• Басты
  • Алаштың Ахаңы: өмір жолы мен өміршең идеялары

Алаштың Ахаңы: өмір жолы мен өміршең идеялары

25 Наурыз, 2021 14:59

Төл тарихымызда елдің мүддесін жеке басынан артық қойып, сол жолда қыруар еңбек еткен, тіпті басын бәйгеге тігіп, құрбан болған арыстар аз емес. Солардың бірі және бірегейі әйгілі сөз зергері, ақын, әдебиет зерттеуші ғалым, түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлы. Бүгінгі мақаламыз Алаштың Ахаңы – Ахмет Байтұрсынұлының өмір жолын, оның өміршең құндылықтарға негізделген идеяларын жазуға арналмақ.

Алаштың Ахаңы: ғұмыры және қайраткерлік қыры

Ахмет Байтұрсынұлы 1872 жылы 5 қыркүйектe қазіргі Қостанай облысы, Жангелді ауданы, Сарытүбек ауылында өмірге келген. Атасы Шошақ немересі Ахмет өмірге келгенде ауыл ақсақалдарынан бата алып, азан шақырып атын қойған. Әкесінің інісі [Ерғазы] Ахметті Торғайдағы 2 сыныптық орыс-қазақ мектебіне береді. Оны 1891 жылы бітіріп, Орынбордағы 4 жылдық мектепке оқуға түседі. 1895-1909 жылы Ақтөбе, Қостанай,Қарқаралы уездеріндегі орыс-қазақ мектептерінде оқытушы, Қарқаралы қалалық училищесінде меңгеруші қызметін атқарады. Ол өте кемеңгер, білімді тұлғаның бірі болған.

Ахмет Байтұрсынұлының ғұмыр жолы ауыр, күреске толы болды. Ол ХХ ғасырдың басында қажыр-қайратын Кеңес Үкіметі орнамай тұрып, қазақ елінің азаттығына қарсы болған патшалық өкіметке қарсы ымырасыз күреске арнады. Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш қайраткерлерімен тізе қосып, қазақ халқының саяси тәуелсіздігі, идеялық өркендеуі жолында тер төкті.

Ахаңды жұрт энциклопедист ғалым ретінде де құрметтейді. Ол қазақ әдебиетінің, тіл білімінің дамуына орасан зор еңбек сіңірді.

Ахмет Байтұрсынұлы жасаған араб графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиі (қазақтар оны төте жазу деп те атайды) сол замандағы халықтың сұранысын қанағаттандырған және талай құнды еңбектер мен рухани мұра қалдырған маңызды еңбек болды. Ол көп ғасыр бойы қолданыста болған шағатай жазуын қазақ тілінің төл заңдылықтарына негіздей отырып, халық оңай түсінетін және ыңғайлы түрдегі төте жазу стиліне ауыстырды.

Бұған дейінгі қолданылып жүрген араб жазу жүйесінің қандай кемшіліктері бар, оны реформалауға не түрткі болды дегенге келсек, дәстүрлі араб жазуында:

біріншіден, бір дыбысты жазу үшін бірнеше әріптер пайдаланылатын;

екіншіден, сөзді жазғанда оның тек дауыссыз дыбыстары ғана таңбаланатын да, дауыстылары жазылмаған сөздің мағынасын түсіну қиындық тудыратын;

үшіншіден, араб әліпбиінде дауысты дыбыстарды белгілейтін таңбалар саны үшеу ғана болғандықтан, бұл таңбалар тоғыз дауыстысы бар қазақ тілі үшін жеткіліксіз болды;

төртіншіден, «мұсылманша сауат ашу» әдісінде әріптердің таза араб тіліндегі дыбысталуы мен айтылуын жаттатумен ұзақ уақыт кететін;

бесіншіден, ол кездегі жазба тілдің құрылымында араб, парсы, «ескі тілдің» сөздері көп қолданылатындықтан, қалың бұқараға емес, азғана топтың мүддесіне қызмет ететін.

Ол 1912 жылы «Оқу құралы» деп аталатын еңбегін жарыққа шығарды. Бұл араб графикасына негізделген қазақ тілінің алғашқы әліпбиі деуге болады. А.Байтұрсынұлы сол кездегі қазақ мектептерін сапалы оқулықтармен қамтамасыз ету мақсатында үш бөлімнен тұратын «Тіл – құрал» атты еңбегін жарыққа шығарды. Оның бірінші бөлімі фонетикаға арналып, 1915 жылы жарық көрді. Екінші бөлімі морфологияға арналып, 1914 жылы жарыққа шықса, синтаксиске арналған үшінші бөлімі 1916 жылы жарыққа шықты.

Ол өзі бас болып қызметін ұйымдастырған және 1913-1918 жылдары жүйелі түрде жарыққа шыққан Қазақ газеті де осы төте жазумен жарыққа шығып, тек қазақ даласы ғана емес Ресей және Түркия аумағындағы түркі халықтарына таралды. Осы газет арқылы халықты білімге, өркениетке шақырып, елді сауаттандыру миссиясын бар күш-жігерімен атқарды. Аталған газеттерде жарияланған мақалалар әлі күнге дейін тарихи дереккөз ретінде ХХ ғасырдың басындағы қазақ қоғамы туралы ақпарат алуға мол мүмкіндік береді. Оның қанатты сөзге айналған «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек. Газеті жоқ жұрт басқа газеті бар жұрттардың қасында құлағы жоқ керең, тілі жоқ мылқау, көзі жоқ соқыр секілді» дегені газет шығарудағы миссиясын білдірсе керек.

Ахмет Байтұрсынұлының «Қырық мысалы», «Маса» жинақтары қалың жұртшылықты ұйқыдан оятуға, білімге және өркениетті елдерге қарай жетелеуге арналған бірегей туындылар болды. Ол «Қырық мысалында» И.Крыловтың мысалдарын қазақшаға аударумен қатар, оларды қазақи болмыспен байланыстырып, оқырманын жақсыға асық, жаманнан қашық болуға итермеледі.

Ахмет Байтұрсынұлы «ақтар» жеңіліп, «қызылдар» жеңіске жеткеннен кейін де коммунистермен ымыраға келіп, ағарту жұмыстарымен үздіксіз айналыса берді. Алайда Сталиндік тоталитарлық қуғын-сүргін саясаты Ахаңдай арыстың қуғын көріп, соңында «халық жауы» деген жаламен атылуына алып келді.

Өмірі елдің азаттығы, халықтың игілігі жолындағы күреске арналған Ахаңның өзі қиындықпен күн кешіп, азапталып өлтірілсе де оның соңына қалдырған бай мұрасы, оның қайраткерлік күресі ғасырлар бойы жалғаса бермек.

Ақтаңдақтарды ақтау және ұлылыққа тағзым ісі

1986 жылы жарияланған «Қайта құру» саясатына орай қоғамды демократияландыру, ашықтық принциптері Кеңес Одағы аумағына еніп, бұрын «халық жауы» атанып келген тұлғалар ақтала бастады. Мұның бір мысалы 1988 жылы 4 қарашада Ахмет Байтұрсынұлының ресми түрде ақталғаны деуге болады.

Қазақстанда жазықсыз қуған-сүргінге ұшыраған арыстарымызды ақтау жұмыстары тәуелсіздіктен кейін қызу басталды.

1993 жылғы 14 сәуiрде «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» N 2200 заң қабылданды. Заңның преамбуласында «Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесi жаппай саяси қуғын-сүргiндерге ұшыраған адамдарға қатысты әдiлеттiлiктi қалпына келтiруге батыл бел байлап, осы қуғын-сүргiндердiң барлық құрбандарын ақтау, оларға тигiзген моральдық және материалдық залалды қазiргi уақытта барынша мүмкiн болатын өтеудi қамтамасыз ету мақсатында осы Заңды қабылдайды» деғп жазылған болатын.

Осы заңның 3, 4 және 5-баптарына сәйкес бірнеше санаттағы адамдар ақталуға жататын болып белгіленді. Атап айтқанда елден тысқару қуғынға ұшыраған адамдар (егер олардың қолында қуғынға жіберу туралы нақты құжат болмаса да, олардың өз тұратын жерінен тысқару тұрғанын растайтын дәлелдемелер болса), революцияға қарсы үгіт-насихат жұмыстарына қатысқандар, діни ұйымдарды мемлекеттен өлу туралы қағидаларды бұзғаны үшін айыпталған азаматтар, кеңеске қарсы үгіт-насиъат жұмыстарын жүргізгендер, мектепті діни мешіт пен шіркеуден бөлуге қарсы болғаны үшін айыпталғандар, Кеңес Одағының құрылымын бұзуға үгіт-насихат жүргізгендер мен осы мақсатта іс-қимыл жасағандар, мемлекеттік және басқа да қылмыстар бойынша сотты болған азаматтар, саяси себептерге байланысты сотталып, бас бостандығынан айыру орындарынан, айдаудан, жер аударудан, арнайы қоныс аударудан, не бас бостандығын шектей отырып ықтиярсыз еңбекке тарту орындарынан қашып шыққан үшiн сот емес органдар шешiмдерiмен сотталғандар немесе жазаланғандар, саяси тұтқындардың бас бостандығынан айыру орындарында қарсыласу қозғалысына қатысқаны үшiн сот емес органдар шешiмiмен сотталғандар немесе жазаланғандар, Бүкiлодақтық Төтенше Комиссия, Саяси бас басқарма - Айрықша Саяси бас басқарма, Iшкi iстер халық комиссариаты басқармасы - Iшкi iстер халық комиссариаты, Мемлекет қауiпсiздiгi министрлiгi, Iшкi iстер министрлiгi органдарының, прокуратура мен оның алқалары, «айрықша кеңестер», «екiлiк», «үштiк», сот қызметiн жүзеге асыратын басқа да органдар шешiмдерi бойынша қылмыстық жазаға тартылғандар.

1997 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 31 мамыр Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні ретінде белгіленді.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары тарихшылар архивтегі кейбір жабық қорлардың құжаттарымен уақытша танысуға мүмкіндік алды. Бұл да болса отандық тарих ғылымы үшін, ақтаңдақтар өмірін түрлі жалалардан аралау үшін маңызды бетбұрыс болды. Алайда әлі де ғалымдарға, зерттеушілерге қолжетімсіз архив қорлары бар. Олар көбінесе саяси тарихқа, репрессия жылдарына қатысты болып отыр. Аталған қорлар ғылыми айналымға толық енбей объективті тарих жазу, өткенге жан-жақты баға беру қиын. Ол архивтер тек Қазақстанда ғана емес Ресейде де орналасқанын, оларға рұқсат алу қиын екенін айта кеткен жөн.

2020 жылғы 30 мамырда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай үндеу жариялаған болатын. Ол былай деді:

«Кеңес заманында өмір сүрген халықтарға «үлкен террордың» орасан зор қасірет әкелгені есімізде. Зұлмат жылдарда Қазақстанға КСРО-ның түкпір-түкпірінен бес миллионнан астам адам жер аударылды. 100 мыңға жуық азаматымыз қуғын-сүргінге ұшырап, соның 20 мыңнан астамы атылды. Жазықсыз жазаланғандардың қатарында Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Тынышбаев, М.Дулатұлы, Т.Рысқұлов, М.Жұмабаев, С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлин, С.Асфендияров сияқты көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, басқа да ұлт зиялылары бар. ... Тарихи әділдікті қалпына келтіру жұмыстарын аяқтап, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін арнайы мемлекеттік комиссия құруды тапсырдым. Біз жазықсыз жазаланғандардың әрқайсысын есте сақтау арқылы ғана кемел келешекке жол ашамыз. Болашақтың берік негізі Тәуелсіздіктен бастау алады. Өткен ғасырдағы ең қилы кезеңнің бірінде жазықсыз жапа шеккендердің рухына тағзым ету – баршамыздың перзенттік борышымыз». 

Президенттің осы үндеуінен кейін 2020 жылғы 24 қарашада «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің № 456 Жарлығы шықты. Осы Жарлыққа сәйкес Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөнінде мемлекеттік комиссия құрылды. Оның ережесі бекітілді.

Қазіргі таңда аталған комиссияның жұмысынан игі нәтиже болады деген үміт бар. Егер комиссия құрамындағы зерттеуші кәсіби ғалымдар қажетті архив құжаттарымен танысуға мүмкіндік алатын болса бұрын-соңды беймәлім болып келген тарихи фактілерге де ұшырасып қалуымыз мүмкін.


Барлық жаңалықтар