• Басты
  • «Адамдарға көмектесу-мақтаныш емес, азаматтық борышым». Жүкті әйелді босандырып алған полицейдің әңгімесі
13 Қараша, 2020 09:02

«Адамдарға көмектесу-мақтаныш емес, азаматтық борышым». Жүкті әйелді босандырып алған полицейдің әңгімесі

Полицияда қызмет істейтіндердің жұмысы тек қылмысты ашып, бұзақыларды ұстаумен ғана шектелмейді. Олар күнделікті қиындыққа тап болған азаматтарға көмек қолын созуға да бірінші болып жетеді. Осыдан бір жыл бұрын Түркістан облысында толғағы қысқан келіншекті босандырып алған полиция инспекторының сториі де көпке үлгі, әрі соның бір дәлелі. Осы орайда оқиғаның мән-жәйін біліп, жас ұрпаққа үлгі болсын деген мақсатпен полиция инспекторы Нұрболат Темірханұлымен сұхбаттасуды жөн санадық. Ол Strategy2050.kz тілшісіне берген сұхбатында өткен жылға оралып, Нұрбол Виталиұлының өмірге келген сәттегі оқиғамен бөлісті.

«Адамдарға көмектесу-мақтаныш емес, азаматтық борышым». Жүкті әйелді босандырып алған полицейдің әңгімесі

Аға, ішкі істер саласында қанша жылдан бері қызмет етесіз?

Жалпы, ішкі істер саласында14 жылдан бері жұмыс істеп келемін. Қазіргі таңда Түркістан облысы Кентау қаласы Үшқайық ауылды округінде учаскелік полиция инспекторымын. Осында жұмыс істеп жүргеніме 7 жылдай уақыт болды. Ал бұған дейін Атырау облысында, елордада жұмыс істедім.

Өткен жылға оралайықшы. Жағдай қалай болды? Жедел жәрдем қызметінен бұрын сіз қалай жеттіңіз?

Менің жұмыс орнымнан 50 шақырым жерде малшы ауылы бар. Сол ауылдың тұрғыны Виталий Барабаш есімді азамат 103-ке хабарласып, жедел жәрдемді ала алмай отырғанын айтты. «Келіншегімнің толғағы келді, қандай көмек бере аласыз» деді. Қоңырау түскеннен кейін, қолымыздан келетін іс па, жоқ па, ол туралы ойланбастан дереу жолға шықтық. Жанымда полиция капитаны Бақтыбай Қалабаев есімді әріптесім екеуміз айтылған мекенжайға тез арада жетіп, жолдасы мен аяғы ауар келіншегін көлігімізге отырғыздық. Ол кезде жолдың жөндеу жұмыстары әлі біте қоймаған. Салдүр-гүлдір етіп тез жетуге тырысып келемезі. Бір кезде Түркістанға жақын қалғанда келіншек босанатынын, уақыты жеткенін айтты. Содан біз де жолдың шетіне тоқтап, көмек беруге кірісіп кеттік. Жедел жәрдемге де хабарласып, тұрған жерімізді хабарлап қойдық. Олар да шығып келе жатыр екен. Жанымда әріптесім және аяғы ауыр келіншектің жолдасы бар, үшеуміз әйтеуір жүгіріп жүріп босандырдық. Үшеуміз де ер адамбыз, бірақ бұған дейін тәжірибеде жүзінде көрмесек те, баланың аман-есен дүниеге келуіне барымызды салдық. Біз тоқтаған маңда ауыл бар екен. Сол елдімекеннің учаскелік дәрігерін алып келдік. Осылайша, кейін ата-анасы менің құрметіме есімімді берген Нұрбол деген бала дүниеге келді. Сол сәттерде жедел жәрдем машинасы да келіп үлгерді. Дәрігерлер кіндігін кесті. Сөйтіп, ақ халаттыларға табыстап, ауруханаға жібердік.

Қазір баланың денсаулығы қалай? Хат алмасып тұрасыздар ма?

Иә, әрине. Сол уақыттан бері Виталий Барабаштың отбасымен жақсы қарым-қатынастамыз, жақын араласып кеттік деп те айтсам артық емес. Метіркесін алуға, сонымен бірге қаланың сыртында тұратын болғандықтан, ауруханаға тамақ апарып көмектескен сәттеріміз болды. Бұл, әрине, біздің міндетімізге кірмейді. Дегенмен, сондай сәттерде бірге болып, көмек қолын созғаннан кейін бір-бірімізге сеніміміз артып, достық қарым-қатынас орнады. Содан бері араласып тұрамыз. Қазіргі таңда баланың әкесі денсаулығына байланысты жұмыстан босап қалған. Сөйтіп Түркістан қаласына көшіп келген. Айлық алған кезімізде аз-мыз азық-түлік апарып, жәрдемдесіп, қолдау көрсетіп тұрамыз. Жасы менен кіші болса да «ағалап» тұрады, мен де оны «інім» деймін.

Дүниеге келген сәбиге сіздің атыңызды берді деп айтып қалдыңыз. Оны қалай қабылдадыңыз?

Жалпы адамдарға көмектесу мақтанарлық дүние деп ойламаймын. Ол біздің азаматтық борышымыз. Бірақ дүниеге келген сәбидің атын Нұрбол деп қойғанын естігенде қобалжығаным рас. Ата-анасына да мұның қажеттілігі жоғын айтқанмын. Алайда «Нұрбол» деп есімімді берген екен, еліне адал қызмет ететін азамат болсын өссін деймін. Қазір сәбидің өзі де, айналасындағылар да «Нұрбол» деген атқа үйреніп қалған.

Ал басшылық тарапынан қалай бағаланды?

Бұл іс-әрекетімізді басшылық, департамент тарапынан еленіп, бағаланып жатыр. Десек те, біздің жұмысымыз тек қылмысты ашу, адамдарды белгілі бір қауіп-қатерден құтқару емес, кез келген жағдайда адамға қол ұшын беру азаматтық борышымыз деп санаймын. Өзімізден кейінгі жастарға үлгі болсын деген мақсатпен қолдан келген көмекті беруге асығамыз. Бұл да адами қасиеттердің бірі, сол бірінші орында тұруы тиіс. Жалпы марапаттау да мақтаныш емес, өзімізден кейінгі жастарға үлгі ету үшін деп түсінемін.

Жалпы карантин кезінде жұмысыңызда қандай өзгерістер болды?

Карантин кезінде жұмыс тәртібі айтарлықтай өзгерген жоқ. Бірақ біздің жағдайымызды жасауға көп көңіл бөлініп жатыр. Жақында Түркістан департаменті жаңа көлікпен қамтамасыз етті. Жұмыс орнымызда да жаңартылу жұмыстары жүріп тұрады. Карантин уақытында менің учаскемде арнайы блок-бекеттер қойылды. Үш ауысыммен жұмыс істедік. Сол сәттерде күн суық, кіиім, тамақ жағынан ешқандай тапшылық болған жоқ, Ішкі істер департаменті тарапынан осындай базалық дүниелермен уақытылы қамтылдық.

Болашақта полиция болғысы келетін, сіздердің жолыңызды жалғағысы келетін жастарға не айтасыз?

Полиция болып, біздің жолымызды жалғағысы келетін жастар аз емес. Жұмыс орнымызға келіп, мамандыққа оқуға түсу үшін ақыл-кеңес сұрап тұрады. Шамамыз жеткенше бағыт-бағдар беруге тырысып, ағалық ақыл-кеңесімізді аямаймыз. Ең бірінші міндет халыққа қандай жағдай болмасын қол ұшын беру екенін үнемі айтып жүремін. Қызметтен бұрын, адами қасиеттерді алғашқы орынға қойып, көмек сұрағандардың қолын қайтармау керегін де жеткіземін. Сонымен қоса, ылғи қырағы болу керек. Осы орайда, қызметке тұрғысы келетін, бейімі бар балаларды мінездеме беріп, жоғары жаққа ұсынамыз. Ал, әрі қарай жұмысқа орналасуы баланың кәсібилігіне байланысты.

Сұхбатыңызға рахмет! 

Барлық жаңалықтар
159.69.87.192, 192.168.88.100