• Басты
  • Алматы қаласы Алатау ауданының экономикалық дамуы туралы есеп берілді

Алматы қаласы Алатау ауданының экономикалық дамуы туралы есеп берілді

5 Мамыр, 2021 16:40

Бүгін Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз алаңында Алатау ауданының әкімі Азамат Қалдыбеков ауданның 1 тоқсандағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары, сондай-ақ Алматы қаласы әкімінің тапсырмаларының орындалу барысы туралы баяндады, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.


Экономикалық даму: мемлекеттік бюджетке түскен кіріс пен инвестиция

Алматы қаласы Алатау ауданының әкімінің хабарлауынша, бірінші тоқсанда аудан мемлекеттік бюджетке 16 млрд 238 млн теңге кіріс әкелген. Оның ішінде 8 млрд 48 млн теңге республикалық бюджетке, 8 млрд 190 млн жергілікті бюджетке жіберілді. Өнеркәсіп өндіру көлемінің мөлшері 68 млрд 700 млн теңгені құраған.

«Ауданның өнеркәсіптік әлеуеті келесі компаниялардан тұрады: 6 ірі, 2 орташа компаниялар. Олардың ішінде «Маслодел», «Hyundai Qazaqstan» және орта компаниялар: «Алматы Электро», «Либелло Ботлерс», «Бижан» және «Техновид Плюс» ЖШС. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 16 млрд 730 млн теңгені құрады», - деді әкім.

Жыл басынан бері 1538 жаңа жұмыс орны құрылған. Жылдық жоспар 43,1 пайызға орындалған.

«Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы аясында аудандағы «Масло-Дел» ЖШС 7,8 млрд.теңге кредит беру сомасына 1 жобаға субсидиялауды алды. Жобаның мақсаты – тазартылмаған және тазартылған майлар мен тоң майларды өндіру бойынша қызметті кеңейту», - деді Азамат Қалдыбеков.

Денсаулық сақтау: медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыру

Денсаулық сақтау саласына тоқталған әкім ауданда 5 мемлекеттік және 2 жеке медициналық мекеме жұмыс істейтінін хабарлады. Мұнда барлығы 254 000 адам тіркелген. Сонымен қатар сапалы медициналық қызмет көрсету және медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыру мақсатында, 5 дәрігерлік амбулатория жұмыс істейді.

«Қазіргі уақытта, Алматы қаласы Қалалық жайлы орта басқармасымен «Саялы» шағынауданында бір ауысымда 200 адамды қабылдайтын Алғашқы медициналық-әлеуметтік көмек көрсету орталығының құрылысының жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленуде, сондай-ақ, дәл осындай орталықты «Қарасу» шағынауданында салуға жобалық-сметалық құжаттамалары дайындалуда. Аталған жұмыстар аяқталысымен құрылыстары басталады», - деді ол.

Сондай-ақ, «Алғабас» және «Өжет» шағынаудандарының халқына арналған медициналық дәрігерлік амбулаториялармен қамтамасыз ету үшін Модульдік пункт салу жоспарлануда.

«Нұркент» шағынауданында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің жұқпалы аурулар ұлттық ғылыми орталығының ғимаратының құрылысы басталыпты.

Білім беру: жаңа мектептер мен бала-бақшалар

Білім беру саласы туралы баяндамасында Алатау ауданының әкімі ауданда 26 мемлекеттік және 2 жеке меншік мектеп жұмыс істейтінін хабарлады. Онда оқитн оқушылардың саны - 46 976.

«Мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында 7800 орындық 5 мектеп салынуда. «Саялы» шағын ауданында 1800 орындық, «Томирис», «Нұркент», «Дархан», «Рахат-Мәдениет» шағынауданында 1500 орындық. Аяқталу мерзімі 2021 жылдың Желтоқсаны», - деп қосты әкім.

Оның айтуынша, «Шапағат» шағынауданындағы №150 мектепке 600 орындық қосымша ғимарат салу жоспарланған. Қазіргі уақытта қажетті жер телімдерін сатып алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар №166 мектепке қосымша 125 орындық ғимарат салынып жатыр. Ауданда 20 мемлекеттік және 134 жекеменшік балабақша жұмыс істейді.

«2021 жылы шағын ауданда 2 балабақша салуды жоспарлап отырмыз. «Нұркент» шағынауданында 320 орындық, ал «Саялы» шағынауданында 280 орындық бала-бақшалар салынады», - деді ол.

«Нұркент» шағынауданында Жабық және ашық корттары бар, сондай-ақ, үстел теннисі орталықтарының құрылыстары жүргізілуде. Құрылыс жыл соңында аяқталады.

Ауданда өткен жылы салынған 6 футбол алаңы мен 6 жекпе-жек орталығына қазіргі уақытта арнайы жаттықтырушыларды жұмысқа алу жоспарлануда. Аталған жаттықтырушылар жергілікті жасөспірім балалардан команда құрып, спортпен шұғылдану жұмыстарымен айналысатын болады.

««Шаңырақ-2» шағынауданындағы «Алатау домбыра мектебі» қызметін атқарады, оған жарты жыл сайын 100-ге жуық бала қатысып, домбыра тартуды үйреніп жатыр», - деді әкім.

Ауданның инфрақұрылымдық дамуы

Әкім айтқандай, Алатау ауданының жол-көлік инфрақұрылымын дамыту негізгі бағыттардың бірі. Оның мәлімдеуінше, ауданда «Самғау» (3 км), «Өжет» (5,5 км) және «Шаңырақ-5» (6,4 км) шағын аудандарында жаңа жол құрылысы басталды.

«38 көшеге 45 шақырым орташа жол жөндеу жұмыстары жоспарланған. Қазіргі таңда 3 көшеге орташа жөндеу жұмыстары басталды. Сонымен қатар, 86 көшеге шұңқырларды жамау жұмыстары жүргізілуде», - деп есеп берді әкім.

Қазіргі уақытта 7 шағын ауданда (Шапағат, Қарасу, Алғабас, Өжет, Самғау, Ақбұлақ, Боралдай) жалпы ұзындығы 207 шақырым инженерлік желілер салынып жатқанын да әкім бүгін баяндады. Оның ішінде су – 116,6 шақырым, кәріз – 90,3 шақырым.

«Сондай-ақ, «Шаңырақ-1», «Алғабас», «Айгерим» шағынаудандарында орталық инженерлік желілердің құрылысының басталуы жоспарлануда. «Рахат-Мәдениет», «Саялы», «Болашақ» шағын аудандарында инженерлік желілер құрылысына ЖСҚ әзірленуде», - деп нақтылады Азамат Қалдыбекұлы.

Газдандыру мәселесі және жаңа тұрғын үйлер

Бүгінгі күні Алатау ауданы бойынша газбен жабдықтау жүйесіне 620 үй қосылмаған, оның 87-сі магистралды газ құбырының болмауына байланысты, қалған 533-і түрлі себептермен қосылмаған.

«2021 жылы Алатау ауданы әкімі аппараты тарапынан жүргізілген комиссиялық мониторингтен кейін халықтың әлеуметтік осал топтары желісі бойынша газға қосылмаған 46 үй бекітіліп, бүгінгі күні барлығы газға қосылды», - деді әкім.

Аудандағы тұрғын-үй мәселелеріне тоқталған әкім жаңа үй кешендері туралы ақпарат берді. Мәселен, «Рахат-Мәдениет» шағынауданында 22 көпқататты тұрғын үйден тұратын «Мәдениет» тұрғын үй кешені салынды. Жобада 43 622 м2 тұрғын үй (792 пәтер) салу қарастырылған. Қазіргі уақытта пайдалануға беру жоспарлануда.

Бұдан басқа, меншікті инвестициялық қаражат есебінен 5 тұрғын үй кешендерінің құрылысы жүргізілуде:

1. «Алатау Сити» - 6 үй (534 пәтер), жалпы ауданы 47,4 мың м2.

2. «Алмалы» - 2 үй (192 пәтер), жалпы ауданы 10,7 мың м2.

3. «Алатау Прогресс» жоспар бойынша 61 КПТҮ көзделген, алайда ағымдағы жылы 28 КПТҮ құрылысы жүргізілуде.

4. Солтүстік айналым, 92 мекен-жайы бойынша көп функционалды тұрғын үй кешені. Жоспар бойынша 10 қабатты 16 КПТҮ қарастырылған.

5. "Ojet" көпфункционалды тұрғын үй кешені. Жоспар бойынша 9 қабатты 7 КПТҮ қарастырылған.

Әкімнің айтуынша, аудан аумағында барлығы 577 шақырым 469 көшеге, 263 шақырым тротуарларға және 279 шақырым арық желілеріне қызмет көрсетіледі.

«Алатау ауданының 23 шағын ауданында 12 қоқыс шығарушы ұйым жұмыс істейді. Ауданда 45 контейнерлік алаң бар, контейнерлердің жалпы саны 180 дана. Күн сайын 1200-1300 м3 қоқыс шығарылады», - деді ол.

Жыл басынан бері 640-тан астам ағаш отырғызылды. Күзгі кезеңде Алатау ауданы бойынша 3000 дана ағаш отырғызу жоспарлануда. Жалпы, Алматы қаласының аумағында 1 миллион ағаш отырғызу жобасы аясында, Алатау ауданында 130 мыңға жуық ағаш отырғызылуы жоспарланған.

«Қазіргі уақытта Алатау ауданының жарықтандырылуы 85%-ға жетті, яғни 620 көше жарықтандырылды. Жарық нүктелерінің саны 38 105 дананы құрайды.2020 жылы 413 көшеге 19 471 жарықдиодты жарықшам бағаналары орнатылды. Биылғы жылы қосымша 515 көшеге жарық орнату жоспарланған», - деп бөлісті әкім ауданның жарықтандару жұмыстары туралы айта келіп.

Жаңа жұмыс орындары мен рейдтік жұмыстар

Әкімнің есебінше, «Жұмыспен қамту-2020» жол картасы аясында 15 жоба іске асырылды, 2070 жұмыс орындары құрылды.

«15 жобаның ішінде «Шапағат», «Саялы», «Ақбұлақ», «Алатау» театры, «Массагет», «Қарағайлы» саябақтары салынып, 54 көпқабатты тұрғын үйлердің қасбеттері, 23 аула мен 18 бала бақшаға жөндеу жұмыстары жүргізілді», - деді Азамат Бескемпірұлы.

Сонымен қатар, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында 6 футбол алаңдары мен 6 жекпе-жек орталықтары салыныпты.

Ауданның эпидахуалы туралы айта келіп, мониторингтік топтардың жұмысына тоқталды. Оның айтуынша, коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу, карантин кезеңінде карантин режимі мен санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың бұзылуына мониторинг жүргізу мақсатында 4 мониторингтік топ жұмыс істейді.

«2021 жылдың басынан 2041 нысанға 208 рейд жүргізіліп, 165 заңбұзушылық анықталды, 114 хаттама толтырылып, барлығы 15 млн. теңге сомасына 114 айыппұл салынды, оның ішінде 49 заңды тұлға (11,9 млн. теңге), 65 жеке тұлға (3,1 млн. теңге)», - деді әкім.

Баяндама соңында Алатау ауданының әкімі БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.


Барлық жаңалықтар