• Басты
  • Алик Шпекбаев: "СҚ-Фармация" қоймасындағы дәрі-дәрмек алаяқтардың табыс көзіне айналып кетпесін
6 Қараша, 2020 15:37

Алик Шпекбаев: "СҚ-Фармация" қоймасындағы дәрі-дәрмек алаяқтардың табыс көзіне айналып кетпесін

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев дәл қазір Қостанай облысында іс-сапарда жүр, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.


Алик Шпекбаев: "СҚ-Фармация" қоймасындағы дәрі-дәрмек алаяқтардың табыс көзіне айналып кетпесін

Қостанай облысына сапар барысында Антикор төрағасы COVID-19 екінші толқыны кезеңінде азаматтарды дәрілік препараттармен қамтамасыз ету шараларымен танысты. Осы мақсатта ол «СҚ-Фармация» ЖШС операциялық қоймасына барды. Қойма облыстың емдеу мекемелері мен ұйымдарының Нұр-Сұлтан қаласындағы хабтан дәрілік препараттар мен медициналық бұйымдарды жедел алу қағидаты бойынша жұмыс істейді.

Стационарлық және амбулаториялық ем жүргізу үшін медициналық мекемелердің дәстүрлі өтінімдеріне де, коронавирустық инфекцияны емдеуге қажетті қаражатқа тапсырыстарға да қызмет көрсетіледі. Алик Шпекбаев «СҚ Фармация» қызметкерлерінен жұмысқа ұқыптылықты талап етті.

Әкімдік дәрі-дәрмектер, дәрігерлерді қорғау құралдары, оның ішінде гуманитарлық көмек аясындағы ашықтыққа назар аудара отырып, қоғамдық ұйымдарды белсенді түрде тартуда. Коронавирус індеті әрбір қазақстандықты айналып өткен жоқ. Сондықтан бармақ басты, көз қысты жұмыс болмауы тиіс. Әрбір дәрі-дәрмек алаяқтардың табыс көзіне айналмай, тұтынушысына жетуі өте маңызды, - деп баса айтты Алик Шпекбаев.

Айта кетейік, бұған дейін бірқатар өңірлерде мониторингтік топтар дәрі-дәрмектер мен қорғаныс құралдарының азаймайтын қорын қалыптастырудағы мәселелер туралы мәлімдеген болатын. «СҚ-Фармация» Қостанай филиалының өкілдері барлық логистикалық қателер ескерілгенін және бүгінгі күні өңірде қажетті қор бар екенін айтты.

5036fb2f-8f77-4bef-8e71-ed37455f8f2d.jpg

Жергілікті атқарушы органдардың өкілдері хабарлағандай, коронавирустық инфекцияны, пневмонияны және ЖРВИ емдеуге бағытталған дәрілік заттармен азаматтарды қамтамасыз ету мақсатында дәріхана желілері мен фармацевтикалық фирмалардың дистрибьюторларына 538 млн.теңге бөлінді.

Осыған байланысты, Агенттік төрағасы пандемияның екінші толқынына дайындық барысында облыстың материалдық қоры есебінен сатып алынған дәрі-дәрмектерді сататын «Цветная» дәріхана желісін аралады.

Алик Шпекбаев Қостанай облысына сапары аясында Рудный қаласының жұртшылығымен және мемлекеттік қызметшілерімен кездесті. Ол сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамадағы өзгерістер туралы сөз қозғап, сондай-ақ елде жүргізіліп жатқан жемқорлыққа қарсы саясат және қабылданып жатқан алдын алу шаралары туралы егжей-тегжейлі баяндады.

Атап айтқанда, ол басшылардың бағыныштылар арасындағы сыбайлас жемқорлық үшін дербес жауапкершілігі туралы еске салды. Ағымдағы жылдың қыркүйек айында Рудный қаласының әкімі Ғаязов Қашар кентінің әкімі Алдонғаровтың жемқорлық қылмысы үшін берілген отставка аясында атқарған қызметінен босатылды.

Қазіргі таңда сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама әр басшыға жоғары талаптар қойып отыр. Сіздер тұтас мемлекеттік органның жұмысы тазалық пен парасаттылыққа бағытталуға байланысты екенін жете түсінулеріңіз қажет. Сондықтан басшылардың жемқорлыққа жол ашатын кез келген жағдайды жою бойынша белсенді әрекет жасауы маңызды. Бұл үшін барлық құралдар бар. Ең бастысы – шынайы ниеттің болуы, - деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысы.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ведомствосының басшысы азаматтармен сындарлы диалогты кеңейту қажеттілігіне, жергілікті атқарушы органдардың азаматтар үшін қолайлы жағдай жасау жұмысын күшейту мен қоғамдық бақылауға назар аударды.

Қоғамдық ұйымдар өкілдеріне арнаған сөзінде Алик Шпекбаев мемлекеттік органдардың жұмысын трансформациялауда азаматтардың рөлі артып келе жатқанын атап өтті.

bc6a38da-014f-4943-a464-02b0ef75bc86.jpg

Әркімнің үлесі өте құнды. Алайда, сөзден іске көшу тұрғысынан белсенділік қажет. Сынға алсаң – тиісті шараларды ұсын, оларды іске асыру арқылы жауапкершілікті сезін, - деп баса айтты Шпекбаев.

ХҚКО туралы айта келе, Алик Шпекбаев электрондық мемлекеттік қызмет көрсетудің үдемелі дамуын атап өтті.

Қағаз жүзінде көрсетілетін қызметтер – өткен күннің белгісі. Шенеунікпен байланыс орнату арқылы қызмет көрсету тұрмыстық сыбайлас жемқорлық қаупін арттырады. ХҚКО-лардың санын көбейтудің қажеті жоқ. Азаматтарды электрондық мүмкіндіктермен жұмыс істеу дағдыларына үйретуге және әкімдіктердің фронт-кеңселерін сапалы пысықтауға назар аудару қажет, - деді ол.

Жастар ұйымы өкілінің сұрақтарына жауап бере отырып, Алик Шпекбаев мемлекеттік аппаратты қысқарту бойынша жұмыстар белсенді жүргізіліп жатқанын айтты.

Мемлекеттік қызметте неғұрлым тиімді қызметкерлер қалуға тиіс. Саясаттың ықшамдылыққа бағдарланғанына қарамастан, адал, білімді және талантты жастарға конкурстық негізде жұмысқа өту жолы әрқашан ашық болатынына сенімдімін, - деді Алик Шпекбаев. 

Барлық жаңалықтар
158.69.27.238, 192.168.88.100