• Басты
  • Жаңалықтар
  • А.Цой: «Салауатты ұлт» жобасы денсаулық сақтау жүйесін реформалауға мүмкіндік береді

А.Цой: «Салауатты ұлт» жобасы денсаулық сақтау жүйесін реформалауға мүмкіндік береді

15 Қазан, 2021 17:32

Бүгін Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәжілісінде КВИ-ға қарсы вакцинациялау және ревакцинациялау, «Салауатты ұлт» Ұлттық жобасының негізгі бағыттары туралы айтты, деп хабарлады Strategy2050.kz.

Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы Ұлттық жоба ҚР Денсаулық сақтауды дамытудың мемлекеттік бағдарламасының құқықтық мирасқоры екенін және 2025 жылға дейін нақты, қол жеткізуге болатын міндеттерді қамтитынын атап өтті. Сонымен қатар, министрлік саланың ұзақмерзімді перспективалары мен операциялық қызмет көрсететін денсаулық сақтауды дамыту тұжырымдамасын әзірлеп жатқанын тілге тиек етті.

«Жалпы ұлттық жоба медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруды, эпидемиологиялық болжау мен ден қоюдың қазіргі заманғы жүйесін қалыптастыруды, отандық фармацевтика саласын дамытуды, саламатты өмір салтын ұстанатын халықтың үлесін ұлғайтуды және бұқаралық спортты дамытуды қамтитын 4 бағыттан тұрады», - деді Алексей Цой.

Әр бағыт бойынша міндеттер мен нәтижелер көрсеткіштері белгіленген. Оның мәліметінше, Ұлттық жобаны іске асыру медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға, жүкті әйелдердің денсаулығын сақтауға және балалардың денсаулығын нығайтуға, мүмкіндіктері шектеулі балаларды оңалтумен қамтуға, кадр әлеуетін нығайтуға ықпал ететін болады. Сондай-ақ, ұлттық жоба эпидемиологиялық қызметті жетілдіру, отандық фармацевтикалық өнеркәсіпті дамыту және салауатты өмір салтын ынталандыру жөніндегі шараларды іске асыруға бағытталған.

Бұдан бөлек, министр ведомствоның КВИ-ға қарсы вакциналарды сатып алу бойынша жүргізіп жатқан жұмысы, профилактикалық егулердің Ұлттық күнтізбесіне сәйкес халықты вакцинамен басқарылатын аурулардан жоспарлы иммундау мәселесіне тоқталды. Сондай-ақ, азаматтардың КВИ-ға қарсы ревакцинациясы бойынша тәсілдер туралы да хабардар етті.

«Мемлекет басшысының Жолдауда айтылған санитарлық-эпидемиологиялық қызметті нығайту және отандық дәрі-дәрмек өндірісін дамыту жөніндегі тапсырмалары «Салауатты ұлт» әрбір азамат үшін сапалы әрі қолжетімді денсаулық сақтау» Ұлттық жобасында көрініс тапқанын атап өту қажет. Ұлттық жоба жалпыұлттық басымдықтар сияқты еліміздің стратегиялық құжаттарын ескереді: Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі ұлттық даму жоспары; Nur Otan партиясының «Өзгерістер жолы: әркімге лайықты өмір!»,- деді А.Цой.

Барлық жаңалықтар