• Басты
  • «Ақжол» партиясының басшылығы Президент Жолдауында көрсетілген шаралар туралы айтты
22 Қыркүйек, 2020 17:47

«Ақжол» партиясының басшылығы Президент Жолдауында көрсетілген шаралар туралы айтты

Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте «Ақ жол» партиясының Төрағасы, парламенттік фракция жетекшісі Азат Перуашев пен оның орынбасары Берік Дүйсембинов ауыл әкімдерін тұрғындардың сайлауы, білім министріне «ақжолдықтардың» шабуылы, эконмикалық бастамалар мен кредиттік каникул енгізу туралы журналистердің сұрақтарына жауап берді, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.


«Ақжол» партиясының басшылығы Президент Жолдауында көрсетілген шаралар туралы айтты

Азат Перуашевтің айтуынша, Прездент нақты тапсырмаларды береді де жауапты құрылымдарға орындауды бұйырады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында әлеуметтік салада нақты шешімдер айтты. 2021 жылдан бастап баспана алу мен емделу ге жұмсай алатын бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшылары көбейеді. Сонымен қатар, педагогтар мен медицина қызметкерлерінің жалақысы өседі,- деді ол.

Президенттің кәсіпкерлер үшін қолайлы жағдай туғызатын экономикалық бастамалары туралы да спикерлер атып өтті. Олар бәсекелестікті дамыту мен қорғау агенттігін құру туралы Президенттің шешімі жаңа реформа екенін атап өтті. Өткен жылы «Ақ жол» партиясы адал бәсекелестікті қамтамасыз ету туралы фракциялық сұрауларды Үкіметке жіберген екен.

Шағын және орта бизнесті несиелеуді қолдау бойынша Президент жасалуы тиіс шараларды нақтылады.

Мәселен, субсидиялау арқылы қолданыстағы несиелік желілерді қайта қаржыландыру бойынша 6% - ға дейін. Біз карантин кезеңінде қабылданған қолдау шаралары тиісті нәтиже бермеді деген өтінішімізді жолдадық. Кредиттік демалыстарды енгізу және төмендетілген мөлшерлемелер бойынша қайта қаржыландыру қажеттілігі туралы мәселені қойдық. Бұл мәселе шешілді, бірақ қазір ол қалай жүзеге асырылады?, - деді А.Перуашев.

Біз қазіргі жүйені мемлекеттік-монополистік деп атағымыз келеді. Үкіметтен бәсекелестік принциптерді қорғауды сұрадық. Үкімет әдеттегідей «назарда, бақылауда, қаралымда» деп жауап берді.

Дегенмен, Президент депутаттарға жақын болды. Үкіметтен тәуелсіз агенттікті құру нарықты қайтару жолындағы қадам, - деді Перуашев.

Осы жылдың 13 тамызында «Ақ жол» партиясы Үкіметке кредиттік каникул енгізу мен бұрынғы несиелерді қайта қаржыландыру туралы ұсыныс тастаған.

Осы орайда Президенттің пандемия кезінде табысынан айырылған бизнес өкілдеріне пайыздық мөлшерлемелерді жылдық 6% - ға дейін мемлекеттік субсидиялауды қамтамасыз ету туралы шешімін бизнес ортаға жасалған үлкен көмек деп білеміз, - деді депутат.

Кәсіпкерліктен кейін мемлекет басшысының жемқорлықпен күрес пен қос азаматтығы бар мемлекеттік қызметкерлерге назар аударғаны белгілі. Бұл шешім билікке сенімді қалыптастыратынын, сонымен қатар елдің миллиардтаған қаржысы көкке ұшпауға септігін тигізетінін де ақжолдықтар атап өтті.

2021 жылдан бастап ауыл әкімдерін тікелей сайлауды енгізу – маңызды -қолдауға лайықты бастама. Мұндай идеяның айтылып жүргеніне 7-8 жыл болған шығар. Қазір ауыл әкімдерін мәслихат депутаттары сайлайды. Әкімдердің тұрғындардың өздері сайлауының жалғасы облыс пен қала әкімдерін де тікелей сайлау болуы тиіс, - деп толықтырды Азат Перуашев.

Перуашевтің бұл ойын оның орынбасары былай деп толықтырды:

Мысалы қазір ауылдың әкімі болып кім сайланып жатыр? Мәслихаттың ұсынғаны, аудан әкімінің айдауына жүретін, зейнетақыға шығып қалған немесе өмірлік тәжірибесі аз азаматтар бүгін де ауылдарды басқарып отыр. Ал енді болашақта Президенттің беріп отырған тапсырмасы қандай? Ол сол ауылда тұратын, өз ауылын көркейтуге мүдделі, жаны ашитын азаматтар ауылдарға сайлануы керек, - деді.

Депутат Дүйсембиновтың ойынша, коронавирустық індет кезінде ауылға кімнің жанашыр екенін көрсетіп берген.

Ауылдағы ағайынға дәрі-дәрмек пен тамақ тасып, қаншама жанның өмірін сақтап қалған– сол ауылдың азаматтары. Бірақ олардың көпшілігі әкімдікке сайлау кезінде өтпей қалғандар. Өйткені ресми түрде біраз шектеу бар. Себебі сол ауылға жаны ашитын, өресі кең азаматтар белгісіз себептермен өтпей қалады. Сол үшін халық ауыл әкімдеріне сенімсіздікпен қарайды. Сондықтан нағыз елдің азаматын сайлау үшін әділ сайлау болуы керек, - деді ол.

Салық салу эволюциясы-әлеуметтік маңызы бар тауарлар үшін қосымша құн салығының мөлшерлемесін саралау туралы шешім. «Ақ жол» фракциясы Экономикалық ынтымақтастық даму ұйымына мүше елдердің тәжірибесін енгізуді 2012 жылы айтқан екен:

Бұл елдерде салық салу деңгейі жағдайға, нақты саланың жағдайына және мемлекет үшін басымдылыққа тікелей байланысты. Бір елде 5 түрлі ставкалар болуы мүмкін. Мысалы, азық-түлік, ауыл шаруашылығы, балалар тауарлары, инновациялық сала үшін әртүрлі төмендетілген мөлшерлемелер болуы мүмкін. Өкінішке орай, бүгін де Мәжілістегі бюджет комитетінің отырысы барысында бұл түзету қайтадан қабылданбады. Өйткені Үкіметтің теріс қорытындысы алынды. Бірақ біз бұл жұмысты жалғастырамыз. Оның үстіне, қазір біздің ұстанымымыз Президенттің тапсырмасымен нығайтылды, - деді «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары, Мәжіліс депутаты Берік Дүйсембинов.

 Қоғамда «Ақжол» партиясының мүшесі Дания Еспаеваның білім беру саласын сынаған депутаттық сауалы пікір-талас тудырды. Мұны сұрақ етіп журналистер «Ақжол» партиясының басшылығына жолдады. Нақтырақ, «Дания Еспаеваның бұл сауалы Білім министрі Асхат Аймағамбетовке жасалған шабыл емес пе?» деген сұрақ қойылды. Партия төрағасының орынбасары Берік Дүйсембинов бұған: «сұрақ Асхат Аймағамбетовке жеке азамат ретінде емес, министр ретінде қойылды» - деп жауап берді.

Асхат Аймағамбетовті қазіргі кезде қазақтілді ұлтжанды азаматтардың бірі деп аса құрметпен қараймыз. Ол азамат министрдің орынбасары болған кезде талай сұрақтарымызға тікелей жауап берген. Қарым-қатынасымыз өте жақсы. Сондықтан әлеуметтік желіге тарап кеткен «шабуыл» деген әңгіме мүлде теріс екенін айтқым келеді. Тіпті «Ақ жол» партиясы Білім және ғылым министрлігінің даулап отырған қаражатын жоқ қылғанда Аймағамбетов министр емес еді, - деді Дүйсембинов.

Барлық жаңалықтар