• Басты
  • Ақтөбе облысында қолайлы инвестициялық климат қалыптасты
6 Қараша, 2020 15:18

Ақтөбе облысында қолайлы инвестициялық климат қалыптасты

Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин Президент Жолдауындағы территориялық даму туралы тапсырмаларының орындалу барысын бұқараға айтып берді. Облыстағы кәсіпорындар, инвестициялық жобалар, тұрғын үй мәселесі, ауыл шаруашылығы өнімдері, газдандыру жұмыстары және т.б. Ақтөбе облысында атқарылған жұмыстардың есебін Strategy2050.kz тілшісінің материалынан білуге болады.


Ақтөбе облысында қолайлы инвестициялық климат қалыптасты

Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин Президенттің Қазақстан халқына Жолдауы аясында облыста жүзеге асырылып жатқан тұрғындардың әл-ауқатын арттыру, мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуы бойынша шаралар, шағын және орта бизнеске қолдау, инвестицияның тартылуы нәтижесінде жүзеге асқан жобалар, сондай-ақ, өңірдің 2020 жылдың тоғыз айындағы әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндады.

Биыл Ақтөбе облысында 26 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл жобалардың іске асуы үшін облыс экономикасына тартылған инвестицияның құны – 410 млрд теңге. 2020 жылы 7 жоба жұмысты бастап кетті. Жеті жобаның іске қосылуына 54,5 млрд теңге инвестиция тартылыпты.

Ақтөбеде осы жылы 7 жоба пайдалануға беріліп, 330 жұмыс орны құрылды. Тартылған инвестиция нәтижесінде іске қосылған негізгі жобалар қазіргі заманғы технологияға сәйкес. Олар: «ARM wind» ЖШС «Бадамша-1» жел электр стансасы, ​ «Көктас Ақтөбе» АҚ құрылыс материалдары мен силикат кірпіш өндіретін зауыты, «Alina Holding» ЖШС қатты-ұнтақ толтырғыш шығаратын цехы, «Milker» ЖШС құрама жем зауыты. ЖШС «Бадамша-1» жасыл экономика бойынша қолға алынған алғашқы жоба. Инвестиция тарту жұмысы 2021 жылы жалғасын таппақ. Келер жылы 150 млрд теңгенің 18 жобасы жүзеге асырылады. Сөйтіп 2 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылады,- деді Оңдасын Оразалин.

Өңір басшысының айтуынша, облыста құрылған қолайлы инвестициялық климаттың арқасында, аймақтың даму серпіні алға жылжыды.

Инвестиция экономика үшін қолайлы жағдай туғызса, Ақтөбедегі орта және шағын кәсіпкерлік карантиндік шектеулерге байланысты зардап шекті. Шағын және орта бизнес облыс экономикасының құрылымында 22,6% құрайды. Оразалиннің айтуынша, алдағы уақытта бұл көрсеткішті 50 %-ға дейін жеткізу үшін нақты шаралар жасалады. Облыстағы шағын және орта кәсіпкерлердің басым бөлігін ауыл шаруашылығы саласында еңбек етеді.

Орта және шағын кәсіпкерлік субъектілерінен 1300 жобаға мемлекеттік қолдауға көрсетілді. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы уақыттағы көрсеткішімен салыстырғанда 21 пайызға артық. Соның ішінде «Бизнестің жол картасы» аясында 392 жобаға қолдау көрсетілді. Яғни, 2019 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 39пайызға жоғары. Пайыздың жоғарылауына үкімет тарапынан көрсетілген қаржылай қолдау мөлшері 2,4 млрд теңгеден 3,7 млрд теңгеге дейін көбеюі себеп болды, - деді әкім.

Төтенше жағдай кезінде зардап шеккен бизнес субъектілеріне қосымша жеңілдетілген несие бағдарламасы бойынша 24 млрд теңге көлеміндегі 97 жобаға қолдау көрсетілді. Негізгі қарызды төлеу және төлемдер бойынша 1200 жуық шағын және орта кәсіпкерлік нысанына жалпы сомасы 20,1 млрд теңгені құрайтын төлемдер кейінге шегерілген.

Әкім өңірдің 2020 жылдың тоғыз айындағы әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндай келе, қарапайым заттар экономикасы бағдарламасына тоқталып өтті. Әкімнің дерегінше, жалпы құны 8,9 млрд теңгені құрайтын 100 жоба мемлекет тарапынан қолдауға ие болды. Еңбек мемлекеттік бағдарламасы бойынша 3,8 млрд теңге құрайтын 811 жобаға қолдау көрсетілді. Алдағы жылы осындай жобаларды қолдаудың көлемін ұлғайтып, мөлшерін 1,5 мыңға жеткізу жоспарланған.

Әкім құрылыс саласы туралы айтуды ұмытпады.

Ақтөбе облысындағы құрылыс саласын алсақ, оның да нәтижесі көңілден шығады. Өсім бар. Оның мөлшері 116,4 %-дан асады. Тұрғын үй құрылысы бойынша да көрсеткіштеріміз жаман емес, өсім 103,6 процент. Ауылшаруашылығы да жақсы көрсеткішке ие. Өсім 104,1 процент. Инвестиция көлемі де жаман емес. 108,8 процентке өсім байқалады. Сонымен қатар сауда және көлік тасымалы бойынша да оң үрдіс байқалады. Өңірде инфляция деңгейі белгілі бір мөлшерде тұрақтап, 104,6% құрады, - деді ол.

Ақтөбе облысы Батыс Қазақстанды азық-түлікпен толықтай қамтамасыз ете алады. Карантин жағдайында жергілікті ауыл шаруашылық кәсіпкерлері ет, сүт өнімдерін өндіруді арттырып, көрші өңірлерге де жеткізіп отырған. Оңдасын Оразалин айтқан есепке сүйенсек, қазіргі таңда Ақтөбе облысы 32 азық-түлік тауарының 24 түрімен өзін-өзі қамтып отыр.

Ірі сауда желілері арқылы халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін бюджеттен 500 млн теңге айналымға берілді. Сондай-ақ, тұрақтандыру қорын уақытылы қаржыландырудың арқасында бағалардың өсуіне жол берілген жоқ және халықты азық-түлікпен қамтамасыз етуге ешбір алаңдамайтындай жағдай жасалды, - деді ол.

Фермерлерді, шаруа қожалықтарын қолдау мақсатында мал азығын субсидиялау үшін өткен жылы 3,5 млрд. теңге бөлінген. Алдағы уақытта дәстүрлі емес ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру көрсеткіштерін арттыру жоспарланған. Ауыл шаруашылығы саласының даму қарқыны өте жақсы деп бағалануда.

Ақтөбе облысында тұрғын үй құрылысы саласының да дамуы ілгерілеген. Облыс басшылығы өз алдына өңір тұрғындарын қолжетімді және сапалы баспанамен қамтамасыз етуді көздейді. Сондықтан жеке тұрғын үй құрылысын белсенді жүргізіп, мемлекеттік «Нұрлы жер» бағдарламасын жүзеге асырылуда. 3785 пәтерден тұратын 558 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. 2020 жылдың соңына дейін тағы 1 миллион шаршы метр тапсырылады, екінші жыл қатарынан осылай.

Тұрғын үй алу кезегінде 31,2 мың адам тұр. Осы жылы 1 084 отбасына пәтер беру жоспарланған. Оның 420 көпбалалы отбасыларға арналған. Бұл мақсатқа 6,5 млрд теңге қарастырылған. 2021 жылға 1,1 млн шаршы метр тұрғын үйді немесе 7 500-ге жуық пәтерді пайдалануға беру жоспарланған, - деп тоқталды брифинг спикері.

Пандемия салдарынан осы жылдың наурыз-мамыр айларында Ақтөбе бойынша коммуналдық қызметтерге шекті тарифтер 20%-ға, бүкіл облыс бойынша электр қуатымен жабдықтау 10% шегінде төмендетілді. Әкімнің айтуынша, облыста халықтың өмір сүру сапасын арттыру бойынша жүйелі шаралар қабылдануда.

Елді мекендерді сумен қамтамасыз ету және газдандыру жобалары бойынша халықты орталықтандырылған сумен жабдықтаумен қамтамасыз ету бүгінге дейін 95,8%-ды құрайды. Газдандыру мен сумен қамтамасыз етуге арналған жобалар алдағы жылдары аяқталады. Ақтөбе - мұнайлы өңір, ілеспе газ бар. Қазір облыста газбен жабдықтау 91,3%-ды құрап отыр. Бізде 323 ауыл бар, оның 123-і газбен қамтамасыз етілген. Бұл ірі ауылдар, аудан орталықтары. Халқы 200 адамнан кем ауылдар бар екеніне қарамастан, коммуникацияларды тарту экономикалық тұрғыдан тиімсіз, біз алдымызға осы мәселелерді біртіндеп шешу міндетін қойдық. 2021 жылы құны 2,4 млрд теңге болатын 8 жобаны іске асыру жоспарланған. Бірақ біз жоспардан асырып орындаймыз деп үміттенеміз, өйткені біз осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз, - деді Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин.

Барлық жаңалықтар
66.249.70.82, 192.168.88.100