• Басты
  • АХҚО-ның Қазақстан экономикасына инвестиция тартудағы рөлі

АХҚО-ның Қазақстан экономикасына инвестиция тартудағы рөлі

25 Наурыз, 2021 14:43

ХХ ғасырдың аяғынан бастап халықаралық қаржы орталықтары (ХҚО) халықаралық қаржы жүйесінің ажырамас бөлігіне айнала бастады. Әлемдік экономикадағы жаһандану үрдісінің кең таралуы мен тереңдеуіне байланысты ХҚО рөлі, олардың маңыздылығы мен қаржы-экономикалық үрдістерге ықпалы артты. Сонымен бірге, кейбір ХҚО қызметі уақыт өткен сайын кешенді болып, халықаралық несие капиталының нарығын ғана емес, халықаралық қаржы-валюта, несие қатынастарына, сондай-ақ сақтандыру, аудит және басқа да қызмет көрсету салаларын қамтыды.

Қаржы орталығы дегеніміз не

Халықаралық тәжірибе көрсетіп отырғанындай, көптеген елдер өздерінің қаржы орталықтарын құруға мүдделі, өйткені бұндай орталықтар әлемдік қаржының кірісін қалыптастырады және қайта бөледі, мемлекетке капиталдың ағынын жасайды. Сондай-ақ, азаматтарды жұмыспен қамту, салық түсімін көбейтуге жол ашады. ХҚО мемлекеттің валютасының нығаюына әсер етеді және төлем балансының баптары бойынша кіріс алуға мүмкіндік береді. Өзінің даму сатысында ХҚО біртіндеп несиелік әлеуеті мықты ақпараттық-аналитикалық және ұйымдастырушылық-басқару кешендеріне айналуда. ХҚО өз жұмысына салыстырмалы экономикалық және құқықтық талдау бойынша сарапшылар мен мамандарды жұмылдырып отырады. Бүгінде пәнаралық зерттеулер жүргізіп, қаржы орталықтарының индекстері мен рейтингтерін дайындайтын аналитикалық орталықтардың мән-маңызы артып отыр. Әлемдегі жетекші қаржы орталықтары елдердің экономикалық дамуының жай-күйі мен перспективаларын талдайды. Қаржы қызметінің нарығына еркін қол жеткізу үшін қаржы мекемелерінің институционалдық-құқықтық жүйесін құрып, қаржы нарығының «ойын ережелерін» дайындау да ХҚО жұмысымен тікелей байланысты.

Әлемдік қаржы орталықтарының қызметі жаһандық қаржы жүйесін қалыптастырудың жетекші факторына айналды. «Жаңа экономикалық географияның» қалыптасуына орай әлемдік қаржы жүйесінде аймақтар арасындағы шекаралар енді маңызды рөл атқармайды. Халықаралық экономикада қаржы орталықтары ақша және капитал ағындарын бақылаушы рөлін атқарады. ХҚО халықаралық несиенің жаңа түрін, яғни жаһандық несие жүйесін орнықтырады. ХҚО дегеніміз – банктер, қорлар арқылы жаһандық несиені заңдастыру, валюта бағамдарын, пайыздарды және басқа да экономикалық, қаржылық тетіктерді пайдаланатын жаһандық рента орталықтары. Жалпы, ХҚО-ның негізгі рөлі халықаралық қаржы ұйымдарымен және дамыған елдермен бірлесіп әлемдік қаржы жүйесін нығайту және реформалау, қаржы архитектурасын қайта құру жөніндегі ұзақмерзімді стратегияны дайындау және іске асыру деп түсінеміз. 

Қазіргі уақытта әлемдік және аймақтық макроэкономика үшін маңызы бар, бизнес пен қаржы инфрақұрылымы шоғырланған бірнеше ірі ХҚО бар. Оның қатарына Лондон, Нью-Йорк, Цюрих, Майндағы Франкфурт, Шанхай, Токио және Гонконг қаржы орталықтары кіреді. Бірнеше жыл бұрын Ресей Үкіметі Мәскеуде халықаралық қаржы орталығын құру жоспарын жариялаған еді, бірақ ол жоба әлі іске асқан жоқ. Бірқатар ресейлік сарапшылар Санкт-Петербургте ХҚО ашу бастамасын көтерді. Ал, Қазақстандағы және посткеңестік кеңістіктегі алғашқы «Астана» халықаралық қаржы орталығын»(АХҚО) құру идеясы іске асып, өзінің алғашқы жемісін беріп келеді. 2018 жылдың шілдесінде АХҚО ресми түрде ашылып, 2020 жылдың шілдесінде Орталықтың 2025 жылға дейінгі даму стратегиясы қабылданды. Аталмыш құжат өңірде тұйық циклді экономиканың, қаржылық технологиялардың және цифрлық қаржы орталығының қалыптасуын көздейді. Қазақстан үшін бұл осындай үлкен жобаны іске асырудың екінші әрекеті еді. 1995 жылы Н.Назарбаев республиканың қаржы секторындағы өңірдің орналасу артықшылықтарын пайдалану, сондай-ақ қаржылық делдалдықты кеңейту және елге халықаралық қаржы ағындарын тарту үшін Алматыда өңірлік қаржы орталығын (АӨҚО) құру идеясын ұсынды. Алайда, 1998 жылғы экономикалық дағдарысқа байланысты жоба толық көлемде іске асырылған жоқ. АӨҚО тек 2006 жылы қысқартылған формада жұмыс істей бастағанымен, астананың ауысуымен ол өзекті болмай қалған сыңайлы.

2015 жылы көктемдегі сайлау науқанында Елбасы Н.Назарбаев қаржы орталығын құру идеясын қайта ұсынды. Бұл жолғы жоба-жоспар ынтымақтастықтың көптеген бағыттарын қамтыды және заңнамаға өзгерістер енгізуді талап етті. Кейін АХҚО құру идеясы экономикалық дағдарыс салдарын еңсеруге арналған «Бес институционалдық реформаны» іске асыру жөніндегі «Ұлт жоспары – 100 нақты қадам» бағдарламасына енгізілді. Бағдарламада «Астана» халықаралық қаржы орталығын арнайы мәртебе бере отырып, ASTANA EXPO 2017 инфрақұрылымы базасында құру көзделді. Сондай-ақ, Қаржы орталығының заңды мәртебесін Конституцияда бекіту де маңызды еді. Орталықтың ТМД елдері, сондай-ақ бүкіл батыс және Орталық Азия өңірі үшін қаржы орталығы ретінде қалыптасуы; ағылшын құқығы қағидаттарында жұмыс істейтін өз юрисдикциясы бар тәуелсіз сот жүйесін құру; судьялар корпусы шетелдік мамандардан құрылып, болашақта Қазақстанның қаржы хабы әлемнің 20 озық қаржы орталықтарының қатарына енуі тиіс деген мақсат қойылды. 2015 жылы желтоқсанда «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы» Конституциялық заң қабылданды, ал 2017 жылы Конституцияға түзетулер енгізіліп, қаржы саласындағы ерекше құқықтық режим белгіленді. 

Ресейлік сарапшы Д.Кувалин 2021 жылы 50 жуық елден 734 компания тіркелген АХҚО Қытай мен посткеңестік елдер, Орталық Азия мемлекеттерінің арасындағы қаржылық хаб болады дейді. АХҚО-ның негізгі бөлігі – Astana International Exchange (AIX) қор биржасы, оның инфрақұрылымы NASDAQ, Goldman Sachs, Жібек жолы қорымен және Шанхай қор биржасымен әріптестікте құрылған. Астана биржасының ресми тізімінде 60-тан астам құнды қағаз бар. Ресми тізім эмитенттеріне қойылатын талаптар Лондон қор биржасының талаптарына сәйкес келеді. "Қазатомөнеркәсіп" Ұлттық атом компаниясы, Kaspi.kz, Halyk Bank, Ferro Alloy және "Кселл" сияқты ірі эмитенттер өздерінің құнды қағазын AIX-ке қойған. 2019 жылы AIX шамамен $217 млн акционерлік капитал тартқан, бұл алдыңғы үш жылдағы Қазақстанның бүкіл қор нарығынан бірнеше есе артық (Алматыда 1993 жылдан бастап Қазақстандық қор биржасы, Kazakhstan Stock Exchange — KASE жұмыс істейді). 2018 жылмен салыстырғанда AIX-тегі сауда-саттық көлемі 2019 жылы 2,7 есе артты. 2020 жылы биржадағы сауда айналымы күрделі жағдайға қарамастан өсіп отырған. 2019 жылы сауда көрсеткіші қазан-қыркүйек айларында $0,7 млн және $ 2,2 млн болса, 2020 жылы $5,4 млн және $3,9 млн-ға дейін жеткен.

«Бір белдеу, бір жол» және ЕЭО аясындағы ынтымақтастық

Халықаралық қаржы орталықтары әлемдік экономиканың маңызды субъектісі және факторы болып қала береді. ХҚО жаһандық қаржы жүйесінің ұзақ мерзімді стратегиясын дайындау және іске асыру процестеріне қатысатын институционалдық құрылым. ХҚО әлемдік қаржы нарығы интеграциясының ажырамас бөлігі болып табылады. АХҚО басқарушы директоры А.Қазыбаев қаржы орталығын құру Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының Бес институционалдық реформасын іске асыру жөніндегі «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының міндетінен туындағанын айтады. «АХҚО-да қаржы нарығының әділдігін, ашықтығын және тиімділігін қамтамасыз ету, инвесторлар мен қаржы қызметтері клиенттерінің мүдделерін қорғау және жүйелік тәуекелді азайту үшін әлемдік стандарттар бойынша (IOSCO, Basel, IAIS, FATF және т.б.) реттеу режимі құрылды. Арнайы салық тәртібі енгізілді. АХҚО қатысушылары 2065 жылдың соңына дейін қаржылық және қосалқы қызмет кірістері бойынша корпоративтік табыс салығынан, ал АХҚО органдары мен қатысушыларының шетелдік қызметкерлері 2065 жылдың соңына дейін жеке табыс салығынан босатылған. АХҚО-ның басты мақсаты – Орталық Азия, Еуразиялық Экономикалық Одақ, Таяу Шығыс, Батыс Қытай, Моңғолия және Еуропаның арасындағы қаржылық хабқа айналу" – дейді А.Қазыбаев.

АХҚО-ға қатысушыларды тарту мақсатында қабылданған маңызды шаруаның бірі – 2021 жылға дейін АХҚО аумағында тіркелу кезінде лицензияның жарнасын алып тастау. Бұл шара қатысушы компаниялар үшін қолайлы бизнес-орта құруға, сондай-ақ жергілікті және халықаралық компанияларды Орталық Азияда АХҚО алаңын өз бизнесі үшін тиімді пайдалануға мүмкіндік береді" – дейді сарапшы М.Бубеев. Бүгінгі таңда АХҚО қаржылық қызметтерді реттеу комитеті Орталық қатысушыларының қатарына 79 компанияны тіркеген. АХҚО-да қатысушы ретінде тіркелген ЕЭО мүше-мемлекеттерінің компаниялары да жыл санап көбейіп келеді. АХҚО Комитеті – Құнды қағаздар жөніндегі комиссиялардың халықаралық ұйымының (IOSCO), Халықаралық сақтандыруды қадағалау қауымдастығының (IAIS), Ислам қаржы қызметтері жөніндегі кеңесінің (IFSB) және Ислам қаржы мекемелерінің бухгалтерлік есеп және аудит ұйымының (AAOIFI) мүшесі. 

«Бір белдеу, бір жол» (BRI) – 150-ге жуық мемлекет пен халықаралық ұйым қосылған инфрақұрылымды дамытудың Қытай ұсынған жаһандық инициативасы. Оны алғаш рет ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин 2013 жылы Қазақстанға мемлекеттік сапарымен келген кезде жариялады. Қазақстан BRI шеңберінде маңызды рөл атқарады, өйткені алты экономикалық дәліздің екеуі Қазақстанның территориясы арқылы өтеді. BRI Қазақстанға, сондай-ақ барлық қатысушы елдерге инфрақұрылымды дамыту, коммуникацияны жетілдіру, сондай-ақ өндірістік қуат пен халықаралық сауда көлемін арттыруға, жалпы экономиканың дамуын ынталандырады.

АХҚО-ға қарасты AIX-тің негізгі міндеттерінің бірі – халықаралық инвесторларға есігі ашық Орталық Азиядағы жетекші қор биржасына айналу, сондай-ақ «Белдеу мен жол» инициативасына нарықтың сұранысын көрсететін, әртараптандырылған, тұрақты қаржылық шешімдерді ұсынатын өңірлік қаржы орталығы болу. AIX нарығының «Белдеу мен жол» сегменті инициатива шеңберіндегі жобаларға капитал нарығының шешімдерін ұсынатын, сондай-ақ жобаларға жеке инвестицияларды тарту үшін тиімді платформа болып саналады. Негізінен, қарапайым акция, облигация, активтер, құнды қағаздар сатылатын AIX Belt and Road Market нарығының валютасы юань болып белгіленген. Инвестицияларға және «Белдеу мен жол» жобаларына деген қаржылық сұранысты қамту үшін АХҚО өңірлік есептеу-клирингтік орталығын дамыту жұмысын жүргізді. Осы орталықтың негізгі бөлігі AIX «Белдеу мен жол» сегменті болғандықтан, «Белдеу мен жол» жобаларын, коммерциялық және инвестициялық банктер, тікелей инвестиция қорлары, жетекші заң, аудиторлық фирмалар және рейтингтік агенттіктер қолдайтын жобаларды шоғырландырады. 2020 жылы 20 наурызда China Contruction Bank Нұр-Сұлтан қаласындағы филиалы AIX пен Гонконг қор биржасында өз облигацияларының екі еселенген листингін өткізді. Бұл AIX-тегі юань түріндегі алғашқы облигация, сондай-ақ AIX-тің «Белдеу мен жол» сегментіндегі алғашқы юань валютасындағы қаржы өнімі болды. Өтеу мерзімі 2 жыл және купон мөлшерлемесі 2,95% болатын 1 млрд юань сомасындағы облигацияны Қытайдың институционалдық инвесторлары сатып алған. China Contruction Bank филиалы бұл қаражатты Қазақстандағы инфрақұрылымды қолдауға пайдаланады. 

Ішкі қаржы нарығы айтарлықтай дамымаған және осындай орталықтары жоқ елдер шет елдік капиталға тәуелді болады немесе оның азаюына әсер етеді. Ұлттық қаржы нарығының халықаралық деңгейдегі бәсекелік қабілетін нығайту және жаһандық қаржы жүйесінде орнықты позицияны ұстап тұру үшін кез-келген мемлекет ХҚО құрып, сол арқылы қаржы операцияларын кешенді түрде қамтуға немесе оның белгілі бағытта дамуына көңіл аударуы тиіс. Қаржы орталықтарының жұмысы бүгінгі әлем экономикасының ерекшелігі болып саналатын қаржылық жаһандану үрдісіне себеп болды. Аталған инициативаның бір бағыты – қаржылық интеграция болғандықтан, АХҚО «Бір белдеу, бір жол» және ЕЭО елдерінің қаржы саласындағы байланыстырушы көпірі ретінде аймақтық маңызды рөл атқара алады. АХҚО Орталық Азия, Кавказ, ЕАЭО, Батыс Қытай, Моңғолия, Таяу Шығыс және Еуропа елдерінің экономикасын өзара байланыстыру, қаржылық интеграцияның ортасы ретінде маңызы арта береді.

Барлық жаңалықтар