• Басты
  • Агроөнеркәсіпті кешенді дамыту шаралары: Еңбек өнімділігі 2,5 есеге артады

Агроөнеркәсіпті кешенді дамыту шаралары: Еңбек өнімділігі 2,5 есеге артады

4 Наурыз, 2021 18:14

Бүгін ҚР Президенті жанындағы орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың негізгі бағыттары        және инвестициялық жобалардың іске асырылуы туралы айтылды, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.


2020 жылдың қорытындысы: өндірілген өнім көлемі, инвестиция, несие, субсидия

Ауыл шаруашылық министрлігі өкілдерінің айтуынша, 2020 жылдың қорытындысы бойынша агроөнеркәсіптік кешен саласында іс жүзінде барлық макрокөрсеткіш бойынша оң өсу серпіні байқалады.

«Жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 5,6%-ға артып, 6,3 трлн. теңгені құрады. Бұл Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасындағы ең үлкен өсім. Бұл ретте, тамақ өнімдері өндірісі 4%-ға өсті», - деп хабарлады ҚР АШМ стратегиялық жоспарлау және талдау департаментінің директоры Сәуле Молдабаева.

Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына инвестициялар ағыны 15%-ға, ал тамақ өнімдері өндірісі 13,5%-ға ұлғайды.

Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мақсатында мемлекет басшысы нақты тапсырмалар берген болатын:

-       еңбек өнімділігін 2,5 есеге арттыру;

-       қайта өңделген өнім экспортын 2 есе өсіру;

-       ішкі нарықты 80%-дан астам деңгейде азық-түлік тауарларымен молайту;

-       1 млн ауыл тұрғындарының табысын тұрақты арттыру;

Агроөнеркәсіптік кешеннің тиімділігін арттыру мақсатында еңбек өнімділігін арттыру бағытында шаралар ұйымдастырылды. Осы мақсатта өткен жылы саланы қаржыландыру жұмыстары да жүргізілді.

Сәуле Молдабаеваның айтуынша, 2020 жылы министрлік тек бір салада ғана емес, бірыңғай тәсілді көздейтін субсидиялау жолдарын қайта қарады. Сондай-ақ шағын және орта фермерлерді субсидиялауға қол жеткізу тәсілдері өзгертілді.

«Мемлекеттік қолдаудың тиімділігін арттыру үшін осы жылдан бастап бизнес үшін қарсы міндеттемелер кезең-кезеңімен енгізіледі. Сонымен қатар базалық субсидиялар бойынша субсидиялау көлемін ұлғайту есебінен 2025 жылға қарай ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуды 1,5 есе, минералдық тыңайтқыштарды қолдануды 1,4 есе, жоғары сапалы тұқым сатып алуды 1,2 есе ұлғайту жоспарланған. Бұл ретте мемлекеттік қолдаудың басты қағидаты оның тұрақтылығы мен сабақтастығы болады. Бұл шаруаларға ұзақ мерзімді перспективада өз қызметін болжауға мүмкіндік береді», - деді ол.

Агроөнеркәсіп кешенінің субъектілерін қаржыландырудың қолжетімділігін арттыру мақсатында екінші деңгейдегі банктер, Қазақстанның Даму банкі және синдикатталған қарыздар арқылы ауыл шаруашылығы секторына кредит беру мүмкіндіктерін кеңейту көзделген. Олар мемлекеттік қолдаудың салалық бағдарламаларына енгізіледі. Ауыл шаруашылығы өнімдерін форвардтық сатып алуды кеңейту және жастарға арналған ауыл шаруашылығы саласындағы жобаларды іске асыруға гранттар енгізу мүмкіндігі қарастырылуда. Сондай-ақ, АӨК қолдаудың барлық шараларының бірыңғай электрондық ресурсы құрылады.

Базалық субсидиялар бойынша субсидиялау мөлшерін арттыру есебінен 2025 жылға қарай:

-         ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту деңгейін 4%-дан 6%-ға дейін;

-         минералды тыңайтқыштарды қолдану ғылыми негізделген норманың 21%-ынан 30%-ға дейін;

-         IV репродукцияға дейінгі жоғары сапалы тұқымдарды енгізу деңгейін 93%-дан 97%-ға дейін жеткізу жоспарлануда.

 Пандемия кезіндегі ауыл шаруашылығы өнімдерінің рөлі

Бұл ретте мемлекеттік қолдаудың басты қағидаты оның тұрақтылығы мен сабақтастығы болады. Бұл ауыл шаруашылығы еңбеккерлеріне өз қызметін ұзақ мерзімді перспективаға болжауға мүмкіндік береді.

«Ауыл шаруашылығы өнімдерін форвардтық сатып алуды кеңейту және жастар үшін ауыл шаруашылығы саласындағы жобаларды іске асыруға гранттар енгізу мүмкіндігі қарастырылуда. Сондай-ақ, барлық АӨК қолдау шараларының бірыңғай электрондық ресурсы құрылатын болады», - деді ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілі.

Пандемия кезінде бүкіл әлемде елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде ауыл шаруашылығының рөлі артқан. Сондықтан Қазақстан мен көптеген мемлекеттер үшін импортты алмастыру мәселесі басымдыққа ие. Қабылданған шаралар 2023 жылдың соңына қарай импортқа тәуелділік мәселелерін шешіп, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл ретте басымдық инфляцияға әсер ететін азық-түлік тауарларына берілетін болады.

Несие беру

Алдағы бес жылда 250 млрд теңге сомасына 50 мың шағын несие беру жоспарланып отыр. Азық-түлік тауарларының бағасы өндірісі мен тұтыну теңгеріміне ғана емес, сондай-ақ импортталатын және экспортқа жіберілетін өнімнің үлесіне де байланысты. Мұндай ағындар сыртқы нарықтардың бағаларын ішкі саудаға әкеп соқтырады.

Сонымен қатар, ауылда шағын несие беру жалғасатын болады. Өткен жылдың өзінде бұл мақсаттарға 43,2 млрд теңге бағытталды, бұл 11 мыңнан астам микрокредит беруге мүмкіндік берді, оның 60%-ын стартап-жобалар құрайды. Бағдарламаны іске асыру ауылда 11 мың тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді.

«Алдағы бес жылда 250 млрд теңге сомасына 50 мың шағын несие беру жоспарланып отыр», — деді сала басшысы.

Еңбек өнімділігін арттыру мақсатында агроөнеркәсіп кешенін мемлекеттік қолдаудың тиімділігін қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізілуде. Бұл үшін өткен жылы министрлік субсидиялау тетіктерін қайта қарап, олар белгілі бір салаға баса назар аудармай, бірыңғай тәсілдемені көздейтін болды. Сондай-ақ шағын және орта фермерлердің субсидиялауға қол жеткізу шектері өзгертілді.

Жүргізіліп жатқан шаралар нәтижесінде бес жыл ішінде еңбек өнімділігін 2,5 есеге арттыру, өнім экспортын, ауыл шаруашылығы жұмыскерлерінің табысын 2 есеге ұлғайту, сондай-ақ салаға 4,1 трлн. теңге инвестиция тарту жоспарлануда, бұл қосымша 500 мыңға жуық адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді. Қазақстанның ішкі нарығын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен толтыру мақсатында нақты шаралар айқындалды.

Азық-түлік тауарларының импорты

Әлеуметтік маңызы бар өнімдерге құс еті, шұжық өнімдері, ірімшік және сүзбе, алма, қант және балық жатады. Осындай өнімнің өндірісін ұлғайту мақсатында инвестициялық жобаларды қолдау бойынша, оның ішінде жеңілдікті несиелеумен және субсидиялаумен қамтамасыз ету, инфрақұрылымды дамыту және жер ресурстарымен қамтамасыз ету, ішкі нарықты қорғау бойынша, сондай-ақ кадрларды қамтамасыз ету және даярлау бойынша бірқатар шаралар іске асырылады.

Сәуле Молдабаева 2020 жылы импортты алмастыру аясында 48 сүт-тауар фермасы, 1800 га бақ, 3 ет комбинаты, 8 құс фабрикасы, балық өндіретін 3 нысан іске қосылғанын айтты.

«2024 жылға дейін Жамбыл облысында жыл сайын 19 құс фабрикасын, 35 өнеркәсіптік сүт-тауар фермасын, 9 ет өңдеу кәсіпорнын іске қосу, сондай-ақ жаңа қант зауытын салу жоспарланған. 6,6 мың га алаңда жаңа қарқынды бақтар салу, сондай-ақ тауарлы балық өсіру бойынша 8 жобаны іске қосу көзделіп отыр», - деп айтты ол.

Осы жобаларды толық қуатқа енгізудің нәтижесінде аталған өнім түрлері бойынша қамтамасыз ету 2024 жылға қарай 100%, ал қант бойынша - 80% құрайды.

Оның дерегінше, республика бойынша бес жылдың ішінде 380 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған.

«Оның 65 пайыздан астамы ауыл шаруашылығы өнімдерінің импортын алмастыруға бағытталған. Бұл тізімне АӨК экспорттық әлеуетін арттыру жөніндегі жобалар, оның ішінде бордақылау алаңдары, репродукторлар, жылыжайлар, сондай-ақ өсімдік шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу жөніндегі бірқатар жобалар енгізілген», - деп қорытты ол.

Барлық жаңалықтар