• Басты
  • "Алға" анимациялық фильмі қазақ тілінде көрерменге жол тартты
5 Наурыз, 2020 09:51

"Алға" анимациялық фильмі қазақ тілінде көрерменге жол тартты

Елордада қазақ тілінде дыбысталатын 7 фильмнің алғашқысы "Алға" мультфильмінің таныстырылымы өтті. Аталмыш анимациялық фильм аңыздарда айтылатын нағыз сиқырды тауып алуға ұмтылған екі ағайынды эльфтердің шытырман оқиғаға толы сапары туралы баяндайды. Бұл мультфильм тек қаз тілінде дыбысталып қана қоймай, алғаш рет экрандағы жазбалардың барлығы мемлекеттік тілде көрсетілетін бірінші фильм болмақ, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

"Алға" анимациялық фильмі қазақ тілінде көрерменге жол тартты

Бұған дейін қазақ тіліне дубляждалатын 7 фильмнің таныстыру кешінде фильм дубляжының режиссері Шах-Мұрат Ордабаев экрандағы жазулардың мемлекеттік тілде көрсетілетінін, әрі оған әдемі жазу таңдау үшін кастинг жарияланғанын атап өткен болатын.

Бұл анимациялық фильммен жұмыс істеу маған үлкен тәжірибе болды. Себебі бұл мультфильмде мемлекеттік тілге локализация жасалған. Тұңғыш рет фильмнің ішіндегі жазулар қазақ тілінде шықты. Бұл жазуларды жазу үшін біз ақындармен бірқатар жұмыс істедік. Бұл сәтті мен ұзақ күткен едім. Экран ішіндегі жазбаларды жазу үшін де кастинг өтті. Кастингке студияда қызмет атқаратын режиссер, актерлардың барлығы тартылды. Ішінен ең әдемі деген жазуларды таңдап алдық та, Disney/Pixar студиясына жолдадық. Сол жақта таңдалып алынды", - деді ол.

IMG_2643.JPG

Сонымен қатар фильм режиссері "Алғаның" жастарға, жалпы адамзатқа беретін тәлім-тәрбиесіне тоқталып өтті. Оның айтуынша, мұндай фильмдер адамдарға жақын жандарды барында бағалау керегін тағы бір еске салады.
"Фильмдегі хикая менің тағдырыммен үндес болғандықтан, маған жақсы таныс. Менің де әкем қайтыс болған. Менің де ағам бар. Осындай фильмдер жақын адамдарды бағалауды, оларды жақсы көретінімізді жиі айту керегін түсінуге көмек береді. Мұның хикаясы маған ерекше әсер етті. Көрермендердің де жүрегінен жол табатынына сенімім мол", - деді Шах-Мұрат Ордабаев. 

Сонымен қатар таныстырылымға қатысқан  "Болашақ" қоры Қамқорлық кеңесінің құрметті мүшесі және "Nur Otan" партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек қазақ тілінің дамуына үлес қосып, мемлекеттік тілде фильмді дыбыстауға қатысқан ұжым мен демеушілерге алғысын білдірді.

Жаһандану кезеңiнде өз тарихына терең тамыр жiберген, ұлттық мәдениетi мен ана тiлiн ардақтай бiлген халықтың ғана әрдайым айы оңынан тумақ. Сол себепті "Нұр-Отан" партиясы да елiміздегi өзге ұлт өкілдерінің төлтума қасиеттерінiң сақталуын қуаттай отырып, қазақ тілін, мәдениеті мен дәстүрін дамытуды өз стратегиялық басымдықтарының бiрi ретiнде белгiлeген. Осыдан тоғыз жыл бұрын Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен қолға алынған "Өзіңнен баста" әлеуметтiк жобасының арқасында осы кезге дейiн әлемдегі ең үздiк 34 көркем және анимациялық балалар фильмі қазақ тілінде дубляждалды. Осы бастамаға қолдау бiлдiрiп, мемлекеттік тілдің болашағына бейжай қарамайтын барша демеушiлер мен меценаттарға ерекше алғыс білдiремiн" - деді "Nur Otan" партиясы төрағасының бірінші орынбасары.

IMG_2732.JPG

Сондай- ақ BI Group холдингінің Құрылыс индустриясын цифрландыру жөніндегі директоры Асхат Тұрғынбекұлы "Алға" компания қаржылық қолдау көрсеткен тоғызыншы фильм екенін атап өтіп, болашақта да мемлекеттік тілдің дамуына үлес қоасын мұндай жобаларды шама келгенше қолдауға дайын екенін жеткізді.

"Біздің компания 3 жыл қатарынан Болашақ қорының "Өзіңнен баста" жобасына қолдау көрсетіп келеді. Осы уақыт iшiнде құны 400 миллион тeңгeгe жуық сомаға тоғыз фильм мемлекеттік тiлде дубляждалды. Биыл біздің компанияның қолдауымен тағы алты фильм дыбысталмақ. Қаржылай көмек көрсeтe отырып, біз ана тілімізді дамытуға қаражат жұмсап қaнa қоймай, сондай-ақ белсенді әлеуметтік-қайырымдылық қызметпен айналыса отырып, біздің компания қaзaқстaндық балалар үшін сапалы шетелдік киноконтентпен танысуға мүмкіндік бермек", - деді ол.

Сонымен бірге ол өз сөзінде BI Group холдингінің қазақ тілін дамыту бағытында қолға алынған бірқатар шараға тоқталды. 

"Біз ана тiлімiзге қамқорлық жасаудың маңыздылығын түсінеміз. Сол себепті көптеген жобаларымызға қазақша атау бердік. Мәселен, Абай Құнанбаевтың 175-жылдығына орай біз жаңа "Асыл мұрa" тұрғын үй кешенін іске қостық. Оның әр кезегіне қазақ мәдениетінің ұлы тұлғалары – Абaй Құнaнбаев, Шоқaн Уәлиханов, Ахмет Жұбaнов, Қорқыт Атa, Құрмaнғазы Сағырбайұлы және Әл-Фaрaби есiмдерi берiлeдi. Сондай-ақ, біздің "Ақылды үй" жобасын ұсынушы Connected Home әзірлеушілер тобы қазір қазақ тiлiнде сөйлейтін Aлиса мен Sіrі сияқты дaуыстық көмeкшiнi дайындап жатырмыз", - деді Асхат Тұрғынбекұлы. 

Aйта кетейік, "Алға" анимациялық фильмінің кастингіне елордадан, Алматы және Қарағанды қалаларынан қырықтан астам актер қатысқан. Бұл отандық кинопрокатқа қазақ тіліде шығатын 34-ші фильм.  

Назерке Сүйіндік

ҰСЫНЫЛАДЫ
Барлық жаңалықтар
дерекнама 2050

ШОБ ЖІӨ көлемінің 50 пайызынан артығын өндіреді

Еңбек өнімділігі 126 мың долларға дейін көтеріледі 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамту

Қазақстан өз нарығын жаңа экологиялық стандарттарға сай келетін жанар-жағармаймен толықтай қамтамасыз етеді

Жалпы экспорт ішінде шикізат емес экспорттың көлемі екі есеге, 2040 жылы үш есеге артады

Әліпбиімізді латын қарпіне көшіру ісі басталады

Қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін меңгеруі тиіс

15 пайыз егістік алқаптарына суды үнемдеу технологиялары енгізіледі

Халықты ағын сумен қамту мәселесі шешіледі

Адам басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 60 мың долларға көтеріледі

ҚР тұрғындарының үлесі халықтың 70 пайызын құрайды