• Басты
  • Абай күні: Абай саябағы мен Құнанбай музейі қашан пайдалануға беріледі/ Музейге қандай жәдігерлер қойылады
10 Тамыз, 2020 11:20

Абай күні: Абай саябағы мен Құнанбай музейі қашан пайдалануға беріледі/ Музейге қандай жәдігерлер қойылады

Биыл қазақтың бас ақыны, ұлы данышпан Абай Құнанбаевтың дүниеге келгеніне 175 жыл. Бұл тек өзі туған өңірде ғана емес, республикалық деңгейде аталып өтілуде. Сондай-ақ өткен аптада мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 10 тамыздың Абай күні болып жариялануы да ұлы ақынның мұрасын ұлықтап, жас ұрпаққа насихаттауда маңызы зор болмақ. Осы мерекеге орай ШҚО Абай ауданында ұлы ақынның 175 жылдығына байланысты қолға алынған бірқатар нысанға шолу жасауды жөн көрдік, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

Абай күні: Абай саябағы мен Құнанбай музейі қашан пайдалануға беріледі/ Музейге қандай жәдігерлер қойылады

Бүгінде Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовтың тікелей тапсырмасымен ұлы Абайдың 175 жылдығын мерекелеу үшін ауданда қызу жұмыстар жүргізіліп жатыр. Облыс әкімінің қолдауының арқасында Абай есімімен тығыз байланысты тарихи орындар қайта жаңғыртылып, жаңа заман талабына сай жөндеуден өткізілуде.

ШҚО Абай ауданы әкімшілігінің мәліметі бойынша, ақынның кіндік қаны тамған «Сырт Қасқабұлақ» мекені және Ақшоқыдағы Құнанбай Өскенбайұлының әулеті жерленген қорым толықтай абаттандырылған. Сонымен қатар Қорым жанынан дала данышпаны Құнанбай Өскенбайұлының музейі салынып жатыр. Бұдан бөлек ғұлама Мұхтар Әуезовтің кіндік қаны тамған Бөрілі мекені де абаттандырылған. Сонымен қоса Жидебайдағы «Абай-Шәкәрім» мемориалдық кешені, ақынның мұражай-үйі қайта жаңғыртылуда.

Абай ауданы әкімінің орынбасары Мейіржан Смағұловтың сөзінше, Қарауыл ауылындағы 300 орындық жаңа мектептің, бұрын соңды бұл өңірде болмаған «Абай саябағының» құрылысы аяқталуға жақын.

«Осындай баба мерейтойының қарсаңында халыққа қызмет ету, іргелі жұмыстарды қолға алу - абыройлы міндет, үлкен мәртебе. Бұл атқарылған жұмыстардың барлығы той тойлау емес, ой ойлау, ұрпаққа ұлағат қалдыру, ұлы ақынның шығармаларын насихаттау, ой алыбының ойлы дүниелерін оқуға үндеу мақсатында жасалуда», - деді аудан әкімінің орынбасары.

Домбыра түріндегі Абайға арналған саябақ

Аудан әкімшілігің дерегінше, Абай Құнанбаевтың 175 жылдығын мерекелеуге дайындық жұмыстарын жүргізу мақсатында Абай ауданы бойынша 19 жоба іске асып жатыр. Соның ішіндегі ірі жобалардың бірі - «Аудан орталығы Қарауыл ауылында Абай Құнанбаевтың саябағын салу» жобасы. Ұлы Абайдың 175 жылдығын атап өтудің негізгі орны - Қарауыл ауылындағы жаңадан салынған «Абай саябағы» болмақ. Бүгінде құрылыстың басым бөлігі аяқталған. Мейіржан Смағұловтың сөзіне сенсек, қыркүйек айында толық аяқталады деп жоспарланып отыр.

«Бұрын соңды бұл өңірде болмаған алып жаңа саябақтың ұзындығы - 600 метр, ені - 250 метр, жалпы аумағы 15 га-ны құрайды. Бүгінде шырша түптері отырғызылды. Оның ішінде мәдени-рухани шаралар өткізетін орын, балардың ойын алаңы, тұрғындар үшін серуен құратын жолдар, велосипед жолдары нысандар қамтылды», - деді Абай ауданы әкімінің орынбасары.

IMG-20200512-WA0026-1-1000x_.jpg


Сонымен қатар ол бүгінгі мерекеге орай пікір білдірді. Оның сөзінше, мемлекет басшысының бастамасымен 10 тамыздың Абай күні етіп жариялануы – тарихи оқиға.

«Жақында халқымыз үшін тағы бір қуанышты, тарихи оқиға орын алды. ҚР үкіметінің қауылысымен 10 тамыз - Абай күні деп белгіленіп, мерекелік күндердің тізбесіне енгізілді. Бұл - үлкен қуаныш. Бұл - қазақ халқы үшін, оның ішінде ұлы ақын есімімен аталатын Абай ауданы үшін үлкен құрмет, ерекше мәртебе. «Абай саябағы» құрылысының аяқталуын жергілікті тұрғындар асыға күтуде. Ақын есімін еншілеген аудан үшін Абай саябағының бой көтеруі - үлкен мақтаныш. Абай есімімен қалай мақтансақ та жарасады», - деп толықтырды Мейіржан Смағұлов.

Құнанбай музейінің құрылысы қашан аяқталады

Абай ауданы әкімшілігінің мәліметінше, қазақтың бас ақыны Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай ауданда қолға алынған 19 жобаның ішіндегі маңызды жобаның бірі - Ақшоқыдағы «Құнанбай Өскенбайұлы музейінің құрылысы, және қорымды абаттандыру және қайта жаңарту» жобасы.

«Ақшоқы - Қазақстанның тарихи-мәдени, әлеуметтік-саяси өміріндегі маңызды орын саналады. Ел Президенті Қ.К.Тоқаев: «Ұлы Абайды ұлықтағанда, оның әкесі Құнанбайдың ел алдындағы еңбегін ұмытпауымыз керек» деген болатын. Облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, қорым аумағы кеңейтіліп, заманға зай өзгерістер жасалды, қорым толығымен абаттандырылды. Зират ішіндегі тозығы жеткен белгі тастар жаңартылды. Алаңға бручаткалар жайылып, келушілерге қолайлы жағдай тудыру мақсатында панажайлар қойылды. Қоршау ішіне Ұлы Абайдың әкесіне арнаған сөздері жазылып, әсемдік сыйлау мақсатында гүлдер отырғызылды», - деп атап өтті Мейіржан Смағұлов.

 photo5298626970856304361.jpg

Оның сөзінше, Құнанбай музейін салудағы басты мақсат - хакімнің ата-анасына құрмет көрсету. Абай ауданына келген сапарында облыс басшысы Даниал Кенжетайұлы Ахметов музейдің қазақ халқының құндылықтары мен ұрпақтар сабақтастығын сақтау тұрғысынан өте маңызды нысан екенін ерекше атап өткен еді.

«Музей арқылы қазақ халқының сол дәуірдегі құндылықтары мен ұрпақтар сабақтастығы жаңғыртылып, дала данышпаны Құнанбайдың ел тарихындағы сіңірген еңбегі дәріптелмек. Музейге келушілер ұлылар мекенінің тарихынан, өнер мәдениетінен, тұрмыс-салтынан ақпар алып, рухани азық алып қайтатын болады. Бұл аудан туризмінің дамытуға жол ашпақ. Музей құрылысы тамыз айында аяқталады деп жоспарлануда», - деді аудан әкімінің орынбасары.

Музейді жасақтау үшін қанша қаражат бөлінді

«Музейдің ішкі экспозициялық залын жабдықтау бойынша жұмыстар қолға алынған. Осы орайда жергілікті бюджеттен 4,7 млн теңге қаржы бөлініп, Құнанбай заманынан көрініс беретін тарихи жәдігерлер мен құжаттар, құнды бұйымдар, тұрмыстық заттар алынды. Сонымен қатар құнды әрі бағалы бұйымдармен толықтыру үшін қосымша облыстық бюджеттен 18,034 млн теңге қаржы бөлінді. Оның ішінде заманауи технологиялар, тұрмыстық заттар, бағалы зергерлік бұйымдар қамтылды», - деді Мейіржан Смағұлов.

Музейге қандай жәдіргерлер қойылады

Аудан әкімдігінің дерегінше, музейдегі экспозициялық залға Құнанбай Өскенбайұлының тұтынған заттары, қолданған бұйымдары, құнды құжаттар қойылмақ. Сондай-ақ сол дәуірден көрініс беретін тұрмыстық заттар, зергерлік бұйымдар да қойылатын болады:

- Құнанбай Өскенбайұлының тақиясы, шапаны, аяқ киімі, кісе белбеуі, найзасы, қамшысы, мөрі, таспиығы, медальоны

- Құнанбайға қатысты фотосуреттер, көшірмелер

- Семейдегі Ахмет Риза медресесінің (ХХІғ.) макеті

- Қарқаралыдағы «Аға сұлтан» Құнанбай Өскенбайұлы (1851 жыл) салдырған мешітінің макеті

- Бөрілідегі Әуез қыстауының (ІХХ-ХХғ.ғ.) макеті

- Құнанбай Қарқаралыда аға сұлтан болып тұрғанда әкесімен бірге еріп барған Абай түскен үйдің макеті

- Қарқаралы уезі мен Абай ауданының картасы

- Құнанбай Өскенбайұлының шежіресі;

- Портреттер, ескерткіш макеттері т.б. жәдігерлер қойылмақ.

Барлық жаңалықтар