• Басты
  • Абай арманы – халық арманы – Қ.Тоқаев
9 Қаңтар, 2020 11:25

Абай арманы – халық арманы – Қ.Тоқаев

Біз Абайдың 175 жылдық мерейтойына қоғамдық сананы жаңғыртатын, бір ел, тұтас ұлт болып дамуымызға серпін беретін іс-шара ретінде зор мән беріп отырмыз, деді Президент Қ.Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында.
Абай арманы – халық арманы – Қ.Тоқаев

«Бұл тойдың тұсындағы басты мақсатымыз – бүкіл халықтың ұлт ұстазы алдындағы өзіндік бір есеп беруі іспеттес болуға тиіс деп білемін. Абай сыны – ауыр сын, сындарлы сын.Елбасы бастап, ел қостап, биік белестерді бағындырдық. Озық елулікке кіреміз деп мақсат қойдық, ол мақсатқа мерзімінен бұрын жеттік.Озық отыздыққа қосылуды межеледік. Ол межеге де жетеміз. Сол межеге жетуге де бізге Абай мұрасы көмек бере алады. Ендігі мәселе – біз сол Абайдың көмегін түсіне алдық па, зерделей аламыз ба?», - дейді Президент.

Сондай-ақ, Президент Ұлылықтың тойы ұлт алдындағы ұлы міндеттің үдесінен шығудың жолын іздеуге ұмтылдыруға тиіс екенін айтты.

«Әр азамат осы тойдың алдында еліміз, елдігіміз жөнінде терең ойланса дейміз. Абай бізге нені аманаттады? Абай бізден нені талап етті? Абай бізден нені күтіп еді? Абай елдің қай ісіне сүйініп еді? Сол сүйінген ісінен үйрене алдық па? Абай қазақтың қай ісіне күйініп еді? Сол күйінген ісінен жирене алдық па? Басқасын былай қойғанда, ақын айтқан бес асыл істі жүзеге асырып, бес дұшпанды бойдан қашырып жатырмыз ба деген ойдың төңірегінде толғансақ та талай жайға қаныға аламыз.Абай мұрасы – біздің ұлт болып бірлесуімізге, ел болып дамуымызға жол ашатын қастерлі құндылық.Жалпы, өмірдің қай саласында да Абайдың ақылын алсақ, айтқанын істесек, ел ретінде еңселенеміз, мемлекет ретінде мұратқа жетеміз», - деді ол.

Қ.Тоқаев Абай арманы – халық арманы. Халық арманы мен аманатын орындау жолында аянбағанымыз абзал дейді.

« Абайдың өсиет-өнегесі ХХІ ғасырдағы жаңа Қазақстанды осындай биіктерге жетелейді», - деді ол.

Барлық жаңалықтар
85.117.105.146, 192.168.88.100