен 500 мыңнан астам адамға көбейіп келеді", - деді Сағынтаев.

Сонымен қатар ол халық санының жылдам өсуіне байланысты тұрғын үй проблемасы ең маңызды мәселеге айналғанын атап өтті. 

"Осы мәселені шешу үшін біз таяудағы 5 жылда  тиісті әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымдары бар 20 млн. шаршы метрден астам тұрғын үй салуды жоспарлап отырмыз. Бұл үшін біз Алматы облысымен бірлесіп,  мектептер, бала бақшалар, емханалар, медициналық жедел жәрдем бекеттері, ауруханалар салынатын  жер алқаптарын анықтадық. Үлкен Алматыны  дамытудағы ерекше мәселе – көлік инфрақұрылымы. Жоспар аясында Үлкен Алматы айналма автожолына 6 көшені қосу көзделген. Көлік қатынасын ұйымдастыру қала аумағында 3 көлік-алмастыру хабын, облыстың 5 елді мекенінде автобекеттер салуды көздейді", - деді қала әкімі. 

Сонымен қатар оның айтуы бойынша, жақын арада батыс және шығыс бағыттарда Ұзынағаш, Қаскелең, Талғар және Есік елді мекендеріне қатынайтын  электричкалар қозғалысын ұйымдастыру жоспарланған. Сондай-ақ агломерация шеңберіндегі бірлескен жұмыстың маңызды бағыты – бұл азық-түлік белдеуін ұйымдастыру екенін атап өтті. 

"Алматы жыл сайын 1 миллион тоннадан астам өнім тұтынады, соның 60 пайызы Алматы және Алматы облысы компанияларының еншісінде. Өнімді өндіру, қайта өңдеу және сақтау бойынша коммерциялық жобаларды іске асыру жоспарлануда. Қаланың төңірегінде 4 көтерме-тарату орталығы, 2 ет комбинаты, 7 жылыжай, 2 сүт фермасы салынатын болады.  Үшінші және ең маңызды құжат:  "Алматы-2050"  ұзақ мерзімді даму стратегиясы. Ол Елбасының тапсырмасы бойынша әзірленді және қазір тұрғындардың арасында жария талқылауға ұсынылған", - деді Сағынтаев.

Осы бағытта ол сын-қатерлер мен қазіргі артықшылықтарға талдау жасап, қаланы дамытудың 7 негізгі стратегиялық бағыты айқындалғанын айтты.
 
"Шеті жоқ қала, онда барлық аудандар бірдей жақсы дамыған және бәрінде де өмір сүру деңгейі жоғары. Алматы көп орталықты негізде дамитын болады және қаланың әртүрлі бөліктеріндегі бірнеше аймақтарда шоғырланады, олар әр алуан тығыз құрылыс салынған жеткілікті деңгейде  жинақы болады. Олар транзиттік-бағдарлық даму қағидаты бойынша қоғамдық көліктің тармақталған және көп модалы желісімен өзара байланысады", - деді ол.

Ал стратегияның екніші бағыты бойынша "Ақылды қала" жобасы. Жоспарлау мен құрылыс жүргізуде, тұрғын үймен және коммуналдық қызметтермен қамтамасыз етуде, қауіпсіздік, көлік, білім беру, халықтың денсаулығы, қаланы тұрғындармен бірлесіп басқару салаларында үздік әлемдік смарт-тәжірибелер қолданылатын болады.

"Үшінші бағыты бойынша, тұрғындарға тең мүмкіндіктер қаласы болмақ. Жасына, жынысына, ұлтына, денсаулығына және мәртебесіне қарамастан кез келген адам әлеуметтік игіліктерге тең қол жеткізе алатын, сондай-ақ қаланы басқаруға қатыса алатын инклюзивті қала. Төртіншісі - қауіпсіз қала, қылмыстық қол сұғушылықтар, жол-көлік оқиғалары, төтенше жағдайлар тәуекелдері барынша азайтылған мегаполис жасау. Ал бесінші бағыты бойынша қаланы жасылдандыру. Шаһардың барлық ресурстары мен табиғи игілігіне ұқыпты қарайтын, өмір сапасының жаһандық рейтингі бойынша үздік 100-діктер қатарына кіретін, ауасы таза, жасыл желегі мол бақ-қала болмақ", - деді қала әкімі.

Ал алтыншы бағытта, оның айтуынша, Алматы қаласын жаһандық іскерлік орталық, ірі халықаралық ұйымдар мен корпорациялардың өңірлік кеңселерін орналастыру үшін тартымды, Жаңа Жібек жолындағы маңызды көліктік-логистикалық және туристік хабқа айналдыру. Жетінші бағыты - мәдени креативті қала деп аталады. Бұл, әкімнің сөзіне сүйенсек, бүкіл әлемнен  инвестициялар мен таланттарды өзіне тартатын  инновациялар мен "білім экономикасының" жаңа индустриялары орталығы болмақ.

"Қала әкімі ретінде, мен 2020 жылдың басты міндеті – «Алматы 2050» стратегиясының  дұрыс бастау алуы деп санаймын. Және ең маңыздысы: алматылықтар қабылданған шешімдердің алғашқы нәтижелерін сезінуі тиіс деп ойлаймын. Тұрақты қала – бұл өз пайымы бар қала екеніне сенімдімін. Алматы 2050 даму стратегиясы мен біздің орта мерзімді жоспарларымыз тұрғындар мен инвесторларға мегаполистің тұрақтылығы мен айқындылығына деген сенімін нығайтады", - деп аяқтады ол сөзін. 

Назерке Сүйіндік

ҰСЫНЫЛАДЫ
Барлық жаңалықтар
дерекнама 2050

ШОБ ЖІӨ көлемінің 50 пайызынан артығын өндіреді

Еңбек өнімділігі 126 мың долларға дейін көтеріледі 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамту

Қазақстан өз нарығын жаңа экологиялық стандарттарға сай келетін жанар-жағармаймен толықтай қамтамасыз етеді

Жалпы экспорт ішінде шикізат емес экспорттың көлемі екі есеге, 2040 жылы үш есеге артады

Әліпбиімізді латын қарпіне көшіру ісі басталады

Қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін меңгеруі тиіс

15 пайыз егістік алқаптарына суды үнемдеу технологиялары енгізіледі

Халықты ағын сумен қамту мәселесі шешіледі

Адам басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 60 мың долларға көтеріледі

ҚР тұрғындарының үлесі халықтың 70 пайызын құрайды