• Басты
  • Абай - өз заманының төбе биі – Ж.Ибрагимов
13 Наурыз, 2020 12:02

Абай - өз заманының төбе биі – Ж.Ибрагимов

Абайды бүгінгі таңда біз парасатты да әділ би, қазақ қоғамының сол заманындағы төбе биі деп нық сеніммен айта аламыз. Бұл пікірді Л.Гумилев атындағы ЕҰУ Заң факультетінің деканы, заң ғылымдарының докторы Жамаладен Ибрагимов Абайдың әділ әрі парасатты би ретіндегі рөлі туралы пайымында білдірді, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі. 

Абай - өз заманының төбе биі – Ж.Ибрагимов
«XXI ғасырда жаһандану кезеңінде бір тұлғаны қарастырып, талдаған кезде елдің, қоғамның дамуына қандай пайда әкеледі деп қараймыз. Осы тұрғыда цифрлық өркениет пен цифрлық технология дамыған жағдайда кейбір азаматтар Абайды ақын, философ, ойшыл ретінде бала кезімізден бастап әдебиеттен оқыған жоқпыз ба, қазір басқа қай қырынан қарауға болады деген ойды айтуы мүмкін. Алайда, Абайды мемлекетімізді басқару, құқықтық мемлекет дамуының тұжырымдамасына қосқан үлесі, көзқарастары өте көп деп айтуға болады», - деді Ж.Ибрагимов.

Профессордың айтуынша, Абайдың кез келген ойы, тұжырымы, пікірі қоғамның дамуына, қоғамның болашақтағы алатын асуларына арналған.

«Олардың бірден-бір себебі Абай сол кездегі мемлекет билігіне араласқан, қоғамды реттеп тұратын үлкен нормативтік актілерді, ережелерді жасауға қатысқан. Ережелер дегеніміз сол кездегі Ресей империясының қазақ қоғамын басқаруға қатысты шараларының бірі. Осы орайда қоғамдағы дауларды шешуде белгілі бір жолға келіп, Ресей империясының шығарған нормалары мен уставтарымен біріге отыра қазақтың билері қандай шешім шығаруы керек, осыған байланысты белгілі уақыттарда далалық өлкеде билердің төтенше съезін жинап, ереже жасап отырған. Сол ережелердің бірі 1885 жылғы Қарамола ережесі. Бұл ережеге қатысты ғалымдардың пікірі өте көп. Бір ғалымдар оны Қарамола ережесі деп атайды, бір деректерде Шар ережесі деп аталады. Мәселе оның атауында емес, ол ереженің сол кездегі қазақ қоғамына не бергендігінде. Сол кезде қазақ қоғамында қандай дауларды шешуге қатысқаны маңызды», - деді ол.

Сондай-ақ, профессордың пікірінше, ғылымның дамуында сан-алуан пікір болған кезде ғана ғылым алға басады.

«Әртүрлі ғалымның, сарапшының пікіріне өте объективті салиқалы түрде тұрақты көзқараспен қарауымыз керек. Қазақ қоғамында еркек пен әйелдің тепе-теңдік мәселесі әркез дау тудырады, осы тепе-теңдікке қатысты нормаларды әзірлеуде Абай үлкен үлес қосқан. Абайдың екінші кіргізген нормаларының бірі сол кезеңде қоғамда болып жатқан теріс қылықтардың, әрекеттердің алдын алу. Бұл біздің елде 2009 жылы Мемлекет басшысының жарлығымен бекітілген ҚР-ның құқықтық дамуының тұжырымдамасы деген құжат бар. Оның бір бөлімінде қылмыстық әрекеттердің алдын алу деген бар. Осы ұстанымды Абай қолданған. Қазақ қоғамында жасалатын алдын-алуға үлкен мән берген. Бұл мемлекеттік тұрғыдағы үлкен бағыт. Өйткені біз қоғамда қылмыспен күрескеннен гөрі қылмыстың алдын алу мемлекетке тиімді, екіншіден ол қаржылық жағынан арзанға түседі. Үшіншіден, барлығымыз бір елдің азаматымыз, ол азаматтың жеке басына, ар-ожданына отбасына нұқсан келмейді. Себебі, қай адам өзінің замандасының жамандық жасап, сотталып кеткенін жақтайды. Сондықтан да Абай осыған байланысты өзінің ой-пікірлерін айтып отырған. Абайды бүгінгі таңда біз парасатты да әділ би, қазақ қоғамының сол заманындағы төбе биі деп нық сеніммен айта аламыз», - деді Ж.Ибрагимов.


Аягөз Құрмаш 
Барлық жаңалықтар