• Басты
  • А.Цой: пневмония, коронавирус, статистика, жағдайдың тұрақтануы және күзде аурудың өршуі туралы
3 Тамыз, 2020 13:30

А.Цой: пневмония, коронавирус, статистика, жағдайдың тұрақтануы және күзде аурудың өршуі туралы

ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде Алексей Цой коронавирус пен коронавирустық пневмония статистикасына қатысты мәлімдеме жасап, елдегі эпидахуалдың жақсарып келе жатқанын айтты, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

А.Цой: пневмония, коронавирус, статистика, жағдайдың тұрақтануы және күзде аурудың өршуі туралы

Соңғы статистика бойынша елімізде коронавирус жұқтырғандардың саны - 92 262 адам. Алайда олардың 67 % - дан астамы ауруды жеңді. Дәл қазір Қазақстан ауруханаларында 30 мыңнан астам адам емделіп жатыр. Министрдің айтуынша, Батыс Қазақстан, Алматы, Түркістан, Қостанай, Ақмола және Маңғыстау облыстарындағы жағдай жақсарып келеді. Ауруханаларда орын да, дәрі-дәрмек те жеткілікті. COVID-19 бен пневмонияға шалдыққан пациенттерге арналған 52 мың төсек-орын бар.

Өздеріңіз байқағандай, шарықтау шегінен өттік. Енді біздің міндетіміз - бүкіл адамдар үшін, бүкіл денсаулық сақтау жүйесі үшін өте қиын сынақпен келген осы тұрақтану позицияны ұстап қалу. Инфекциялық және провизорлық төсек орындардың толымдылығының азаюы да қуантарлық жағдай. Осы жылдың маусым айында елдегі кейбір ауруханада жағдай қатты ушығып кеткен еді. Бүгінгі таңда стационарлардың 34 %-да  ғана науқастар жатыр. Бұған төсек орындарының қорын 48 997-ге дейін арттыру есебінен қол жеткізіліп отыр. Осылайша Қазақстанның 7 өңірінде 15 стационар жабылып, қайта құрылады, - деді Алексей Владимирович.
Наурыз айынан бері елімізде өкінішке орай коронавирустан 1058 адам қайтыс болды. Қазір бір тәулікте COVID-ке шалдығу деңгейі орта есеппен 1400 адамды құрап отыр.  

Үкімет қазіргідей індетпен бірінші рет бетпе бет келіп отыр. Дер кезінде қабылданған шаралардың нәтижесінде тұрақтылық деңгейіне жеттік. Жағдай жақсарды деп қол қусырып отырған жоқпыз. Өкпе желдету аппараттарын алып жатырмыз, стационарларда аурулар орын босатып жатса да, біз төсек-орындар санын резервте көбейтіп жатырмыз. Себебі күз мезгілінде вирустық аурлардың қозатыны бар. Коронавирус инфекциясы да күз мезгілінде өршіп кетуі мүмкін деген болжам бар. Біз кез келген жағдайға дайын болуымыз керек. Бұқараға көп шықпай, маска тағу ережесін орындап жүрсек, күзде инфекцияның шарықтау шегі болмауы да мүмкін, - деді.
Журналистер министрлік өкілдеріне коронавирус пен пневмония статистикасын наурыз айынан бері біріктіріп көрсетуге қатысты сұрақтар қойды. Статистика бойынша жыл басынан бері 4042 адам пневмониядан қайтыс болды. Айта кету керек, бұл жерде пневмонияның барлық түрі бар: бактериалды, вирусты, коронавирусты және т.б. 2019 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 1,9 есе көбейген.

1 қаңтардан бастап 2 тамызға дейін Қазақстанда 256 541 пнемония жағдайы тіркелді. Өткен жылмен салыстырғанда, бұл көрсеткіш 3,3 есе көп, - деді Алексей Цой.
Осы мәселе төңірегінде жауап берген Денсаулық сақтау вице-минитрі Ажар Ғиниятқызы ПТР тест теріс болып көрінген, бірақ ауырып тұрған науқастардың көп жағдайда дұрыс емге мән бермейтінін айтты.

Коронавирусқа тест тапсырған науқас, егер тест нәтижесі бұл ауруды жоқ десе, бірден менде ауру жоқ екен деп уақытылы ем қабылдамайды. Осындай жағдайдан пневмония оның өкпесін бірден зақымдайды. Ковид пен пневмонияны біріктіріп статистиканы көрсету қиын емес. Барлық ақпарат электронды жүйеге бірден енгізіліп отырады, - деп қосты вице-министр.
Басқа елдердің тәжірибесі көрсеткендей, пневмонияны COVID-19 белгілері бар аурулардың жалпы санынан ажыратуға болады. Неліктен Қазақстан мұны жасамайды деген сұраққа министр:

Болашақта дұрыс шешім шығару үшін бүгінгінің дұрыс есебі қажет. Ертеңгі күні ахуал қалай боларын шамалап болжау үшін бүгінгі көрсеткіштегі сандар дәл, ашық, қазіргі жағдайды тура көрсететіндей болу керек. Қазақстан дәрігерлері үлкен жүктемемен бетпе бет келді, біз жағдайды талдай алу үшін ауруларды кодтау, ақпараттық ресурстарға енгізу процесі кезінде қадағалай аламыз. Егер біз әлі де дәрігерлерді жүктейтін болсақ және олар ретроспективті түрде қарайтын болса, ДДСҰ жаңа кодтау форматының басынан бастап жағдайларды ескеруді ұсынады. Бұл жерде дәрігерлердің алдында таңдау тұрады: науқастарды емдеу немесе ақпараттық деректерді есептеп отыр. Оның үстіне, бұл деректер біз алған сандарға қарағанда қажеттілігі аз», - деп жауап берді.
1 тамыздан бастап министрлік бірлескен статистиканы жүргізіп бастады. Министр енді статистика қалай есептелетінін түсіндірді.

Коронавирустық инфекцияны кодтау алгоритміне сәйкес, біз қазір расталған жағдайлар үшін U07.1 кодын және расталмаған немесе ықтимал жағдайлар үшін U07.2 кодын қолданамыз. Бұл дегеніміз, бірінші және екінші коды бар науқастар COVID-19 аурулары ретінде анықталады. Бірінші код анықтамасымен бәрі өте түсінікті. Бірақ U07. 2 коды болған жағдайда коронавирустық инфекция эпидемиологиялық белгілері бойынша диагноз қойылуы керек. Қызба, құрғақ пароксизмальды жөтел, интоксикация, тыныс алу жеткіліксіздігінің белгілері сияқты клиникалық белгілерге сәйкес. Сондай - ақ зерттеудің аспаптық әдістерінің нәтижелері бойынша, - деді спикер.
Алексей Цой журналистер қойған бірқатар сауалдан кейін министрліктің сайтында пневмонияға қатысты жаңа дерек шығатынын айтты. Оның айтуынша, тәулігіне пневмонияға шалдығатындардың саны 5000 адамға жуықтайды. 
Әр елдің өзіндік есептеуі бар. Кодтау жүйесі де әр елде әр түрлі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының нұсқаулықтарын есепке ала отырып, әлем елдерінің тәжірибелеріне сүйеніп, біз 1 тамыздан бастап өз кодтау жүйемізбен статистиканы жаңарттық, - деді Бас дәрігер.
Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының Қазақстандағы өкілдігінің басшысы доктор Каролин Кларинвал барлық елге бірдей әмбебап шешім туралы пікірін білдірді.

ДДСҰ пандемия басталғалы бірқатар ұсыным жасады. Біз барлық елге әмбебап шешімнің болғанын қалаймыз. Барлық елге бірдей ем бойынша ұсыным беруге қуанатын едік. Алайда қабылданатын шаралар әрбір елдің контекстіне сай келуі керек. Біз бақылағанымыздай, барлық шешім денсаулық сақтау саласы мен елге қолайлы болуы керек. Ол жергілікті деңгейде енгізілуі керек. Себебі елдердің барлығы әртүрлі. Денсаулық сақтау жүйесі де ерекше. Әр шешім сол елге қолайлы болуы керек. Бұл оңай емес. Мен бұл міндетті жүзеге асыруға үнемі тырысатын ҚР Үкіметі мен ДСМ-ның жұмысын жоғары бағалаймын. Денсаулық сақтау министрі пандемия басынан бері өзге елдер қандай тәжірибе қолданып жатқанына қызығушылық танытты. Ол өзге елдердің тәжірибесін өз елінде қолдануға мүдделі. Мұндай әдіс мақтауға тұрарлық, - деді ДДСҰ өкілі.
Каролин Кларинвал айтқандай, Үкімет пен денсаулық сақтау министрлігі денсаулық сақтау қызметі туралы мәліметті беруге жауапкершілік алады.

Бүгінгі брифингте еліміздің бас дәрігерлері бұқараға маска киіп, әлеуметтік ара қашықтықты сақтап, мейлінше топтасып жүрмеуге шақырды. Жағдайдың реттелуі тек Үкіметтің қолында емес, сонымен қатар барша халықтың санитарлық шараларды сақтап жүруіне де тікелей байланысты екенін еске салды. Айтпақшы, карантин мерзімінің ұзаруы жайлы Цой сарапшылардың жұмысы нәтижесінен кейін шешім қабылданатынын айтты.

Біз 2 апта бойы апта сайын деректерге мониторинг жүргіземіз. Егер аурудың тұрақты төмендеуін көретін болсақ, онда карантиндік шараларды кезең-кезеңімен жеңілдету жоспарына көшеміз. Егер динамикадағы көрсеткіштер нашарласа, онда басқа шешімдер қабылданады. Қазіргі уақытта жоғарыда айтылғандай, көрсеткіштер оңалып келе жатыр», - деді А.Цой. 

Барлық жаңалықтар