• Басты
  • Абайтанушы Алмахан Мұхаметқалиқызы: Абайтануды оқушылардың жасына қарай кезең-кезеңімен оқыту керек
11 Тамыз, 2020 16:57

Абайтанушы Алмахан Мұхаметқалиқызы: Абайтануды оқушылардың жасына қарай кезең-кезеңімен оқыту керек

10 тамыз Абай күніне орай белгілі ақын, абайтанушы Алмахан Мұхаметқалиқызымен Strategy2050.kz тілшісі Абай мұрасы, мектептегі Абайтану пәні, Абай өлеңдеріндегі өзгерістер жайлы сұхбаттасты.

Абайтанушы Алмахан Мұхаметқалиқызы: Абайтануды оқушылардың жасына қарай кезең-кезеңімен оқыту керек

Алмахан Мұхаметқалиқызы, 10 тамыз Абай күні болып аталып өтті. Бұл күн негізі қалай аталып өту керек деп ойлайсыз?!

Әр қазақтың санасында Абай жайлы түсінік болу керек. Бұл күнді киіз үйлер тігіп, әндетіп, сәндетіп, улап-шулап тойлау ештеңе бермейді. Абай өзі атып кеткендей, "ойлансаңшы, бос қақпай елең-селең". Құр «елең-селеңнің» қажеті жоқ. Той тойлаудан Абайша айтқанда «бекер мал шашпақ пен мақтаншақтық» көрініс тауып кетіп жатады. Абай күні ғылыми-танымдық бағытта алқалы жиындармен, Абай мұрасын терең зерттеуге арналған іс-шаралармен өту керек. Тамыз айын толықтай Абай айы деп атасақ артық емес. Абайға тек бір күнді арнамау керек. Туған күніне байланбай, бүтін бір айды Абай айына арнауымыз керек. Абай атындағы мемлекеттік марапаттар, тақырыптық барлық іс-шаралар осы тамыз айына топтастырылып өтсе, қандай керемет болар еді. Халықтың сенімінен шыққан ғалымдармен арнайы орталық ашып, нақты нәтиже беретін жұмысты көрсетуіміз керек. Құр есеп беру үшін, жөнсіз шаралар жасай бермей саналы түрде атап өткеніміз дұрыс. Абайтануды ғылым деп қарасақ, Мұхтар Әуезовтан кейін бұл салада еш жаңалық ашылмады. Тәуелсіздік алған ел болсақ та, Абай шығармашылығы жайлы керемет жетістікке әлі жете алмай келе жатырмыз. Мұхтар Әуезов айтып еді ғой: Абай мұхит болса, мен тек шөміштеп қана жаздым. Біз сол Абай туралы Әуезов қалдырған шөміштеп жазылған дүниемен әлі жүрміз. Мұхиттың тереңінен інжу маржанды алатын кез болды.

d75051f3-f7b5-4121-90a3-33a2731c0b66.jpg

 Абайдың туған күніне қатысты нақты дерек бар ма? Әр түрлі деректерде 10 тамыз бен 23 тамыз деген күндер көрінеді. Бұл немен байланысты?

Абайдың шынайы туған күні ғалымдардың зерттеуі бойынша 23 тамыз болып белгіленеген. Абайдың өмірін зерттеп, шығармаларын, қолжазбасын алғаш жинап, қағазға түсірген – Абайдың інісі Ысқақтың баласы Кәкітай. Кәкітайдың еңбегінде 1845 жылы жылан жылы қой күзекке шығатын низам айында Абай дүниеге келді деп жазады. Одан кейінгі Абайды зерттеген Кәкітайдың ұлы Әрхам «Абайдың өмір жолы» атты 190 беттік еңбегінде Абайдың дүниеге келген күнін нақты атайды. Онда: «Құнанбай ауылы Қасқабұлаққа келіп қонғаннан кейін, 1845 жылы ескіше 10 август күні Құнанбайдың екінші әйелі Ұлжан толғатып, бір ұл дүниеге келеді. Құнанбайдың бұдан бұрын ер жетіп қалған екі ұлы болатын. Өзінің алғашқы бәйбішесі – Күңкеден туған баласының атын Тәңірберді қойған. Мынау үшінші ұлының атын Ибраһим деп арапшалап қояды» дейді.

Ал Абайтанудың білгірі Қайым Мұхамедханов былай деп жазды: «Әрхам өзі де жас шағынан Абайды көріп, ақынның немере баласындай болып өскен. Абай дүниеден қайтқанда 19 жастағы жігіт болатын». Бүкіл ғұмырын Абайға арнаған Қайым Мұхамедханов Абайдың нақты туған күні жөнінде зерттеу жұмыстарын жүргізді. Тарихи деректерге сүйене отырып: «Әрхамның айтуы бойынша, Абайдың ескіше туған күні 10 август, жаңаша 23 август болады. Қазақ Совет энциклопедиясында Абайдың туған уақыты 10 август 1845 жыл. Өлген уақыты 6 июль(?) 1904 ж. деп берілген.

Семейдегі Абай мұражайынан бастап, мен Абайды зерттеген 25 жылда Абайдың туған күні 10 тамыз деп аталып жүр. Абайдың 125, 150 жылдықтары 25 жыл бойы 23 жыл бойы тойланып келді.

 Мектеп бағдарламасына «Абайтану» пәні енеді. Бұл пән қалай оқытылу керек деп ойлайсыз?

Абайтану пәні мектеп бағдарламасында ерекше орын алу керек. Мектеп бағдарламасындағы Абайды оқыту жалпылама тақырып болып кеткен. Мұхтар Әуезов өзінің бір мақаласында: "ерте ме, кеш пе Абайтану үлкен ғылыми мекеме болып, өз алдына қызмет жасайтын болады. Сол кезде Абайтану кезең кезеңімен оқытылады", - деп еді.

Біз мектеп бағдарламасында Абайтануды балалардың жас ерекшеліктеріне қарай кезең-кезеңімен бөліп оқыта алмай келе жатырмыз. Бала Абайды «Абай жолы» романының мазмұны бойынша 14 жасында Семейдегі Ахмет Риза медресінен қайтып келе жатқан кезінен білеміз. Ал оған дейін Абайдың дүниеге келуі, Абай өскен орта, туған жері, рухани тәрбиесі, әкесінің баласына көрсеткен мейірімі, Абайдың елгезектігі, оның ауыз әдебиетіне қызығушылығы жайлы көп айта бермейміз.

Біз Нұр-Сұлтан қаласындағы Абай аты берілген №87 мектепке осы бағдарламаны енгіздік. 1-5 сынып аралығында бала Абайды оқыту, 6-8 сынып аралығындағы оқушыларға ақын Абайды оқыту, 9-11 сынып оқушыларына хәкім Абайды оқытуды жолға қойдық. Одан кейін саты-сатысымен Абай айтып кеткен «толық адам» тұжырымдамасын оқыту - бағдарламаның негізгі мазмұны. Біз әлі күнге дейін Абайдың азан шақырылып қойған толық атына қатысты деректерді де білмейміз. Абайға бізден ештеңе керек емес, ал бізге Абай ауадай қажет. Абайды күштеп оқытпау керек. Сіңіріп асықпай оқу керек. Әсері қатты дәрілерді аз-аздан ұзақ уақыт ішетіні сияқты Абай мұрасын асықпай, біртіндеп, аз-аздан үйрету керек.

 Алмахан Мұхаметқалиқызы, оқырмандарымызға Абайдың дүниеге келуіне қатысты қызықты деректі осы жерде айтып берсеңіз екен.

Біз Абайды зерттегенде Абайдың өз дәуіріндегі зерттеу, Кеңес дәуіріндегі Абай және қазіргі кездегі Абайды зерттеу деп бөліп қарауымыз керек. Кеңес дәуіріндегі Абайтануда өз заманында айтылмай кеткен деректар бар. Мысалы, біз Құнанбайды тани алмай келеміз. Біз тек «Абай жолы» романының негізінде қатігез Құнанбайдың образын білеміз. Ал біз оқушыларға әкенің қадірі, әкенің парызы, әкенің балаға беретін өмірлік тағылымы жайлы айта алып жүрміз бе? Ал Құнанбайдың ең басты кереметтігі – Абайды бала күнінен танитындығы.

Абайдың дүниеге келуі, атының қойылуы жайлы дерек өте қызық. Ибрахим аты оған аянмен берілген.

Тұңғышбай Ешен деген Семейге белгілі әулие жыл сайын Түркiстанға барып, әзiрет Сұлтанға зират етiп, түстiктегi әулие-әнбилерге дұға қайырып, Бұхарға дейiн барып қайтады екен. Бұл сапары кейде 3-4 айға созылса керек. Бiр сапарынан кеш, ел қыстауға қонған соң оралып, үйiне де соқпай Жидебайға кеп, Құнанбайдың үйiне түсiптi. Құнекең:- Өй, Ешен әулие, таңертең келген Қаратай, сенi әлi оралған жоқ деп едi, келген бетiң бе бұл?- дептi. Ешен: — Иә, мырза, тұп-тура сiздiкiне, Өскенбайдың (Құнанбайдың әкесі) қара шаңырағына келетiн жөнiм болды.

Құнекең Ешенге арнап мал сойғызып, келу жөнiн сұрағанда Ешен Зере шешесi, семiз жеңгесi (Ұлжан), мырзаның өзiне ғана айтары барын айтып, үйдi оңашалатып сөйлеген екен.

– Әзiрет Сұлтанға зиярат етiп, ат басын Бұқарадан қайырып, Ибрагим ата басына түнедiм. Сол түнi сiзге қатысты бiр ғажап түс көрдiм. Түсiмде осы Жидебайда өзiм көрiп, бiлмеген бiр ғажап аспанды тiреген заңғар шың орнапты. Ғажаптанып, бұрын бұл шың жоқ едi ғой деп, жоғарыға қарасам сiз, сiзден төмен семiз жеңешем екеуiңiздi көрем. Сiз түрегеп тұрсыз. Ал отырған жеңешемнiң етегi әлгi шыңнан асып Шыңғыстауды орап алған сияқтанды. Бұған тағы ғажаптанып, шыңнан ұшар басына қарап едiм, Сiздiң артыңыздан басы асқан бiр жiгiттi аңдадым. Бiрақ, түсiн көре алмадым. Осыдан соң тағатым қалмай, үйге соқпай, Сiзге, би шаңырағына келдiм.

Зере әже қолма-қол ақсарбас шалып, етiн жұртқа таратқызып жiберiп:

– Құнаш, Ешен әулиеге Ибрайым ата басында бұл түс тектен-текке көрiнген жоқ. Келесi немеремнiң есiмiн Ыбырай қой деген бұл аяны ғой аруақтардың. Ешеннiң қолы бос қайтпасын!- дептi. Құнекең Ешендi үйiне үш құлынды бие, бiр ат жетектетiп қайырған. Абай Хан биiгi атырабына келсе, менiң есiмiмдi қойған осы Ешен әулие ғой!- деп, Ешен басына дұға қайырады екен.

Қазақтың әдет ғұрпында аян беру деген ұғым бар. Кейінгі ұрпақ мұны онша түсіне қоймайды. Сөзге мән беру, қабаққа мән беру, астарлы сөздің төркінін түсіну деген сияқты дүниелерді балаларға ұғындыра алмай келе жатырмыз. Ал Абайдың өмірдерегінен осы тәрбиені көрдім.

Зере әже Абайға: «Есімің аянмен келді, оған абай бол» - деп ескертіп отырған. Содан Ибрахим Абай атанып кетті. Кейбір деректерде Зере әже Ибрахим деген есімге тілі келмей Абай атап кеткен деп жазылады. Бірақ Зере өте тақуа, сауатты кісі болған. Оның сөздерге тілі келмеуі мүмкін емес. Ол ел анасы болды. Зере Абайдың әкесі Құнанбайды дәретсіз емізбеген деп құрғақ айтып өтеміз. Бірақ зерттеу тереңірек болса, Құнанбай көрген, Абай көрген тәрбиені бүгінгі ұрпаққа қаз-қалпында жеткізе алсақ керемет болар еді. Абайды зерттеуде көзге көп көрінбейтіні – бала Абайдың образы, қарапайым Абай.

Бала Абайдың кереметтігін мынадан білуге болады. 5 жасында анасы Ұлжанға сұрақ қояды: «Апа, мен дүниеге келген дүние қызылды-жасылды еді ғой. Ол не?!». Ұлжан ойланып отырып: «Біз сол кезде жүнді бояп жатқан едік. Сен сезімтал болып, түйсікпен дүниеге келген екенсің ғой» - дейді. Адам дүниеден өтерінде бірдеңе сезеді. Айналасы білмесе де, бұл дүниеден кететін адам сезімтал болады. Кейін дүниеден аттанғанда айтып жатамыз: сезіп жүрген еді деп. Дәл солай, жарық дүниеге келіп жатқан кейбір сәби сезімтал болады екен. Оларға Жаратқан бір құбылысты көрсетіп, есінде қалдырады . Осындай дүниелерді біз балаларға сіңіруіміз керек. Ойларыңда не қалды деген сұрақ арқылы, баланы ашып, түйсігін дамыта аламыз. Түйсік көп жағдайда жануарларда жақсы дамыған. Ал адамдарда сезім мүшесі дамыған. Сондықтан белгілі бір құбылыстың боларын жануарлар алдын ала сезеді. Біздің ата-бабаларымыздың даналығының деңгейі – баланың түйсігін дамытуға атсалысқан.

Би-болыстар Құнанбайдың үйіне жиналғанда: Құнекең, не шықса да осы Ысқақтан шығады немесе Оспаныңнан шығады деп айтады екен. Сонда Құнанбай: не күтсеңдер де мына қарашұнақтан күтіңдер деп, Абайды көрсетеді. Абай жастайынан өте сабырлы болған. Не жағдай болса да, балпиып отыра берген деседі. Біз осындай тұстарын айта бермейміз. Абай сабырлы қалыппен сөзге өте қағылез, байқампаз болған. Дүниеге келген Абайдың дүние құбылыстарын байқағаны, есте сақтағаны – Абайдың ерекшілігі.

Абайдың 9 жасында сырқаттанып қалғаны «Абай жолы» романында былай деп жазылған: Ұлжан даладағы Құнанбайды шақырып, денесі қызып жатқан Абайдың жағдайын айтқанда Құнанбай оның көрпесін ашып, денесін ұстап тұрып: «баланың ішіндегі таланты сыртқа енді шығайын деп жатыр екен. Сырқаттанғанын ешкімге айтпа, бәйбіше» – деп ескертеді. Қазір елдің бәрі ауырып қалып жатыр ғой. Дәрігерлер іштегі қарама-қайшылықтар сыртқа ауру болып шығатынын айтып жүр. Құнанбай ешбір жоғары оқу орнын оқымай-ақ, баланың ішкі қарама-қайшылығын білген.

Жас кезінде ел аралаған бір өзбектің сыншысы Абайды көргенде: касы көнектей, бөксесі сенектей, екі құлағы шұнақ, кеудесі аққан бұлақ - деген екен. Абайдың болмысы туралы айтылған осындай мәліметтердің байыбына бармаймыз. Біз тек Абайдың өлеңдерін ғана оқи береміз.

Абайды тану - жаратылысты тану. Біз дін туралы, құран турал айтқанда ана дүниені көп қозғаймыз. Ал Абайдың шариғат жайлы шығармалары осы дүниеде не істеу керектігін айтады. Сондықтан Абайтану бағдарламасын осындай дүниелерден бастауымыз керек.

Біз Ұлы Абайды оқытудан бастаймыз. Бала Абайды танып бастасақ, балаларымыз хәкім Абайды оңай танитын еді.

 Сіз сұхбаттарыңызда Абайдың бүгін айтылып жүрген өлеңдері, поэмалары түпнұсқадан бөлек дейсіз. Сонда біз Абай шығармашылығын қатемен оқып жүрміз бе?

Иә, Абай шығармашылығындағы кейбір сөздер өзгеріске ұшыраған. Абайдың тілі көне қазақ тіліне айналып бара жатыр. Абай жинаған мұраларды суретке түсіріп, оны талдау керек. Ол заттарды Абай неге жинады екен?! Мұхтар Әуезовтың өзі Абайдың өмірі туралы деректің 4 нұсқасын жазып кеткен. Барлық нұсқасын оқып, талдау керек.

Біз өлеңдерді зуылдап жатқа айтуға құмармыз. Сөздерді терең түсінуге, түсіндіруге талпынбайды көбі. Мәселен, «Ғылым таппай мақтанба» өлеңінде 5 нәрседен қашық бол, 5 нәрсеге ұмтыл дейді. Біз бұл қасиеттерде жатқа білсек тек, қазір көп қазақтың бойынан өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақты да көріп жүрміз. Осы өлеңді біз оқушылардың санасына толық түсіндіре алып жатырмыз ба?!         

Жүрегіңнің түбіне терең бойла,

Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла.

Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім,

Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма!

Кейінгі шыққан Абай өлеңдерінің жинағында «Жүрегімнің түбіне терең бойла» деп басылып жүр. Абайдың жүрегіне бойлау мүмкін емес. Бұл жерде ақын өзіңді ойла, өзіңді зертте, таны, ал басқа адам жұмбақ екенін айтады.

Қазақ әдебиетінде ең көп жинағы шыққан ақын, ол Абай. Бірақ әр жинақта әр түрлі текстология, сөздердің мағынасында өзгерістер бар. 1977 жылға дейін Абайдың түпнұсқасында: жүрегіңнің түбіне терең бойла. Өзіңді ойла, басқа адам - жұмбақ дегенді айтады.

Пайда үшін біреу жолдас бүгін таңда,

Ол тұрмас бастан жыға қисайғанда.

Мұнан менің қай жерім аяулы деп,

Бірге тұрып қалады кім майданда?

"Жығаның қисаюы" тіркесін түсіндіріп беретін филолог аз. Жыға деп батырлар киетін дулығаның төбесіне тігілген жалғыз үкі. Сол жалғыз үкі батырдың бойынан қайраты кеткенде қисаяды. Бұл жерде Абай екі сөзбен намысы мұқалуын, жігердің құм болуын әдемі жеткізген. Сөздің құдіреті осы!

Қарындас қара жерге тыға алмай жүр,

Бірінің бірі сөзін құп алмай жүр.

Құда-тамыр, дос-жарың, қатын-балаң

Олар да бір қалыпты бола алмай жүр.

 Кеңес дәуірінде «қарындас» сөзі орыстың «сестра» сөзінің баламасы етіп берілді. Ал қазақтың "қарындас" сөзінің түпкі мағынасы – бір қарыннан шыққан деген ұғымды білдіреді. Ағаны да, ініні де, бауырды да қарындас деген. Бір қарыннан шығу деген – өте жақын ұғымымен парапар.

Алыстан сермеп,

Жүректен тербеп,

Шымырлап бойға жайылған;

Қиядан шауып,

Қисынын тауып,

Тағыны жетіп қайырған,

Толғауы тоқсан қызыл тіл,

Сөйлеймін десең, өзің біл.

Мағынасы терең бұл өлеңді оқушыларға жаттатамыз. Қорыққанда шок аламыз, керемет сөз естігенде бойымыз шымырлайды. Қия – тау жолы. Оны балалар түсінбейді. Тағыны – таудың аңы. Ол қиядан шаба береді. Жабайы аңды тілмен қайыру керек. Тілдің құдіретін осылай екі ақ ауыз сөзбен орап айтып кеткен. Егер біз Абайдың әр өлеңін оқушыларға терең түсіндірсек, басқа өлеңін оқушылар өздері іздеп тауып оқитын еді.

Абайдың достары деген тақырып мектепте талданбайды. Абайдың 40 жыл досы болған Ербол Абайға екі рет қиянат жасаған.

Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап,

Әуре етеді ішіне қулық сақтап.

Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,

Ақылың мен қайратың екі жақтап.

Бұл өлең Ерболдың қиянатынан кейін шыққан.

 Достан да, дұшпаннан да көңілінің қалу себебі жан толғанысынан аңғарылады.

Күшік асырап, ит еттім

Ол балтырымды қанатты.

Біреуге мылтық үйреттім,

Ол мерген болды, мені атты.

Оспан болыс сайланарда, Абайдың досы Ербол рушылдыққа салынып, досына опасыздық жасайды. Сонда күшіктей кезінен дос болған Ерболдың балтырын қанатқаны – опасыздық жасағаны.

Абайдың өлеңдерінде «азаматтың серті» деген бөлек ауқымды тақырып бар. Абайдың Базаралы, Оспан, Тәкежандармен ара-қатынасы туралы деректерді біз оқушыларға айтсақ, бала кезден «ердің серті», «достықтың құны» дегенді біліп өсер еді.

Бір сөзбен, мектептерде Абайды білетін маман болу керек. Абайды қазақ тілі әдебиеті мұғалімі ғана емес, физика, математика, жаратылыстану, химия мұғалімдері де үйрету керек. «18 мың ғаламның бар мейірімі күнде тұр» деп физиканы бір сөйлеммен айтып кетті емес пе?!

 Қандай керемет! Алмахан апай, сіздің абайтанушы болуыңызға не себеп болды?

Абайтанушы болып 32 жыл жүрген мен Абайды әлі толық танымадым. Абайдың қыры көп. Мен керегімді алып жүрмін. Абайтанушы болам деп ойламадым. Өзіме керегімді аламын. Адам болу үшін, дұрыс ұрпақ тәрбиелеу үшін не істеу керек деген сұрақты Абай шығармашылығынан іздеймін. Кейде пендешілікті көргенде, кімнен ақыл сұрарымды білмегенде Абайға жүгінемін. Абайды білуші ғанамын, Абайды тану мүмкін емес.

Абай саласына қалай келгенімді білмеймін. Абайға қатысты 8 жинағым дайын тұр. Абайдың хронологилық жинағын жазып қойдым. Ол Әуезовтың 60 жылдарға дейінгі хронологиясы бойынша жазылған. Кеңес кезеңінде есімдері айтуға болмайтын тұлғалар Шәкәрім, Тұрағұл туралы деректерді қостым. Естеліктерді де дайындадым, кітап болып басылып шыққан жоқ. Абай өлеңдеріндегі өзгерістер, абай өмірінен оқиғалар, оның қолжазбаларындағы әліпби туралы мақалалар жинағымды да дайындап қойдым. Қаражат сұрап алақан жайғым келмейді. Дәуірі келгенде, шығып қалар.

 Абай өзі айтқан «толық адамды» ұлы Әбдірахманнан көрген екен. Абайдың ұлы Әбдірахман туралы айтарыңыз бар ма?

 Абай ұлы Әбдірахманға риза болғаны туралы әңгіме бар ғой.

Абай ұлынан:

Қалқам Әбіш, осы әлемдегі жаратылыста ақ зат асыл ма, қара зат асыл ма? - деп сұраған едім. Ол іркілместен:

- Ақ зат асыл ғой, - деді.

- Неге, қара зат асыл емес пе? – дейді әкесі Абай. Әбіш бетіне қарап күлді де:

- Қараны қалай асыл дейсіз? - деді. Сонда Абай:

- Біріншіден, адам баласы барлық дүниедегі жаратылысты көзбен кереді емес пе, - дедім,- Бірақ көздің ағы көрмейді, ортасындағы кішкене қарашығы ғана көреді. Қараның асылдығына осы дәлел. Екіншіден, қағаз ақ, одан адам оқып білім ала алмайды, үстіне жазған қара сиядан өнер-білім алады. Үшіншіден, жас шақта адамның сақал-шашы қара болады. Осыған байланысты жас күнде адамда ақыл, білім, қайрат көп болады. Қартайғанда шаш-сақал ағарады. Ал, адамда ақыл, білім, қайрат та азаяды. сондықтан ақтан қараны асыл ма деп ойлаймын, - дейді.

Сонда Әбіш:

- Оның бәрін қалай білдіңіз? - деді.

- Ақылмен білдім, - депті Абай

- Олай болса, ақыл мида болмай ма, ал ми ақ зат емес пе! Екіншіден, ақыл - нұр, жарық зат. О да аққа ұқсамай ма? - деді. Сонда Абай ұлы Әбішке риза болып, одан «толық адамды» көрген. Әбіштің ғұмыры тым қысқа болған.

 Абайдың 175 жылдығына орай өтіп жатқан іс-шараларға көңіліңіз тола ма?

Абайдың 175 жылдығына қарай көп дүние жоспарланған еді. Ұрпаққа пайдасы тиетін саналы түрде ойластырылған көп іс-шара болды. Індетке байланысты бәрі тоқтап тұр. Елордада әкімдік деңгейіне дейін «Абай» танымдық ғылыми орталығының құрылыс жұмыстары мәселесін көтеріп едік. Абайға қатысты қазіргі өтіп жатқан шараларға көңілім толады деп айта алмаймын. Дегенмен жоқтан бар жасап тырысып жатыр. Абайға келгенде дүние неге тар болып қалатынын түсінбеймін. Қанша жыл жүріп, қолымыз енді жеткенде, тағы болмай қалды. Абайдың өлеңдерін басып шығаруға қаражат жұмсалады. Басқа да атқаратын жұмыс көп қой.

 Бүгінге дейін сақталған Абайдың өз қолымен ұстаған дүниелері бар ма?

Михаэлис 70-жылдардың басында Семейдің қоғамдық кітапханасында Абаймен танысып, бірнеше жыл қатарынан тығыз байланыс жасайды. Ол досын Ресейдің ішкі өміріндегі жаңалықтармен, орыс әдебиетінің үздік шығармаларымен таныстырады. Кейін Долгополов та Абаймен дос болады. Сонда Абайдың ауылына барған Долгополов досының заттарына қызығып, сұрап алып, өлкетану мұражайына тапсырады. Ол бір киіз үйдің құрамдас бөліктері екен. Қазір содан қалған Абайдың 23 заты Семейдеге өлкетану мұражайында сақтаулы. Қазақтың салт-дәстүріне Долгополов қатты қызыққан болып тұр. Неге екен? Бұл да зерттелуі тиіс үлкен тақырып.

Қазір Нұр-Сұлтан қаласындағы "Абайтану" орталығы жайлы айтып берсеңіз?

Елордадағы «Абайтану» орталығын 2010 жылы ашқан едік. Өзім барлық дүниені жан-жақтан жинадым. Республика көлемінде танымал, саналы жобалармен жұмыс істедім. Әлі күнге дейін бар. Орталық орналасқан университет жабылып қалып, 6 жыл бойы құнды заттар қоймаларда қалып, кейбірі жоғалып кетті. Қазір «академия аштық, университет аштық» деп жүргендер сол кезде орталықтың мұрасын сақтауға қол созбады. Өкінішім бар, жәдігерлер, Абай мұрасы 6 жыл көрінгеннің босағасында жүрді. Қазір көп салада науқандық жұмыс қана жасалады, нәтижесі осындай... Қайсыбір дүние болмасын, ұлы ғұламаның мұрасына келгенде шын ниетпен жасалу керек. Өйткені мұнда ұлы рух бар. Ұлы рухтың күші мықты. Ол шындықты жақсы көреді. «Мейірлен, мейірленсең, ғылым саған қарайды» дейді Абай. Шын мейіріммен жасамағасын, нәтиже болмайды.

b6e114dc-f8a0-4290-96e8-cf19ceaf3bc5.jpg

2016 жылы Астанадағы №87 мектепке Абайдың аты беріліп, «Абайтану» ғылыми танымдық орталығы осы мектептің жанынан жұмысын жалғастырды. Қазір мен сонда істеймін. «Абай нұры» өнер клубын аштық. Бұл клубтың мүшелері Абайдың өлеңдерін түпнұсқамен оқиды, мағынасына үңіледі, әндерін айтады, шешендік өнерден дәріс алады. Жан-жақты балаларды тәрбиелеп жатырмыз. Мектеп директоры Айгүл Оңдағанқызы Абайға қатысты жұмыстың қай қырын айтсам да, жерге тастамай, қолдап, көзін табады. Соның арқасында біраз жұмыс атқарып жатырмыз. Бұл мектептен үлкен үміт күтем.

5af36786-3d48-404c-93be-2df6268860dd.jpg

 Алмахан Мұхаметқалиқызы, сұхбатыңызға рахмет. Абай мұрасы жайлы зерттеулеріңізге де алғыс білдіремін. Бұл біз үшін өте құнды!

Барлық жаңалықтар