• Басты
  • АХҚО қызметі: жаңа бағыттар мен келісімдер

АХҚО қызметі: жаңа бағыттар мен келісімдер

8 Қазан, 2021 18:18

"Астана" халықаралық қаржы орталығы «Бес институционалдық реформаны іске асыру жөніндегі 100 қадам" Ұлт жоспары аясында құрылды. 2020 жылы 2 шілдеде АХҚО басқару жөніндегі кеңестің отырысында Орталықтың 2025 жылға дейінгі Даму стратегиясы қабылданып, АХҚО-ны Орталық Азия, Кавказ, ЕАЭО елдері, Батыс Қытай, Моңғолия және Шығыс Еуропаны қамтитын өңірдегі жетекші халықаралық қаржы орталығы ретінде қалыптастыру мақсаты қойылды. АХҚО миссиясы өңірдің ұзақ мерзімде тұрақты дамуына ықпалдасу болып саналады. Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев бір сөзінде «АХҚО өзінің бірегей мүмкіндіктерімен өңір елдерін байланыстыратын әмбебап платформа ретінде әрекет ете алатынын» айтқан еді. АХҚО-ның тұрақты дамуының стратегиялық бағыты тұйық циклді экономиканы, қаржы технологияларын және "цифрлық қаржы орталығын" дамытуға арналған.

АХҚО-ның биылғы жылғы қызметіне қарап отырып, оның жаңа халықаралық және отандық ұйымдар-мекемелермен келісімдерінің кеңейгендігін, «жасыл» қаржы, оқыту, білім беру саласыдағы жобаларының көбейгенін аңғаруға болады. 2021 жылдың 4-8 қазаны аралығында «Астана» халықаралық қаржы орталығы инвесторлардың кезекті халықаралық ауқымдағы виртуалды апталығын өткізді. Халықаралық инвесторлардың виртуалды апталығын "Астана" халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) қаржылық қызметтерді реттеу комитеті(ҚҚРК) ұйымдастырды. Жалпы іс-шараны ұйымдастырушылар – АХҚО-ның әкімшілігі, Astana International Exchange, Үздіксіз кәсіби даму бюросы, АХҚО Финтех хабы, АХҚО жасыл қаржы орталығы, AIFC Business Connect. Биылғы жылы АХҚО-дағы халықаралық инвесторлар апталығының негізгі тақырыбы - "Promotion of investment intelligence"болды. Аталған іс-шараны ұйымдастырудың негізгі мақсаты: (1) инвестицияның мүмкіндіктері мен құралдары туралы мәлімет беру; (2) тұтынушыларды қорғау және инвестициялау тәуекелдері туралы ақпарат; (3) қаржылық сауаттылықты насихаттау және ақылды инвестиция туралы халыққа ақпарат тарату; (4) қаржы нарықтарындағы қазіргі инновацияларды талқылау.

АХҚО-дағы халықаралық инвесторлар аптасы инвестициялау негіздерін, ақылды инвестиция, цифрлық активтер, қаржы тұрақтылығы, қаржылық алаяқтықтың алдын алу, қаржылық сауаттылық пен білім беру тақырыптарына арналды. Халықаралық инвесторлар апталығы жыл сайын әлемнің 80-ге жуық елінде Құнды қағаздар жөніндегі комиссиялардың халықаралық ұйымы (IOSCO), яғни қор нарығын реттеушілердің халықаралық ұйымы аясында өткізеді. IOSCO мүшелері 115-тен астам юрисдикцияда әлемдік құнды қағаздар нарығынының 95% - дан астамының жұмысына қатысады. Халықаралық инвесторлар аптасын өткізу арқылы еліміздегі АХҚО қаржылық қызмет тұтынушыларын қорғауда IOSCO стандарттарына сүйенетіндігін көрсетеді.

Ағымдағы жылы халықаралық инвесторлар апталығының іс-шаралары вебинар, әлеуметтік желілердегі тікелей эфирлер және онлайн панель сессиясы түрінде өткізілді. Іс-шараға АХҚО сарапшылары, сондай-ақ қор нарығы, тұтынушылар мен инвесторларды қорғау, қаржы технологиялары, жасыл және ислам қаржы жүйесі, құнды қағаздар нарығы, сондай-ақ үздіксіз кәсіби даму саласындағы отандық және шетелдік мамандар қатысты.

2021 жылы 12 тамызда Нұр-Сұлтан қаласында Еуразиялық Даму Банкі (ЕАДБ) "Астана" халықаралық қаржы орталығының жасыл қаржы орталығымен (AIFC Green Finance Centre) бірге Қазақстан Республикасында "жасыл" және әлеуметтік жобаларды дайындап, оны іске асыратыны жөніндегі келісімге қол қойды. AIFC Green Finance Centre ЕАДБ-ға "жасыл" және әлеуметтік жобаларды іздестіру, Банктің оларға қаржы бөлуі үшін қажетті құжаттарды дайындауда, сондай-ақ тәуелсіз компаниялардың жобаларының "жасыл" қаржыландыру (Second opinion) қағидаттарына сәйкестігі туралы шешім шығаруға көмектеседі. "Бұл ЕАДБ-ның негізгі акционерлерінің бірі – Қазақстан Республикасындағы "жасыл" даму жолындағы кезекті маңызды қадамы. 2020 жылы ЕАДБ мен АХҚО Әкімшілігі Қазақстанда және Орталық Азияда "жасыл" қаржы құралдарын енгізу мақсатында құрылған AIFC Green Finance Centre компаниясының акционерлеріне айналды. 2020 жылдың 12 тамызында осы ұйымдар бірлесіп Орталық Азияда алғаш рет "Даму" КДҚ "АҚ-ның 200 млн теңге сомасындағы "жасыл" облигацияларын шығарды. 2019 жылы ЕАДБ Кеңесі 2020-2024 жылдарға арналған жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК) саласындағы жобаларды қаржыландыру бағдарламасын бекітті. 2020 жылы осы банк Қазақстанда өндіруші қуаты 110 МВт ЖЭК салудың 3 жаңа жобасына қаржы бөлді. ЕАДБ энергетикалық қоржынындағы ЖЭК-жобалардың үлесі 67% - ды құрайды. ЕАДБ кредиттік бағалаудағы экологиялық-әлеуметтік факторлардың маңыздылығы бойынша 1-ден 5-ке дейінгі шкала бойынша Fitch-тің 4-санаты берілген. 

2021 маусымда АХҚО Үздіксіз кәсіби даму бюросы жоғары технологиялар мектебінде оқуға арналған «Women In Tech» әйел программистерге арналған конкурс жариялады. Бұл гранттар бағдарламалауды үйреніп, IT мамандығын меңгергісі келетіндерге арналды. Ұйым Кремний алқабының Qwant жоғары технологиялар мектебіндегі барлық оқу шығындарын өтейді. Бағдарламаға қатысу үшін әйел азаматтар неге Qwant-та оқығысы келетіні және сол мектептің дамуына қалайша үлес қосатыны туралы эссе жазды. Байқау жеңімпаздары веб-құрастыру, деректерді талдау және бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеу сияқты сұранысқа ие IT-бағыттары бойынша Кремний алқабының бағдарламалау мектебінде оқуға толық қаржылай қолдауға ие болды. Эсседен басқа, грантқа өтінім беру үшін байқауға қатысатындар тіркеу формасын толтырып, бағдарламалау бойынша 4 апталық тегін онлайн сабақтан өтті. Qwant дегеніміз АХҚО Бюросының қолдауымен ашылған ақпараттық-коммуникация саласындағы мамандарды даярлаудың инновациялық мектебі. Qwant мектебінде оқытушылар жоқ немесе дәрістер өткізілмейді. Бүкіл процесс белсенді оқыту әдістемесі бойынша құрылған, онда студенттер өз сұрақтарына жауап іздеп, жобаларды бірлесіп жасайды. Оқыту бағдарламасында басымдық белсенді оқытуға, практика және геймификацияға, яғни IT әлеміне тез бейімдеу жұмыстарына беріледі. Байқауға өтінімдер ТМД аумағында тұратын әйелдерден қабылданды, оқу ұзақтығы 9 айға дейін созылады. Оқу грантын алған қатысушылар аптасына кемінде 20-40 сағатын осы салаға арнап отыруы тиіс. 

Сонымен қоса АХҚО Құқық академиясына М.С. Нәрікбаев атындағы ҚазГЗУ Университетінің білім беру саласындағы стратегиялық әріптес мәртебесі берілді. ҚазГЗУ мен АХҚО Құқық академиясы академиялық әріптестіктің және бірлескен бастамаларды табысты іске асырудың құнды тәжірибе жинақтап, олардың ішінде:

- Заңгерлерге ағылшын тілін үйретуге арналған TOLES Legal English program;

- ҚазГЗУ оқытушыларын құқық және АХҚО практикасы саласында, сондай-ақ жалпы құқықты оқыту әдістемесіне үйрету;

- АХҚО Құқық академиясының халықаралық тағылымдама бағдарламасына ҚазГЗУ студенттерінің қатысуы;

- ҚазГЗУ студенттері мен оқытушыларының АХҚО-ның қысқа курстары мен сертификаттау бағдарламаларына қатысуы туралы келісті.

АХҚО үздіксіз кәсіби даму бюросы Директорлар кеңесінің мүшесі Д.Галлоның айтуынша, ҚазГЗУ құқық, бизнес және гуманитарлық ғылымдар саласындағы бакалавриат және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларының толық іске асыратын Орталық Азиядағы жетекші жоғары оқу орнының бірі. АХҚО Құқық академиясы студенттерді бірнеше юрисдикция жағдайында кәсіби дайындау бойынша ҚазГЗУ миссиясын қолдай отырып, осы қатынастарды нығайтуға күш салады. ҚазГЗУ тарапы да өз кезегінде АХҚО құқық академиясымен бірлескен жобаларды іске асыруда жақсы тәжірибесі бар екенін атап өтті. Жалпы алғанда қос тарап ҚазГЗУ білім беру бағдарламаларына жалпы құқық және практикалық заңдық құзыреттерді дамыту курстарын әзірлеу, сондай-ақ бірлескен ғылыми зерттеулер мен аналитика жүргізу туралы уағдаласты. 

Сонымен қатар, Astana International Exchange (бұдан әрі — "AIX") Дүниежүзілік биржалар Федерациясына ("WFE"," Федерация"), нарықтық инфрақұрылымның 250-ден астам қатысушысын, оның ішінде 68 биржаны-WFE-нің толық құқылы мүшелерін біріктіретін жаһандық салалық биржалар және клирингтік орталықтар қауымдастығына толық құқылы мүше ретінде қабылданды. Федерация мүшелері AIX қатаң іріктеу рәсімдерінен өткеннен кейін, WFE 60-шы Бас Ассамблеясында AIX мүшелігіне жасырын дауыс берілді. WFE мақсаты – әлемдік капитал нарықтарының қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында ұйымдастырылған бағалы қағаздар мен қаржы нарықтарының дамуына, алға жылжуына ықпал ету. WFE әділ, ашық, тұрақты және тиімді нарықтарды қолдау және дамытуға жәрдемдесу мақсатында бүкіл әлем бойынша стандарттар мен саясатты әзірлеушілермен, реттеуші органдармен және үкіметтік ұйымдармен ынтымақтастық жасайды.

WFE бас атқарушы директоры Нандини Сукумардың айтуынша, қатаң критерийлер, процесс және биржа жұмыс істейтін нарық құрылымы мен реттеуші ортаны талдау сияқты көптеген тексерулер бар. Осыдан өткен AIX WFE стандарттарына сәйкес келетін әлемнің түкпір-түкпіріндегі басқа 68 биржаларға қосылатын болады. 

2021 жылы ҚР сауда және интеграция министрлігінің экспортты ілгерілету жөніндегі операторы – QazTrade компаниясы "Астана"халықаралық қаржы орталығымен меморандумға қол қойды. Ол туралы ҚР Сауда және интеграция министрі Б.Сұлтанов өзінің Facebook-тегі парақшасында хабарлады. "Енді экспорттық бағыттар бойынша бірге жұмыс істейтін боламыз. Шын мәнінде, біз сыртқы нарықтар туралы білім мен оларға тауарларды жылжыту дағдыларын біріктіреміз. Бұл жерде сөз электрондық коммерция, биржа саудасы, маркетплейстерге шығу туралы болып отыр", - деді министр. Мысалы, QazTrade Fintech Hub акселерациялық бағдарлама резиденттерін халықаралық сауда алаңына шығаруға көмектеседі, ал АХҚО тауар биржаларының жұмысы, әлемдегі тауар саудасы және жеткізу тізбектері бойынша деректер жинайды. "Мен шетелде инвесторлармен кездескен кезде көптеген адамдар АХҚО құқығы бойынша қызығушылық танытты. Сонымен қатар, кейбір бизнес Қазақстанды тауарларды тек Қытайға немесе Ресейге экспорттау үшін өндіретін орын ретінде қарастырады. Оның ішінде, шекаралық индустриялық сауда-логистикалық хабтардың аумағында ("Қорғас", Орталық Азия, Қырғызстанмен шекара және т.б.)", - дейді министр.

2021 жылы шілдеде АХҚО қызметі туралы жиында ҚР Президенті Қ.Тоқаев дағдарыстан кейінгі қалпына келтіру кезеңінде АХҚО-ның маңызды рөлін атап өтіп, осы алаңның барлық артықшылықтарын пайдалану қажеттігін айтты. Ол үшін Орталық, Ұлттық банк және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі арасында үйлесімді іс-қимыл болу керектігі айтылды. Президент АХҚО Орталық Азия өңіріндегі жетекші қаржы орталығына айналды деген пікір білдірді. «Біздің ортақ міндетіміз – Орталықтың әлеуетін толық көлемде пайдалану және оның өңірлік және жаһандық ауқымын ұдайы кеңейту» деді Президент өз сөзінде. Осыған қарай отырып, халықаралық қаржы орталығының әлеуметтік жауапкершілік саласындағы және аймақтық қаржылық хабқа айналудағы бірқатар жетістіктері бар екенін көруге болады.

Барлық жаңалықтар