• Басты
  • "Ақ жол" газетінің 25 томдығы оқырманға жол тартты
11 Маусым, 2020 16:48

"Ақ жол" газетінің 25 томдығы оқырманға жол тартты

Бүгін елордада "Ақ жол" газетінің 25 томдығының тұсаукесері өтті. Жинақ қоғам қайраткері, ақын, "Ақ жол" партиясының мүшесі Ханбибі Есенқарағызының жеке бастамасымен құрастырылған, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

"Ақ жол" газетінің 25 томдығы оқырманға жол тартты

Ханбибі Есенқарақызының сөзінше, ол "Ақ жол" басылымын санын Ташкент, Шымкент, Алматы, Мәскеу кітапханалары мен архивтерінен іздеуге 12 жылын арнаған. 

"Ақ жол" газетінің санын, басылымдағы материалдарды жинауға 12 жылдай уақыт кетті. 6 жылда 613 саны шыққан екен. Оның барлығын табу оңайға соққан жоқ. Мен Ташкенттегі өзбек ақын-жазушылармен, мәдениет қызметкерлерімен жақсы араласамын. Солар арқылы Өзбекстанның мемлекеттік архивіне және Әлішер Науаи атындағы ұлттық кітапханасына кіруге рұқсат алдым. Сол жерден "Шолпан" журналының 8 санын таптым. Соны тауып алып, Қазақстанға алып келдім. Тұрсынбек Кәкішевке көрсетіп, қалай кітап етіп бастырып шығаруға болатынын ойластырдым. Оның бәрі араб әліпбиімен жазылған. Аудармашы тауып, өзінің дизайнын, форматын сақтай отырып шығардық "Шолпан" журналының жинағын", - деді ол.

120DD864-CD19-49B0-84FA-BF66494A4A66.JPEG

Кейін өзінің айтуынша, "Шолпан" журналының санын жинақтай жүріп, "Ақ жол" газетіндегі материалдарды да жинақтап шығару туралы ой келеді. Осылайша, ол Мәдениет министрлігінің, "Алаш" партиясы, "Алаш" тарихи-зерттеу орталығның қолдауымен жинақ жарық көріп отыр.

"Ақ жол" газетінің барлық санын табу үшін қазіргі Қызылорда, Орынбор секілді қалаларға сұрау салдым. Мәскеу мен Алматының кітапханасы мен музейінің бәрін сүзіп шықтым. 100 жыл өтті, әріптері өшіп кеткен, микрокоппен қарай аласың тек. Әліпби түсінетін адамды алып барып, осылай жинадық. "Ақ жолдың" 60 пайызын Мәскеуден алдырттық. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні қарсаңында жарық көруінің өзі көп нәрсені білдіреді. Сонымен қатар биыл осы басылымның шыққанына 100 жыл толады. Бұл кітаптың жарық көруіне үлес қосқандардың барлығына алғыс айтамын", - деді Ханбибі Есенқарақызы.

15D4F633-D7AD-420B-89E8-A4F3174F0438.JPEG

771B2CDA-04E5-4728-BA8F-0DA09EF509B3.JPEG

Сонымен бірге жиынға қатысқан ҚР мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов жинақтың өзектілігіне тоқталып, Ақтоты Райымқұлованың құттықтау хатын оқып берді. 

627EF9B0-CB31-4681-B52F-83DCCDD30EA1.JPEG

Хатта: "Тәуелсіздік жолында күресіп өткен ұлы бабаларымыз ержүрек, данышпан халық. Елбір ел өткен тарихы пен бүгінгі күннен сабақ алмай, келешігін жасай алмайды. Егемендіктің жаңа лебімен ұлт интеллигенциясының да есімі жаңғырды. кешегі кеңестік саясат халқымыздың басынан өткен тарихы мен сол тарихты жасаған қайраткерлерімізді танытуға мүмкіндік бермеді. Дегенмен, бізді бұл жолдан құтқарған тәуелсіздік пен қазақ баспасөзі. Ұлттық баспасөз ұлттық тарихты танытуға, елдіктің іргесін нығайтуға көп еңбек атқарды. Өткен ғасырдың басында жарық көрген "Ақ жол" газетінің мақалаларынан құралған көп томдықтың тарихи-танымдық тұрғысынан алғанда саналы оқырманға қауымға берері мол. Газеттегі алаш зиялыларының өткір ойлары күні бүгінге дейін өзекті екенін ешкім жоққа шығара алмайды", - деп жазылған. 

FE83DED7-D956-4671-ABFA-FAF5ADFFD0C6.JPEG

A1678592-C3A5-4F38-8AC2-3E146BF0035D.JPEG

Бұдан бөлек "Ақ жол" жинағының редакциял алқасының төрағасы, сенат депутаты Азат Перуашев сөз алып, мұндай материалдарды басып шығару ұлттық тарихты түсіну үшін, оның ішінде оның бұрмалануына қарсы тұру үшін өте маңызды екенін тілге тиек етті.

C1A9ED9D-0DD2-4467-96CF-4C849DFE5285.JPEG

"Ұрпақтардың рухани және мәдени тәжірибесінің сабақтастығы - Тәуелсіздікті нығайтудың басты негіздерінің бірі. Мұндай материалдарды басып шығару ұлттық тарихты түсіну үшін, оның ішінде оның бұрмалануына қарсы тұру үшін өте маңызды. 100 жыл бұрын халқымыз кеңес империясының құрамында болса да, ұлт үшін өзекті мәселелерді көтеріп отырды. Азаттықты, ұлттық мүддені, ұлттық құндылықтарды басты орынға қойды. Міне, осының бәрі газет бетінде жарық көрді. Осы газетті жинақтауды қоғам қайраткері Ханбибі Есенқарағызы осыдан 12 жыл бұрын қолға алды. "Алаш" институты да үлес қосты, оладың да еңбегі зая кеткен жоқ. Алаш зерттеушілерінің еңбегі өз жемісін беріп жатыр. Біз де өзімізді алаш идеясының, алаш ұстанымының ізбасарымыз, жалғастырушысымыз деп санаймыз", - деді Азат Перуашев.

B44DC2F6-E5CF-498F-9DE8-2826885ADEE5.JPEG

Сонымен қатар іс-шарада Нәзір Төреқұлұлының таңдалған мақалалары мен мұрағаттық материалдар топтамасы; британдық инженер Джон Уилфорд Уарделлдің "Қазақ даласында" естеліктері (қазақ, ағылшын және орыс тілдерінде), жас ғалым-тарихшы Арман Ахметовтың "Әбілмәбет хан әулеті" монографиясы ұсынылды.

Еске салайық, 25 томдық "Ақ жол" жинағы "Әлеуметтік маңызды әдебиет" республикалық бюджеттік бағдарламасы аясында «Ақ жол» парламенттік фракциясы депутаттарының күш-жігері мен Мәдениет және спорт министрі Актоты Райымқұлованың қолдауымен жарық көрді.

25775653-6CEC-4340-9A55-2E34000655C8 (1).JPEG

Сонымен бірге айта кету керек, "Ақ жол" - 1920–26 жылдары басылып шыққан және Алаш белсенділері құрған қоғамдық-саяси газет. Оның бірінші редакторы - Сұлтанбек Қожанов. Газетте Н.Төреқұлов, М.Дулатов, X. Досмұхамедов, И. Жансүгіров, А. Байтұрсынов және басқа да көптеген қазақ зиялыларының Түркістан, Қазақ АССР өмірі мен оқиғалары туралы материалдары жарияланған еді. 

5FEAB32D-CFF4-4D39-9A66-3DC567743621.JPEG

Іс-шараға ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Н.Дауешов, «Ақ жол» партиясының төрағасы А.Перуашев, «Ақ жол» парламенттік фракциясының депутаттары, Гумилев атындағы ЕҰУ-нің басшылары мен қызметкерлері, «Алаш» ғылыми-зерттеу институты, «Алашорда» қоғамдық қорының өкілдері, жинақ авторлары, құрастырушылар, аудармашылар және редакторлар қатысты.

Сурет: Бауыржан Жуасбаев

Барлық жаңалықтар
66.249.66.87, 192.168.88.100