• Главная
  • Абай күніне орай қандай іс-шаралар өтіп жатыр
10 августа, 2020 14:58

Абай күніне орай қандай іс-шаралар өтіп жатыр

Бүгін қазақстандықтар «Абай күнін» алғаш рет атап өтуде. Осы орайда Strategy2050.kz порталы мерекеде өтетін бірқатар іс-шара тізбегін ұсынады. 

Абай күніне орай қандай іс-шаралар өтіп жатыр

Ұлы Абай күні – Қазақконцерт сахнасында

«Қазақконцерт» ұйымы ел тарихындағы айтулы мереке – Абай күніне орай барша өнер сүйер қауымға ерекше тосын сый жасамақ.

Ел руханияты үшін айрықша мерекеге орай, 10 тамыз күні сағат 21:00-де Қазақконцерттің YouTube арнасында «Абай арманы» атты концерттің онлайн көрсетілімі өтеді. Онлайн концертте белгілі әншілер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Бибігүл Жанұзақ, Азамат Жылтыркөзов, Медет Шотабаев, Ерлан Рысқали, Ардақ Балажанова және халықаралық байқаулардың лауреаттары Асқар Мұқият, Аяулым Қамажан өнер көрсетеді. Баршаға қолжетімді онлайн форматта өтетін мерекелік концертте Абайдың әндері мен оның өлеңдеріне жазылған әндер орындалады.

«Ұлт руханиятының темірқазығына айналған Абайдың 175 жылдығы аясында «Абай күні» деген атаулы датаның белгіленуі – біз үшін қуанышты жаңалық болды. Ұлы Абайдың бай музыкалық мұрасында ұлттық өнеге мен мол тағылым жатыр. Сондай-ақ поэтикалық және композиторлық туындыларымен қазақ музыкасына жаңа леп әкелген Абайдың ән мұрасы ерекше сұлулығымен, көркемдік байлығымен, әуезділігімен құнды. Абайдың шығармашылығына ғана тән осы Қазақконцерт солистері ұсынатын жаңа концерттік бағдарлама көрініс табады», - деп бөлісті Қазақконцерт басшысы Жеңіс Сейдуллаұлы. 


Мерекенін құрметіне Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының ұжымы онлайн трансляциялардың бағдарламасын дайындады.

«АБАЙДАН СЫР ШЕРТЕДІ» марафоны 10 тамызда 00.00-де басталып, 11 тамыздың 00.00-ге дейін жалғасады. Марафонға концерттік бағдарламалар, «Абай» операсының трансляциясы, «Абай театрындағы тарих пен шежіре» фотокөрмесі, театр мұрағатынан алынған үзінділер кіреді. Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына арналған кәсіби емес орындаушылар арасында «АБАЙ ӨЛЕҢДЕРІ» онлайн-конкурсын өткізуді қолға алды және ақынның туған күніне орай жеңімпаздар марапатталады.

11.00-де «МЕН ЖАЗБАЙМЫН ӨЛЕДІ ЕРМЕК ҮШІН» онлайн-концертінің премьерасы.

15.00-де Мемлекеттік академиялық опера және балет театрының опера труппасы мен квартетінің жетекші солистерінің қатысуымен «АБАЙҒА ТАҒЗЫМ» концерті өтеді. (https://bit.ly/AbayTheatre)

17.00-де театрдың Youtube каналында марафон жалғасады. https://bit.ly/AbayTheatre Абай өлеңдерінен композитор Әліби Абдинуровтың «АБАЙ БІЛІМ АРНАСЫ - АҚЫЛ ОЙДЫҢ АЙНАСЫ» атты вокалды циклінің премьерасы өтеді.

19.00-де Байғали Досымжанов сахналайтын А. Жұбанов пен Л.Хамидидің «АБАЙ» операсының эфирі басталады. Операның Tengrinews VK ресми парақшасынан көре алады.


«Абай академиясы» сериясы бойынша жарық көрген 12 (он екі) кітаптың тұсаукесері

10 тамыз сағат 15.00-де Абай күніне орай Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Абай академиясы» сериясы бойынша жарық көрген 12 (он екі) кітаптың тұсаукесері өтеді.

Тұсаукесер барысында «Абайдың ғұмырнамасы» (Е. Сыдықов, 1,2-кітап), «Абай пәлсапасы» (Ғ.Есім), «Абайдың көркемдік және ғылыми дүниетанымы» (С.Негимов), «Соқтықпалы, соқпақсыз заманда өсті... (Т. Жұртбай),

«Абай және Алаш сабақтастығы: тарихи-философиялық, әдеби-лингвистикалық аспект», «Абай және қазақ социумы» (4 том), «Абайдың педагогикалық дүниетанымы» атты ұжымдық монографиялар мен «Бес асыл іс» балаларға арналған танымдық жинақ оқырман қауымға ұсынылады.

 

Түркістан облысында А.Құнанбаевтың 175 жылдығына арналған іс-шаралар 

Бүгін Түркістан облысында қазақтың көрнекті ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай "Жеңіс саябағында" «Адамзаттың Абайы» атты мерекелік жиын өтетін болады.

Бұдан бөлек, облыстық тарихи-мәдени этнографиялық орталығында «Ұлы даланың ұлы ақыны – Абай» атты онлайн – лекциясы мен «Абай дана , Абай дара» атты онлайн көрмесі ұйымдастырылмақ.

Сондай-ақ ақын, ағартушы Абайдың 16 қара сөзі, «Өлең сөздің патшасы» өлеңінің челленджі, ұлы ойшылға арналған бейнероликтің көрсетілімі өтпек.

Ал Түркістан облысы Ы. Алтынсарин атындағы балалар кітапханасы «Абай рухы қазақ даласында» бейне көрмесін ұйымдастырса, «Айттым сәлем, Қаламқас...» оқырмандардан сый шарасы және облыстық А.С. Пушкин атындағы әмбебап-ғылыми кітапханасында «Абайды оқы, орында», «Абайға тағзым» бейнабаяндары көрсетіліп, «Абай - ұлт биігі» көрмеге виртуалды шолу, «Абайды оқиық» библопост жобасы жүзеге асырылмақ.