• Басты
  • А.Цой: Коронавирус жұқтырғандардың 99,9%-ы вакцина алмаған азаматтар

А.Цой: Коронавирус жұқтырғандардың 99,9%-ы вакцина алмаған азаматтар

28 Шілде, 2021 17:09

Коронавирус жұқтырғандардың 99,9%-ы вакцина алмаған азаматтар. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәжілісінде Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой айтты, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, Қазақстанда 28 шілдедегі жағдай бойынша, COVID-19-ға оң нәтижемен 549 628 науқас және КВИ-дің теріс нәтижесімен 60 018 жағдай тіркелген. КВИ-мен ауыратын науқастардың шамамен 84%-ы, яғни оның ішінде КВИ-дің оң нәтижесімен 457 098 науқас және КВИ-дің теріс нәтижесімен 54 211 науқас сауығып шыққан.

16 өңір «қызыл» аймақта

Эпидемиологиялық жағдай матрицасына сәйкес, Қазақстан Республикасы және елдің 16 өңірі қызыл аймақта. Сары аймақта тек Түркістан облысы ғана.

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың мәліметінше, алдыңғы екі аптамен салыстырғанда соңғы екі аптада республика бойынша барлық өңірде сырқаттанушылықтың өскені байқалып отыр. Нақтырақ айтсақ, жұқтырғандар саны 1,9 есеге артөан. (41 296 жағдайдан 80 286 жағдайға дейін)

Өңірлер бойынша статистикаға тоқталсақ, Солтүстік Қазақстан облысында - 3,5 есе, Қызылорда облысында - 3,0 есе, Ақтөбе облысында - 2,9 есе, Түркістан облысында және Шымкент қаласында 2,5 есеге өскен.

«Маусым айымен салыстырғанда орташа тәуліктік сырқаттанушылық (маусымдағы 1 263 жағдайдан шілдеде 6 630 жағдайға дейін) 5,2 есе өсті», - деді Алексей Цой.

Төсек-орынмен қамту

Оның мәліметінше, 1 шілдемен салыстырғанда елімізде инфекциялық және реанимациялық төсек-орынмен қамтудың 3 есеге артқаны байқалады. Осыған байланысты, елімізде төсек қоры да 1,4 есеге өскен (маусымда – 33 917 төсек, шілдеде – 47 713 төсек). Ағымдағы жылғы 28 шілдедегі жағдай бойынша, республика бойынша инфекциялық төсек-орынмен қамту – 453%-ды (24 748 төсек), реанимациялық төсек-орынмен қамту – 43%-ды (1 819 төсек) құрап отыр.

«Инфекциялық және реанимациялық төсек-орындарының жоғары өсу динамикасы Алматы, Шымкент қалаларында, Ақтөбе, Түркістан және Қызылорда облыстарында байқалады», - деді министр.

Қазіргі уақытта, оның айтуынша, денсаулық сақтау жүйесі өткен жылмен салыстырғанда екі есе жүктемемен жұмыс істейді. Өткен жылы сырқаттанушылықтың тәулігіне 2 мың адамды құраған болса, ағымдағы жылғы шілдеде сырқаттанушылықтың өсуі 3 еседен астамды ( 6925 адам) құрады. Емделіп жатқан пациенттер саны да 2 есеге артқан.

«Бүгінгі күні еліміз бойынша 90 мыңға жуық адам науқас, олардың 25 мыңға жуығы стационарларда, 65 мыңға жуығы амбулаториялық ем алуда. Шілде айының басымен салыстырғанда жағдайы ауыр науқастар саны 2,1 есе өсті (709-дан 1500 науқасқа дейін). 1000-ға жуық науқас өкпені жасанды желдету аппараттарына қосылған», - деді Алексей Цой.

Сонымен қатар, бірқатар өңірлерде инфекциялық және реанимациялық төсек-орын тапшылығы орын алуы мүмкін екенін тілге тиек етті министр. Тәуекел аймағында Нұр-Сұлтан, Шымкент қалалары және бірқатар облыстар (Ақтөбе, Ақмола, Қызылорда) бар. Бірқатар өңірдің денсаулық сақтау жүйесінің жүктемесі артып отыр.

«Айта кету керек, өкінішке орай, халықтың бұрынғыша бейқам екендігі байқалады. Қызыл және сары мәртебесі бар азаматтар объектілерге баруды жалғастыруда, біз КВИ-ді алдын алудың негізгі шаралары болып табылатын маска киюді, әлеуметтік қашықтықты сақтауды доғардық», - деді министр.

«Ашық» жобасы

Оның мәліметінше, «Ашық» бойынша қызыл және сары мәртебесі бар 23 мыңнан астам азамат анықталған, оның ішінде 13 516-ы ПТР тестінің оң нәтижесі бар науқас және 9 688-ы байланыста болған адам.

«Ashyq» жобасы шеңберінде мониторингтік топтар «Ashyq» жобасына қатысушы 35 344 объектіні қамтыды. Бұзушылықтар 482 объектіде анықталды. «Қызыл» мәртебесі бар адамдарға 10 млн теңгеден астам сомаға 258 айыппұл салынды», - деді министр.

Сонымен қоса, Алексей Цой бүгінгі күні бірқатар өңірлердегі ковидтік стационарларда орын толық екенін, бұл денсаулық сақтау жүйесінің шамадан тыс жүктемесіне алып келетінін атап өтті. Бұл оның сөзінше, халықтың медициналық көмекке уақтылы қол жеткізуінің төмендеуіне әкелуі мүмкін және өлімнің, аурудың және инфекцияның одан әрі таралуына әкелмек.

«ҚР бойынша жалпы тәуліктік сырқаттанушылық пен өлімнің 65%-ы Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Атырау, Қарағанды қалаларына тиесілі. Осыған байланысты, кеше Ведомствоаралық комиссияның шешімімен аталған өңірлерде 2 тамыздан бастап күшіне енетін қосымша шектеу шаралары бекітілді», - деді Алексей Цой.

Қандай қызмет көрсету орындарының жұмысы тоқтайды

Министр елдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты бірқатар қызмет көрсету орындарының жұмысы тоқтайтынын атап өтті. Оның мәліметінше, орталық мемлекеттік органдарды, әкімдіктерді, құқық қорғау органдарын, денсаулық сақтау ұйымдарын, БАҚ-ты, азық-түлік дүкендерін, дәріханаларды және тіршілікті қамтамасыз ету ұйымдарын қоспағанда, меншік нысанына қарамастан, «Ashyq» - қа қатыспайтын барлық кәсіпорындар мен ұйымдардың қызметі тоқтайды. Сонымен қатар, ойын-сауық, спорттық және басқа да бұқаралық іс-шараларды, сондай-ақ отбасылық, естелік іс-шараларды өткізуге тыйым салынатынын да атап өтті.

«Мемлекеттік органдардың (ұйымдардың), кеңселердің, ұлттық компаниялардың және өзге де ұйымдардың қызметкерлерінің (вакцинацияланған адамдарды және соңғы 3 ай ішінде ауырып сауыққан адамдарды қоспағанда) 80%-ы қашықтан жұмыс істеу режимі сақталады», - деп толықтырды Алексей Цой.

«Ashyq»-тан тыс рұқсат етіледі:

1) құрылыс жұмыстарын жүргізуге

2) өнеркәсіп кәсіпорындарының қызметіне

3) автожуу, автомобильдерді, тұрмыстық техниканы, сағаттарды, телефондарды, компьютерлерді, аяқ киімді жөндеу, тігін ательесі, кір жуу орындары, химиялық тазалау, кілттерді жасау, тұрмыс үйі қағидаты бойынша қызмет көрсету және гүл дүкендері, фотосалондар жанаспайтын қызмет көрсету орындары

4) туркомпаниялардың қызметіне, бизнес орталықтардағы жекелеген қызмет түрлеріне: (сақтандыру компаниялары, адвокат, нотариус, бухгалтер және консалтинг қызметтері, жылжымайтын мүлік жөніндегі агенттіктер, жарнама агенттіктері, сот орындаушылары, айырбастау пункттері, ломбардтар және т. б.)

5) қоғамдық тамақтану объектілерінің тек өзімен бірге алып кетуге және жеткізуге арналған қызмет орындары

Сондай-ақ, ол халықтың көші-қонын ескере отырып, Ақмола, Алматы, Түркістан, Қарағанды облыстарының әкімдіктеріне Нұр-Сұлтан қалаларымен (Бурабай, Целиноград, Аршалы аудандары), Алматы (Қарасай, Талғар, Іле, Еңбекшіқазақ аудандары), Шымкент қаласы (Сайрам, Төлеби аудандары), Қарағанды (Теміртау, Шахтинск, Абай қалалары) қаларымен шекаралас аудандарында карантиндік шараларды күшейту бойынша ұқсас шаралар қабылданатынын атап өтті.

Оның мәліметінше, жұмыс күндері «Ashyq»-қа қатысатын субъектілердің қызметі 20-00 сағатқа дейін, «Ашық» көшбасшыларының қызметі 9 тамызға дейін 22.00 сағатқа дейін шектелетін болады, 9 тамыздан «Ашық» көшбасшыларының қызметі 24-00 сағатқа дейін ұзартылады:

- сауда үйлері, сауда желілер;

- қоғамдық тамақтану объектілері (оның ішінде жазғы алаңдардың), фудкорттар;

- фитнес-орталықтар, фитнес-клубтар, йога-орталықтар, спорттық-сауықтыру объектілер, сауналар, СПА-орталықтар, спорт объектілері, бассейндер;

- сұлулық салондары, шаштараздар, «барбер шопов», косметикалық және косметологиялық қызмет көрсететін орталықтар мен салондар;

- караоке, бильярд, боулинг, компьютерлік клубтар;

- кинотеатрлар

Алексей Цойдың айтуынша, әрбір екінші ересек қазақстандық КВИ-ге қарсы вакцинаның бірінші дозасын алған. Бүгінгі күні вакцинаның 8,6 млн дозасы пайдаланылды, оның ішінде 1 компонентпен 5 230 750 адам егілді, бұл тиісті халықтың 52,8%-ын құрайды. Екінші компонентпен 3 436 617 адам қамтылған.

«Егу пункттерінде шамамен 713 мың бірінші компонент және 1 млн 300 мың екінші компонент бар», - деді министр.

Оның сөзінше, коронавирус жұқтырғандардың 99,9%-ы вакцина алмаған азаматтар. Бұл иммундаудың қауіпсіздігі мен тиімділігін растайды.

«Бүгінгі күні вакцинация - бұл корновирустық инфекцияның ауыр түрде өтуін және өлімнің алдын алудың жалғыз тиімді әдісі.
Сондықтан әрбір қазақстандықтан вакцина алу туралы саналы түрде шешім қабылдауды, өзін, өзінің жақындарын қорғауды және елімізде ұжымдық иммунитетті қалыптастыруға өз үлесін қосуды сұраймын.
Коронавирустың тұрақты мутациясы кезінде вакцинация қорғаудың жалғыз әдісі екенін баса айтқым келеді», - деді Алексей Цой.

Айта кетейік, пандемия басталғалы бері әлемде КВИ-дің 195 миллионнан астам жағдайы тіркелді, 4 миллионнан астам адам қайтыс болды. Бұл «дельта» штамының кең таралуымен байланысты, ДДҰ мәліметтері бойынша штамның бұл түрі әлемнің 124 елінде таралған.

Сонымен қатар, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы алғаш рет Перуде 2020 жылғы желтоқсанда тіркелген «Лямбда» штамы айналыста жүргені және 30 елде, негізінен Солтүстік және Оңтүстік Америкада, Еуропа елдерінде (Чили, АҚШ, Канада, Мексика, Аргентина, Германия, Испания, Италия, Швейцария, Дания және т.б.) 3000-ға жуық жағдай анықталғаны туралы мәлімдеген еді.

Барлық жаңалықтар