• Басты
  • А.Жақыпова: "Ел өнімі" жобасы көпбалалы аналар үшін өте тиімді жоба
6 Наурыз, 2020 12:07

А.Жақыпова: "Ел өнімі" жобасы көпбалалы аналар үшін өте тиімді жоба

Қазақстанда aуыл тұрғындарын қолдап, әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсарту мақсатында бірқатар әлеуметтік жоба іске қосылмақ. Сондай жобаның бірі - "Ел өнімі" әлеуметтік жобасы. Аталмыш жобаның негізгі мақсаты - ауыл тұрғындарын  ауыл шаруашылығы өнімдерін егуге ынталандырып, экологиялық таза тағам өнімдерін пайдалануға, сондай-ақ шағын кәсіпкерлікті дамытып, өнімдерді отбасылық кәсіпті табыс көзіне айналдыру. Осыған орай елімізде жобаның қай аймақта, қалай жүзеге асырылатыны жөнінде Түркістан облысы бойынша  "Ел өнімі" - республикалық әлеуметтік жобасының жетекшісі, Қазақстанның ауыл әйелдерінің жүз жаңа есімінің бірі, Мақтаарал аудандық Іскер Әйелдер Кеңесінің төрайымы Ақбаян Жақыповамен сұхбаттасқан едік. Оның айтуынша, бұл "Ел өнімі" жобасы ауыл тұрғындары үшін өте тиімді жоба болмақ.

А.Жақыпова: "Ел өнімі" жобасы көпбалалы аналар үшін өте тиімді жоба

Жоба жетекшісінің сөзінше, бұл жоба тек Түркістан облысында ғана емес, еліміздің басқа да аймақтарында жүзеге асырылады. Сондай-ақ ол жобаны тұрғындарға түсіндіру жұмыстары 2019 жылдың соңында басталғанын атап өтті.

"Қазіргі таңда жоба Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қолдауымен еліміздің сегіз облысында іске асырылып отыр, атап айтсам, Түркістан, Қарағанды, Ақмола, Алматы, Ақтөбе, Қызылорда, Қостанай, Батыс Қазақстан облыстарында. "Ел өнімі" жобасының басты мақсаты - бір ауылдың тұрғындарын есік алдындағы жеке  шаруашылығында бір немесе бірнеше ауыл шаруашылық өнімін егіп, экологиялық таза өнімді өздері де пайдаланып қана қоймай, кіші кәсіпкерлікті дамытып, отбасылық кәсіпті табыс көзіне айналдыру. Бұл жобаға біз 2019 жылдың қазанынан бастап ауыл тұрғындарының арасынан белсенді топ құрып, көпбалалы әйелдермен кездесіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізуді бастадық", - деді Ақбаян Жақыпова. 

Сонымен қатар ол бұл жобаның көпбалалы және аз қамтылған отбасылар үшін өте тиімді екенін атап өтті. Өйткені аталған жоба аясында көп балалы әйелдердің ешқандай оқытусыз әрі қайтарымсыз өз бизнестерін ашуға мемлекеттен грант алуға мүмкіндігі бар.

"Ел өнімі" жобасы көпбалалы, аз қамтылған отбасылар үшін өте тиімді екенін атап өткім келеді. Жоба аясында көпбалалы әйелдер мемлекеттен биыл 1 қаңтардан бастап алдын ала арнайы оқытусыз-ақ 200 ортақ айлық көрсеткіш көлемінде, яғни 530 200 теңге қайтарымсыз грант алып, сол сомаға жобалық арнайы смета жасалды. Жердің айдалуы, тамшылатып суару, көшеттер, бір жылға жететін тыңайтқыштардың барлығы сол бағалаудың ішінде бар. Жасыл коалицияның қолдауымен - жобаның аграрлық сүйемелдеуі жүзеге асырылмақ", - деді жоба жетекшісі.

Сонымен бірге, оның сөзінше, Түркістан облысы тұрғындарның жартысынан көбі ауыл тұрғындары. Ал олардың басым бөлігі өздерін жұмыспен қамтып, мал және егін шаруашылықтарымен айналысады. 

Сондай-ақ ол жобаның ауыл халқының  әлеуметтік жағдайын және өмір сүру сапасын арттыруға бағытталғанын атап өтті. Оның айтуынша, Түркістан облысы бойынша пилоттық жоба ретінде үш аудан таңдалып алынған. 

"Түркістан облысы бойынша осы жобаны пилот ретінде үш ауданды алдық, атап айтсам, Жетісай ауданы, Жылысу ауыл округы, Мақтарал ауданы "Бірлік", "Қоңырат" ауыл округтерінде, және Ордабасы ауданында "Шұба су" ауылында жоба жүзеге асатын болады. Жетісай ауданында - 30 отбасы, Мақтаарал ауданында - 20 отбасы, Ордабасы ауданында - 40 отбасы осы жобаның аясында грант алады. Аталған ауылдарда ауыл әйелдері үй жағдайында жеміс-жидектер мен көкөністер, шағын жылыжайлар мен бау бақшаларын өсіреді", - деді ол.

Бұдан басқа айта кету керек, Ақбаян Жақыпова тек "Ел өнімі" жобасының Түркістан облысындағы жетекшісі ғана емес, облыстағы жастардың жан-жақты дамуына, ізгі қоғам қалыптастыруға, жастар мәдениетін жетілдіруге орасан зор үлес қосып жүр. Осындай мақсатта "Мақтаарал жастары" атты жастар қоғамдық бірлестігі құрған.

"Мен 2002  жылдан бастап жеке кәсіпкерлікпен айналысуды қолға алдым. Сол жылдары бірнеше Еуропа елдеріне барып, аралап, тәжірибе жинақтап, бірнеше шетелдік бизнес тренерлердің сабақтарына қатысып, көп нәрсе түйдім. Кейін жинаған тәжірибемді жастармен бөлісу керектігін түсіндім. Өйткені  еліміздің болашағы келер ұрпақ екенін ескерсек, олардың жан-жақты, білімді де білікті болуына өз үлесімді қосқым келді. Сөйтіп айналама белсенді жастарды жинап,  2009 жылы "Мақтаарал жастары" атты жастар қоғамдық бірлестігін аштым", - деп еске алады Ақбаян.

Оның сөзінше, қоғамның өзгеруіне білімді, белсенді, өз пікірі жастар әсер ете алады. Сол себепті ол ауыл-ауылды аралап, түрлі бағыттағы тренингтер, семинарлар ұйымдастырғанын тілге тиек етті. 

"Сол жылдары жастармен жұмыс істеу үшін жастар идеологиясын жаңа форматта қалыптастыру қажет екенін түсіндім. Осылайша ең алғашқы қазақ тілді тренингтерді жоба ретінде жазып шықтым. Сөйтіп әрбір ауылдық округтың мектебінде, колледж,  лицей, университеттердің жастар кеңесімен бірігіп, жаңа форматтағы сайыстар, дебаттар, тренингтер өткіздік. Атап айтсам, "Сана" жастар интеллектуалдық клубы, "Көшбасшы" дебат алаңы, "Саналы ұрпақ-сапалы болашақ" атты тренинг семинар, "Қаржылық ликбез", "Өркениет басы - білім", "Тәртіпті ер құл болмас" атты тренингтерді 14- 29 жас аралығындағы жастарға, ауылдардағы мектептерді аралап ұйымдастырдық", - деді Ақбаян Жақыпова.

Сондай-ақ оның айтуынша, ізгі, бәсекеге қабілетті қоғам қалыптастыру үшін мемлекеттің идеологиясы мықты болу керек.

"Қазіргі күні өзімді жан-жақты дамытып, қоғамдық жұмыстарға белсенді түрде қатысып келемін. Алға қойған жобаларым да, мақсаттарым да жетерлік. Осылардың бәрі іске асар болса, қоғамның дамуына үлес қосқаным деп есептеймін. Десек те, осыған дейін де істелген жұмыстар аз емес. Жалпы бәсекеге қабілетті ел болуымыз үшін мемлекеттің идеологиясы мықты болу керек ойлаймын. Сол себепті мемлекеттік емес ұйымдардың дамуына күш салу керек", - деп түйіндеді ол сөзін.
Назерке Сүйіндік
Барлық жаңалықтар
66.249.70.92, 192.168.88.100