• Басты
  • Пара алуға бейім министрліктердің аты аталды
13 Ақпан, 2020 13:38

Пара алуға бейім министрліктердің аты аталды

Қазақстанда бес министрлік пара алуға бейім министрліктердің қатарында. Бұл туралы  ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Превенция департаментінің басшысы Анар Жарова сыбайлас жемқорлыққа бейім салаларды анықтау бойынша 2019 жылғы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг қорытындылары жөнінде баяндаған баспасөз мәжілісінде айтты, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

Пара алуға бейім министрліктердің аты аталды
"Өткен жылдың қорытындысы бойынша, бес министрлік жемқорлыққа бейім екендігі анықталды. Атап айтсам, бестікке - орталық мемлекеттік органдардың ішінде топ бестікке ІІМ (297), қаржы (49), қорғаныс (29), индустрия және инфрақұрылымдық даму (20), ауыл шаруашылығы (19) министрліктері кіреді", - деді Анар Жарова.

Оның сөзіне сүйенсек, құқықтық статистика органдарының мәліметтері бойынша, өткен жылы сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін сотталғандар саны 1002 адамды құрады, бұл 2018 жылғы көрсеткіштен 7%-ға аз.



"Сотталғандар бөлігінде: 515 – орталық мемлекеттік органдардың қызметшілері, 261 – жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері, 37 – квазимемлекеттік секторда жұмыс істеді, 189 – өзге тұлғалар. Негізінен қылмыстар аталған министрліктердің аумақтық бөлімшелерінде немесе ведомстволық бағынысты ұйымдарында жасалған. Өткізілген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторингтің қорытындысы Антикор қызметінің ресми сайтында жарияланып, кез келген азаматқа танысуға мүмкіндік туады", - деді Превенция департаментінің басшысы.

Сонымен қатар Анар Жарова өз сөзінде сыбайлас жемқорлыққа бейім мемлекеттік органдарда кімдердің жиі және не үшін пара алатындарын айтыып берді.

"Мысалы, ішкі істер органдары жүйесінде тергеушілер қылмыстық жауапкершілікке тартылмағаны үшін; учаскелік инспекторлар – бұрын сотталған адамдарды әкімшілік жауапкершілікке тартпағаны және пробациялық бақылауды жеңілдеткені үшін; жол-патрульдік қызметінің инспекторлары – ЖҚЕ бұзған жағдайда әкімшілік жауапкершіліктен жалтарғаны үшін; түзеу жүйесінің қызметкерлері – сотталғандарды ұстаудың «жеңілдетілген» жағдайларын қамтамасыз еткені үшін (телефонға қол жеткізу, жұмысқа орналастыру, тыйым салынған заттарды алып өту), облыс аумағынан тыс жерлерге шығу үшін пробациялық бақылауда тұрған адамдарға құжаттарды жедел ресімдегені үшін пара алған", - деп атап өтті ол.

Оның айтынша, ТЖ бөлімшелерінің қызметкерлері де шет қалмаған. Оның сөзіне сүйенсек, олар өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау бойынша шараларды қолданбағаны үшін, сондай-ақ жұмысқа орналасу кезінде жалпы қамқорлығы үшін заңсыз сыйақы алған.

"Полициядағы сыбайлас жемқорлық қылмыстары республиканың барлық өңірлеріне тән, алайда өткен жылы ең көп сотталғандар Нұр-Сұлтан (42 қызметкер), Алматы (26) және Шымкент қалалары (23), Жамбыл облысы (19) бойынша полиция департаменттеріне тиеселі", - деді Анар Жарова.

Сонымен қатар оның сөзінше Қаржы министрлігі сыбайлас жемқорлық үшін сотталған адамдардың саны бойынша екінші орында (49). Қорғаныс министрлігі сыбайлас жемқорлық үшін сотталғандар саны бойынша орталық мемлекеттік органдар арасында үшінші орында. 

"Мұнда мемлекеттік кіріс органдары барынша теріс статистиканы құрады. Аймақтық ауқымда ең нашар жағдай Алматы қаласында, онда мемлекеттік кіріс органдарының 10 қызметкеріне қатысты айыптау үкімдері шыққан, Алматы облысында – 9, Ақтөбе және Маңғыстау облыстарында – 5-тен. Қылмыс түрлері бөлінісінде пара алу басым болады – 29. 2019 жылы бұл жерде 28 лауазымды тұлға мен әскери құрамалардың әскери қызметшілеріне қатысты үкім шыққан", - деді Анар Жарова.

Ал оның айтуынша, әскери бөлімдердің әскери қызметшілері көбінесе жалған іссапарларды ресімдеу және жеке құрамға сыйақы беру, әскери киім-кешекті, жанармай мен өзге де мүлікті есептен шығарудың жалған актілерін жасау жолымен ұрлық жасайды екен.

"Қалалық және аудандық қорғаныс істері жөніндегі басқармаларда негізінен мерзімді әскери қызметке шақыруды кейінге қалдырғаны үшін әскерге шақырылғандардан пара бопсалап алған», – деді Анар Жарова.

Бұдан басқа орталық мемлекеттік органдар арасында төртінші орынды Инвестициялар және даму министрлігі иеленеді, онда 20 адам сотталған.

"Мұнда тартылғандардың ішінде басшылық буын тұлғалары жиі кездеседі – 11 адам (55%). Ең көп сыбайлас жемқорлық қылмыстар Көліктік бақылау инспекциясында және Министрліктің ведомстволық бағынысты ұйымдарында жасалған. Көп жағдайда ведомствоға қарасты ұйымдардың басшылары автокөлік жолдарын жөндеу, қайта жаңарту бойынша орындалған жұмыстар актілеріне кедергісіз қол қойғаны үшін пара алған. Көліктік бақылау аумақтық инспекцияларының басшылары жүк тасымалымен айналысатын заңды тұлғалардың қызметіне жалпы қамқорлығы үшін бизнес субъектілерінен пара алған», – деп мәлімдеді Анар Жарова.

Сонымен бірге оның айтуы бойынша, топ "бестіктің" соңғы жолында өткен жылы 19 адам сотталған Ауыл шаруашылығы министрлігі тұр.

"Сыбайлас жемқорлық қылмыстарының едәуір бөлігін АШМ ведомстволық бағынысты ұйымдарының қызметшілері жасаған. Көп жағдайда бұл бағыныштылардан әртүрлі сапарларға іссапарға жіберу үшін, сондай-ақ жалған жұмысқа орналасу үшін пара алу. Бюджет қаражатын ұрлау жалған іссапарларды ресімдеу жолымен жүзеге асырылды", - деді ол.

Сондай-ақ агенттік жүргізген мониторинг нәтижелері бойынша, жоғарыда аталған 5 мемлекеттік органға олардың қызметінің жекелеген бағыттары бойынша сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізуді ұсынылғанын атап өтті ол.

"Ішкі істер министрлігіне – әкімшілік полиция және жергілікті полиция қызметінің қызметі бойынша, Қорғаныс министрлігіне – әскери құралымдардың ұйымдастыру-басқару қызметінде, сондай-ақ қорғаныс істері жөніндегі аумақтық бөлімшелердің қызметі бойынша, Қаржы министрлігіне – салықтық және кедендік әкімшілендіру салаларында, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне – көліктік бақылау комитетінің, оның аумақтық бөлімшелерінің қызметінде, Ауыл шаруашылығы министрлігіне – ветеринария және агроөнеркәсіптік кешен салаларында", - деді Превенция департаментінің басшысы.

Сонымен бірге Анар Жарова мониторингтің қортындысы бойынша, өткен жылы сыбайлас жемқорлықпен ұсталып, сотталған шенеуніңтері көп өңірлерді атап өтті.

"2019 жылы әкімдіктер мен олардың құрылымдық бөлімшелері қызметкерлерінің арасында сыбайлас жемқорлық үшін сотталғандардың ең көп саны Түркістан, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Ақмола, Алматы, Қостанай, Атырау, Маңғыстау және Қызылорда облыстарында тіркелген. Жергілікті атқарушы органдарда көбінесе сыбайлас жемқорлық қылмыстар білім беру, жер қатынастары, ауыл шаруашылығы, сәулет және құрылыс, ТҮКШ салаларында жасалған", – деді Агенттіктің Превенция департаментінің басшысы.

Сондай-ақ ол Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі облыстардың және Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының әкімдіктері сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторингтің нәтижелерін ескере отырып, сыбайлас жемқорлыққа барынша бейім жергілікті атқарушы органдардың қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізу ұсынылғанын атап өтті.

Назерке Сүйіндік

ҰСЫНЫЛАДЫ
Барлық жаңалықтар
дерекнама 2050

ШОБ ЖІӨ көлемінің 50 пайызынан артығын өндіреді

Еңбек өнімділігі 126 мың долларға дейін көтеріледі 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамту

Қазақстан өз нарығын жаңа экологиялық стандарттарға сай келетін жанар-жағармаймен толықтай қамтамасыз етеді

Жалпы экспорт ішінде шикізат емес экспорттың көлемі екі есеге, 2040 жылы үш есеге артады

Әліпбиімізді латын қарпіне көшіру ісі басталады

Қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін меңгеруі тиіс

15 пайыз егістік алқаптарына суды үнемдеу технологиялары енгізіледі

Халықты ағын сумен қамту мәселесі шешіледі

Адам басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 60 мың долларға көтеріледі

ҚР тұрғындарының үлесі халықтың 70 пайызын құрайды