• Басты
  • Адам капиталын дамыту контекстінде бала тәрбиесі
18 Мамыр, 2020 09:05

Адам капиталын дамыту контекстінде бала тәрбиесі

"Мына баланы өзіңіз сияқты ғұлама етіп тәрбиелегім келеді", - деп дүние есігін ашқанына бес‑ақ күн болған құндақтағы сәбиін көтеріп келген әкенің өтінішін тыңдаған Лұқпан хәкімнің, - ендеше бес күнге кешігіпсің, - деген сөзі ел аузында кең таралған. Бала тәрбиесіне қатысты соңғы ғылыми жаңалықтар осы бір аңызда айтылған ойды қуаттап отыр.
Адам капиталын дамыту контекстінде бала тәрбиесі

Баланы ерте жастан оқыту мен дамытуды зерттеген ғалым, Нобель сыйлығының лауреаты, Чикаго университетінің профессоры Джеймс Хекман «Әлеуметтік аз қамтамасыз етілген отбасыларда, баланы ертерек дамытудағы көбірек қайтарым мейлінше ерте жастан бастап салынған инвестициядан келеді. Үш‑төрт жастан бастап [инвестиция] салу тым кеш және тым жартымсыз», - деген байлам жасайды (Invest in Early Childhood Development: Reduce Deficits, Strengthen the Economy.

Қазақстан үшін баланы сәби кезден бастап дамытуды қолға алу бірнеше контексте өзекті болып отыр.

Алдымен, «Қазақстан - 2050» Стратегиясында мақсат етіп қойылған әлемнің ең дамыған отыз елінің қатарына енуге мүмкіндік беретін адам капиталын дамытудың факторы.

Екіншіден, аз қамтамасыз етілген отбасылардың әл‑ауқатын жақсартудың тетігі.

Үшіншіден, елдің экспортқа шығаратын негізгі тауарларының халықаралық нарықтарда құнының төмендеуі – экономиканың жаңа драйверін табу мәселесін өзектендірді.

   Адам капиталын дамытудың экономикалық өзектілігі

Көшпелі дәуірде Қазақстанның экономикасында мал шаруашылығы басым болды. Кеңес үкіметі тұсында ауыл шаруашылығымен қатар тау‑кен өнеркәсібінің экономикалық құрылымдағы рөлі күшейді.

Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары агроөнеркәсіп пен тау‑кен өндірісінен бөлек, энергетикалық ресурстар - мұнай мен газ елдің негізгі экспорттық тауарына айналды. Соңғы жиырма‑отыз жылда шетелдік инвесторлар үшін тартымды және елге валюталық кіріс әкелетін негізінен осы салалар болып келді. Олардың арасында мұнай сатудан түсетін қаржының үлесі қомақты, соңғы онжылдықта тауардың бұл түрі Қазақстанның экспорттан түсетін кірісінің 50%-дан астамын құрап келді. Мысалы, алдын ала мәліметтер бойынша Қазақстан 2019 жылы 57 млрд. АҚШ долларының өнімін сатса, оның 33,5 миллиарды немесе жалпы экспорттың 58% тек қана мұнай сатудан түскен (Доля нефти в структуре казахстанского экспорта снизилась до 58% по итогам 2019 года.

 1 диг.jpg

Алайда, соңғы біреше жыл көлемінде Қазақстанның осы негізгі экспорттық тауарларының халықаралық нарықтағы құны едәуір арзандады (ауыл шаруашылығы тауарларынан басқасы). Ел экономикасының драйвері болып келген мұнай мен оның өнімдерінің бағасының төмендеуі соңғы жылдары мемлекетке де, азаматтық қоғамға да біраз қиындықтар алып келді. Халықтың реальды – нақты табысы қарқынды өсуін тоқтатты. Жоғарыдағы суретте мұнай экспортынан келетін кіріс пен халықтың жан басына шаққандағы табысы арасында коррелация бар екені көрсетілген. Халықаралық биржаларда саудаланатын тауар құнын болжаумен айналысатын сарапшылар мұнай бағасының төмендеуі ұзақ мерзімді екенін айтады.

Оның үстіне, Қазақстан демографиялық өсім жағдайындағы мемлекеттер қатарына жатады. Демографиялық өсім жаңадан еңбек нарғына кірген адамдарға жұмыс тауып беру, жаңа жұмыс орындарын ашу мәселесін өзекті етеді. Егер экономикада қосымша кіріс көздері ашылмаған – жалпы ішкі өнім көлемі (ЖІӨ) артпаған жағдайда, халықтың жан басына шаққандағы кіріс көлемі азаяды. Мысалы, Дүние жүзілік банктің мәліметі бойынша өткен жылы Қазақстанның ЖІӨ 170 млрд. АҚШ долларын құраған, ал халық саны 18,2 млн., адам. Сәйкесінше жан басына шаққандағы табыс көлемі 9244 АҚШ доллары болған (The World Bank in Kazakhstan: ).

Егер, экономикаға кіріс әкелетін жаңа көздер ашылмай, ЖІӨ көлемі сол 170 млрд. АҚШ доллары көлемінде сақталатын және демографиялық өсімнің арқасында халық саны 20 миллионға жететін болса, онда жан басына шаққандағы табыс көлемі 8500 АҚШ долларына дейін азаяды.

Қысқа қайырғанда, Қазақстанның негізгі экспорттық тауарларының бағасының төмендеуі мен демографиялық өсім шарттарында республика экономикасына жаңа драйвер керек. Олай етпеген жағдайда халықтың табыс көлемінің азаматтар сезінерлік көлемде артпау ықтималдығы жоғары.

Мамандар төртінші өнеркәсіптік төңкеріс шарттарында адам капиталының рөлі артады деген болжам жасап отыр. Адам капиталын дамыту ЖІӨ‑ді арттырудың бірден‑бір жолы. Зерттеушілер ЖІӨ‑нің өсу темпі мен адам капиталының өсу темпі арасында айқын және тікелей байланыс бар екенін айтады . Эндогенді өсу теориясын ұстанушылар да адам капиталына салынған инвестиция экономикалық дамудың кілті деген ойды қуаттайды.

Осы контексте, мемлекеттегі адам капиталын көтеру ниетімен ең бірінші кезекте бала тәрбиесіне көңіл бөлу, жастардың дамуына инвестиция құю өте маңызды.

Мемлекеттік институттардың бұл саладағы жұмысы екі бағытта жүріп жатыр. Алдымен, Білім және ғылым министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігінің бағдарламалары арқылы білім жүйесін жетілдіру мен адамдардың өмір сүру жасын арттыруға арналған шаралар іске асырылуда. Басқа мемлекеттік органдардың да бұл бағытта жобалары бар екенін атап өту қажет.

Екіншіден, мемлекет «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының концептері арқылы адам капиталын дамытудың идеологиялық тұғырнамасын жасады. Осы идеологиялық құжатта көрсетілген бағыттар арқылы азаматтарды заман талабына сай қабілеттерді иелену үшін сананы жаңғыртуға шақырып отыр.

Мемлекеттің адам капиталын дамыту жолындағы саясатының тиімділігін бағалау кешенді зерттеуді талап етеді, сондықтан мақалада ол мәселе қарастырылмайды. Мемлекеттен бөлек әрбір ұрпағын заман талабына сай білімді және қабілетті етіп өсіру әрбір ата‑ананың да борыщы. Осы тұста жас ұрпақтың отбасылық деңгейде жан‑жақты дамуына септігін тигізетін бірнеше құралды атап өту маңызды. Мақаланың мақсаты да осы тәрбие жолдарының өзектілігін сипаттауға бағытталған болатын.

 Бүлдіршіннің сөздік қоры және болашақтағы оқу үлгерімі

Ең алдымен баланың ақыл ойын дамытатын құрал - сөздік қор. Б. Хэрт пен Т. Рислей есімді ғалымдар сәбидің үш жасқа дейінгі естіген сөз саны мен оның мектептегі үлгерімі арасында коррелация барын анықтаған (In the beginning was the word: ). Ата‑ана бала туылғанынан бастап неғұрлым бай тілмен сөйлесе, онда сәбидің де санасына соғұрлым көбірек сөздер сіңеді. Бұл өз кезегінде баланың ақыл‑ойының жылдам дамып, мектепке барғанда сөздік қоры аз қатарластырынан әлдеқайда үлгерімі жоғары болады.

   2 диг.jpg

Өкінішке қарай, қазір ересектердің өзі тіліміздің құнарын толық пайдалана алмай отыр, ойын әдеби сөздермен көркемдеп жеткізетін адамды сирек ұшыратамыз. Бұл туралы мәдениеттанушы Зира Наурызбаева өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында былай деп жазған болатын: «Әй, бұл үйде мұсылман бар ма, маған көмек беретін!?».

Ересектердің тіліндегі жұтаңдық келесі буынның да ой‑өрісіне ықпал етіп отыр. Ата‑ананың сәби шыр етіп дүниеге келгеннен бастап оның санасын дамыту мақсатында әдеби тілді қолдануы, синоним сөздерді көбірек пайдалануы үшін алдымен өзінің сөздік қоры мол болуы керек.

Бесікте жатқан сәбиге жыр айтатын, тілі шыға бастағаннан мақал‑мәтелдер, жаңылтпаштар жаттатын, ертегі мен аңыздар арқылы ұйықтатын ата‑ананың тәрбиесін алған бала санының артуы - бәсекеге қабілетті, көзі ашық, сауатты буынның ел тізгінін ұстауына жол ашпақ.

Баланың санасын ерте бастан жетілдірудің келесі бір әдісі - ересектердің жиынына, мәжілістеріне қатыстыру. Онда айтылатын сөздерді, ойларды, әңгімелерді құлағына құйып өскен жеткіншектің оң мен солын ертерек ажырататыны анық. Бұл әдет дәстүрімізде бұрыннан бар тәрбие құралының бірі болатын.

Сөзімізге азық болсын. Досымнан естіген бір мысалға тоқтала кетейін. «Бір елдімекенде сөзге жүйрік, шешен тілді бір кісі өтті. Жас күнінде талай жыл жылқы баққан сол кісі, хатты әрең таныса да әңгімесін мақал-мәтелдетіп, ескі нақылдар мен рауаяттарды қосып сөйлейтін және ділмарлығы бойынша талай жыл кітап кемірген филологтарды жолда қалдыратын... Бірде әлгі кісіден «Осы сіз мұнша мақал‑мәтелді қайдан үйреніп жүрсіз?», - деп сұрадым. Әлгі кісі, бір күрсініп алып, «Е балам, біздің уақытымыз зұлмат соғыспен қатар келіп, мектепке дұрыс бара алмадық. Есімді еміс‑еміс білгенімнен бері атам мені қасынан тастамады, қай жиын‑тойда да ересектермен қатар дастарханға отырғызды. Менің тілім мұсылман болып, сүндетке отырмай тұрған сол жылдары үлкендердің құлағыма құйған сөздерімен қалыптасты», - деді. Ол кісінің осы әңгімесі «Абай жолы» роман эпопеясындағы Құнанбайдың бірінші мүшелден енді асқан Абайды ел ағаларымен болған мәжіліске қатыстырып, қасына ертіп жүретін әдетін еске түсіреді».

 Азық баланың арқауы

Баланың сәби кезден бастап ақыл‑ойын дамытудың келесі бір маңызды құралы - оның азықтануын жақсарту. Адамдардың тапсырған IQ көрсеткішін талдайтын ұйым бар. Осы ұйымның мәліметі бойынша тест тапсырғандардың IQ көрсеткіші жылдан-жылға жақсарып келеді (Флин әсері). Бұл жыл өткен сайын адамдардың интеллектісі жоғарылап келе жатқанын білдіреді. Зерттеушілер мұның бір факторы ретінде адамдардың тамақтану деңгейінің жақсаруын атайды. Соңғы онжылдықтарда адамдардың ашқұрсақ жүруі азайды (дамыған елдерде), витаминдерге бай әртүрлі тағамдар, жеміс-жидектер, көкөністер т.б. дастарханда көбейді. Ең бастысы, азық-түлікті сақтау технологиясы жетілуінің арқасында, ендігі жерде оларды жыл-он екі ай тұтыну мүмкіндігі туды.

Дұрыс азықтанудың баланың физикалық және ментальды саулығына ықпалы бар екені дәлелденген. Құнарлы, пайдалы тағам тұтынатын балалардың құнарсыз азықтанатын қатарластарынан зеректеу екенін анықтаған зерттеу қорытындылары бар.  Сол себепті баланың диетасына мән беру мәселесін көбірек насихаттаған дұрыс.

Балаларына құнарлы азық-түлік алып беруді қалтасы көтермейтін ата-аналар, әсіресе маусымдық көкөністерді жыл бойы сатып алуға қиналатын, одан ақшасын үнемдейтін отбасылар бар. Олай болса, мектеп оқушыларын тегін тамақтандыру өте маңызды. Себебі ондағы стандарттарға сай, балалардың қажетті витаминдердің рационда болуы міндетті түрде ескеріледі. Оның үстіне, балалардың тамағынан бюджет қаржысын үнемдеу қысқа мерзімде шығынды азайтуға мүмкіндік бергенімен, ұзақ мерзімде шығын әлдеқайда көп. Қытайда артық салмақтан және қант диабетінен зардап шегушілер көп, ғалымдар оның бір факторы – Мао Цзедун кезіндегі ашқұрсақ өмір дейді. Жас күнінде дұрыс тамақтанбаған адамдар, есейіп, табысы артқанда ішіп‑жемге ден қойып, содан артық салмақ жинаған.

 Баланың дарынын бастан ашқан тиімді

Баланы дамытуға қажетті келесі бір қажетті шара - олардың жастайынан қызығушылығына қарай дарындарын ұштайтын орталықтар санын көбейту. Қазақстан Азияда спорттан 4-ші ел, оны тәуелсіздіктен бергі Азия ойындары мен олимпиада көрсеткіштері айқын дәлелдейді. Бұл жарыстарда біздің алдымызда тек Қытай, Жапония мен Оңтүстік Корея ғана түседі. Анда-санда Азияның кейбір елдері Қазақстанның орнына таласқанымен, олардың көрсеткіштері уақытша, тұрақты нәтиже жоқ. Ал, енді ғылым мен білімде, технологияда біз сары құрылықта алғашқы төрттікке енеміз деп айту қиын. Себеп, біздің дарынды балалар үшін білім‑ғылымға қарағанда спортпен айналысуға жасалған шарттар жақсырақ. Спортқа қызығатын балаларға арналған тегін не ақысы төмен үйірмелер, алаңдар мен ғимараттар көп. Қала балаларының көбісі үшін спортпен айналысу инфрақұрылымы қолжетімді. Ал, ғылымға, техникаға қызығатын балаларға арналған, олардың қызығушылығын оятатын, дайындайтын секциялар аз. Егер балаларға ғылымның, инженерлік‑конструкторлық құрылыстың алғашқы нәрін беретін лаборатория, секция, музей т.б. орталықтар қолжетімді болса, бұл салалар да жоғары дамыған елге айналар едік.

Қазақстанның алға қойып отырған мақсаты мен экномикадағы ахуал, адам капиталын дамыту үшін балаларға ерте жастан инвестиция салудың қажеттігін көрсетіп отыр. Бұл жердегі мақсат балаға тек инвестиция ретінде қарап, жастайынан бар нәрін сығып алу емес. Керісінше оған болашақ тұлға ретінде қарап, оның өз дарыны мен қабілетін толық аша алатын орта қалыптастыру. Мұндай атмосфера құру бір жақтан индивид/отбасы және екінші жақтан мемлекет/қоғамның синергиялық күшінің арқасында ғана мүмкін болмақ. Индивидтік деңгейде ұдайы даму, отбасында балалардың білімді және білікті болып өсуіне жағдай жасау - бұл отбасының болашақтағы әл‑ауқатын көтеруге ықпал ететін негізгі фактор. Мұндай отбасылар басым қоғамда адам капиталы жоғары болады, ол өз кезегінде мемлекеттің дамуын ілгері орындарға жетелейді.

Жыл басында жергілікті баспасөзде «Бала өсіруге қолайлы елдер» рейтінгінде Қазақстан соңғы орын алды деген ақпарат тарады. Бұл рейтингтің әдіснамасы мен ауқымының объективтілігі күмән тудырады. Дегенмен, елімізде баланың дамуына барлық жағдай жасалған деп айтуға да әлі ерте. Сол себепті бұл тақырыпты кеңірек талқылайтын, проблемаларын ашатын уақыт келді.

Барлық жаңалықтар
100.24.125.162, 192.168.88.100