• Главная
  • Абай175: Ұлы ақын туғaн өңiр туристік нысанға айналды
11 августа, 2020 15:37

Абай175: Ұлы ақын туғaн өңiр туристік нысанға айналды

Биыл қазақтың бас ақыны Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойы республика көлемінде аталып өтіп жатқаны белгілі. Жер-жерде мерейтойға байланысты хакімге арналған ескерткіштер бой көтеріп, құрылыс нысандарына реконструкция жұмыстары жүріп жатыр. Десек те, ақынның кіндік қаны тамып, өзі туып өскен еліміздің шығыс аймағы мерейтойға ерекше мән беріп, бірқатар жобаны қолға алды. Осы орайда үлкен шараның өту барысын ШҚО Абай ауданының әкімі Жарқынбек Борашұлының өз аузынан естіп, мереке қарсаңындағы іс-шарамен танысуды жөн санадық. Шығыстағы қолға алынған жобалар мен болашақтағы жоспарлар жөнінде Strategy2050.kz тілшісінің материалынан оқи аласыздар.

Абай175: Ұлы ақын туғaн өңiр туристік нысанға айналды

-Жарқынбек Борашұлы, Ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойының аталып өтілуі тек шығыс өңірі үшін емес, күллі қазақ үшін үлкен қуаныш. Алайда қазіргідей пандемия кезінде мерейтойдың өту барысы қалай болмақ?

-Ел президенті Тоқаев «Абайдың 175 жылдық мерейтойын мерекелеу туралы» 2019 жылғы 30 мамырдағы №55 Жарлығында Үкіметке осы шараны Біріккен Ұлттардың Білім, ғылым жəне мəдениет мəселелері жөніндегі ұйымы (ЮНЕСКО) мен Халықаралық түркі мəдениеті ұйымы (ТҮРКСОЙ) аясында мерекелеуді ұйымдастыру жөніндегі мəселені пысықтауды тапсырды. Сонымен қатар «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында «Абай мұрасы және әлемдік руханият» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция ең басты шараға айналады деп айтқан еді.

Алайда қазіргі болып жатқан жағдайлар, яғни індет мәселесі еліміз үшін қауіпті болғандықтан, барлық сақтық шараларын қолға алу арқылы тойға дайындықты өз ретімен орындаудамыз. Біз үшін аудан тұрғындары мен қонақтарының денсаулығы бірінші орында. Сондықтан халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіп, сақтану шараларын қатаң тәртіппен атқарып жатырмыз.

-Иә, сөзіңіздің жаны бар. Десек те, жоспарланған құрылыс нысандарының жұмысы қалай жүріп жатыр? Бұған дейін Абай ауданында қандай іс-шаралар атқарылды?

-Той қарсаңында жүзеге асырылған шаралар қазіргі уақытта өз мәресіне жетіп қалды. Ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында атқарылған жұмыстың барлығы аймақ басшысы Даниал Ахметовтың Абай еліне деген ыстық ықыласының, айрықша қолдауының арқасында жүргізілуде.

e5e5dd0b-0eeb-4d52-b42f-3607bd7f7ac5.jpg

Жаңадан бой көтерген, қайта жөндеуден өткен нысандар аудан келбетіне көрік қосып, келуші туристер мен қонақтардың көңлінен шығады деген ойдамын. Мәселен, ақынның кіндік қаны тамған «Сырт Қасқабұлақ» мекенінің кіре беріс жолына тас төселді. Ақынның өмір жолы басталған қасиетті бұл жер ұзақ жылдар бойы ескерусіз, елеусіз қалып келді. 2019 жылы «Абай аудандық мәдениет үйі» теңгеріміне алынып, ақын дүниеге келген бұлақ басы толығымен абаттандырылды. Шырша, шынар ағаштары отырғызылып, Абайдың домбырасының пішінінде заман талабына сай жасалған нысан басына ұлағатты 45 қара сөзі жазылған мәрмәр тастар қойылды. «Туғанда дүние есігін ашады өлең» деген стелла тұрғызылды. Алдағы уақытта рухани байлығымыз- салт-дәстүрімізді дәріптеу,   туризмді дамыту мақсатында этноауыл ұлттық мәдени кешенін ашып жатырмыз. Сырт Қасқабұлақ осылайша келушілерге демалыс сыйлайтын, туған жердің қасиетін, өлеңнің рухын сезіндірген басты нысанға айналмақ.

-Мемлекет басшысы Абайды ұлықтағанда әкесі Құнанбайдың да ел алдындағы еңбегін ұмытпауымыз керегін еске салған еді. Осы бағытта нендей жұмыстар атқарылуда?

-Иә, ел президенті Құнанбайдың халық алдындағы еңбегін дәріптеп, насихаттап, келешек ұрпаққа қалдыру мақсатында осындай тапсырма берген. Осы орайда облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, қорым аумағы кеңейтілді, сонымен қатар заманға сай өзгерістер жасалып жатыр. Зират ішіндегі тозығы жеткен белгі тастар гранит тастармен жаңартылды. Алаңға брусчаткалар жайылып, келушілерге қолайлы жағдай тудыру мақсатында панажайлар қойылды. Қоршау ішіне Ұлы Абайдың әкесіне арнаған сөздері жазылып, әсемдік үшін гүл отырғызылды.

-Бұған дейін ақпарат беттерінде Құнанбайға арналған музей ашылатыны жөнінде жазылды. Музейдің құрылысы қашан аяқталады, сонымен қатар музейге қандай жәдігерлер қойылады?

-Осы қорым жанынан Құнанбай музейінің құрылысы басталды. Құрылыс жұмыстары толығымен осы айдың соңына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Басты мақсатымыз - хакімнің ата-анасына құрмет көрсету. Бұл аудан туризмінің дамытуға жол ашады деген ойдамын. Абай ауданына келген сапарында Даниал Кенжетайұлы музейдің қазақ халқының құндылықтары мен ұрпақтар сабақтастығын сақтау тұрғысынан өте маңызды нысан екенін ерекше атап өткен еді. Музей арқылы қазақ халқының сол дәуірдегі (19 ғасырдағы) құндылықтары мен ұрпақтар сабақтастығы жаңғыртылып, дала данышпаны Құнанбайдың ел тарихындағы сіңірген еңбегі дәріптелмек. Музейге келушілер ұлылар мекенінің тарихынан, өнер мәдениетінен, тұрмыс-салтынан ақпарат алып, рухани байлыққа кенелмек.

photo5298626970856304362.jpg

Музейдің ішкі экспозициялық залын жабдықтау жұмысына тоқталсам, жергілікті бюджеттен қаржы бөліп, Құнанбай заманынан көрініс беретін тарихи жәдігерлер мен құжаттар, құнды бұйымдар, тұрмыстық заттар алдық. Сондай-ақ құнды әрі бағалы бұйымдармен толықтыру үшін қосымша облыс тарапынан қаржы бөлінді. Оның ішінде заманауи технологиялар, тұрмыстық заттар, бағалы зергерлік бұйымдар бар.

Тойға дайындық барысында Бөрілі елді мекені мен Жидебай мемориалдық кешені назардан тыс қалған жоқ. «Жидебай» мемориалдық кешеніне бұрылыстағы стелла алаңын абаттандыру жобасы қолға алынып, заман талабына сай стелла жасалып, асфальт төселді, дәретхана ашылып, демалыс орындары салынды. «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында Жидебайдағы Абай-Шәкәрім мемориалдық кешені мен ақынның мұражай-үйі ел мақтанышы боларлық жаңа нысанға айналды. Ғимарат заманауи талаптарға сәйкес қайта жаңғыртудан өтіп, толықтай гранит таспен әсемделді. Кіре берісінен басталатын жаяу жүргіншілердің жолына, үстіне шығатын жеріне дейін гранит тас төселді. 200-ге жуық шырша түбі егіліп, амфитеатр төбесі күмбезделіп, кіре беріс алаңға үлкен конструкциялық жобалар жасалып жатыр.

photo5300878770669989421.jpg

Сондай-ақ айта кету керек, Бөрілі елдімекенінде Мұхтар Әуезовтің мұражайының аумағындағы жаңарту жұмыстары аяқталды. Ұлы Абайдың мерейтойы аясында Бөрілі мұражайында ауқымды шаралар атқарылды. «Бөрілі - Мұхтар Әуезовтың туған жері» стелласы жаңартылып, ауылға бұрылыста аялдама орнатылды. Музей алаңы абаттандырылып, келген меймандарға ауыз су ішетін арнайы орын мен екі панажай қойылды. Айта кетерлік тағы бір жайт, М.Әуезовтың әкесі мен анасы жатқан зират маңайы абаттандырылды.

-Иә, ұлы Абай туған жеріне жөндеу жұмыстарын жүргізіп, Құнанбай қажы музейін қолға алу - мерейтой қарсаңындағы қызу дайындықтың бір белгісі. Ал сіз айтқан Жидебей, Бөрілі мекендері де әдемі көрінісімен қонақтардың көз жауын алары сөзсіз. Ал, аудан орталығында, ауыл ішінде қандай шаралар атқарыпы жатыр?

-Аудан орталығы Қарауыл ауылындағы 300 орындық мектеп құрылысының салынуы - Абай мерейтойының қарсаңында Абай ауданын үшін ерекше тарту болып отыр. Бой көтерген нысанның сәулеттік келбеті баршамыздың көңілімізден шықты. Білім ошағы ІТ технологиялық құралдарымен жабдықталған, жаңа заман талабына сай. Ұстаздар мен оқушылар үшін бар жағдайды жасаса, ата-аналар балалары үшін екі есе қуанышты. Мектептің алдына шынар ағаштары отырғызылып, кіші архитектуралық формалар қойылып, мектеп көркінің, келбетінің артуына жол ашып отыр. Жұмыстар тамыз айында аяқталып, жаңа оқу жылында мектеп қолданысқа берілетін болады.

photo5300878770669989424.jpg

Ұлы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы негізінен Қарауыл ауылындағы жаңадан салынып жатқан «Абай саябағында» аталып өтіледі. Бұрын соңды бұл өңірде болмаған алып жаңа саябақтың ұзындығы - 600 метр, ені - 250 метр, жалпы аумағы - 15 га құрайды. Қазіргі таңда шынар, шырша ағаштары отырғызылды. Оның ішінде мәдени-рухани шаралар өткізетін орын, балардың ойын алаңы, тұрғындар үшін серуен құратын жолдар, велосипед жолдары салынды. Бүгінгі күні құрылыстың басым бөлігі аяқталды. Жоба бойынша жұмыстар жоспар бойынша тамыз айында аяқталады. Аталған жоба аяқталғаннан кейін аудан тұрғындары 100% таза ауыз сумен толығымен қамтамасыз етіледі.

-Мерейтой қарсаңында елдімекендегі қолға алынған жобалар, жаңадан бой көтерген құрылыс нысандары республикамыздың түкпір-түкпіріндегі халықтың қызығушылығын оятатынын анық. Олар үшін елдімекеннің инфраструктурасы маңызды. Осы орайда, жол мәселесіне тоқталып өтсеңіз.

-2019 жылы Семей-Қарауыл тас жолы толығымен жөндеуден өтті. Биылғы жылы Қарауыл ауылындағы Мұхаметханов, Бекбосынов, Әйгерім, Мамай, Ұлжан, Тоқтамыс көшелерінің жолдарын орташа жөндеу жобалары бойынша жұмыстар толығымен аяқталып, ауыл ішіндегі жолдың барлығы джөнделді. Көкбай, Саржал, Құндызды, Кеңгірбай би ауылдарының да жолы қайта жөнделуде. Мерейтой қарсаңында көше жолдарының жөнделуі ауыл сәулетінің артуына ерекше ықпалын тигізуде.      

Сұхбатыңызға рахмет!