• Басты
  • Аида Балаева журналистерді кәсіби мерекесімен құттықтады
26 Маусым, 2020 09:38

Аида Балаева журналистерді кәсіби мерекесімен құттықтады

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаеваның қатысуымен Қазақстан Республикасының медиа қызметкерлері күніне арналған онлайн-марафон өтіп жатыр. Жиын барысында алғашқы болып сөз алған министр журналистерді кәсіби мерекесімен құттықтады, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі. 

Аида Балаева журналистерді кәсіби мерекесімен құттықтады
"Кез келген қоғамның дамуы, мемлекеттің өсіп-өркендеуі - сол қоғамның ішкі тұрақтылығына,береке-бірлігіне, ұлттық құндылықтарының сақталуына мемлекеттің мықты идеологиясына байланысты. Ал бұны қалыптастыратын ең бірінші - ғалымдар мен зиялылар, ақын-жазушылар мен журналистер. Журналистер - қоғамның жанашыры, қоғам тіршілігіндегі қылт еткен қиындықтарда бірінші болып үн қататын, тығырықтан шығар жол іздейтін де журналистер қауымы. Бүгінде ақпарат майданында қаруым-қалам, өрісім - қағаз" деп ақиқаттың арда жүгін арқалап жүрген журналистер қауымының кәсіби мерекесі. Өзімнің және министрліктің атынан әріптестерімізді құттықтаймын", - деді министр.

Сонымен қатар Аида Балаева БАҚ өкілдерінің мемлекеттік идеология қалыптастырудағы, ұлттық құндылықтарды сақтаудағы еңбегіне тоқталып, алғыс білдірді.

"Расында да, журналистика шығармашылықты өрісті ғана емес, кәсіби өршілдік пен аса терең мәдениеттілікті, жан-жақты білім мен ішкі тәрбиені қатар талап ететін мамандық. Өйткені ғұлама ғалыммен де, біртуар дарынмен де, қарапайым қауыммен де тең сөйлесіп, тамырын табу екінің біріне бұйыра бермейтін дара қасиет, асқақ абырой. Өз басым осындай қасиет пен абыройды отандық журналистиканы бүгінгідей биікке көтерген майталман аға буыннан бастап осы күнді ақпарат ағымымен алысқан әрбір тілшінің бойынан көремін. Көріп қана қоймай, сіздердің барлық  ерекше талғампаздықтарыңызды сезінемін. Сондықтан осындай талғамды қоғамды қалыптастырып, айналамызға адал ақпарат жеткізуге атсалысқан ауыр да, абыройлы еңбектеріңіз үшін риясыз алғысымды жеткіземін. Қаламдарыңыздан қасиет кетпесін, ел игілігіне ту еткен еңбектеріңіздің табысын көріңіздер. Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, бақыт пен береке тілеймін", - деді ол. 

Іс-шара аясында құрметті бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлеріне "Ақпарат салысының үздігі" төсбелгісі мен Құрмет грамоталарын тапсыру рәсімі өтті. 

Ақпарат және қоғамдық даму министрінің 2020 жылғы 22 маусымдағы  №.199 бұйрығына сәйкес, "Ақпарат саласының үздігі" төс белгісімен бірқатар журналист марапатталды. 

Жиынға қатысқан Ақпарат және даму министрі Аида Балаева "Ақпарат саласы үздігі" төсбелгісімен Мақпал Үкенова - "Қазақстан" ұлттық арнасы эфир саясаты анонс бөлімінің жетекшісі , Қанат Базылханов - "Хабар24" телеарнасының тілшісі , Айтжан Мұрзанов - "Айқын" газетінің фототілшісі, Асқар Бейсенбаев - "Казахстанская правда"  газетінің спорт бөлімінің редакторы , Райхан Әбдешева - "Қазмедиа" орталығы директорының орынбасары марапаттады.
 
Сонымен қатар айта кету керек, "Ақпарат саласының үздігі" төсбелгісімен еліміздің облыстарында да бірқатар сала маманы марапатталып жатыр. Олардың қатарында отандық журналистиканың дамуына үлес қосқан, сондай-ақ еңбек өтілі 30 жылдан асқан шын кәсіби мамандар бар. Жалпы мереке қарсаңында БАҚ салысының 55 өкілі ерекше төсбелгінің иесі атанды. 

Еске салайық, ҚР Ақпарат және дам министрлігі "Медиа қоры" корпоративтік қорымен бірігіп 26 мамыр күні Бейсен Құранбек атындағы "Жігер" байқауының басталғаны жөнінде хабарлаған болатын. 
 
Жиын барысында жас журналистерді қолдау және олардың қызметін ынталандыру, сондай-ақ әлеуметтік маңызды тақырыптармен айналысатын БАҚ-тың жұмысы барысында белгілі қазақстандық журналист, тележүргізуші, қоғам қайраткері Бейсен Құранбек атындағы "Жігер" журналистика сыйлығының лауреаттарының да есімдері белгілі болды.

Бұдан бөлек жиын барысында әлемнің түкпір-түкпірінде қызмет етіп жүрген, атап айтсақ, Ұлыбритания, Бельгия, Израиль секілді елдердегі Қазақстанның меншікті тілшілері әріптестерін кәсіби мерекесімен құттықтады. 

Барлық жаңалықтар