• Басты
  • Алексей Цой: Шымкенттік дәрігер Айна Бакеевамен 40 минуттай сөйлестім
7 Шілде, 2020 13:28

Алексей Цой: Шымкенттік дәрігер Айна Бакеевамен 40 минуттай сөйлестім

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте әлеуметтік желіде резонанс тудырған шымкенттік реабилитолог Айна Бакеевамен сөйлескенін айтты, - деп хабарлайды Strategy2050.kz тілшісі.



Алексей Цой: Шымкенттік дәрігер Айна Бакеевамен 40 минуттай сөйлестім

«Бүгін мен шымкенттік дәрігермен байланысқа шығып, 40 минуттай сөйлестім. Негізгі проблеманы, дәрігердің нені жеткізгісі келгенін түсіндім. Ол әлеуметтік желілерде, тіпті медицина қызметкерлерінің айтуы бойынша да ем-домның түр-түрі тарап кеткеніне алаңдаушылық білдіріп жатыр. Ем-дом түрлерін әлеуметтік желілерде көріп алған адамдардың да ойы сан-саққа кетеді. Ал кейбір препараттар керісінше, денсаулықты нашарлатады. Сұрақтарға жауап тапқысы келетін мыңдаған адам Айна Бакееваға жүгінеді екен. Халық өз беттерімен дәрі алып, емделіп жатыр, олар желіде тараған дұрыс емес емдеу жүйесін қолдануда дейді Айна. Біз ол кісіге министрлік сарапшылары растаған нақты ресми ұсыныстар дайындалып, ресми сайттарда орналастыратынын, әлеуметтік желілерде де дұрыс ақпарат тарайды деп уәде бердік. Ол бізге көмектеседі», - деді Алексей Цой.

Осы орайда ол Денсаулық сақтау министрлігі халыққа арналған кеңестерді ресми бекіткенін мәлім етті.

«Қазір Денсаулық сақтау министрлігі мамандармен бекітілген нақты ресми кеңестерді әзірледі. Ол Денсаулық сақтау министрлігінің сайтына жарияланады. Әлеуметтік желілер арқылы да халыққа жеткізіледі. Ол да (дәрігер Айна Бакеева) ем-дом хаттамасын өз ресурстары арқылы азаматтарға жеткізетінін айтты», - деді министр.

Естеріңізде болса, Айна Бакеева коронавирус салдарынан өкпе дертіне шалдыққан науқастардв емдеуге қатысты сын айтып, ҚР Президентіне үндеу жолдап, әлеуметтік желілерге видео жариялаған болатын. Аз уақытта оның видеолары кең таралып, тіпті көп науқас Айна дәрігердің кеңестерімен жазылғанын айтқан.

Барлық жаңалықтар