• Басты
  • Алғыс айту күні: ҚХА атынан сайланған Мәжіліс депутаттары қазақ еліне алғыс айтты

Алғыс айту күні: ҚХА атынан сайланған Мәжіліс депутаттары қазақ еліне алғыс айтты

1 Наурыз, 2021 14:18

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласындағы «Қазақ еліне мың алғыс» монументіне ҚХА атынан сайланған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары мен этномәдени бірлестіктердің өкілдері, қоғам қайраткерлері гүл шоқтарын қойып, «Алғыс айту» мерекесіне арналған салтанатты жиынға қатысты, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі


Қазақстан тәуелсіздігіне 30 жыл мен алғыс айту мерекесіне 5 жыл толуына орай ұйымдастырылған шарада ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қазақстан Халықтар Ассамблеясы Кеңесінің мүшесі Сауытбек Әбдірахманов мерекенің маңыздылығын атап өтті.

«Ардақты ағайын, көктемнің алғашқы күнін тамаша мерекемен – Алғыс айту күнінің 5 жылдығымен басталды. Жаңа мезгілдің мерекемен басталуы жақсы нышан. Бұл күні қазақ жерін мекендеген сан түрлі ұлт өкілдері тар кезеңде, тар дастархандағы бір үзім нанды бөліп жеген, тар шаңырағынан ығысып, орын берген қазақ халқына разылық сөзін айтады. Біз қазір гүл шоғын қойғалы отырған монументтің өзі де «Қазақ еліне мың алғыс!» деп аталады», - деп монументтің ерекшегіне тоқталды.
TEMA1728.jpg

Депутат Отан үшін еңбек сіңірген барлық жанға алғыс айту керектігімізді айтты.

«Пандемия кезінде адамдардың денсаулығын сақтап қалу үшін жұмыс істеген барлық дәрігерге алғыс айтамын. Қазақстан – қазыналы ел. Бірақ бұл елдің басты қазынасы жердің астында да емес, үстінде де емес. Бұл елдің басты қазынасы – адамдардың жүрегінде. Ел иесі, жер иесі қазақ халқының төңірегіне топтасқан елдің татулығында, тыныштығында. Осы тыныштық пен татулықты көздің қарашығындай сақтауымыз керек. Сонда бәрі, мереке де, береке де болады. Біз біргеміз! Сондықтан берік іргеміз! Қашан да жақсылық болсын! Қазақ елінің аспаны ашық болсын! Мереке құтты болсын!» – деп сөз сөйледі депутат.
Қазақстан халықтары ассамблеясы төрағасының орынбасары Зәкіржан Күзеевтің айтуынша, бұл мереке адамдар арасына жылулық сыйлайды.

TEMA1732.jpg
«Бүгін біз бесінші жыл қатарынан бір-бірімізге алғыс сезімізді білдіріп отырмыз. Көктемнің алғашқы күнінде Қазақстан халықтары бір-біріне, жақындарына, көршілеріне, достарына ыстық ықыластарын білдіріп жатқаны көктеммен бірге келген жылы леп сияқты. Мен баршаңызға осы мерекеде көтеріңкі көңіл-күй, мықты денсаулық тілегім келеді. Біз осы жылы бұл мерекені тәуелсіздіктің 30 жылдығымен қатар тойлап отырмыз. Айтулы мереке тәуелсіздігіміз бен бірлігімізді нығайтуға әсер етеді деп ойлаймын. Алғыс айту мерекесі баршаңызға құтты болсын!», - деді Зәкіржан Пірімқұлұлы.
Шарада сөз алған ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Наталья Дементьева қазақ халқына алғысын қазақ тілінде білдірді.

TEMA1743.jpg

«Барлықтарыңызды шуақты да салтанатты күнмен құттықтаймын. Өзге этностың өкілі ретінде ең алдымен қасиетті қазақ жеріне алғыс айтқым келеді. Сонау қиын заманда қазақ халқы өз қиындықтарына қарамастан өзге ұлт өкілдерін өз қанатының астына алып, қайырымдылығын көрсетті. Сол үшін біздің ризашылығымыз мен алғысымыз шексіз. Қазақ халқы жаратылысынан мейірімді, қайырымды халық. Қаз дауысты Қазыбек бидің:

«Біз қазақ деген мал баққан елміз,

Ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз.

Елімізден құт-береке қашпасын деп,

Жеріміздің шетін жау баспасын деп,

Найзасына жылқының қылын таққан елміз», - деген жолдары ойға оралады.

Бүгінгі мереке баршаға құтты болсын. Бейбіт елде татулықта, достықта өмір сүрейік», - деді Наталья Дементьева.

2016 жылғы 14 қаңтардағы ҚР Президентінің №173 жарлығымен Қазақстанда 1 наурыз - Алғыс айту күні деп белгіленді. Сол мерекеге орай бүгін республика көлемінде салтанатты іс-шаралар өткізіліп жатыр.

Барлық жаңалықтар