• Басты
  • Адамзат ақыл-ойының алыбы – Әл-Фараби
23 Шілде, 2020 15:10

Адамзат ақыл-ойының алыбы – Әл-Фараби

Әл-Фараби – Шығыстан шыққан ғұлама, әлемнің «Екінші ұстазы» деп бағаланған энциклопедист-ғалым, әлемдік философияның шоқтығы биік тұлғасы. Ол түріктің мәдени-рухани байлығын, парсы, үнді, антика мәдениеттерінің үздік жемістерін синтездеу арқылы әлемдік ақыл-ойдың алыбына айналды. 
Адамзат ақыл-ойының алыбы – Әл-Фараби

Әртүрлі деректі ескеретін болсақ, ойшыл 150-200 шамасындағы ғылыми және философиялық трактаттарды жазып қалдырған. Бүгінгі ұрпақтың қолына оның үштен бірі ғана тиіп отыр. Қазақстан егемен ел ретінде Әл-Фарабидің ғылыми мұрасын зерделеп, оның есімін ұлықтауға өз үлесін қосуда. Фарабидің 1150 жылдығында оның идеялары мен қағидаттарын жаңа уақыт тұрғысынан қарастыру қажет деп түсінеміз. 

Отырардан шыққан ойшыл

Шығыс пен Батыста қоғамдық ойдың, адамзат ақылының түп-тамырына үңілген данышпандар аз болған жоқ. Адам баласының рухани кемелденіп, ізгілікті қоғам орнатуында білім мен ізденістің үлкен орын алатыны рас. Тарихта Қыпшақ даласынан қиырға аттанып, ілім тапқан, қол бастаған, ел басқарған түріктер аз болған жоқ. Шығыс Түрік қағанатынан Таң империясының астанасы Чаңанға барып, Конфуций ілімін, соғыс өнері, ел басқару ісін үйренген әйгілі Білге Тоныкөк, Дешті Қыпшақ даласынан сонау Мысырға барып мәмлүктер патшалығын құрған Сұлтан әз-Захир Бейбарыс, Азия халықтарының ауыз әдебиетін хатқа түсіріп, Алтышарға саяхат жасаған, Шығыстың аспанында құйрықты жұлдыздай жарқ еткен Шоқан Уәлиханов та осы қатарға кіреді. Сондай ізгілік пен адамгершіліктің, бақытты қоғам құрудың формуласын іздеген шоқтығы биік тұлға – Әбу-Наср Мұхаммед ибн Мұхаммед Тархан ибн Ұзлағ Әл-Фараби ат-Түрки. Фараби бабамыз Сырдария мен Арыстың түйіскен тұсындағы Фараб елді-мекенінде 870 жылы дүниеге келген. Кейін Фараб қаласы Отырар болып аталды. Отырар қаласы IX ғасырда ірі саяси, сауда және мәдени орталықтардың бірі болған. Дала елі мен отырықшы халықтың, егіншілік пен көшпелі шаруашылықтың ұштасқан жерінде, сол замандағы сауда жолдары тоғысқан Отырардың жазирасынан әл-Фараби сынды кесек тұлғаның шығуы тегін емес. Әл-Фараби ортағасырлық қала мәдениетінің өкілі еді. Біз көшпенді өркениет туралы айта жүріп, ортағасырлық Кіндік Азияда ірі сауда-мәдени, ғылыми ошақтардың болғанын, қаладағы мәдениет, архитектура, басқару саласы дамығанын естен шығармауымыз керек. Алғашында Фараби Шаш(Ташкент), Самарқанд, Бұхараға саяхаттап, Жібек жолының бойымен ағылып жатқан саудагер-саяхатшылар, уағызшыларды танып, көптеген қолжазбалар мен кітаптарға қол жеткізді.

Ұлы Жібек жолымен ежелден тауар ғана емес, ілім мен идея Үлкен Еуразияның бойымен тамырдай таралды. АҚШ зерттеушісі Ф.Старр Орталық Азияда діни плюрализм орнап, мәдени-тілдік байлық, пікір алмасу жоғары болғанын жазады. Діни фанатизм емес, рационалдық және логикалық ойлауға мән берілді деп есептейді. Мұндай атмосфера ғылыми ашылуларға үлкен септігін тигізді. Әл-Фараби, Ибн Сина, Махмұд Қашқари, Жүсіп Баласағұн, Әл-Хорезми, Әл-Бируни сынды ғалымдардың есімдері әлемге мәшһүр болды. Будда діні де Орталық Азия арқылы тарады, оған Қырғызстан мен Қазақстандағы тарихи ескерткіштер дәлел. Түркіменстандағы Мерв қаласы 10 ғасырда жібекті өңдеу мен экспорттаудың ірі орталығы болған екен. 12-13 ғғ. Мерв қаласында 12 кітапхана, әрқайсысының кітап қоры 10 мыңға жуық болған. Отырар кітапханасы XI-XII ғғ. шамасында дүниежүзіндегі ең ірі кітапханалардың бірі болғаны айтылады. Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласында орасан зор кеңістікті игере білген түркілер көшпелі және отырықшы өркениеттің өзіндік өрнегін қалыптастырып, қалаларды гүлдендіргенін, Отырар қаласы әлемдік өркениеттің ұлы ойшылы – Әл-Фарабиді дүниеге әкелсе, түріктің рухани көшбасшысы Қожа Ахмет Ясауи Түркістанда өмір сүріп, ілім таратқанын жазады. Отырардан аттанған Фараби Таяу Шығысқа тартып, Хорасан, Бағдад, Шам(Дамаск), Халаб(Алеппо), Каир қалаларында тұрды. Ол өз сапары мен саяхаттарында ғылымды, медицина мен музыканы, астрономия мен логиканы, метафизика мен математика, философияны, өзі аңсаған «ізгілікті қаланың» моделін іздеумен болды. Ол антикалық ғалымдардың, олардың ізбасарлары мен замандастарының еңбектерін мұқият қарап шықты. Бағдад қаласында жиырма жылға жуық тұрып, кейін өмірінің соңын Дамаск қаласында өткізген.

 Фарабидің болмыс, этикалық мінез-құлық, ақыл-ой, адамзат қоғамы мен мемлекет құрылысы туралы көзқарастары Жүсіп Баласағұн, Ахмет Йасауи, Махмұд Қашқари сияқты кейінгі Шығыс ойшылдарының шығармаларында көрініс тауып отырады. Әл-Фарабидің дүниетанымдық идеялары Абай мен Шәкәрімнің шығармаларымен үндестік тапқанын жоққа шығара алмаймыз. Әл-Фарабидің «кәміл инсаны» мен Абайдың «толық адамы» үндесіп жатыр дейді ғалым Ж.Алтаев. Еуропаның орта ғасырлардағы және жаңа дәуірдегі ірі ойшылдары Ф.Бэкон, Д.Скот, Р.Декарт, Г.Лейбниц, Б.Спиноза өздерінің теорияларында Әл-Фараби, оның шәкірті Ибн Сина, Ибн Рушд еңбектерін пайдаланған. Еуропадағы географиялық ашылулар кезеңіне дейін ортағасырлық Шығыста іргелі трактаттар тарап, ғылыми пайымның дамығаны анық. Бұдан Батыс пен Шығыс мәдениетінің тығыз байланысып жатқанын көреміз. Фараби шығыс пен батыс ілімін синтездей отырып, адамзатқа ортақ дүниетанымдық түсініктер қалыптастырды. Ол өзінің шығармаларында араб, парсы, грек, үнді және өзінің түркілік мәдениетін ұштастыра білді. Осы қасиеті ойшылды әлемдік деңгейдегі тұлғаға айналдырды, сондықтан оны түркі әлемінің қай халқы болса да өзіне ортақ санайды.


Ф2.jpg  Ф3.png

Отандық банкноттардағы Әбу Наср Әл-Фарабидің бейнесі

Ізгіліктің шырақшысы және Фарабитану

Әл-Фарабидің дүниеге көзқарасы – социология, этика, эстетика проблемаларын бірге қамтитын іргелі жүйе. «Мемлекет қайраткерінің нақыл сөздері», «Ізгілікті қала тұрғындарының көзқарастары» деген трактаттарында Әл-Фараби өз заманында сирек кездесетін соны пікірлер айтады; мұнда адами қарым-қатынас, қоғамдық тіршіліктің түрлі формалары, адамның гуманистік және этикалық, басқа мінез-құлық ережелері туралы баяндалады.

 Адам парасатты күйінде тумайды, онда тек парасаттылық қабілеті ғана болады, дәл сол сияқты ол әуелден жауыз немесе бұзақы, хатшы немесе тоқымашы болып тумайды. Әл-Фараби көрсеткен мемлекет қайраткеріне тән ақиқатты жарату, ізгілік, байсалды мінез, адамгершілік сипаттар қазіргі кезде де мән-маңызын жоғалтқан жоқ. Ол соғыс жағдайын сорақы нәрсе деп біледі, шамадан тыс тақуалықты да айыптайды. Әл-Фараби этикасының ең жоғарғы категориясы – бақыт, өйткені игілік осы бақыттың бойында шоғырланған. Оның пікірінше, жеке бастың тұрғысынан бақыт адамның адамгершілігіне негізделеді. Ол ұғымға философиялық зеректік, терең ақыл, жақсы мінез-құлық кіреді. Теріс мінез-құлықты ғұлама рухани кесел дейді. Адам қауымының негізі адамдарды біріктіретін әлеуметтік сезімде және инстинктте жатыр деп түйеді.

Әл-Фарабидің «ізгілікті қала» идеясы көптеген аудармалар мен мақалаларда «қайырымды қала» деп беріліп жүр. ҚР ҰҒА Философия институты шығарған 1995 жылғы «Қазақ даласының ойшылдары IX-XII ғғ.» деген еңбекте «Әл-Фараби ерекше әлеуметтік философияны дамытты. Ол адамзат қоғамының пайда болуын, сол қоғам өмір сүріп отырған мемлекет жүйесінің мәселелерін терең талдап берді. Осы күнге дейін Әл-Фарабидің «ізгілік қаласы»(добродетельный город) атты тұжырымдамасы саяси құрылым мен тиісті әлеуметтік дамудың мәселелерін зерттеп, зерделеуге игі ықпал етуде» делінген. Араб тілінің маманы А.Хаван «Ізгілікті(қайырымды) қала тұрғындарының көзқарастары» деп береді. Түпнұсқада еңбектің транскрипциясы «Ара Аһлу Аль-Мадина Аль-Фадыла» деп оқылады. Яғни, ізгі/ізгілікті/рақымшыл деген мағынаға жақын. Сондықтан «ізгі», «ізгілікті» деген аудармасы тікелей және контексті бойынша әлдеқайда дұрыс деп есептейміз. Батыс ғалымдарының еңбектерінде, мәселен Richard Walzer-дің 1985 жылы Оксфорд баспасынан шыққан кітабы «Al-Farabi on the perfect state: Abu Nasr Al-Farabi’s Mabadi Ara Ahl Al-Madina Al-Fadila» деп аталады. Яғни, «кемел мемлекет» дей отырып, әл-Фарабидің айтқанын бүгінгі ұғымдағы қаланың шеңберінде ғана емес, тұтас қоғам мен мемлекеттің масштабында қарастырады. Мәселен, «Ізгілікті қала тұрғындарының көзқарастары» трактатында былай делінеді:«Аза­маттық қоғам деген не және оның басқа қоғам түрлерінен айырмашылығы қан­дай, ізгілікті қала деген не, бұл қала қандай үйлесімділіктен құралған және бөлімдерінің саны қанша, бөлімдерінің бөлімдерінен мәртебелері не болмақ, оның басқару әдістері не, ол қалай реттеледі, қалай бір-бірімен байланысты әрі жүйелі болады». Осылай дей келе, Отырардан шыққан ойшыл ізгілікті қалаға қарама-қарсы надан, адасқан қалалар мен ондағы қоғамның, басқарып отырған патшасының қандай болатынын зерделейді. Рас, қоғам қаланы қалыптастырады, қала – мемлекеттің ажырамас атрибуты. Оның үстіне, ортағасырда қалалардың тұтас мемлекеттің рөлін атқарғанын, қала-мемлекеттердің болғанын да білеміз. Философ «ізгілікті қала» аңсары арқылы өз уақыты мен орнаған саяси жүйені түбегейлі реформалауды емес, мейлінше кемелдендіруді және ізгілендіруді мақсат етті деп топшылаймыз.

Әл-Фарабидің туған және қайтыс болған жылы туралы деректер де бірізді емес. Айырмашылығы үлкен болмағанымен, ғұламаның туған жылы б.з. 870, 871, 872 деп әрқилы көрсетіліп жүреді. Қайтыс болған уақыты 950 жылдың желтоқсаны немесе 951 жылдың қаңтары деп те беріледі. Бірақ ең көп таралғаны және ЮНЕСКО көлемінде белгіленген 870-950 жж. нақты бекітілуі қажет деп есептейміз. Әл-Фарабидің туған жері, ұлты мен датасына қарағанда, оның көлемді мұрасы мен әлі аударылмаған, ашылмаған еңбектерін тарату қажет-ақ. Философтың ұлты туралы таластар да өз өзектілігін жоғалтқан тақырыптың бірі. Кейбір деректерде Фарабидің әкесі ауқатты парсы болды дегенімен, оның толық есімі Қазақстан жерінен шыққан түркі ғұламасы екендігін көрсетеді. Қалай болғанда көпшілік мойындаған дерекке сәйкес, данышпан – Қыпшақ даласынан шыққан, түгел түріктің ортақ перзенті.

ф4.jpg

Фарабитанушы – Ақжан әл-Машани / «Әл-Фараби және бүгінгі ғылым» кітабынан 

 Фарабидің еңбектері XIII-XVI ғасырлардан бастап еуропа тілдеріне аударылып, кітап болып басылып шыға бастады. XX ғасырдың 30-жылдары Парижде Әл-Фарабидің «Музыканың Үлкен кітабы» жарыққа шықты. Сонымен қатар, отандық фарабитану мектебі қалыптасып, 70-жылдары Фарабидің еңбектері қазақ және орыс тілдеріне аударылды. Кеңес Одағы кезеңінде Бабоджан Гафуров, Артур Сағадеев, Ағын Қасымжанов сияқты шығыстанушы-ғалымдар Фараби мұрасын зерттеуге үлкен үлес қосты. Қазақ ғалымдарының ішінде Қ.Сәтпаев, Ә.Марғұлан, Ақжан Әл-Машани, Әбсаттар Дербісәлі, Жақыпбек Алтаев, мемлекет қайраткері Әнуар Әлімжанов т.б ерекше атап өтуге болады. Ақжан әл-Машанидің «Әл-Фараби мұрасын зерттеу туралы», «Шығыстың Аристотелі», «Әл-Фараби еңбектерін қазақ тіліне аудару туралы», «Әл-Фараби», «Орта Азия мен Қазақстанның ұлы ғалымдары», «Әл-Фараби және Абай» сияқты кітаптары жарық көрді. Ендігі мақсат – «Ізгілік шырақшысының» шығармаларын мерейлі жылда жаңа қырынан танып, зерттеуді жалғастыра түсу.

 Мыңжылдықтар мұрасының мерейтойы

Тәуелсіздік тұғырына қонған соң, ғасырлар қойнауында жатқан қатпар-қатпар рухани қазына аршылып, қалың орман халыққа жол ашты. Еліміз тәуелсіздік алған жылдары Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен Алматыдағы С.Киров атындағы Мемлекеттік университет – әйгілі «КазГУ»-ге энциклопедист-ғалым Әбу-Наср әл-Фарабидің есімі берілді. Бүгінде ұлттық университет Фараби идеясының драйвері, оның қағидаттарына сүйенген жаңа «Университет 4.0» моделін енгізген, қайырымды қоғам азаматтарын тәрбиелеуші бірегей оқу орны. Бабамыздың өзі «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» демейтін бе еді?! Елімізде және шет елдерде Фараби орталықтары ашылып, ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлық тағайындалды. Қазақстанның түкпір-түкпірінде әл-Фараби атындағы мектеп, көше мен ескерткіштер бар. Дін мен ағартудың ошағы болған Дамаскіде 2011 жылы Н.Назарбаевтың тапсырмасымен Әл-Фараби атындағы тарихи-мәдени орталық ашылды. Сириядағы 8 жылдық соғысқа қарамастан, ғұламаның 1150-жылдығына орай аталған мәдени-тарихи орталық жұмыс істеуге дайын екендігін көрсетті. Бірақ, аталған Орталықтың Қазақстан мен Сирия Үкіметінің арасындағы құқықтық мәртебесі шешімін таппаған екен. Сирияда Фарабидің атындағы бірнеше мектеп пен көшелер де бар. Дәл осы Дамаскіде Қыпшақ даласының қаһарман ұлы Сұлтан Бейбарыс да мәңгілік мекен тапқан. Биыл Әл-Фарабидің 1150-жылдығы ЮНЕСКО-ның Париждегі штаб-пәтерінде және осы Дамаскіде атап өтіледі.

Ф5.gif

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қалашығындағы ескерткіш 

 2019 жылы 26 тамызда Әбу Наср әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі ҚР Президентінің Қаулысы қабылданды. Онда осы іске жауапты Мемлекеттік комиссия құрып, құрамын бекіту, әл-Фарабидің мерейтойын өткізу жөніндегі жалпыреспубликалық жоспардың жобасын жасау тапсырылды. Қазақстан Республикасының Білім және Ғылым министрлігі осы комиссияның жұмыс органы, Мемлекеттік хатшы – төрағасы болып белгіленді. 

Іс-шаралар атауы

Орындауға жауапты

Өткізу мерзімі

Болжанған шығыс, мың теңге

1

Арнайы жұмыс тобын Дамаск қаласына жібере отырыпы, Сирия Араб Республикасындағы әл-Фараби тарихи-мәдени орталығын одан әрі пайдалану мәселелерін пысықтау

СІМ, МСМ, БҒМ

2020 жыл ішінде

РБ көзделген қаражат шеңберінде

2

«Әбу Наср Әл-Фараби ізімен» халықаралық экспедициясының басталуы (Қазақстан, Өзбекстан, Түркіменстан, Иран, Ирак, Ливия, Сирия)

БҒМ, СІМ, МСМ, АҚДМ

2020 жылғы ақпан

72 959,0*

3

Сирияда Дамаск қаласында ҚР Бас консулдығын ашу шеңберінде шетелдік ғалымдар-фарабитанушылардың қатысуымен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ конференция ұйымдастыруы

СІМ, БҒМ

2020 жылғы ақпан

талап етілмейді

4

әл-Фарабидің ғылыми еңбектері мен шығармаларын қазақ тіліне аударып, баспадан шығару, электрондық нұсқасын жасау

Түркістан облысының әкімдігі, МСМ

2020 жылғы қараша

27 300,0

5

Елорда көшелерінің біріне әл-Фарабидің атауын беру және ескерткішін орнату

Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі, МСМ

2020 жыл ішінде

талап етілмейді

6

Ш.Құсайыновтың «Әл-Фараби» тарихи драмасын сахналау

Түркістан облысының әкімдігі

2020 жылғы қазан

3,000

Әбу Наср әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі жалпыреспубликалық жоспардан үзінді

2020 жылы 29 қаңтарда Қазақ Ұлттық Университетінде Әбу Наср әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойының ресми ашылуы болды. Шарада Шығыстың ұлы ойшылының мерейтойы ЮНЕСКО-ның атаулы күндер мен оқиғалар күнтізбесіне енгені және ИСЕСКО, ИЫҰ, ТҮРКСОЙ және т.б. ұйымдардың қолдауымен халықаралық мәдени алаңда өтетіні айтылды. Жалпыреспубликалық жоспарға сәйкес, Нұр-Сұлтан қаласында және Түркістан облысында ғылыми симпозиумдар өткізу жоспарланған. Оған әлемнің 40-тан астам елінен фарабитанушы-ғалымдар қатысады. Жоспарда Фараби идеяларын насихаттауға арналған телеөнімдерге де үлкен көңіл бөлінген. Мәселен, 2020 жыл ішінде «Ұстаздың қиындықпен оралуы» деректі фильмін түсіру,  екісериялы деректі фильм шығару және өмірбаяндық телесериал түсіру, «Ізгі қала тұрғындарының көзқарастары туралы трактат» негізінде деректі фильм жасау қарастырылған. Бірақ, биыл COVID-19 пандемиясының таралуына байланысты көптеген іс-шаралар онлайн-режимде өткізіліп немесе кейінге шегерілгені белгілі. 2020 жылы қыркүйек айында елімізде білім мен ғылым бағытындағы «Әл-Фараби» телеарнасы ашылатыны хабарланды. Осының барлығы сапалы орындалған жағдайда «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жаңа деңгейге көтереді.

Кейбір дерекке сенсек, дүниежүзінде он екі «Әл-Фараби орталығы» бар. Келешекте Конфуций және Гете институттары сияқты мұндай орталықтар көптеп ашылуы тиіс. Сонымен қоса, ұлы ойшылдың идеялары мен қағидаттарының теориялық негіздерін жаңа заманға сай пайдалану; ғұлама ғалымның мұрасын өзекті ғылыми зерттеулерде, білім берудің инновациялық жолдарында қолдану; әл-Фарабидің идеалдары негізінде жаңа мемлекеттің ұстанымдарын зерделеу және осы бағыттағы халықаралық ынтымақтастықты нығайту маңызды болмақ. Конфуций ілімінің кітаптары Қытайда ежелден мемлекеттік емтихан бағдарламасына енді. Бірнеше сатыдан сүрінбей өтіп, Конфуций кітаптарын жатқа соққан оқымысты ғана Қытайда «шэньши»(绅士) атағына ие болып, мемлекеттік қызметке алынған. Әл-Фарабидің саяси-философиялық, ізгі қоғам құру туралы қағидаттары бүгінгі мемлекеттік қызмет емтиханына таптырмас құрал болар еді. Қытай халқы Конфуцийді ұстаз деп қаншалықты биікке көтеріп, рухани мұрасын әлемге танытса, біз де әл-Фарабидің ізгілік, бақытқа жету идеяларын, кемел мемлекет құру, парасатты адам тәрбиелеу туралы еңбектерін әлем тілдеріне аударып, Шығыс ақыл-ойы мен өркениетінің зияткерлік мұрасы ретінде танытуымыз қажет. Жаһанда келісім емес, конфронтация, диалог емес, дағдарыс көбейген уақытта Фараби бабамыздың ізгілік пен кемел қоғам құру идеясы өзара ымыраластықтың алтын көпіріне де айналар еді.  

Барлық жаңалықтар