• Басты
  • Ақтөбе облысының дамуы: Өңірдегі эпиджағдай, инвестиция және ШОБ-ты қолдау шаралары

Ақтөбе облысының дамуы: Өңірдегі эпиджағдай, инвестиция және ШОБ-ты қолдау шаралары

22 Маусым, 2021 13:10

Бүгін орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәжілісінде Ақтөбе облысы әкімі Оңдасын Оразалин өңірдегі эпидемиологиялық жағдай мен аймақ экономикасының дамуы туралы айтып берді, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

Өңірдегі эпидемиологиялық жағдай

Облыс басшысының сөзінше, бүгінде өңірдегі жағдай тұрақты. Облыс «жасыл аймақта» орналасқан. Пандемия басталғаннан бері коронавирус инфекциясының 11,5 мың жағдайы тіркеліп, 11,1 мың науқас жазылып шыққан. Ал, жыл басынан бері 160 адам қайтыс болған.

«Өңірдегі аурухана төсектерінің жүктемесі 33,5%, оның ішінде реанимациялық төсек-орын - 12,7% құрайды», - деді Оңдасын Оразалин.

Сонымен бірге, ол халықты вакциналау мәселесі ерекше бақылауда екенін атап өтті. Осы жылдың ақпан айынан бастап облыс 200 мыңнан аса мөлшерде вакцина дозасын алған. Атап айтқанда, 142 450 - Спутник V, 4 000 - КазВак, 56 000 - ХаятВакс. Бүгінде бірінші компонентпен 100 мыңнан астам, екінші компонентпен 55 мың адам егілген.

Өсім көрсеткен экономика салалары

Бұдан бөлек, облыс басшысы Ақтөбе облысының ағымдағы жылдың 5 айындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және ағымдағы жылға арналған жоспарына тоқталды. Оның айтуынша, жыл басынан бері экономиканың салалары қайта қалпына келуде.

Облыс басшысының айтуынша, өңір экономикасының негізгі саласы өнеркәсіп болғандықтан, өнеркәсіп өндірісі көлемінің жоғары өсім көрсеткен. өсіміндегі Яғни, жалпы көрсеткіш 108,1% болса, соның ішінде өңдеу өнеркәсібі – 112,1%, тау-кен өнеркәсібі – 105,9%-ды құраған. Сонымен қоса, ауыл шаруашылығы өсімінің қарқыны - 102,1%, инвестиция – 109,6%, құрылыс – 101,3%, тұрғын үйді пайдалануға беру – 106,5%-ды құрады. Ал, көтерме сауда өсімі 6,5%, бөлшек сауда 2,1%.

«Алайда, жаппай індет кезіндегі шектеулердің себебінен «Көлік және қойма» саласында әлі де төмендеу байқалады, мұнда физикалық көлем индексі 95,1% құрады. 5 айдың қорытындысы бойынша инфляция орташа республикалық көрсеткішінен 103,3 төмен пайызды құрады», - деді ол. 

Өңірге 206 млрд теңге инвестиция тартылған

«Көлемді инвестиция тарту осындай қиын кезеңде біздің өңірдің дамуына қосымша серпін береді. Осы бағытта облыста қолайлы инвестициялық ахуалды құрудың белсенді жұмыстары жүргізілуде. 2021 жылдың бес айы ішінде өңірге 206 млрд. теңге инвестиция тартылды», - деді Оңдасын Оразалин.

Сонымен бірге, ол жыл соңына дейін 126 млрд теңгеге энергетика, мұнай өңдеу, тамақ өнеркәсібі, цифрландыру және т.б. салаларда шамамен мың жұмыс орнын құра отыра 31 инвестициялық жобаны енгізу жоспарланып отырғанын атап өтті.

Олардың ішінде ең ірілері:

- «Arm Wind» ЖШС-нің құны 36 млрд теңге болатын жел электр станциясы

- «ЭкоТехПрогресс» ЖШС-нің құны 15 млрд. теңге болатын қауіпті мұнай қалдықтарын өңдеу

- «West Smart Trading» ЖШС деректерді өңдеу орталығы, құны 13,8 млрд теңге

- «Blue Energy Invest» ЖШС деректерді өңдеу орталығы, құны 13 млрд теңге

Ауыл шаруашылығы

Облыс басшысы ауыл шаруашылығы облыс экономикасының маңызды, әрі әлеуеті зор салаларының бірі екенін тілге тиек етті. 

«Келешекте бұл сала экономикалық өсудің негізгі драйверлерінің бірі болады деп жоспарлап отырмыз. 2021 жылы ауыл шаруашылығы саласын мемлекеттік қолдау мақсатында республикалық және жергілікті бюджеттерден шамамен 23 млрд.теңге субсидия бөлінді», - деді ол.

Аймақ басшысының сөзінше, «Еңбек»  бағдарламасы бойынша 745 жобаны іске асыруға 3,3 млрд. теңге көзделген.

Жалпы, әкімдіктің мәліметінше, биылғы 5 айыда 85 млрд.теңге ауыл шаруашылығы өнімі өндірілген. Өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда ІҚМ басы 7%-ға, ұсақ мал – 1%-ға, жылқы - 24%-ға өскені байқалады.

ШОБ

Оңдасын Оразалин пандемияның шағын және орта бизнеске кері әсерін тигізгеніне қармастан, ШОБ саласын дамытуда оң динамика сақталғанын атап өтті. Оның дерегінше, шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі бүгінде шамамен 24%-ды құрайды.

«Бес айдың қорытындысы бойынша, жұмыс істеп жатқан субъектілердің саны өткен жылмен салыстырғанда 5,1%-ға өсім көрсетіп, 63 мыңды құрады. Жыл соңына дейін экономикадағы ШОБ үлесін 25%-ға дейін жеткіземіз деп жоспарлаудамыз», - деді әкім.

Сонымен бірге, бизнеске көрсетіліп жатқан мемлекеттік қолдау шараларына тоқталып өтті.

«Сонымен, бүгінде шағын және орта бизнестің 1200-ден астам жобасы мемлекеттік қолдаудың қолданыстағы тетіктерінен көмек алды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8 есе көп», - деді облыс басшысы.

Соның ішінде:

●                Бизнестің жол картасы аясында қазірдің өзінде шағын және орта бизнестің 1024 жобасы қолдау табуда, 2021 жылға арналған қаржыландыру көлемі 9 миллиард теңгеден асады;

●                Қарапайым заттар экономикасы аясында 12,7 млрд. теңге несие сомасына 14 жоба мақұлданды.

●                «Еңбек» бағдарламасы аясында 1,2 млрд. теңгеге 227 жоба мақұлданды.

«Жыл соңына дейін шағын және орта бизнестің 3,3 мың субъектісін мемлекеттік қолдау шараларымен қамту жоспарлануда. Сонымен бірге төтенше жағдайлар кезінде зардап шеккен кәсіпкерлік субъектілерін қосымша қолдау үшін жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы аясында құны 35 миллиард теңгені құрайтын 150 жоба мақұлданды», - деді ол.

Сонымен қоса, оның сөзінше, 1,5 мың ШОБ субъектісінің жалпы сомасы 25 млрд.тг. болатын негізгі қарызы мен сыйақы төлемін төлеу мерзімі ұзартылған.  

Жұмыспен қамту шаралары және жалақы

«Бүгінде біз жұмыссыздықтың өсуіне жол берген жоқпыз, оның деңгейі 4,8% -ды құрайды. 5 ай ішінде 13 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылды. Олардың жартысы тұрақты. Жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі де орташа республикалық деңгейден төмен қалыптасты – 2,5%», - деді облыс басшысы.

Жалпы, әкімдіктің мәліметінше, ағымдағы жылы 53 мың жұмыссыз бен өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға жұмысқа орналасуға жәрдем беру жоспарланған, бұл мақсатқа шамамен 10 млрд.теңге бөлінген. 

«Бүгінгі таңда, орташа айлық жалақы 196 мың теңгені құрайды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 16,5% - ға артық. Соның ішінде бұған жыл басынан бері облыстағы 40-тан астам ірі және орта кәсіпорынның 30 мыңнан астам қызметкердің жалақысын орта есеппен 15%-ға көтерудің арқасында қол жетті», - деді Оңдасын Оразалин.

Әлеуметтік қорғау шаралары

Облыс басшысының айтуынша, жыл басынан бері шамамен 24 мың азамат 710 млн. теңге сомасына атаулы әлеуметтік көмек алған. Сондай-ақ, 1 жастан 6 жасқа дейінгі 5,7 мыңға жуық бала жалпы сомасы 161 млн.теңгені құрайтын кепілді әлеуметтік пакет алған.

«Сонымен қатар, жергілікті деңгейде қосымша қолдау мақсатында шамамен 13 мың азаматқа 702 млн.теңге сомасына түрлі жеңілдіктер, қосымша төлемдер мен өтемақылар берілді. Ағымдағы жылы 14,5 мың мүмкіндігі шектеулі азаматқа әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында 3,1 млрд.теңге бөлінді», - деді Оңдасын Оразалин.

Тұрғын үй құрылысы мен жөндеу жұмыстары

Облыс басшысының дерегінше, ағымдағы жылдың 5 айында өңірде 270 мың м2 тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл 1 100-ден астам пәтер. Жыл соңына дейін 1 млн м2 астам тұрғын үйді немесе 7 200 астам пәтерді пайдалануға беру жоспарланған.

«Халықтың әлеуметтік осал топтарын тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін ағымдағы жылы 5,6 млрд.теңгеден астам қаражат бөлінді, оның ішінде 774 жалға берілетін пәтерге 4,9 млрд. теңге және 91 пәтер сатып алуға 760,4 млн. теңге бөлінді», - деді ол.

Бұдан басқа, «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында ағымдағы жылы 824 км. инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылысына 11,1 млрд.теңге бөлінді. Сонымен қатар, өңірде үйлерді жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жыл соңына дейін 28 жобаны іске асыруға 1 млрд. теңге бөлінген.

«Тұрғын үйді жаңғырту жұмыстары демеушілік қаражат есебінен де жүргізілуде. Мәселен, ағымдағы жылы Ақтөбе облысының әкімдігі мен ERG S.a.r.l. арасындағы өзара ынтымақтастық меморандумы аясында 32 үйге жалпы сомасы 540 млн.теңге құрайтын күрделі жөндеу жүргізілуде», - деді Оңдасын Оразалин.

Әлеуметтік нысандар құрылысы

Ол әлеуметтік нысандардың құрылысы әрқашан маңызды мәселелердің бірі болып қала беретінін атап өтті. Осылайша, халықты сапалы медициналық қызметтермен толық қамтуды қамтамасыз ету үшін ағымдағы жылы жалпы құны 900 млн.теңгеден асатын 8 Денсаулық сақтау объектісін салу жоспарланған. Сонымен қатар, үш ауысымды және апатты мектептер мәселесін шешу үшін 4 800 орындық 15 білім беру нысанының құрылысы жүргізілуде, жыл соңына дейін олардың 10-ын іске қосу жоспарлануда. Нәтижесінде, 5 үш ауысымды, 6 тапшы, 1 апатты және 3 ескі мектеп мәселесі шешілетінін атап өтті.

«Сондай-ақ, өңірде спорт нысандарының құрылысы жалғасуда. Жыл басынан бері шаңғы-роллер трассасы, триатлон паркі және 2 дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы 3 ауданда дене шынықтыру-сауықтыру кешенін іске қосу жоспарлануда», - деді ол.

Жол және көлік мәселесі

Облыс басшысы Ақтөбе облысында жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі бүгінде 61%-ды құрайтынын еске салды. Айта кету керек, 5 жыл бұрын бұл көрсеткіш тек 48%-ды құраған.

«Осы бағыттағы жұмыстар ағымдағы жылы да жалғасуда. 465 шақырым автокөлік жолдарын жөндеу жоспарланып отыр. Нәтижесінде жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесін жыл қорытындысы бойынша 66% - ға дейін арттыру жоспарлануда», - деді ол.

2021 жылы «Ақтөбе – Атырау – РФ шекарасы автожол учаскесін толық пайдалануға беру жоспарлануда. Жоба құны шамамен 47 млрд.теңгені құрайды. Сонымен қатар, «Ақтөбе-Қандыағаш» учаскесін реконструкциялау жұмыстары басталды, жобаның жалпы құны 62,5 млрд.теңгені құрайды.

Жалпы, оның сөзінше, 2021 жылы «Ақтөбе – Орск» және «Ақтөбе қаласының оңтүстік айналма жолы»  автокөлік жолдарын реконструкциялау, сондай-ақ «Қобда – Мәртөк»  (0-30 км. учаскесі) автокөлік жолын күрделі жөндеу және тағы 4 автожолды орташа жөндеу сияқты жобаларды аяқтау жоспарлануда.

«Қалаішілік автобус тасымалына келетін болсақ, мұнда биыл электронды жолақы төлеу жүйесі енгізілген.  250 автобусқа валидаторлар орнатылып, жол жүруге дифференцияланған тариф енгізілді», - деді облыс басшысы.

Су және газ мәселесі

Бүгінгі күні, оның айтуынша, орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету көрсеткіші бойынша облыс республика бойынша 5 үздік өңірдің қатарына кіреді. Көрсеткіш 96,2% – ды құрайды, республика бойынша орташа көрсеткіш 93,6% - ды құрайды.

«Ағымдағы жылы 8,4 млрд.теңгеге 28 сумен жабдықтау (құрылыс және қалпына келтіру) жобаларын іске асыру жоспарланып отыр, нәтижесінде сумен қамтамасыз ету көрсеткіші – 97,3% құрайтын болады. Ал 2025 жылға дейін халықты ауыз сумен 100% қамтамасыз ету міндеті қойылды», - деді ол.

Сонымен бірге, бүгінгі күні облыс халқының 91,6%-ы газбен қамтамасыз етілгенін атап өтті. Ағымдағы жылы 25 ауылды газбен жабдықтау құрылысына 5,9 млрд. теңге қарастырылған. Жыл соңына дейін 14 ауылда газ жүргізу аяқталып, халықты газбен қамту көрсеткіші 92,6% жеткізіледі.

2021 жылы жүзеге асатын шаралар

Жыл қорытындысы бойынша экономика өсімін кемінде 4% деңгейінде қалпына келтіруді жоспарланып отыр. Ол үшін өнеркәсіптің өсуін кемінде 5%, сауданың – 3,5%, құрылыстың – 5,8%, ауыл шаруашылығының – кемінде 5,4% деңгейінде қамтамасыз ету қажет. Бұдан басқа, жыл соңына дейін өңірге шамамен 800 млрд. теңге инвестиция тарту, сондай-ақ кемінде 23 мың жаңа жұмыс орнын құру жоспарлануда.

Барлық жаңалықтар